Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 814 Жарлығы.


      Қазақстан Республикасының

      Президенті мен Үкіметі актілерінің

      жинағында жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңының 17-1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ереже бекітілсін.

      2. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 4 мамырдағы
№ 814 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 17.07.2023 № 285 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі – Мемлекеттік күзет қызметі) – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жататын және заңнамада белгіленген құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Президентінің, басқа да күзетілетін адамдардың және объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік орган.

      2. Мемлекеттік күзет қызметінің ведомствосы – Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштері (бұдан әрі – Айрықша мақсаттағы күштер) бар.

      Айрықша мақсаттағы күштер әскери құралым болып табылады.

      3. Мемлекеттік күзет қызметі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мемлекеттік күзет қызметі республикалық мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның нақты және шартты атаулары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері, мөртабандары, белгіленген үлгідегі мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі бланкілері, өзінің рәмізі мен айырым белгілері, туы, жалауы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 19.02.2024 № 483 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      5. Мемлекеттік күзет қызметі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, Мемлекеттік күзет қызметінің мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Мемлекеттік күзет қызметі өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Мемлекеттік күзет қызметі бастығының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекеттік күзет қызметі бастығының ұсынуы бойынша Мемлекеттік күзет қызметінің құрылымы мен штат санының лимитін бекітеді.

      Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы осы мақсатқа бөлінген қаражат шегінде Мемлекеттік күзет қызметі жұмыскерлерінің санын белгілейді.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 30.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 19.02.2024 № 483 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      10. Осы Ереже Мемлекеттік күзет қызметінің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Мемлекеттік күзет қызметінің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан Мемлекеттік күзет қызметінің кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуіне тыйым салынады.

      Егер Мемлекеттік күзет қызметіне заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі. 

2-тарау. Мемлекеттік күзет қызметінің міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қарсы бағытталған құқық бұзушылықты анықтау, алдын алу және жолын кесу;

      3) күзетілетін объектілерде және күзетілетін адамдар болатын басқа да жерлерде олардың меншігін күзету, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      4) өз өкілеттіктері шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;

      5) күзетілетін адамдар мен объектілерге төнетін қатерді болжау және анықтау, олардың алдын алу және бейтараптандыру жөніндегі жедел шаралар кешенін жүзеге асыру;

      6) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзетуді жүзеге асыру, рәсімдік және протоколдық іс-шараларды орындауға қатысу;

      7) президенттік байланыспен қамтамасыз етуді ұйымдастыру;

      8) Қазақстан Республикасының заңдарында және Президент актілерінде айқындалатын өзге де міндеттер.

      14. Құпия.

      15. Құпия.

      16. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      жеке тұлғалар күзетілетін объектілерге кірген (көлікпен кірген) және шыққан (көлікпен шыққан) кезде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеру (күзетілетін адамдардан басқа), оларды жеке қарап-тексеру, олардың өзімен алып жүретін заттарын қарап-тексеру, көлік құралдарын және оларда алып өтетін заттарын, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып қарап-тексеру;

      күзетілетін объектілерге заттар мен заттектерді алып өтуге тыйым салу;

      қажет болған кезде мәртебесі мен өкілеттігі күзет іс-шараларын өткізу жөніндегі республикалық жедел штабтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен бекітілетін ережеде айқындалатын күзет іс-шараларын өткізу жөніндегі жедел штабтар (бұдан әрі – жедел штабтар) құру;

      күзет іс-шараларын өткізу кезінде фактілер мен оқиғаларды суретке түсіруді, дыбысжазбаны, кино- және бейнетүсірілімді жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктер шегінде анықтау жүргізу;

      күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қол сұғатын құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою туралы ұсыныстар және (немесе) нұсқамалар енгізу;

      Мемлекеттік күзет қызметінің орналасқан жерінен тыс жерде уәкілетті органда есептік тіркеуге жатпайтын айрықшаланған бөлімшелер құру;

      мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметтік үй-жайларын, көлік құралдарын, байланыс және өзге де мүлкін, сондай-ақ келісімшарт негізінде азаматтардың тұрғын үйлері мен басқа да мүліктерін, ал шұғыл жағдайларда азаматтардың байланыс құралдарын пайдалану;

      күзетілетін объектілерді күзет сигнализациясы, бейнебақылау, жедел-техникалық бақылау құралдарымен, басқа да техникалық күзет құралдарымен белгіленген тәртіппен жабдықтауды, сондай-ақ аталған құралдарға техникалық-пайдалану қызметін көрсетуді ұйымдастыру және жүзеге асыру, оларды пайдалану уақытында қажет болған кезде ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының аумағында болуы кезеңінде шет мемлекеттердің, шет елдер парламенттері мен үкіметтері басшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындау үшін Қазақстан Республикасына келетін шетел құқық қорғау органдары мен арнаулы қызметтері қызметкерлерінің жауынгерлік қол атыс қаруын және олардың оқ-дәрілерін Қазақстан Республикасының аумағына алып кіруіне және Қазақстан Республикасының аумағынан алып шығуына қорытынды беру;

      қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

      Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерін Қазақстан Республикасының шегінде және республиканың аумағынан тыс жерлерге іссапарға жіберу;

      Қазақстан Республикасының оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, оның ішінде Қазақстан Республикасының құқық қорғау, арнаулы және өзге де мемлекеттік органдарының қарамағындағы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, сондай-ақ басқа мемлекеттердің оқу орындарында кадрларды даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды шарт негізінде жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық мекемелер мен бөлімшелерге ие болу;

      полиграфиялық және фото-, бейнестудия жабдықтарын пайдалану, сондай-ақ ақпараттық-талдау, әскери-публицистикалық және өзге де материалдарды басып шығаруды жүзеге асыру;

      күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі сіңірген еңбегі үшін азаматтарды көтермелеу, оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұсыну;

      Мемлекеттік күзет қызметінің штаттан тыс жедел қызметкерлері ретінде Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде тарту;

      көлік құралдарының, оның ішінде дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің, сондай-ақ жеке тұлғалардың көлік құралдарының жекелеген жерлердің учаскелері мен объектілердегі қозғалысын уақытша шектеу немесе тыйым салу, оларды жекелеген жерлердің учаскелерінде немесе объектілерде қалуға не осы учаскелерден немесе объектілерден кетуге міндеттеу;

      күзетілетін адамдар мен объектілерді күзету және оларға қызмет көрсету жұмыстарына жеке және заңды тұлғаларды жіберуді және тексеруді жүзеге асыру;

      құпия;

      құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда азаматтарды ұстау, ішкі істер органдарына, өзге де құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдардың қызметтік үй-жайларына жеткізу;

      Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы айқындаған тәртіппен қызметтік иттерді пайдалану;

      Мемлекеттік күзет қызметінің арнайы дайындықтан өткен қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің табельдік қару мен арнаулы құралдарды сақтауына, алып жүруіне рұқсат беру;

      қаруды, жауынгерлік техниканы, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдану;

      әзірленетін әдістемелерге сәйкес күзетілетін адамдардың қауіпсіздігіне қол сұғатын құқыққа қайшы іс-әрекеттің жолын кесу бойынша жедел-жауынгерлік іс-шараларды жүзеге асыру;

      Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы айқындайтын тәртіппен арнаулы мақсаттағы автомобильдерге еріп жүруді және шабуыл жасау қаупін және (немесе) олардың қозғалысына кедергілерді жою бойынша тактикалық іс-әрекеттерді, оның ішінде соқтығысу арқылы қорғауды жүзеге асыру;

      терроризмге қарсы операция режимінде күзет іс-шараларын ұйымдастыру және терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз ету кезінде "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шаралар мен уақытша шектеулерді қолдану;

      әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларда, төтенше немесе соғыс жағдайында міндеттерді атқару кезінде телекоммуникациялық желілерді пайдалану;

      өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      күзет іс-шараларына қатысу үшін ішкі істер органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын тарту;

      заңды және жеке тұлғалардың күзет іс-шараларын өткізу орындарында белгіленген тәртіпті сақтауын талап ету;

      құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жолын кесу;

      егер кешеуілдеу күзетілетін адамдар мен объектілерге шын мәнінде қатер төндіретін болса, күзетiлетiн адамдар мен объектiлерге қатер төндiретiн қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу кезiнде, сондай-ақ осындай қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтірілгендерді қудалау кезінде азаматтарға тиесілі тұрғын үй-жайлар мен өзге де үй-жайларға, меншiк нысанына қарамастан, кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың (шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық, консулдық және өзге де өкiлдiктерiнен басқа) аумақтары мен үй-жайларына кедергiсiз кiру;

      күзетілетін адамдардың болуына арналған, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын қосымша талаптарды белгілеу;

      баланста тұрған объектiлердi пайдалану мен оларға техникалық күтiмдi қамтамасыз ету, санитариялық-гигиеналық, экологиялық және эпидемияға қарсы бақылауды ұйымдастыру;

      өз құзыреті шегінде тергеушінің, анықтаушының тапсырмасы бойынша жасырын тергеу іс-қимылдарын жүргізу;

      астыртын әрекет ететін объектілерді (кәсіпорындарды және ұйымдарды) құру, сондай-ақ қызметкерлерді, әскери қызметшілерді, құпия көмекшілерді, бөлімшелердің, ұйымдардың, үй-жайлар мен көлік құралдарының ведомстволық тиесілігін шифрлайтын құжаттарды пайдалану;

      қажетті ғылыми-техникалық немесе өзге де арнаулы білім-білігі бар лауазымды адамдар мен мамандардың көмегін пайдалану;

      Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, басқа ұйымдардан жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар ақпаратты өтеусіз алу және пайдалану;

      Қазақстан Республикасының аумағында жедел-іздестіру қызметі мен жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыруға құқығы бар басқа органдармен келісу бойынша қарсы барлау және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін осы органдардың күші мен құралдарын тарту;

      өз бастамасы немесе өзге мемлекеттік органдардың бастамасы бойынша "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-тармағында көзделген шешімдерді қабылдау үшін қажетті, тұлғаны сипаттайтын деректерді жинау;

      күзет қызметін жүзеге асыратын субъектілерден терроризмге қарсы операциялар құқықтық режимі енгізілген аймақта күзет қызметін тоқтата тұруды талап ету;

      айрықша мақсаттағы автомобильдердің Астана және Алматы қалаларында жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олардың автомобиль жолдарымен немесе автомобиль жолдарының жекелеген учаскелерімен жүру жылдамдығын айқындау және осы жолдарда көлік құралдарының жүруіне, аялдауына және тоқтап тұруына шектеу енгізу, жол қозғалысының бағытын уақытша өзгерту;

      күзет іс-шараларын өткізу кезеңінде күзетілетін адамдардың жүріп-тұру маршруттарында (бұдан әрі – арнаулы трассалар) және әуежайлар аумағы шегінде жөндеу, құрылыс, монтаждау және басқа да жұмыстардың барлық түрлерін тоқтата тұру;

      күзет іс-шараларын дайындау және өткізу кезінде, сондай-ақ күзет іс-шараларын өткізу аймағында немесе күзетілетін объектілер аумағының үстіндегі әуе кеңістігінің пайдаланылуын бұзудың жолын кесу үшін пилотсыз әуе кемелерін пайдалану;

      кинологиялық қызметті жүзеге асыру;

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қарулы Күштерінің, басқа әскерлері мен әскери құралымдарының, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерін қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында оқытуды, даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асыру;

      күзет іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік органдармен келісу бойынша күзет іс-шараларына қатысуға тартылған күштер мен құралдардың құрамын айқындау;

      2) міндеттіліктері:

      Қазақстан Республикасы Президентінің, басқа да күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қол сұғатын құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу, олардың ықтимал жасалуына ықпал ететін мән-жайларды анықтау және өз құқықтары шегінде оларды жою бойынша шаралар қолдану;

      құқық бұзушылықтардан және жазатайым оқиғалардан зардап шеккен, сондай-ақ дәрменсіз күйде не денсаулығы мен өміріне қауіпті өзге де жағдайдағы күзетілетін адамдарға көмек көрсету;

      күзетілетін адамдардың жеке басының қауіпсіздігіне немесе күзетілетін объектілерде және олар болатын басқа да жерлерде қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін, дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар мен оқиғалар туралы мәлімдемелерді, хабарламаларды және өзге де ақпаратты қабылдап алу, заңнамада көзделген шараларды уақтылы қолдану;

      күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиеті мен меншігіне қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды анықтау мен іздестіруде құқық қорғау органдарына жәрдем көрсету;

      күзетілетін объектілерде және күзетілетін адамдар болатын басқа да жерлерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      авария, апат, өрт, табиғат зілзаласы және басқа да төтенше жағдайлар кезінде күзетілетін адамдарды құтқару және оларға алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ күзетілетін адамдардың жеке мүлкін және күзетілуге тиіс әрі қараусыз қалған өзге де мүлікті күзету жөнінде шұғыл шаралар қолдану;

      Қазақстан Республикасының аумағында немесе жекелеген жерлерде төтенше немесе әскери жағдай енгізілгенде заңға сәйкес күзетілетін адамдарға қатысты осындай жағдайдағы құқықтық режимнің қамтамасыз етілуіне, сондай-ақ эпидемия мен эпизоотия кезінде күзетілетін адамдарға қатысты карантиндік шаралардың жүргізілуіне қатысу;

      Қазақстан Республикасының Президентін және өзге де күзетiлетiн адамдарды байланыспен қамтамасыз етуді, президенттік байланыс жүйелерінің қауіпсіздігін, сондай-ақ олардың ақпараттан оқшау қалуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізуді ұйымдастыру.

      Президенттік байланыспен қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимылды ұйымдастыру тәртібі Мемлекеттік күзет қызметінің және мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

      Мемлекеттік күзет қызметін және өзге де ұйымдарды президенттік байланыспен қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимылды ұйымдастыру тәртібі келісімдерде (шарттарда) айқындалады;

      азаматтарға, кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге олардың байланыс құралдарын, көлігі мен үй-жайларын қызмет мақсатында пайдалануға байланысты келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеу;

      күзетілетін адамдардың көліктің барлық түрінде жүріп-тұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзетілетін адамдардың жүріп-тұруы үшін бөлінетін автомобиль және басқа көлік құралдарының жүру қауіпсіздігі саласында қолданылып жүрген белгіленген қағидаларды, нормативтер мен стандарттарды сақтау және сақталуын бақылау;

      күзетілетін адамдарға медициналық қызмет көрсетуге байланысты ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге өз құзыреті шегінде қатысу;

      барлау-нұқсан келтіру әрекетінің белгілерін, фактілерін анықтау және барлау-нұқсан келтіру әрекетін жүзеге асыруға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қолдану;

      Қазақстан Республикасының Президентіне және мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатер туралы хабарлау;

      Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздерін, мемлекеттік егемендігін, аумақтық тұтастығын, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін қорғау жөнінде қажетті шаралар қолдану;

      қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде астыртын әрекет етуді, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметі күштерінің, құралдарының және ақпаратының қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану;

      кезең-кезеңімен, бірақ кемінде әрбір бес жыл сайын құпияландыруға жататын мәліметтердің қолданыстағы тізбесінің мазмұнын мәліметтерді құпияландырудың негізділігі мен олардың бұрын белгіленген құпиялық дәрежесіне сәйкес келуі бөлігінде қайта қарау.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 19.02.2024 № 483 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      17. Функциялары:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің, басқа да күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын ұйымдастырады және өткізеді. Күзет іс-шараларына қатысу үшін тартылған мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарына басшылық етуді жүзеге асырады. Күзет іс-шараларын өткізу аймағының шекарасын, олардың басталу және аяқталу уақытын, күзет іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізу тәртібін, оны өткізуге қатысу үшін тартылған күштер мен құралдардың құрамын, сондай-ақ күзет іс-шаралары өткізілетін аймақта дыбысжазба, фото- және бейнетүсірілім жасау тәртібін айқындайды;

      2) Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы айқындайтын тәртіппен күзетілетін объектілердің күзеті мен қорғанысын жүзеге асырады, күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жауынгерлік кезекшілікті атқаруды ұйымдастырады;

      3) жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын өткізеді, жүктелген міндеттерді орындау үшін ақпараттық-талдау жұмысын жүргізеді;

      4) Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен мемлекеттік органдарын Мемлекеттік күзет қызметінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша хабардар етеді;

      5) Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы айқындайтын тәртіппен жұмылдыру, жауынгерлік және жедел әзірлігін қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде оқуларды, жаттығулар мен эксперименттерді өткізу арқылы іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді;

      6) ведомствоның және құрылымдық бөлімшелердің жедел-қызметтік, жауынгерлік, жедел-іздестіру, қарсы барлау, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметін ведомстволық бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      7) арнайы тексеру жүргізу арқылы қызметке кәсіби іріктеуді ұйымдастырады, Мемлекеттік күзет қызметінің кадрын негізінен Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының әскери қызметшілері мен қызметкерлері қатарынан жасақтайды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Мемлекеттік күзет қызметінің кадрына қызметке түсетін адамдарды зерделеуге және арнайы тексеруден өткізуге Мемлекеттік күзет қызметіне жәрдем көрсетеді;

      8) техникалық барлау құралдарына қарсы іс-қимылды және ақпаратты техникалық қорғау, пилотсыз әуе кемелерінің рұқсатсыз ұшуына қарсы іс-қимыл бойынша іс-шараларды ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      9) Қазақстан Республикасының Президентін, өзге де күзетілетін және лауазымды адамдарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес президенттік байланыспен қамтамасыз етеді;

      10) күзетілетін адамдардың авиация, автомобиль және басқа да көлік түрлерімен жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Арнаулы трассаларды айқындайды, күзетілетін адамдардың жүріп-тұруы үшін бөлінген авиация, автомобиль және басқа да көлік түрлерінің қозғалыс қауіпсіздігі саласында қолданылатын қағидалардың, нормативтер мен стандарттардың сақталуын бақылайды. Күзетілетін адамдардың жүріп-тұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Мемлекеттік күзет қызметінің, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының тәртібі бірлескен нормативтік құқықтық актілермен айқындалады;

      11) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен және аумақтық денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп күзетілетін адамдарға медициналық қызмет көрсетуге байланысты ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге қатысады;

      12) жедел есепке алуды және ақпараттық жүйелерді құрады және пайдаланады;

      13) өз өкілеттігі шегінде шифрлау жұмысын ұйымдастырады және орындайды;

      14) күзет іс-шараларын өткізу кезінде радиоэфирге мониторинг жүргізеді;

      15) күзетілетін объектілерде және күзет іс-шараларын өткізу аймағында белгіленген тәртіппен өткізу режимін жүзеге асырады;

      16) күзетілетін объектілердің аумағында және күзет іс-шаралары өткізілетін орындарда жарылғыш құрылғыларды, жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру және жою жөніндегі іс-шараларды, жарылғыш құрылғыларды қолдану арқылы құқыққа қайшы іс-әрекеттерді жасауға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді;

      17) мемлекеттік органдармен бірлесіп, күзетілетін объектілерде, сондай-ақ күзетілетін адамдар баратын орындарда және оларға іргелес аумақта санитариялық-гигиеналық, экологиялық, радиациялық, биологиялық, химиялық және эпидемияға қарсы бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      18) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз етеді;

      19) күзетілетін объектілерде, оларды орналастыруға арналған режимдік аумақтар аймақтарында, арнаулы трассаларда және оларға іргелес аумақтарда жөндеу, құрылыс және өзге де жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуді келіседі;

      20) Мемлекеттік күзет қызметін жауынгерлік, техникалық, материалдық, қаржылық, ғылыми, ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік-тұрмыстық және қамтамасыз етудің басқа да түрлерін, оның ішінде қызметкерлер мен әскери қызметшілерді тамақтандыруды, оның қарамағындағы ғимараттар мен құрылыстарды салуды, реконструкциялауды және жөндеуді, тұрғын үй және казармалық-тұрғын үй құрылысын ұйымдастырады;

      21) күзетілетін адамдардың қатысуымен өтетін іс-шараларға қатысушыларды аккредиттеуді өткізеді;

      22) күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі терроризмге қарсы операцияларға қатысады, сондай-ақ терроризмге қарсы операциялардың құқықтық режимін қамтамасыз етеді;

      23) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзетуді жүзеге асырады, рәсімдік және протоколдық іс-шараларды атқаруға қатысады;

      24) Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелеріне басшылық етуді, үйлестіруді жүзеге асырады және олардың келісілген іс-әрекетін қамтамасыз етеді;

      25) Мемлекеттік күзет қызметі бөлімшелерінің қызметтік-жауынгерлік қызметін моральдық-психологиялық қамтамасыз ету бойынша жұмысты ұйымдастырады, жеке құрам арасында тәртіпті және құқық тәртібін сақтау және нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қызметтің қауіпсіздігіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды тұжырымдайды және іске асырады;

      26) күзет іс-шараларын өткізу орындарында күзетілетін адамдар мен объектілердің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін ведомствоаралық үйлестіруді және ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      27) Мемлекеттік күзет қызметінің жарағындағы арнаулы құралдар, қару, жауынгерлік техника мен оқ-дәрі түрлерінің тізбесін айқындайды;

      28) Мемлекеттік күзет қызметінің террористік тұрғыдан осал объектілерінің тізбесін бекітеді және олардың санаттарына сәйкес терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру бойынша қойылатын талаптарды белгілейді;

      29) Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын және күзет іс-шараларын өткізуді регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдайды;

      30) Мемлекеттік күзет қызметінің жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы нормативтік құқықтық актілерін бекітеді;

      31) Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерінің, әскери қызметшісінің денсаулығы мен мүлкіне келтірілген залалды, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерінің, әскери қызметшісінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты оның отбасы мүшелері мен жақын туыстарының денсаулығы мен мүлкіне келтірілген залалды өтеу тәртібін айқындайды;

      32) отбасылық-мүліктік жағдайын тексеру актісінің үлгі нысанын бекітеді;

      33) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шараларды орындау тәртібін айқындайды;

      34) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері пайдаланатын медициналық дәрі қобдишасының (жеке, топтық) құрамын бекітеді;

      35) кәмелеттік жасқа толған әрекетке қабілетті адамдармен ынтымақтастық туралы келісімшарттың нысанын, оның қолданылу шарттары мен мерзімдерін айқындайды;

      36) жедел есепке алу мен ақпараттық жүйелерді қалыптастыру және пайдалану, сондай-ақ жедел есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды;

      37) жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметінің материалдарын сақтау мерзімдерін, сақтау және жою тәртібін айқындайды;

      38) құпия көмекші қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге қатысуына байланысты қаза болған не мертіккен немесе оның денсаулығына өзге де зиян келтірілген жағдайларда біржолғы жәрдемақы төлеу тәртібін айқындайды;

      39) келісімшарттың нысанын, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртібін бекітеді;

      40) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функциялар.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 19.02.2024 № 483 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

3-тарау. Мемлекеттік күзет қызметі бастығының, Мемлекеттік күзет қызметі Алқасының мәртебесі, өкілеттілігі

      18. Мемлекеттік күзет қызметіне басшылықты бастық жүзеге асырады, ол Қазақстан Республикасы Президентінің жеке басының қауіпсіздігіне, Мемлекеттік күзет қызметіне жүктелген міндеттердің орындалуына және өзінің өкілеттілігін жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

      19. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      20. Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасарлары болады, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті оларды Мемлекеттік күзет қызметі бастығының ұсынуы бойынша лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      21. Мемлекеттік күзет қызметі бастығының өкілеттілігі:

      1) Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын ұйымдастырады, Мемлекеттік күзет қызметін дамытудың негізгі бағыттарын айқындайды;

      2) күзет іс-шараларын өткізу жөніндегі республикалық жедел штабқа басшылық етеді. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жедел штабының басшыларын айқындайды;

      3) күзет іс-шаралары өткізіле бастағаннан бастап аяқталғанға дейін оларды өткізуге тартылған барлық әскери қызметшілерге, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметкерлері мен мамандарына басшылық жасайды;

      4) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі терроризмге қарсы операцияларды өткізу, оларды өткізу кезеңінде терроризмге қарсы операциялардың құқықтық режимін енгізу туралы шешім қабылдайды;

      5) Мемлекеттік күзет қызметі өткізетін күзет іс-шараларының ауқымын олардың қауіпсіздігіне төнетін қатердің сипаты мен шынайылығына қарай айқындайды;

      6) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі күзететін объектілердің тізбесін бекітеді;

      7) күзет іс-шараларын өткізу кезінде радиоэфир мониторингін жүргізу тәртібін айқындайды;

      8) Мемлекеттік күзет қызметінің барлық қызметкерлері, әскери қызметшілері мен жұмыскерлері орындауға міндетті бұйрықтар, өкімдер шығарады, нұсқаулар береді;

      9) Мемлекеттік күзет қызметінің ведомствосы мен құрылымдық бөлімшелерінің күзетілетін адамдар мен объектілердің, Мемлекеттік күзет қызметі объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік кезекшілігін ұйымдастыру және атқару тәртібін айқындайды;

      10) күзетілетін объектілерде және күзет іс-шаралары өткізілетін орындарда санитариялық-гигиеналық, экологиялық, радиациялық, биологиялық, химиялық және эпидемияға қарсы бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды;

      11) күзетілетін объектілерде және күзет іс-шаралары өткізілетін орындарда жарғыш қондырғыларды, жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру мен жою тәртібін айқындайды;

      12) Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің арнаулы құралдарды, қаруды және жауынгерлік техниканы қолдану тәртібін айқындайды;

      13) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерін жауынгерлік және арнаулы даярлау бағдарламасын бекітеді;

      14) қару мен арнаулы құралдарды ұстау кезіндегі қауіпсіздік шараларын бекітеді;

      15) Мемлекеттік күзет қызметі жедел қамтамасыз етуді жүзеге асыратын объектілер мен арнаулы трассалар учаскелерінің тізбесін, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметі жедел қамтамасыз ететін объектілерде және күзет іс-шаралары өткізілетін аймақта жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шараларын өткізуді келісу тәртібін айқындайды;

      16) Мемлекеттік күзет қызметі ведомствосының, құрылымдық бөлімшелері мен мемлекеттік мекемелерінің ережелерін (жарғыларын), құрылымы мен штатын бекітеді;

      17) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен штат саны мен осы мақсат үшін бөлінген қаражат шегінде қолданыстағы резерв қызметкерлерінің санын айқындайды;

      18) ұйымдық, кадрлық, құрылымдық-штаттық, қаржылық, өндірістік-шаруашылық және өзге мәселелерді шешуде Мемлекеттік күзет қызметі ведомствосы мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен лауазымды адамдарының өкілеттіктерін айқындайды;

      19) Айрықша мақсаттағы күштерді мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерімен, сондай-ақ шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілермен жасақтау тәртібі мен жоспарын айқындайды;

      20) Мемлекеттік күзет қызметі лауазымдарының номенклатурасын, қызметкерлер, әскери қызметшілер және жұмыскерлер атқаратын лауазымдар тізбесін бекітеді;

      21) Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелерін орналастыру (қайта орналастыру) туралы шешімді белгіленген тәртіппен қабылдайды;

      22) Мемлекеттік күзет қызметінің нақты және шартты атауын қолдану тәртібін айқындайды;

      23) Мемлекеттік күзет қызметінің лауазымдар санатына қойылатын біліктілік талаптарын айқындайды;

      24) қызметке үміткерлерді іріктеу және қабылдау жөніндегі іс-шараларды жүргізуді ұйымдастыру тәртібін және әдістемесін, қажетті құжаттар тізбесін, оларды ресімдеу тәртібін, қызметке үміткерлерге тексеру жүргізу мерзімдерін, олардың білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі, дене шынықтыру дайындығы және денсаулық жағдайы бойынша талаптарды айқындайды;

      25) Мемлекеттік күзет қызметінде полиграфологиялық зерттеулерді өткізу тәртібін айқындайды;

      26) Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің қызметке жарамдылық санатын айқындау үшін әскери-дәрігерлік комиссияға жіберу тәртібін айқындайды;

      27) Қазақстан Республикасының азаматтарын жалпы әскери есептен шығарып, Мемлекеттік күзет қызметіне қызметке қабылдайды, оларға полковникті қоса алғанда, оған дейінгі арнаулы және әскери атақтарды береді. Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің жекелеген санаттарына олардың қызметке қабылданғанға дейінгі еңбек қызметіндегі өтілін өзі белгілеген тәртіппен еңбек сіңірген жылдарына есептеуі мүмкін;

      28) қызметкерлермен, әскери қызметшілермен келісімшарт жасасу, оларды лауазымға тағайындау, орнын ауыстыру, қызметтен босату, шығару, сондай-ақ оларға арнаулы немесе әскери атақ беру туралы бұйрықтарды шығаруға құқығы бар лауазымды адамдардың тізбесін айқындайды;

      29) Мемлекеттік күзет қызметіне запастан қабылданатын не Қарулы Күштерден, басқа да әскерлерден және әскери құралымдардан, арнаулы мемлекеттік не құқық қорғау органдарынан ауысу тәртібімен қабылданатын және әскери, арнаулы атақтары, сыныптық шендері бар азаматтарды қызметкер лауазымына тағайындау кезінде қайта аттестаттаудан өткізу және арнаулы атақ беру тәртібін айқындайды;

      30) Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындауды және лауазымнан босатуды жүзеге асыратын адамдарды қоспағанда, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін, әскери қызметшілері мен жұмыскерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады және қызметкерлері мен әскери қызметшілерін қызметтен немесе әскери қызметтен шығарады және лауазымдар бойынша орнын ауыстырады;

      31) Мемлекеттік күзет қызметінде құпияландыруға жататын мәліметтер тізбесін бекітеді;

      32) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерін меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдар мен ұйымдарға іссапарға жіберу бойынша мәселелерді шешеді;

      33) Мемлекеттік күзет қызметінің қолданыстағы резервіне қызметкерлерді қабылдау және олардың қызмет өткеру тәртібін айқындайды;

      34) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін, әскери қызметшілерін, жұмыскерлерін марапаттайды, көтермелейді және оларға тәртіптік жазалар қолданады. Бағынысты әскери қызметшілерге қатысты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тәртіптік жарғысында айқындалған құқықтарды толық көлемде пайдаланады;

      35) алып тасталды – ҚР Президентінің 19.02.2024 № 483 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен;

      36) бейбіт уақытта, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен жұмылдыру кезеңінде, соғыс жағдайында және соғыс уақытында күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Мемлекеттік күзет қызметінің күштері мен құралдарын пайдалану тәртібін айқындайды;

      37) күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қол сұғатын құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою туралы нұсқамалар енгізу тәртібін айқындайды;

      38) аккредиттеу тәртібін және аккредиттеуге жататын күзетілетін адамдар қатысатын іс-шараларға қатысушылардың тізбесін айқындайды;

      39) жоғары офицерлік құрамға арнаулы және әскери атақтар беру және қызметкерлерді, әскери қызметшілерді, жұмыскерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттау, сондай-ақ құрметті атақтар беру туралы Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар енгізеді;

      40) Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің арнаулы киім нысанын киіп жүру тәртібін айқындайды, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметі әскери қызметшілерінің әскери киім нысанының жекелеген заттары мен айырым белгілерін тағу ерекшеліктерін белгілейді;

      41) Мемлекеттік күзет қызметіне тиістілігін білдіретін қару-жарақта, әскери және арнаулы техникада орналастырылатын ерекшелік белгілерін, айырым белгілерін және бөлімшелердің эмблемаларын, айрықша белгілерді, сондай-ақ оларды киіп жүру және орналастыру тәртібін бекітеді;

      42) Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің қызметтік куәліктерінің сипаттамасын, жетондардың үлгілерін, зейнеткерлік куәлігінің нысандарын бекітеді, оларды беру және пайдалану тәртібін айқындайды;

      43) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлеріне сыныптық біліктілік беру, Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің сыныптық біліктілігін көтеру, растау, сақтау, төмендету және алу тәртібін айқындайды;

      44) Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен бюджеттік бағдарламаны (кіші бағдарламаны) қаржыландыру жоспары бойынша ұстауға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен қызметкерлерге, әскери қызметшілерге, жұмыскерлерге сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және олардың лауазымдық айлықақыларына үстемеақы белгілеу тәртібі мен шарттарын айқындайды;

      45) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері, әскери қызметшілері мен жұмыскерлерінің қызметтік іссапарлары туралы нұсқаулықты бекітеді;

      46) тұрақты жұмыс істейтін ведомстволық бюджет комиссиясын құрады, ол туралы ережені бекітеді, оның құрамын айқындайды;

      47) Мемлекеттік күзет қызметінің мүлкіне және ақшалай қаражатына билік етеді;

      48) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және әскери қызметшілерін ақшалай қамтамасыз ету және лауазымдық жалақылары мен сауықтыру жәрдемақыларын есептеу үшін қызмет (жұмыс) өтілін айқындау тәртібін айқындайды;

      49) күзетілетін объектілерде және күзет іс-шараларын жүргізу аймағында өткізу режимін жүзеге асыру кезінде қаруды, оқ-дәрілерді және өзге де заттарды уақытша сақтауға қабылдау тәртібін айқындайды;

      50) Мемлекеттік күзет қызметінің өзіндік объектілерінде өткізу және объектішілік режимді қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;

      51) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, заңды тұлғаларымен, сондай-ақ шет мемлекеттердің арнаулы, құқық қорғау және өзге де органдарымен және халықаралық ұйымдарымен өзара қарым-қатынаста Мемлекеттік күзет қызметінің атынан өкілдік етеді;

      52) Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын жетілдіру мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыныстар енгізеді;

      53) Мемлекеттік күзет қызметінің регламентін бекітеді;

      54) Мемлекеттік күзет қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапкершілік алады;

      55) Мемлекеттік күзет қызметінде ақпараттық жүйелерді құру, оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету және дамыту, электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру, сақтау, өңдеу, беру және оларға қол жеткізу қағидаларын бекітеді;

      56) Қазақстан Республикасының Президентіне Мемлекеттік күзет қызметінің құрылымы мен штат санын бекітуге ұсынады;

      57) күзетілетін объектілерге және күзет іс-шаралары өтетін аймаққа алып өтуге тыйым салынған заттар мен заттектердің тізбесін айқындайды;

      58) жедел-іздестіру және қарсы барлау қызметін жүзеге асыруға құқығы бар өздеріне бағынысты ведомстволардың, қызметтердің, бөлімшелердің, қызметкерлер санаттарының тізбесін белгілейді;

      59) Мемлекеттік күзет қызметінің жұмыскерлері санын осы мақсаттар үшін бөлінген қаражат шегінде белгілейді;

      60) бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша заттай нормаларды (жабдықтау нормалары), Қазақстан Республикасының аумағында көлікпен жол жүруге жұмсалған шығындарды өтеу нормаларын бекітеді;

      61) Мемлекеттік күзет қызметінің консультативтік-кеңесші органдарының ережесі мен құрамын бекітеді;

      62) Мемлекеттік күзет қызметінің жедел және оған теңестірілген бөлімшелерге жататын бөлімшелерін айқындайды;

      63) конкурстық негізде орналастырылатын лауазымдар тізбесін айқындайды;

      64) Мемлекеттік күзет қызметінің арнайы есепке алу тәртібін айқындайды;

      65) білім алушылар контингентін қалыптастыру, қызметкерлерді қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру және өткізу тәртібін айқындайды;

      66) қызметкерлерді бейімдеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру тәртібін айқындайды;

      67) тағылымдамадан өту тәртібін айқындайды;

      68) ішкі қызмет жарғысын бекітеді;

      69) Мемлекеттік күзет қызметінің кадр құрамының жеке істерін ресімдеу, есепке алуды жүргізу және сақтау тәртібін айқындайды;

      70) Типтік емес лауазымдар және оларға сәйкес келетін арнаулы және әскери атақтар тізбесін бекітеді;

      71) сержанттар құрамы және офицерлік құрам атқаруға тиіс лауазымдарға тиісті құрамның қызметкерлерін тағайындау мүмкін болмаған кезде аталған лауазымдарға төмен тұрған құрамның қызметкерлерін тағайындау тәртібін айқындайды;

      72) қызметкерді лауазымға тағайындау, лауазымнан босату, бастықтың қарамағына жіберу, шығару, арнаулы атақ беру, оны төмендету, одан айыру кезінде, сондай-ақ жаңа келісімшарт жасасқан кезде ұсынысты ресімдеу тәртібін айқындайды;

      73) Қызметкерлерді ауыстыру қағидаларын бекітеді;

      74) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкеріне жоғары офицерлік құрам атқаруға тиісті бос (тағайындалмаған) лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеу тәртібін айқындайды;

      75) ресми өкілдер туралы ережені бекітеді;

      76) кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру тәртібін айқындайды;

      77) Мемлекеттік күзет қызметінің запастағы офицерлерін есепке алуды ұйымдастыру және қызметкерлердің запаста болу тәртібін айқындайды;

      78) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін көтермелеуді қолдану тәртібін айқындайды;

      79) қызметкерлерге (жабық және оқшауланған әскери қалашықтардың, шекара бөлімшелерінің және өзге де жабық объектілердің аумағындағы қызметтік тұрғынжайда тұратын қызметкерлерден, сондай-ақ курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақы төлеу тәртібін айқындайды;

      80) арнаулы киім нысанымен және басқа да заттай мүлікпен қамтамасыз ету тәртібін және қызметкерлерге (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) алынбай қалған заттай мүліктің орнына ақшалай өтемақы төлеу тәртібін айқындайды;

      81) қызметі бойынша орнын ауыстырған кезде Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлеріне (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) бір елді мекеннен қашықтығы жүз километрден астам жердегі басқа елді мекенге көшуге байланысты көтерме жәрдемақы төлеу тәртібін айқындайды;

      82) Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін жерлеу кезінде құрмет көрсету тәртібін айқындайды;

      83) күзетілетін объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жай-күйін бақылау тәртібін айқындайды;

      84) "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес терроризмге қарсы операцияны өткізу аймағын айқындайды;

      85) Мемлекеттік күзет қызметінің террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітеді;

      86) Мемлекеттік күзет қызметінің террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуы паспортын бекітеді;

      87) мемлекеттік орган шегінде мүлікті беру және қайта бөлу туралы шешім қабылдайды;

      88) ақылы негізде жәрдем көрсететін құпия көмекшілерге сыйақы төлеу тәртібін айқындайды;

      89) қарсы барлау қызметінің ұйымдастырылуын, тактикасын, нысандары мен әдістерін, тартылған күштер мен құралдарды, шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық ұйымдарымен халықаралық ынтымақтастықтың ұйымдастырылуын және жүзеге асырылуын, құпиялылықтың және астыртын әрекет етудің қамтамасыз етілуін бақылауды жүзеге асырады;

      90) Ұлттық бейнемониториг жүйесін пайдалануға құқығы бар Мемлекеттік күзет қызметі қызметтерінің, бөлімшелерінің және қызметкерлері санаттарының тізбесін айқындайды;

      91) шифрланған, құпияландырылған, кодталған байланыс желілерін және арнаулы мақсаттағы телекоммуникация желілерін құру, басқару, пайдалану, нөмірлерді бөлу, жұмыс істеуін, ақпараттық қауіпсіздігін, трафик өткізуді, өзара іс-қимыл жасау және пайдалануға қабылдау (пайдаланудан шығару) шарттарын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету тәртібін айқындайды;

      92) күзет іс-шараларын дайындау және өткізу кезінде, сондай-ақ күзет іс-шараларын өткізу аймағында немесе күзетілетін объектілер аумағының үстіндегі әуе кеңістігін пайдалануды бұзудың жолын кесу үшін пилотсыз әуе кемелерін қолдану тәртібін айқындайды;

      93) Мемлекеттік күзет қызметінде кинологиялық қызметті ұйымдастыру тәртібін айқындайды;

      93-1) Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің жекелеген санаттарының қызмет өткеру ерекшеліктерін ескере отырып, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша олардың азық-түлік үлесінің нормаларын айқындайды;

      93-2) Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің жекелеген санаттарын тамақпен қамтамасыз ету тәртібін айқындайды;

      93-3) азық-түлік үлесінің белгіленген нормалары бойынша тамақпен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған кезде Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің жекелеген санаттарына ақшалай өтемақы төлеу тәртібін айқындайды;

      93-4) тамақтандыруды ұйымдастыру туралы шарттың мерзімі шегінде ғимараттарды, асхана үй-жайларын және олардағы мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) өтеусіз уақытша беру тәртібін айқындайды;

      93-5) жоғары әскери, арнаулы оқу орындарына түсуге білім беру жеңілдіктерін алу үшін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді конкурстық іріктеу қағидаларын бекітеді;

      93-6) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық білімнің білім беру бағдарламаларын қоспағанда, жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсуге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген квоталар шегінде білім беру жеңілдіктерін алу үшін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді конкурстық іріктеу қағидаларын бекітеді;

      94) Қазақстан Республикасының заңнамасында өзіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болмаған кезеңде оның өкілеттігін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам орындайды.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 19.02.2024 № 483 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 18.06.2024 № 574 Жарлықтарымен.

      22. Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өз орынбасарларының өкілеттіктерін айқындайды.

      23. Мемлекеттік күзет қызметінің бастығына тікелей бағынатын және есеп беретін Мемлекеттік күзет қызметінің аппараты ведомство мен құрылымдық бөлімшелердің қызметін үйлестіруді және бақылауды жүзеге асырады, Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын ақпараттық-талдамалық, құқықтық, құжаттамалық қамтамасыз етуді ұйымдастырады.

      Мемлекеттік күзет қызметінің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Аппарат басшысы басқарады.

      24. Алқа Мемлекеттік күзет қызметінің алқалы органы болып табылады.

      Алқаның өкілеттігі:

      1) жедел-қызметтік жұмыстың барынша маңызды мәселелерін қарау;

      2) жедел-қызметтік жұмыстың тиімділігін арттыру жөнінде шараларды тұжырымдауды және олар бойынша келісілген шешімдер қабылдауды қамтамасыз ету.

      Алқаның шешімдері Мемлекеттік күзет қызметі бастығының бұйрығымен жарияланады. Алқаның міндеттері, өкілеттіктері, қызметінің тәртібі мен дербес құрамы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы бекітетін ережемен регламенттеледі.

      25. Мемлекеттік күзет қызметіне кіру және қызмет өткеру тәртібі "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.

      Айрықша мақсаттағы күштер мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтар, сондай-ақ шақыру мен келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер қатарынан заңнамада айқындалған тәртіппен жасақталады.

      Айрықша мақсаттағы күштерге мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді іріктеу басым болып табылады.

      26. Құпия.

      27. Мемлекеттік күзет қызметінде арнайы мемлекеттік архив құрылады.

      28. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерін медициналық қамтамасыз ету және қызмет көрсету, медициналық мүлікпен және дәрі-дәрмекпен жабдықтау Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.

      29. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жеңілдік жағдайында жүргізіледі*.

      *Ескертпе. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлеріне лауазымдық жалақылары және сауықтыру жәрдемақылары есептелетін коэффициенттерді белгілеу үшін мемлекеттік органдағы қызмет өтіліне 2020 жылғы 6 қаңтарға дейін қызмет өткерген бір айға бір жарым ай есебінен есептелген қызмет қайта есептеуге жатпайды.

      30. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің қызмет атқаруы жауынгерлік міндеттерді орындау болып табылады және өздігінен, сонымен қатар басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізілетін іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға негізделеді.

      Күзетілетін адамдар және объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын өткізу барысында Мемлекеттік күзет қызметінің аға лауазымды адамы оларды өткізуге тартылған барлық адамдар үшін жедел бастық болып табылады.

4-тарау. Мемлекеттік күзет қызметінің мүлкі

      31. Мемлекеттік күзет қызметінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Мемлекеттік күзет қызметінің мүлкі оған мемлекет берген мүлік, сондай-ақ өзіндік қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      32. Мемлекеттік күзет қызметіне бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      33. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Мемлекеттік күзет қызметінің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өздігінен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік күзет қызметін қайта ұйымдастыру және тарату

      34. Мемлекеттік күзет қызметін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Айрықша мақсаттағы күштердің қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің
ТІЗБЕСІ

      1. "Айбын" президенттік полкі" 0112 әскери бөлімі.

      2. "Батыр" президенттік полкі" 0111 әскери бөлімі.

      3. 0116 әскери бөлімі.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 4 мамырдағы
№ 814 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің
кейбір актілеріне енгізілетін
ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР

      1. Күші жойылды - ҚР Президентінің 05.05.2018 № 681 Жарлығымен.

      2. Күші жойылды - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 152 Жарлығымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. "Мемлекеттік органдардың мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттіктер берілген лауазымды тұлғаларының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 13 сәуірдегі № 371 Жарлығына: (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 18, 186-құжат; 2004 ж., № 21, 263-құжат; 2005 ж., № 32, 426-құжат; 2009 ж., № 24-25, 207-құжат; 2010 ж., № 49, 439-құжат; 2012 ж.,№ 33, 419-құжат; 2013 ж., № 79, 1151-құжат):

      аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік органдардың мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттік берілген лауазымды тұлғаларының тізбесінде:

      мәтін бойынша "Президенттің Күзет қызметінің бастығы" деген сөздер "Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "Республикалық ұланның қолбасшысы," деген сөздер алынып тасталсын.

      4. Күші жойылды - ҚР Президентінің 05.05.2017 № 470 Жарлығымен.

      5. ҚБП.

      6. Күші жойылды - ҚР Президентінің 05.05.2018 № 681 Жарлығымен.

      7. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 19, 183-құжат; 2013 ж., № 37, 542-құжат):

      аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларында:

      45-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "45. Әскери қызметшінің бір әскери лауазымда болуына 5 жылдан аспайтын мерзімге жол беріледі. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде әскери лауазымда болу уақыты оның бірінші басшысының шешімімен анағұрлым ұзақ мерзімге белгіленуі мүмкін.".

      8. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 12 қазандағы № 201 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 39, 428-құжат; 2010 ж., № 46, 416-құжат; 2013 ж., № 26, 409-құжат):

      аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколында:

      23, 31, 46, 47, 48-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Сыртқы істер министрі мейманға Қазақстан тарапынан қарсы алушы ресми адамдарды таныстырады. Содан соң мейман Сыртқы істер министрімен бірге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметінің (Республикалық ұлан) (бұдан әрі - Объектілерді қорғау қызметі) құрметті қарауылы оның бойымен екі жағынан сапқа тұрған кілемше үстімен қысқаша әңгімелесу үшін әуежай ғимаратының VІР-бөлмесіне өтеді (әңгімелесу кезінде шай, сусын беріледі).";

      "31. Құрметті қарауыл бастығы мейманға сәлемдік баянат береді. Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындайды (мейман елінің мемлекеттік әнұраны бірінші болып орындалады). Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін мейман мен Президент кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүреді, оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдіреді. Одан кейін мейман және Президент құрметті қарауыл сапының бойымен өтеді (мейман сапқа жақын жүреді), мейман басын сәл иіп құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, шағын құрамдағы кездесуге өтеді.";

      "46. Мейман бекітілген лауазымды адаммен бірге Отан қорғаушылар монументіне (бұдан әрі - монумент) келеді. Мейманды монументтің жанында құрметті қарауыл бастығы және Астана қаласының әкімі (әкімнің орынбасары) қарсы алады.

      47. Мейман құрметті қарауыл бастығымен бірге құрметті қарауылды бойлай өтіп, гүл шоғын көтерушілерге беттейді. Салтанатты-рәсімдік музыка ойнайды. Мейман елінің делегациясы монументтің төменгі алаңында сапқа тұрады. Гүл шоғын көтерушілер монументке қарай жүреді. Мейман олардың соңынан 1,5-2 м қашықтықта жүріп отырады. Монументтің іргесіне гүл себетін (гүл шоғын, гүлдестені) қойғаннан кейін мейман гүл себетіне (гүл шоғына, гүлдестеге) жақындап келіп, лентасын түзейді. Бір минут үнсіздік. Бұдан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалады. Мейман елінің мемлекеттік әнұраны бірінші болып орындалады.

      48. Содан кейін Астана қаласының әкімі (әкімнің орынбасары) мейманды монумент кешенімен таныстырады. Кешенді қарап болғаннан кейін мейман құрметті қарауыл бастығымен бірге құрметті қарауыл ротасының салтанатпен жүріп өтуін қарау үшін арнайы бөлінген орынға келеді.

      Содан соң мейман Астана қаласының әкімімен (әкімнің орынбасарымен) бірге ағаш отырғызатын жерге бағыт алады. Ағаш отырғызу рәсімі аяқталғаннан кейін делегация кортежге беттейді де жүріп кетеді.";

      66-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Құрметті қарауыл бастығы мейманға сәлемдік баянат береді. Президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындайды (мейман елінің мемлекеттік әнұраны бірінші болып орындалады). Мемлекеттік әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін мейман мен Президент кілемше үстімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай өтеді, оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдіреді. Одан кейін мейман мен Президент құрметті қарауыл сапының бойымен өтіп (мейман сапқа жақын жүреді), бастарын сәл иіп, құрметті қарауыл бастығымен қоштасады және жүзбе-жүз кездесуге өтеді.";

      86-тармақтың бірінші бөлігі, 94, 100, 111-тармақтар, 115-тармақтың бірінші бөлігі, 119-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "86. Мейман елінің мемлекеттік туы ілінбейді, Объектілерді қорғау қызметінің парадтық есептобы сап түземейді.";

      "94. Күзетілетін адамдардың жеке қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп делегацияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі - Мемлекеттік күзет қызметі) айналысады.";

      "100. Объектілерді қорғау қызметі әскери қызметшілерінің парадтық есептоптары марш әуенімен ұлықтау өткізілетін залға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Президенттің байрағын және Қазақстан Республикасының Конституциясын әкеледі.";

      "111. Шетелдік мемлекетке сапарды ұйымдастыру үшін онда құрамына Президент протоколының, Президенттің Баспасөз қызметінің, Президент Әкімшілігі Сыртқы саясат орталығының, Мемлекеттік күзет қызметінің және Президенттің Іс басқармасының, сондай-ақ Президент Әкімшілігі Сыртқы істер министрлігінің өкілдері кіретін жұмыс тобы жіберіледі.";

      "115. Президенттің жұмыс бабындағы сапар бағдарламасын дайындау және қамтамасыз ету үшін ол жерлерге алдын ала Президент протоколының, Президенттің Баспасөз қызметінің және Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері, Президент Әкімшілігінің баратын өңірді қадағалайтын мемлекеттік инспекторы барады.";

      "119. Әуежайда екі елдің мемлекеттік тулары ілінеді. Ұшу алаңында Объектілерді қорғау қызметінің құрметті қарауылы сап түзейді.";

      135-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мейман елінің мемлекеттік туы ілінбейді, Объектілерді қорғау қызметінің парадтық есептобы сап түземейді.";

      143-тармақ, 145-тармақтың бірінші бөлігі, 147, 155, 170, 186-тармақтар, 200-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "143. Күзетілетін адамдардың жеке қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп пен делегацияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерімен Мемлекеттік күзет қызметі айналысады.";

      "145. Сыртқы істер министрлігі Премьер-Министрдің шет мемлекеттерге сапарының мерзімдерін келіседі. Сапарды ұйымдастыру үшін құрамына Премьер-Министр Кеңсесінің, Сыртқы істер министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Қазақстан Республикасының басқа да мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері кіретін жұмыс тобы жіберіледі.";

      "147. Ұйымдастыру мәселелерін шешу және Премьер-Министрдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңірлерге алдын ала жұмыс тобы жіберіледі, оның құрамына Премьер-Министр Кеңсесінің және Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері енгізіледі.";

      "155. Қабылдаушы тараптың ұсынысы бойынша мәртебелі қонақтардың қауіпсіздігін Мемлекеттік күзет қызметі қамтамасыз етуі мүмкін. Мұндай жағдайда бастамашы Президент Әкімшілігі Басшысының атына шетелдік делегация басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Мемлекеттік күзет қызметіне тапсыру туралы ұсыныспен хат жолдайды.";

      "170. Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша шет мемлекеттердің сыртқы саясат ведомствосы басшыларының елде болу уақытындағы қауіпсіздігін Мемлекеттік күзет қызметі қамтамасыз етеді.";

      "186. Қабылдаушы тараптың ұсынысы бойынша мәртебелі меймандардың қауіпсіздігін Мемлекеттік күзет қызметі қамтамасыз етуі мүмкін. Мұндай жағдайда, бастамашы Президент Әкімшілігі Басшысының атына шетелдік делегация басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Мемлекеттік күзет қызметіне тапсыру туралы ұсыныспен хат жолдайды.";

      "200. Шет мемлекеттердің елшілері салтанатты рәсімдер залында кілемше бойымен арнайы белгіленген орынға (кілемге) өтеді. "Ақорда" Президент резиденциясының (Президент Сарайының) коменданты сәлемдік баянат береді. Президенттік оркестр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындайды.";

      аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколына 1-қосымшада:

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы";

      35-тармақ алынып тасталсын;

      аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколына 2-қосымшада:

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы";

      40-тармақ алынып тасталсын.

      9. "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі № 364 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 24-25, 207-құжат; 2012 ж., № 51, 686-құжат; 2013 ж., № 31, 465-құжат):

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі, Бас прокуратура бағынысындағы әскерлер мен әскери құралымдардың күнделікті қызметін жоспарлау және ұйымдастыру кезінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларын басшылыққа алсын.";

      аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тәртіптік жарғысында:

      28, 29-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Қорғаныс министрінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының, Төтенше жағдайлар министрінің орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары - Мемлекеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметінің (Республикалық ұлан) бастығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры, Ұлттық ұланның Бас Қолбасшысы, Бас әскери прокурор өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге қатысты Қарулы Күштер түрі Бас қолбасшысының құқықтарын пайдаланады.

      29. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі және Қазақстан Республикасының Бас әскери прокуроры өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге қатысты осы Жарғыдағы тәртіптік құқықтарды толық көлемде пайдаланады.".

      10. Құпия.

      11. ҚБП.

      12. "Республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтары туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 маусымдағы № 587 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 38, 548-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтары туралы ережеде:

      9-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша терроризмге қарсы операцияны өткізу кезінде республикалық жедел штабқа басшылық етуді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы жүзеге асырады. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы оның бірінші орынбасары болады.";

      10-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы;";

      12-тармақтың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Күзетілетін тұлғалардың, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша терроризмге қарсы операцияны өткізу кезінде облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтарының басшысын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы республикалық жедел штабтың құрамына кіретін мемлекеттік органдар немесе олардың аумақтық бөлімшелері өкілдерінің қатарынан тағайындайды.

      Күзетілетін тұлғаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған терроризмге қарсы операцияны өткізу бойынша облыстық, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штаб басшысының орынбасары күзетілетін тұлғаны алып жүретін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің жоғары лауазымды адамы болып табылады.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Жедел штабтардың күштері мен құралдарының құрамы, жедел топтарды құру тәртібі, терроризмге қарсы операцияны дайындау мен өткізу барысындағы олардың іс-қимылдарының егжей-тегжейлі тізбесі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимылға өз құзыреті шегінде қатысатын өзге де мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.";

      17-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жоспардың іс-шаралары түрлі деңгейдегі терроризмге қарсы оқу-жаттығулар, жаттықтырулар мен тәжірибелер өткізу арқылы әзірленіп, ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ өз құзыреті шеңберінде терроризмге қарсы іс-қимылға қатысатын өзге де мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен регламенттеледі.";

      19-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жұмыс тобының құрамына мемлекеттік органдар құрылымдық бөлімшелерінің басшылары кіреді. Топқа Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы жұмыс органының бастығы жетекшілік етеді. Күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша терроризмге қарсы операцияны жүргізу кезінде жұмыс тобының жетекшісі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі құрылымдық бөлімшелері бастықтарының қатарынан тағайындалады. Жұмыс тобы терроризм актісін дайындауға немесе оны жасауға байланысты жедел жағдайды талдауды, оның одан әрі дамуын болжауды, сондай-ақ басқару шешімдерін әзірлеуді жүзеге асырады.".

      13. "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ережені бекіту жөнінде" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 маусымдағы № 588 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 39, 563-құжат):

      аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ережеде:

      3-тармақтың 11) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы "Сырбар" Сыртқы барлау қызметінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және өзге де мемлекеттік органдардың жеке құрамын кәсіби даярлауды үйлестіру мен әдістемелік қамтамасыз етуді қоса алғанда, терроризмге қарсы іс-қимыл саласында кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру шараларын әзірлеуде және келісіп жүзеге асырудағы ынтымақтастық;";

      6-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы;".

      14. "Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы № 611 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 44, 647-құжат):

      аталған Жарлықпен бекітілген Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу қағидаларында:

      4-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі";

      5-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі күзететін адамдарға немесе объектілерге қатысты терроризм актісі жасалу қатерінің туындауы туралы осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар алған ақпарат та Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кезекші қызметіне дереу жіберіледі.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жедел штабтарын уақтылы өрістету мақсатында террористік қауіптіліктің белгіленген деңгейіне қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы іс-қимылға қатысатын басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен айқындалатын бірыңғай хабардар ету сигналы және олардың құрамына енетін мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын жауынгерлік пайдалануға келтірудің тиісті алгоритмдері қолданылады.".

      15. "Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 28 тамыздағы № 624 Жарлығына:

      аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру қағидаларында:

      5-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі - Мемлекеттік күзет қызметі) қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің президенттік резервін бекітуді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы жүзеге асырады.";

      6-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Арнаулы мемлекеттік органдар басшылығының президенттік резервіне ұсынылған Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің тізімін қалыптастыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттарды дайындау Мемлекеттік күзет қызметіне жүктеледі.";

      20-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) арнаулы мемлекеттік органдардың кадр бөлімшелері Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығына ұсынған материалдарға сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қатысты, сондай-ақ Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне қатысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы қабылдайды.".

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 4 мамырдағы
№ 814 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір актілерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы туралы Ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 28 тамыздағы № 1428 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 31, 419-құжат; № 51, 673-құжат; 2013 ж., № 31, 465-466-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 3 маусымдағы № 607 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 29, 279-құжат; 2011 ж., № 53, 743-құжат; № 55, 783-құжат; 2012 ж, № 57, 773-құжат; 2013 ж, № 18, 308-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 147қ Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж, № 53, 742-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 3 маусымдағы № 607 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 148 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 53, 743-құжат).

      5. "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 3 маусымдағы № 607 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 21 маусымдағы № 343 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 57, 773-құжат).

      6. "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 3 маусымдағы № 607 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 28 ақпандағы № 510 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж, № 18, 308-құжат).

      7. "Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы туралы Ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 28 тамыздағы № 1428 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 6 мамырдағы № 562 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 31, 465-466-құжат).

      8. "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін лауазымды тұлғалардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 24 наурыздағы № 20қ өкімі.

      9. "Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 24 наурыздағы № 20қ өкіміне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 19 наурыздағы № 205қ өкімі.

      10. "Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 24 наурыздағы № 20қ өкіміне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 18 мамырдағы № 132қ өкімі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады