"Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 29-бабының 8-тармағына, 30-1-бабының 3-тармағына және 38-1-бабының 4-тармағына сәйкес қаулы етемін:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.1. Қоса берiлiп отырған:
1) Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуi туралы ереже;
1-1) Сот жюриi туралы ереже;
2) алып тасталды - ҚР Президентінің 2012.05.18 № 329 Жарлығымен;3) алып тасталды - ҚР Президентінің 2011.04.01 № 1177 Жарлығымен.
4) алып тасталды – ҚР Президентінің 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
5) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия туралы ереже.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2007.02.27 № 292, 2011.04.01 № 1177, 2012.05.18 № 329; 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.04.2019 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.2. Мыналардың:
1) "Қазақстан Республикасы соттарының судьяларын аттестациялау туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінiң 1996 жылғы 24 мамырдағы № 3004 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 22, 189-құжат);
2) "Қазақстан Республикасының соттары судьяларының бiлiктiлiк сыныптары туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 15 қазандағы № 3677 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 1997 ж., № 45, 412-құжат);
3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының тәртіптік алқасы, облыстық және оларға теңестірілген тәртіптік алқалар туралы Ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 12 қарашадағы № 3746 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., № 49, 453-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығымен бекітілген |
Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуi туралы
ЕРЕЖЕ
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 05.04.2019 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң) сәйкес судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуінің шарттары мен тәртібін белгілейді.
2. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуінің негізгі міндеттері жергілікті соттардағы жұмыстың ерекшеліктерін зерделеу, судья лауазымындағы жұмыс үшін қажетті практикалық және ұйымдастырушылық дағдыларды меңгеру болып табылады.
Тағылымдамадан өту судьялыққа кандидаттың іскерлік, кәсіби және адамгершілік қасиеттерін зерделеу және оның судья өкілеттіктерін жүзеге асыру перспективасын айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
Судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтуі негізгі жұмыс орнынан қол үзе отырып, тұрақты негізде жүзеге асырылады.
Судьялыққа кандидат Жоғары Сот Кеңесінің бос лауазымға тағайындау туралы ұсынымын алғаннан кейін тағылымдамадан өте алады.
Тағылымдамадан өту кезеңінде судьялыққа кандидатқа еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі.
Тағылымдамадан өту кезеңінде судьялыққа кандидатқа бір жылға дейінгі еңбек өтілі бар аудандық және оған теңестірілген сот судьясының лауазымдық айлықақысының 70% мөлшерінде жалақының белгіленген сомасы төленеді.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.3. Бұрын кемінде бес жыл судья болып тұрақты жұмыс істеген және жұмыстан босатылған күнінен бастап төрт жылдың ішінде қайтадан судья лауазымына орналасуға ниет білдірген адамдардың тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.
Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясын (бұдан әрі – Сот төрелігі академиясы) аяқтаған адамдардың оқуды аяқтаған күнінен бастап төрт жыл бойы тағылымдамадан өтуі талап етілмейді.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (15.07.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.4. Тағылымдамадан өту мерзімі аудандық және оған теңестірілген сотта (бұдан әрі – аудандық сот) сегіз айды, облыстық және оған теңестірілген сотта (бұдан әрі – облыстық сот) бір айды құрайды.
Жоғары Сот Кеңесінің бос лауазымға тағайындау туралы ұсынымын алған адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі алты айды, оның ішінде аудандық сотта бес айды, облыстық сотта бір айды құрайды.
Заң мамандығы бойынша кем дегенде он жыл жұмыс өтілі бар адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі алты айды, оның ішінде аудандық сотта бес айды, облыстық сотта бір айды құрайды.
Жоғары Сот Кеңесінің бос лауазымға тағайындау туралы ұсынымын алған және заң мамандығы бойынша кем дегенде он жыл жұмыс өтілі бар адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі үш айды, оның ішінде аудандық сотта екі айды, облыстық сотта бір айды құрайды.
Заң мамандығы бойынша он бес жылдан астам жұмыс өтілі бар адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі үш айды, оның ішінде аудандық сотта екі айды, облыстық сотта бір айды құрайды.
Жоғары Сот Кеңесінің бос лауазымға тағайындау туралы ұсынымын алған және заң мамандығы бойынша кем дегенде он бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі екі айды, оның ішінде аудандық сотта бір айды, облыстық сотта бір айды құрайды.
Тізбесін Жоғарғы Соттың ұсынысы бойынша Жоғары Сот Кеңесі бекітетін құқықтың жекелеген салаларындағы мамандар болып табылатын адамдар үшін тағылымдамадан өту мерзімі облыстық сотта бір айды құрайды.
Судьялыққа кандидат ұзақтығы екі айдан артық уақытша еңбекке жарамсыз болған жағдайда сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) басшысы тағылымдаманы тоқтатады.
Осы Ереженің 26-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, судьялыққа кандидаттың өтініші бойынша уәкілетті органның басшысы белгіленген мерзім өткенге дейін тағылымдаманы тоқтатады.
Кейіннен судьялыққа кандидат осы Ережеде белгіленген тәртіппен тағылымдамадан өтуге жіберілуі мүмкін.
Уәкілетті орган бос лауазымға тағайындау туралы ұсынымды алған адамдардың тағылымдамасы тоқтатылғаны туралы мәліметті шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Жоғары Сот Кеңесіне жолдайды.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.2. Судьялыққа кандидатқа қойылатын талаптар
5. Тағылымдамадан өтуге:
1) жиырма тоғыз жасқа толған;
2) жоғары заң білімі бар, моральдық-адамгершілік қасиеттері жоғары, абыройы мінсіз, заң мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар;
3) қолданылу мерзімі өтпеген (оның ішінде тағылымдаманың болжанып отырған мерзімі аяқталғанға дейінгі өтпеген) біліктілік емтиханын тапсырған;
4) медициналық куәландырудан өткен және судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығы расталған Қазақстан Республикасының азаматы жіберіледі.
3. Тағылымдамадан өтудің шарттары мен тәртібі
6. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты судья лауазымына біліктілік емтиханын сәтті тапсырған және Жоғары Сот Кеңесінің бос лауазымға тағайындау туралы ұсынымын алған адамдардың тізімдерін уәкілетті органға жолдайды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы уәкілетті орган басшысының ұсыныстары негізінде жыл сайын жергілікті соттарда тағылымдамадан өту үшін бос орындарды бөлуді жүзеге асырады.
Тағылымдамадан өтуге арналған орындар облыста, астанада және республикалық маңызы бар қалаларда судьялардың болжанатын бос орындарының саны негізінде, бірақ әрбір облыс, астана және республикалық маңызы бар қала үшін кемінде үш орыннан бөлінеді.
Судья лауазымына кандидаттар бос орындардың бөлінуіне сәйкес тағылымдамаға қабылданады.
Тағылымдамадан өту судья лауазымына кандидаттың тұрғылықты жері бойынша тіркелген облыс, астана және республикалық маңызы бар қалалар аумағындағы жергілікті соттарда жүзеге асырылады. Тұрғылықты жері бойынша тағылымдамадан өту үшін бос орындар болмаған жағдайда кандидат басқа облыста, астанада және республикалық маңызы бар қалаларда бос орындар болған жағдайда тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішпен Тағылымдамадан өтуге адамдарды іріктеу жөніндегі комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) жүгінуге құқылы.
Жоғары Сот Кеңесінің бос лауазымға тағайындау туралы ұсынымын алған адамдарға тағылымдамадан өтуге рұқсат беру тағылымдамадан өтуге бос орындардың бөлінуіне қарамастан жүзеге асырылады.
Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымын алған адамның тағылымдамадан өтуі осы Ереженің 4-тармағының талаптарын ескере отырып, бос лауазымға тағайындауға ұсыным келіп түскен сотта жүзеге асырылады.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.7. Тағылымдамадан өту үшін құжаттарды қабылдау тоқсан сайын келесі тоқсандық айдың бірінші күнінен кейін жүргізіледі.
Уәкілетті орган жергілікті соттарда тағылымдамадан өту үшін бос орындар туралы хабарландыруды тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініштерді қабылдау басталғанға дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын мемлекеттік және орыс тілдерінде Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурстарында жариялайды.
Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.8.Тағылымдамадан өтуге ниет білдірген адам тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішпен хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде Комиссияға жүгінеді.
Өтінішке мынадай құжаттар қоса берілуге тиіс:
1) кадрларды есепке алу бойынша жеке парақ;
2) өмірбаян;
3) диплом мен оның қосымшасының көшірмелері;
4) біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын құжаттың көшірмесі;
5) соңғы жұмыс орнынан қызметтік мінездеме. Дәлелді себептермен мінездеме беру мүмкін болмаған жағдайда жазбаша түсініктеме ұсынылады;
6) құжаттарды тапсырған күнге дейін берілгеніне бір жыл өтпеген, судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растайтын, медициналық куәландырудан өткені туралы құжат.
Жоғары Сот Кеңесінің бос лауазымға тағайындау туралы ұсынымын алған адам уәкілетті органның сұрау салуы бойынша осы тармақтың 1), 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды ұсынады.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.9. Уәкілетті орган өтініштерді қабылдау аяқталған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген адамдар туралы мәліметті Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттен сұратады.
Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген адамдарға қатысты ақпарат өтініштерді қабылдау аяқталған күнінен бастап Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурстарында жарияланады.
Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берген адамның іскерлік және адамгершілік қасиеттерін сипаттайтын мәліметтер келіп түскен кезде оларға тексеру жүргізіледі, оның нәтижелері тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы мәселені шешу кезінде және жалпы отырыста тағылымдаманың қорытындысы қаралған кезде ескеріледі.
10. Тағылымдамадан өтуге адамдарды іріктеуді уәкілетті органның және Жоғары Сот Кеңесі Аппаратының қызметкерлері қатарынан уәкілетті органның басшысы құратын Комиссия жүзеге асырады.
Комиссияны құру және оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін Жоғары Сот Кеңесі Аппараты басшысының келісімімен уәкілетті органның басшысы айқындайды.
Комиссия Жоғары Сот Кеңесінен бос лауазымға тағайындау туралы ұсыным алған адамдардың тізімі келіп түскеннен кейін бос лауазымға тағайындау туралы ұсыным алған адамдарға тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы шешім қабылдайды.
Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.11. Тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтінішті қарау нәтижелері бойынша Комиссия мынадай шешімнің біреуін қабылдайды:
1) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру;
2) тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тарту.
Тағылымдамадан өтуге жіберілген адамдар туралы мәліметтер облыстық соттарға жолданады және Жоғарғы Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің интернет-ресурстарында жарияланады.
Тағылымдамадан өтуге рұқсат алған адам интернет-ресурстарда мәліметтер жарияланғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде тағылымдамаға кірісуге міндетті.
Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.12. Облыстық соттың төрағасы осы Ереженің 11-тармағы 1) тармақшасының негізінде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік мамандандыру бойынша тағылымдамадан міндетті түрде өту үшін өкіммен аудандық сотты не мамандандыру болған жағдайда – аудандық соттарды белгілейді.
Облыстық сот төрағасының өкімімен тағылымдама үйлестірушісі – облыстық соттың судьясы (бұдан әрі – тағылымдама үйлестірушісі) тағайындалады, оған тағылымдамадан өту бойынша жалпы үйлестіру мен бақылау жүктеледі.
13. Уәкілетті органның басшысы, судьялыққа кандидат және оның жұмыс берушісі арасында тағылымдамадан өту туралы келісім жасалады.
Егер судьялыққа кандидат еңбек қатынастарында болмаса, тағылымдамадан өту туралы келісім уәкілетті органның басшысы мен судьялыққа кандидат арасында жасалады.
Тағылымдамадан өту туралы келісімде:
1) тараптардың атауы;
2) тараптардың құқықтары мен міндеттері, оның ішінде судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өтудің алдында орналасуға ниет білдірген соттардағы судьялардың бос лауазымдарына арналған конкурсқа жалпы отырыстың оң қорытындысының қолданысы кезеңінде қатысу және тиісті бос лауазымдарға конкурсқа қатысудан бас тартқан жағдайда, оған жұмсалған мемлекеттік қаражатты қайтару міндеті;
3) тағылымдамадан өту орны;
4) тағылымдамадан өту шарттары мен тәртібі қамтылуы тиіс.
Тағылымдамадан өту туралы үлгі келісімді уәкілетті орган бекітеді.
14. Судьялыққа кандидатқа тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден:
1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;
2) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берер алдындағы үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін қызметтен шығарылған;
3) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берер алдындағы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
4) тағылымдамадан өтуге рұқсат беру туралы өтініш берер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
5) соттылықтың болуы;
6) қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
7) судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қызметтен шығарылған;
8) адамның моральдық-әдептілік бейнесін теріс жағынан сипаттайтын нақты мәліметтер болған;
9) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын ауруы болған;
10) Ереженің 8-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбаған немесе дұрыс емес деректер ұсынған;
11) Конституциялық заңда белгіленген судьялыққа кандидаттарға қойылатын өзге де талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда бас тартылады.
Жоғары Сот Кеңесі бос лауазымға тағайындау туралы ұсыным беру кезінде кандидаттардың осы тармақтың жоғарыда аталған талаптарына сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады.
Комиссия отырысқа дейін адамның моральдық-этикалық бейнесін жағымсыз жағынан сипаттайтын мәліметтер келіп түскен жағдайда тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тарту туралы шешім шығаруға құқылы.
Тағылымдамадан өтуге рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылданған кезде Комиссия кандидатты бос лауазымға тағайындау туралы ұсынымның күшін жою жөнінде мәселені қарау үшін материалдарды Жоғары Сот Кеңесіне жолдайды.
Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.15. Тағылымдамадан өту судьялыққа кандидаттың Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекіткен Судьялыққа кандидаттардың тағылымдамадан өтуінің үлгі бағдарламасына сәйкес жасалған тағылымдамадан өтудің жеке жоспарына енгізілген іс-шараларды орындауын қамтиды.
16. Жеке жоспарды тиісті аудандық сот төрағасының және тағылымдама үйлестірушісінің келісімі бойынша облыстық соттың төрағасы бекітеді.
Жеке жоспарға кейін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, ол туралы судьялыққа кандидат үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
17. Судьялыққа кандидат аудандық сотқа келген кезде сот төрағасы судьялардың арасынан тағылымдама жетекшісін – аудандық соттың судьясын (бұдан әрі – тағылымдама жетекшісі) не осы соттың ішінде мамандандыру бар болған кезде тағылымдама жетекшілерін тағайындайды. Тағылымдама жетекшісі болып кемінде 5 жыл судьялық жұмыс өтілі бар судья тағайындалады. Аталған сотта көрсетілген талапқа сәйкес келетін судья болмаған жағдайда, одан аз судьялық жұмыс өтілі бар судьяны тағылымдама жетекшісі етіп тағайындауға болады.
Облыстық сотта тағылымдамадан өткен кезде облыстық сот төрағасы тағылымдама жетекшісін облыстық сот судьяларының арасынан тағайындайды.
Тағылымдама жетекшісі:
1) қажетті жұмыс көлемін белгілейді;
2) судьялыққа кандидатқа кәсіби білім деңгейін арттыруға және тәжірибелік дағдыларды алуға көмек көрсетеді;
3) тағылымдамадан өтудің жеке жоспарының орындалуын қамтамасыз етеді.
18. Судьялыққа кандидат сотта тағылымдамадан өткен кезде судья консультантының (көмекшісінің) мынадай функцияларын орындайды:
1) судьяның өкілеттігін орындауға қажетті құқықтық ақпарат іздеуді, нормативтік құқықтық актілерді, сот практикасының материалдарын іріктеуді жүзеге асырады;
2) судьяның іс жүргізуіндегі істер туралы ақпаратты әзірлейді;
3) істерді сот талқылауына әзірлеу бойынша іс-әрекеттерді жүзеге асырады;
4) процестік құжаттардың жобаларын әзірлейді;
5) судьяның қарауына келіп түскен азаматтық сот ісін жүргізу шеңберіндегі арыздарды (талап қою арыздарын) зерделеуге, қылмыстық іс жүргізу шеңберіндегі істерді (материалдарды), шағымдарды, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер мен олар бойынша шағымдарды зерделеуге қатысады;
6) Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында көзделген іс-әрекеттер жасау туралы судьяға ұсыныстар береді;
7) істерді қараудың процестік мерзімдерінің сақталуына мониторингті жүзеге асырады;
8) судьяның іс жүргізуіндегі істер бойынша өтініштер мен сұрау салуларға жауап жобаларын әзірлейді;
9) тағылымдамадан өту міндеттерінен туындайтын өзге де функцияларды орындайды.
19. Тағылымдамадан өту туралы келісім сақталмаған жағдайда, сондай-ақ осы Ереженің 26-тармағында көзделген жағдайларда тағылымдама үйлестірушісі дербес не тағылымдама жетекшісінің ұсынымы негізінде тағылымдаманың қорытындысы жөнінде теріс қорытынды беру туралы ұсынымды жалпы отырыстың қарауына мерзімінен бұрын енгізеді.
20. Аудандық соттарда тағылымдамадан өту аяқталғаннан кейін және тағылымдамадан өту қорытындылары бойынша судьялыққа кандидат жазбаша есеп жасайды, онда судьялыққа кандидаттың жеке жоспарды және тағылымдама жетекшісінің тапсырмаларын орындауы туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс. Жазбаша есепке тағылымдамадан өту кезеңінде судьялыққа кандидат жасаған процестік құжаттардың жобалары қоса тіркелуі тиіс.
Судьялыққа кандидаттың жазбаша есебін тағылымдама үйлестірушісі қарайды.
Тағылымдамадан өту қорытындысы бойынша тағылымдама жетекшілері судьялыққа кандидатқа пікір жазады. Тағылымдамадан өту жүзеге асырылған соттардың төрағалары пікірлерді бекітеді. Пікірде судьялыққа кандидаттың алған тәжірибелік дағдылары мен білімі, процестік құжаттардың жобаларын жасау сапасы, судья міндеттерін жүзеге асыруға дайындық дәрежесі, еңбек және орындаушылық тәртібін сақтауы, судьялыққа кандидаттың іскерлік және адамгершілік қасиеттері туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.
Тағылымдама жетекшілері судьялыққа кандидатқа арналған пікірді, тағылымдамадан өтудің жеке жоспарын, оның орындалғаны туралы нәтижелермен бірге және судьялыққа кандидаттың тағылымдамадан өту қорытындылары туралы жазбаша есебін тағылымдама үйлестірушісінің қарауына ұсынады.
Тағылымдама қорытындысы және оларды қарау нәтижелері бойынша тағылымдама үйлестірушісі тағылымдаманы өтудің барлық кезеңдерінің нәтижесіне негізделген ұсынуды күнтізбелік он бес күн ішінде енгізеді, ол тағылымдаманың басқа да материалдарымен бірге облыстық соттың жалпы отырысының қарауына енгізіледі.
4. Тағылымдаманың қорытындыларын қарау
21. Тағылымдама үйлестірушісі ұсыным енгізгеннен кейін бір айдан кешіктірмей жалпы отырыс судьялыққа кандидаттың есебін тыңдай отырып, тағылымдама қорытындыларын қарайды.
22. Судьялыққа кандидаттың тағылымдамасының қорытындыларын қарау нәтижелері бойынша жалпы отырыс тағылымдама қорытындылары туралы оң немесе теріс қорытынды береді, ол көпшілік дауыспен қабылданады және төрағалық етуші оған қол қояды.
23. Тағылымдама нәтижелері туралы жалпы отырыстың қорытындысында мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) қорытынды шығарылған күні мен орны;
2) судьялыққа кандидатқа қатысты ұсыныс енгізген тағылымдама үйлестірушісінің тегі, аты және әкесінің аты;
3) судьялыққа кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты, туған жылы, күні, айы, тұрғылықты жері, тағылымдамадан өту кезеңіндегі жұмыс орны;
4) тағылымдамадан өткен соттардың атауы мен тағылымдамадан өту кезеңі;
5) тағылымдама жетекшілерінің тегі, аты және әкесінің аты;
6) тағылымдамадан өту кезінде орындалған жұмыс көлемінің қысқаша сипаттамасы;
7) судьялыққа кандидаттың дайындық деңгейінің, көрсеткен қасиеттерінің сипаттамасы және оны сипаттайтын басқа да деректер;
8) судья лауазымында жұмыс істеуге кәсіби, жеке-психологиялық және адамгершілік қасиеттері бойынша жарамдылығы туралы қорытынды;
9) жалпы отырыстың дауыс беру қорытындылары;
10) облыстық сот төрағасының қолы.
24. Судья лауазымына кандидат тағылымдамасының нәтижелері туралы жалпы отырыстың қорытындысын облыстық сот Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесіне жібереді.
25. Тағылымдама қорытындылары туралы жалпы отырыстың оң қорытындысы төрт жыл бойы жарамды болады.
26. Жалпы отырыс тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытындыны мынадай:
1) судьялыққа кандидат Конституциялық заңда белгіленген, судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;
2) теріс қылық жасаған;
3) судьялыққа кандидаттың моральдық-әдептілік бейнесін теріс жағынан сипаттайтын мәліметтер болған;
4) тағылымдамадан өту туралы келісімде белгіленген талаптарды сақтау бойынша міндеттерді орындамаған;
5) медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулары болған;
6) судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қызметтен шығарылған жағдайларда береді.
27.Тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды алған жағдайда судьялыққа кандидат қайтадан тағылымдамадан өтуге оны алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін ғана жіберіледі.
Осы Ереженің 26-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіздер бойынша тағылымдама нәтижелері туралы теріс қорытынды алған жағдайда медициналық куәландыру нәтижелері бойынша судьяның кәсіби міндеттерін орындауға кедергі болатын ауруларының жоқтығы кейіннен расталған жағдайларды қоспағанда, судьялыққа кандидат қайтадан тағылымдамадан өтуге жіберілмейді.
Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығымен БЕКIТIЛГЕН |
Сот жюриі туралы
ЕРЕЖЕ
Ескерту. Жарлық ережемен толықтырылды - ҚР Президентінің 2007.02.27 № 292 Жарлығымен, жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 22.02.2016 № 201 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 17.04.2019 № 25 (28.04.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
1. Жалпы ережелер
1. Сот жюриі туралы осы ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң), "Қазақстан Республиканың Жоғары Сот Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және Сот жюриін қалыптастыру мен оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Сот жюриі судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау үшін құрылады.
3. Сот жюриінің мүшелерi өз қызметiнде тәуелсiз және Қазақстан Республикасының Конституциясын, Конституциялық заңды, Заңды және осы Ережені ғана басшылыққа алады.
4. Сот жюриінің қызметіне араласуға және оның мүшелеріне ықпал етуге жол берілмейді. Сот жюриінің мүшесі өзінің іс жүргізуіндегі материалдар, қабылданған шешімдер бойынша қандай да бір ақпарат беруге құқылы емес.
2. Сот жюриін қалыптастыру тәртібі
5. Сот жюриі он үш судьядан – аудандық және оларға теңестірілген соттардың (бұдан әрі – аудандық сот) төрт судьясынан, облыстық және оларға теңестірілген соттардың (бұдан әрі – облыстық сот) бес судьясынан және Жоғарғы Соттың төрт судьясынан тұрады. Сот жюриіне кеңесші дауыс құқығы бар заңгерлер қауымының екі өкілі де кіреді.
Судьялар Сот жюриінің құрамына Конституциялық заңның 22-бабының 2-1-тармағына сәйкес Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысының ұсынымы бойынша тағайындалады, ал заңгерлер қауымының өкілдерін ұйымдардың жарғысына сәйкес олардың ұсынымы бойынша Жоғары Сот Кеңесі үш жыл мерзімге тағайындайды.
Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысында ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы судьялар арасынан ең көп дауыс жинаған кандидат сайланған болып есептеледі.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.6. Сот жюриінің құрамына негізгі мүшелерден басқа, судьялар қатарынан Сот жюриінің запастағы мүшелері, сондай-ақ заңгерлер қауымының өкілдері сайланады.
Сот жюриінің запастағы мүшесі, кворумның болмауына әкеп соққан Сот жюриінің мүшесіне қарсылық білдірілген немесе олар өздігінен бас тартқан, Сот жюриі мүшесінің біреуі шығып қалған жағдайларда Сот жюриі мүшесінің міндеттерін атқаруға кіріседі, сондай-ақ Конституциялық заңға сәйкес Сот жюриінің құрамына жаңа мүшелерді тағайындау қажет болған жағдайда өкілеттіктердің қалған мерзімінде Сот жюриі мүшесінің міндеттерін атқарады.
Егер запастағы мүшелерінің резерві таусылса, Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен қалған мерзімге қосымша сайлау өткізіледі.
Сот жюриінің құрамы мен запастағы мүшелерінің кандидатураларын Жоғарғы Сот Кеңесі бекітеді.
Жоғары Сот Кеңесі Сот жюриінің құрамына кандидатураларды уәжді шешімімен қабылдамауға құқылы.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.7. Судьялар қатарынан Сот жюриінің, сондай-ақ судьялар қатарынан Сот жюриінің запастағы мүшелерінің құрамына ұсынылатын адамдардың кәсіби деңгейі жоғары, мінсіз беделі, судьялар қауымы арасында беделге ие және кемінде он жыл судьялық жұмыс өтілі болуға тиіс.
Заңгерлер қауымы өкілдерінен Сот жюриінің, сондай-ақ заңгерлер қауымы өкілдерінен Сот жюриінің запастағы мүшелерінің құрамына ұсынылатын адамдардың кәсіби деңгейі жоғары, мінсіз беделі және заңгерлік мамандық бойынша кемінде он жыл жұмыс өтілі болуға тиіс.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.8. Сот жюриінің құрамына сот төрағалары және сот алқаларының төрағалары, Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, Судья әдебі жөніндегі комиссияның, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Кадр резерві жөніндегі комиссияның мүшелері – судьялар сайлана алмайды.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.9. Сот жюриі құрамының ұйымдастыру отырысында судьялар қатарынан көпшілік дауыспен Сот жюриінің төрағасы сайланады.
Сот жюриінің төрағасы болып сайланған адам Жоғарғы Сот Төрағасының өкімімен Сот жюриінде төрағалық ету кезеңіне негізгі жұмыс орнындағы міндеттерін орындаудан босатылады.
Судьялар жюриінің хатшысы болып Жоғары Сот Кеңесі Аппаратының қызметкері тағайындалады.
10. Сот жюриінің төрағасы:
1) Сот жюриіне жалпы басшылықты қамтамасыз етеді;
1-1) судьялар арасынан Сот жюриінің мүшелеріне тәртіптік істер мен материалдарды баяндау үшін бөледі;
2) Сот жюриінің отырыстарын шақырады және оларда төрағалық етеді;
3) Сот жюриінің отырысында қаралатын мәлелерді айқындайды және күн тәртібін бекітеді;
4) Сот жюриінің шешімдері мен хаттамаларына қол қояды;
5) комиссия құрады және Сот жюриінің мүшелеріне өтініш берілген немесе тәртіптік теріс қылық жасалған жерге барып, тексерулер жүргізуге тапсырма беруге құқылы;
6) Сот жюриі жұмысын талдауды және практикасын жинақтап-қорытуды ұйымдастырады;
7) Сот жюриінің атқарған жұмысы туралы ақпаратты Жоғары Сот Кеңесіне ұсынады;
8) мемлекеттік, қоғамдық және өзге де органдармен, ұйымдармен және лауазымды адамдармен қатынастарда Сот жюриінің атынан өкілдік етеді;
9) Конституциялық заңда белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.11. Сот жюриінің төрағасы уақытша болмаған жағдайда, оның тапсыруы бойынша төрағаның міндеттерін судьялар қатарынан Сот жюриі мүшелерінің бірі атқарады.
12. Сот жюриінің отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі, Сот жюриі мүшелерінің үштен екі бөлігі қатысқан жағдайда құқықтық күші болады.
Сот жюриі отырыстарының уақытында оның мүшелері басқа міндеттерді орындаудан босатылады және қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес отырыс өткізілетін жерге іссапарға жіберіледі.
Сот жюриі Жоғары Сот Кеңесі алдында есеп береді.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.13. Сот жюриі отырыстар мен тексерулерді тиісті өңірлерге барып өткізуге құқылы.
14. Сот жюриі мүшесінің міндеттерін атқарудан босату негіздері:
1) Сот жюриінің мүшесін лауазымынан босатылуы, оның ішінде Сот жюриінің құрамына кандидатты ұсынған ұйымның құрамынан шығарылуы, Сот жюриінің құрамына кіретін судьяның өкілеттігінің тоқтатылуы немесе тоқтатыла тұруы;
2) Сот жюриі мүшесінің атына кір келтіретін теріс қылық жасауы;
3) Сот жюриі мүшесінің сайланған мерзімінің аяқталуы;
4) өз тілегі бойынша өтініші.
Сот жюриінің мүшесі міндеттерін атқарудан Жоғары Сот Кеңесінің шешімімен босатылады.
Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.3. Судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау тәртібі
15. Судьялар Конституциялық заңда көзделген негіздер бойынша ғана тәртіптік жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
16. Судья тәртiптiк терiс қылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.
Қызметтік міндеттерін атқару не қызметтен тыс кездегі кінәлі әрекет (әрекетсіздік) салдарынан Конституциялық заңның және (немесе) Судья әдебі кодексінің ережелері бұзылып, бұл сот билігі беделін түсіруге және судьяның беделіне нұқсан келтіруге алып келген тәртіптік теріс қылық болып табылады.
17. Судья тәртiптiк жауаптылыққа:
1) сот iстерi мен материалдарын қарау кезiнде заңдылықты өрескел бұзғаны үшiн тартылуы мүмкін.
Заңдылықты өрескел бұзу деп судья өзінің адал болмауы немесе ұқыпсыздығы салдарынан жол берген, заңды анық және елеулі түрде бұзуы түсініледі.
Заңдылықтың өрескел бұзылу фактісін осы негіз бойынша сот актісінің күшін жойған немесе өзгерткен жоғары тұрған сот сатысы анықтайды және істі қараған судьялардың алқа құрамы қол қойған, судьяны заңдылықты өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі жөніндегі ұсынуда көрсетіледі.
Дәлелдемелерді бағалауға байланысты сот актісінің күшін жою немесе оны өзгерту заңдылықты өрескел бұзу болып табылмайды.
Судьяны заңдылықты өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі бойынша ұсыну жоғары тұрған сот сатысының сот актісімен бір мезгілде шығарылады.
2) судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасағаны үшiн тартылуы мүмкін.
Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.18. Сот төрағалары және соттардың сот алқаларының төрағалары Конституциялық заңда көзделген лауазымдық мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшін тәртiптiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.
19. Судьялық қате, сондай-ақ сот актiсiнiң күшiн жою немесе оны өзгерту, егер заңдылықтың өрескел бұзылу фактісі анықталмаса, судьяның жауаптылығына алып келмейді.
Судьяның кінәлі әрекеттеріне байланысты емес, материалдық немесе процестік құқық нормаларын дұрыс түсіндірмеуге және қолданбауға алып келген іс-әрекет судьялық қате деп танылады.
Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.20. Әрбір судья сот билігін жүргізуші болып табылатынын сезініп, судьяның антына адал болып, судьяның ар-намысын қадірлейтін, сатылмайтын және тәуелсіз болып, қызметте және жеке өмірінде өзінің мінез-құлқын Судья әдебі кодексіне қатаң сәйкестікте ұстауға тиіс.
21. Сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі бойынша жоғары тұрған сот сатысының ұсынуы сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяға қатысты материалдарды Сот жюриінің қарауына негіз болып табылады.
Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.21-1. Сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі бойынша жоғары тұрған сот сатысының ұсынуы судьяның дәлелді себеппен жұмыста болмаған уақытын есептемегенде заңдылықты өрескел бұзу фактісі анықталған күннен бастап бір ай ішінде:
1) аудандық соттың судьясына, төрағасына немесе облыстық соттың судьясына қатысты – облыстық соттың жалпы отырысына;
2) облыстық соттың төрағасына және сот алқасының төрағасына, Жоғарғы Соттың судьясына немесе сот алқасының төрағасына қатысты – Жоғарғы Соттың жалпы отырысына талқылауға шығарылады.
Талқылаудың қорытындысы бойынша облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысы Сот жюриіне сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту немесе тартпау туралы ұсыным беру туралы шешім қабылдайды.
Ескерту. 21-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.21-2. Сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяға қатысты материалдар осы Ереженің 21-1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Сот жюриіне жолданады.
Ескерту. 21-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.21-3. Судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасағаны үшiн судьяға қатысты материалдарды Сот жюриінің қарауына:
1) Судья әдебі жөніндегі комиссиялардың судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін тәртіптік іс жүргізу шеңберінде судьяның әрекетін тексеру үшін оған қатысты материалдарды Сот жюриіне беру туралы, сондай-ақ тексеру қорытындылары бойынша судьяның судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасау фактісі расталған масс-медиадағы, онлайн-платформалардағы, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінде мәліметтер бойынша шешімдері;
2) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы негіз болып табылады.
Ескерту. 21-3-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.21-4. Судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық Судья әдебі жөніндегі комиссия туралы ережеде көзделген тәртіппен және мерзімдерде Судья әдебі жөніндегі комиссияның талқылауына шығарылады.
Ескерту. 21-4-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.21-5. Осы Ереженің 21-3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасағаны үшін судьяға қатысты материалдар Сот жюриіне – Судья әдебі жөніндегі комиссияның шешіміне шағымдану мерзімі өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде, бірақ Конституциялық заңның 42-бабының 1-тармағында көзделген тәртіптік іс жүргізуді бастаудың мерзімдері өткенге дейін бір айдан кешіктірмей, ал осы шешімге шағым берілген жағдайда судьялар бірлестігінің органы Судья әдебі жөніндегі комиссияның судьяға қатысты материалдарды Сот жюриіне беру туралы шешімін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарғаннан кейін он жұмыс күні ішінде, бірақ Конституциялық заңның 42-бабының 1-тармағында көзделген тәртіптік іс жүргізуді бастаудың мерзімдері өткенге дейін бір айдан кешіктірмей жолданады.
Осы Ереженің 21-3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуына судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасағаны үшін судьяға қатысты материалдар қоса беріледі.
Ескерту. 21-5-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.21-6. Өзінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сот төрағасына немесе соттың сот алқасының төрағасына қатысты материалдарды Сот жюриінің қарауы үшін:
1) лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік іс жүргізу шеңберінде сот төрағасының немесе соттың сот алқасы төрағасының әрекеттерін тексеру үшін оған қатысты материалдарды Сот жюриіне беру туралы облыстық соттардың және Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының шешімдері;
2) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы негіз болып табылады.
Ескерту. 21-6-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.21-7. Сот төрағасының немесе соттың сот алқасы төрағасының өз лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы мәліметтер бойынша Жоғарғы Сот немесе облыстық сот олар түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде тексеру жүргізеді.
Тәртіптік теріс қылық жасаудың нақты мән-жайларын анықтау үшін тексеру жүргізу мерзімі Жоғарғы Сот Төрағасының, облыстық сот төрағасының дәлелді шешімімен дәл сол мерзімге ұзартылуы мүмкін, ол туралы мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өтініш берген жеке немесе заңды тұлғаға (бұдан әрі – өтініш беруші) хабарланады.
Оған қатысты тексеру жүргізіп жатқан сот төрағасы немесе сот алқасының төрағасы дәлелді себептер бойынша жұмыста болмаған кезеңде, тексеру жүргізу мерзімі ол жұмысқа шыққанға дейін тоқтатыла тұрады.
Тексеру нәтижелері бойынша Жоғарғы Сот немесе облыстық сот тексеру барысында анықталған фактілер мен мән-жайларды және сот төрағасының немесе соттың сот алқасы төрағасының әрекеттерінде оның лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты тәртіптік теріс қылық белгілерінің болуы немесе болмауы туралы тұжырым көрсетілетін қорытынды жасайды.
Оған қатысты тексеру жүргізілген сот төрағасы немесе соттың сот алқасының төрағасы қорытындымен танысады, бұл оның қолхатымен куәландырылады. Сот төрағасы немесе соттың сот алқасының төрағасы Сот жюриіне жолданатын материалдармен танысқаның растаудан бас тартқан жағдайда уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері тиісті акт жасайды, ол материалдарға қоса тіркеледі.
Тексеру нәтижелері бойынша қорытынды жасалған күннен бастап бір ай ішінде ол:
1) аудандық соттың төрағасына қатысты – облыстық соттың жалпы отырысына;
2) сот алқасының төрағасына, облыстық соттың төрағасына немесе Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасына қатысты – Жоғарғы Соттың жалпы отырысына талқылауға шығарылады.
Талқылаудың қорытындылары бойынша облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысы тәртіптік іс жүргізу шеңберінде сот төрағасының немесе сот алқасы төрағасының әрекеттерін тексеру үшін оған қатысты материалдарды Сот жюриіне беру не беруден бас тарту туралы шешім шығарады.
Ескерту. 21-7-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.21-8. Осы Ереженің 21-6-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша өз лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сот төрағасына немесе соттың сот алқасының төрағасына қатысты материалдар облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының тиісті шешімі қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде, бірақ Конституциялық заңның 42-бабының 1-тармағында көзделген тәртіптік іс жүргізуді бастаудың мерзімдері өткенге дейін бір айдан кешіктірмей Сот жюриіне жолданады.
Осы Ереженің 21-6-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуына өз лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін сот төрағасына немесе соттың сот алқасының төрағасына қатысты материалдар қоса беріледі.
Ескерту. 21-8-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.22. Алып тасталды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
23. Облыстық соттың төрағасына, Жоғарғы Соттың судьясына, сот алқасының төрағасына қатысты тәртіптік іс жүргізу шеңберінде материалдарды жинау, олардың толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүктеледі.
Аудандық соттың судьясына, төрағасына, облыстық соттың судьясына және сот алқасының төрағасына қатысты тәртіптік іс жүргізу шеңберінде материалдарды жинау, олардың толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне жүктеледі.
Судья барлық материалдармен оларды Сот жюриіне жолданғанға дейін танысып, өз қолымен растауға тиіс.
Судья Сот жюриіне жолданатын материалдармен танысуды өз қолымен растаудан бас тартқан жағдайда, уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері тиісті акт жасайды, ол материалдарға қоса тіркеледі.
Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.24. Сот жюриінің судьяға қатысты материалдарды қарауы үшін сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінде қамтылған, оларды тексеру қорытындысы бойынша судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасау фактісі расталған мәліметтер де негіз болады.
Бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінде қамтылған:
1) сот актілерімен келіспеушілікті білдіретін;
2) сот істерін қарау кезінде заңдылықтың бұзылғанын көрсететін мәліметтер тексеруге жатпайды.
Аудандық соттың судьясына, төрағасына, облыстық соттың судьясына қатысты тексеру жүргізу облыстық сотқа және Судья әдебі жөніндегі комиссияға жүктеледі.
Сот алқасының төрағасына, облыстық соттың төрағасына, Жоғарғы Соттың судьясына, сот алқасының төрағасына қатысты тексеру жүргізу Жоғарғы Сотқа және Судья әдебі жөніндегі комиссияға жүктеледі.
Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.24-1. Алып тасталды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
24-2. Тексеруге жататын өтініш Сот жюриіне келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Жоғарғы Сотқа, облыстық сотқа немесе Судья әдебі жөніндегі комиссияға тексеру жүргізу үшін жіберіледі.
Жоғарғы Сот, облыстық сот немесе Судьялық әдебі жөніндегі комиссия өтінішті тексеру нәтижелері туралы өтініш берушіге хабарлайды.
Егер өтініште судьяның осы Ереженің 24-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы жеткілікті мәліметтер болмаса, өтініш берушіге судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту тәртібі түсіндіріледі.
Ескерту. 24-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.25. Судьяларға қатысты тәртіптік істер және судьялардың іс-әрекеттерін тексеру нәтижелері бар материалдар келіп түскен кезде Сот жюриінің төрағасы бес жұмыс күні ішінде:
1) Сот жюриінің мүшелеріне тәртіптік істер мен материалдарды зерделеу үшін бөлу;
2) толық ресімдеу үшін тәртіптік істер мен материалдарды қайтару;
3) Сот жюриінің судьялар қатарындағы мүшелерінен және Жоғарғы Соттың судьяларынан тұратын бірлескен комиссияның тексеру жүргізуі;
4) алып тасталды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.
25-1. Бір судьяға қатысты тәртіптік істер мен материалдар біртектес тәртіптік теріс қылықтар бойынша бір тәртіптік іс жүргізуге біріктірілуі мүмкін.
Тәртіптік іс немесе материал мынадай жағдайларда жеке-жеке тәртіптік іс жүргізуге бөлінуі мүмкін:
1) бірнеше судьяға қатысты;
2) бір судьяға қатысты жеке тәртіптік теріс қылықтар бойынша.
Тәртіптік істер мен материалдарды біріктіру немесе бөлу кезінде осы Ереженің 28-тармағында белгіленген мерзімдерді есептеу Сот жюриі тиісті шешім қабылдаған күннен бастап жүзеге асырылады.
Ескерту. 25-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.26. Судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізу теріс қылық анықталған күннен бастап – бір жылдан кешіктірілмей және теріс қылық жасалған күннен бастап екі жылдан кешіктірілмей басталуы мүмкін.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерге судьяның тәртіптік теріс қылық анықталған күннен кейін дәлелді себеппен жұмыста болмаған уақыты қосылмайды.
Жоғары тұрған сот сатысының заңдылықты бұзу фактісін белгілеп, судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі бойынша ұсыну шығарған күні сот ісін қарау кезінде судьяның заңдылықты бұзуына байланысты тәртіптік теріс қылық анықталған күн болып есептеледі, ал заңсыз сот актісі шығарылған күн осындай теріс қылық жасалған күн болып есептеледі.
Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы енгізілген немесе судьяның судья әдебіне қайшы келетін, атына кір келтіретін теріс қылық жасау фактісін белгілеп, Судья әдебі жөніндегі комиссияның шешім шығарған күні судья әдебіне қайшы келетін тәртіптік теріс қылық анықталған күн болып есептеледі, ал осындай теріс қылық жасалған күн немесе кезең оның жасалған күні болып есептеледі.
Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы енгізілген, облыстық соттардың және Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының лауазымдық міндеттерді тиісінше орындамау фактісін анықтаған шешімдер қабылдаған күні соттар төрағаларының, соттардың сот алқалары төрағаларының өз лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты тәртіптік теріс қылықтың анықталған күні болып есептеледі, ал соттар төрағаларының, соттардың сот алқалары төрағаларының өз лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамаған күні немесе кезеңі осындай теріс қылықтың жасалған күні болып есептеледі.
Егер тәртіптік теріс қылық жасалған күн уақыт кезеңімен айқындалатын болса, осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімдерді есептеу кезең аяқталғаннан кейінгі келесі күннен бастап жүзеге асырылады.
Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.27.Алып тасталды – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
28. Тәртiптiк iс жүргізу қызметтік тексеру және судьяның дәлелді себеппен жұмыста болмаған уақытын есептемегенде, басталған күнінен бастап екi ай мерзiмде аяқталуға тиiс.
Сот жюриінің төрағасы тәртіптік материалды қарау үшін қабылдаған және ол бойынша баяндамашыны белгілеген күн тәртіптік іс жүргізудің басталуы деп есептеледі.
29. Cот жюриіне келіп түскен материалдарды қабылдауды, сұраулар жіберуді, судьяға қатысты тәртіптік істі қарау тағайындалғаны туралы оған, сондай-ақ Сот жюриінің мүшелеріне отырыстың өткізілетін күні, уақыты және орны туралы хабарлауды Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты жүзеге асырады.
30. Сот жюриінің төрағасы судьяға қатысты тәртіптік істің баяндамашысын және қарау күнін белгілейді. Істің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында оны қарағанға дейін тексеру тағайындай алады.
31. Баяндамашы Судья әдебі жөніндегі комиссиядан және соттардан қосымша құжаттар мен материалдарды, оның ішінде қаралуы кезінде заңды өрескел бұзушылықтарға жол берілген сот істерін сұрата алады.
Қосымша құжаттар мен материалдар, егер сұрау салуда басқа мерзім көрсетілмесе, сұрау салу алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде ұсынылады. Бұл ретте сұрау салуда көрсетілген мерзім үш жұмыс күнінен кем болмайды.
Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.32. Тәртіптік істі қарау өзіне қатысты тәртіптік іс жүргізу басталған судьяның міндетті түрде қатысуымен өткізіледі.
Судья тәртіптік істі қарауға жеке өзі, сондай-ақ өкілдерімен бірге қатысуға құқылы.
Адвокаттар, заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын заң консультанттары ғана судьяның өкілдері бола алады.
Судья дәлелді себеппен келмеген жағдайда (науқастануы немесе Сот жюриінің отырысына қатысуына объективті кедергі келтірген өзге де мән-жайлар) Сот жюриінің отырысы кейінге қалдырылады.
Судья дәлелсіз себеппен келмеген кезде немесе судья Сот жюриінің отырысына қатысудан бас тарту туралы жазбаша арыз берген кезде тәртіптік істі қарау оның қатысуынсыз өткізіледі.
Сот жюриінің отырысы аудио-, бейнежазба қолданылып, оның ішінде бейнеконференцбайланыс пайдаланылып өткізілуі мүмкін.
Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.33. Өзіне қатысты тәртіптік іс жүргізу қаралып отырған судья істі қарау басталғанға дейін Сот жюриінің мүшесіне (мүшелеріне) дәлелді қарсылық мәлімдей алады.
34. Егер Судья жюриінің мүшесi соған қатысты материалдар қаралып отырған судьямен туыстық қатынаста болса, не оның объективтiлiгi мен бейтараптығына күмән туғызатын өзге де жағдайлар болса, отырысқа қатыса алмайды.
35. Сот жюриінің кез келген мүшесі материалдарды қарауға қатысудан дәлелді түрде өздігінен бас тартатындығы туралы мәлімдей алады.
36. Қарсылық білдіру немесе өздігінен бас тарту туралы мәселені Сот жюриінің мүшелері оған қатысты қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) мәлімделген адамның қатысуынсыз көпшілік дауыспен шешеді.
Мәлімделген қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) бойынша дауыс берудің нәтижелері отырыс хаттамасында көрсетіледі.
37. Кворумның болмауына әкелетін қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) қанағаттандырылған жағдайда, Сот жюриінің отырысы басқа уақытқа ауыстырылады, бұл туралы өзіне қатысты материалдар қаралып жатқан судья хабардар етіледі.
Бұл жағдайда Сот жюриінің мүшесі Сот жюриінің запастағы мүшесімен алмастырылады.
38. Өзіне қатысты іс қаралып жатқан судья материалдарды зерттеуге қатыса алады, мәні бойынша түсініктемелер беріп, қосымша материалдар ұсына алады, өтінішхат бере алады.
39. Сот жюриінің отырысына түсініктемелер беру үшін судья жұмыс істейтін соттың төрағасы не тиісті сот алқасының төрағасы, сондай-ақ басқа адамдар қажетті жағдайларда шақырылуы мүмкін.
40. Істі қарау нәтижелері бойынша шешімді Сот жюриінің мүшелері оларға қандай да бір ықпал ету мүмкіндігі болмайтындай жағдайда көпшілік дауыспен қабылдайды.
Сот жюриінің мүшесі дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес. Дауыстар тең түскен жағдайда, өзіне қатысты тәртіптік іс қаралып отырған судьяның жағдайын жақсартатын шешім қабылданды деп есептеледі.
41. Конституциялық заңның 44-1-бабына сәйкес Сот жюриі тәртіптік істі қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) Конституциялық заңның 40-бабының 1-тармағында көзделген тәртіптік жазаны қолдану туралы;
2) тәртiптiк iс жүргiзудi тоқтату туралы.
42. Судьяларға тәртiптiк жазаның мына түрлерi қолданылуы мүмкiн:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қызметтiк мiндеттерiн тиiсiнше атқармағаны үшiн сот төрағасы немесе сот алқасының төрағасы қызметiнен босату;
4) Конституциялық заңда көзделген негiздер бойынша судьяны қызметінен босату.
43. Судья жіберген әрбiр тәртiп бұзушылық үшiн Сот жюриі тәртiптiк терiс қылықтың сипатын, судьяның жеке басы туралы деректер мен оның кiнәсiнiң дәрежесiн ескере отырып, бiр ғана тәртiптiк жаза қолданады.
44. Тәртіптік жаза қолданылған кезде жасалған тәртіптік теріс қылықтың сипаты, жасалуының мән-жайы мен салдары, тәртіптік теріс қылықты жасаған судья кінәсінің түрі, судьяның жеке басы және судьяның іс-әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) сот төрелігін жүзеге асыру қағидаттарының, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу дәрежесі ескеріледі.
45. Тәртіптік жаза қолданылған күнінен бастап бір жыл бойы күшінде болады. Егер жаза қолданылған күннен бастап бір жыл бойына судья жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса, онда ол тәртіптік жазаға тартылмаған деп есептеледі.
Судьяға бірнеше жаза берілген жағдайда, ол уақыты бойынша соңғы жаза берілген күннен бастап бір жыл мерзім өткенге дейін жазаға тартылған болып есептеледі.
46. Судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізуді тоқтату үшін негіздер:
1) судьяның іс-әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық құрамының болмауы;
2) судьяға қатысты Конституциялық заңның 42-бабының 1-тармағында белгіленген тәртіптік істі қарау мерзімдерінің аяқталуы;
3) жасалған тәртіптік теріс қылықтың теріс құқықтық салдары болмай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соқтырмай, маңыздылығы шамалы болып, егер Сот жюриі судьяның іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) ауызша мін тағумен шектелу мүмкіндігі туралы тұжырымға келсе;
4) Конституциялық заңның 34-бабында көзделген негіздер бойынша судьяны атқаратын лауазымынан босату және сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның өкілеттіктерін тоқтату;
5) жоғары тұрған сот сатысының шығарылуы тәртіптік іс жүргізуге бастама жасауға негіз болған сот актісін жоюы болып табылады.
Ескерту. 46-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.47. Конституциялық заңның 40-бабы 1-тармағының 4), 5) тармақшаларына сәйкес Сот жюриінің тәртіптік жазаны қолдану туралы шешімі төрағаны, сот алқасының төрағасын және судьяны атқарып отырған қызметінен босату туралы мәселені Жоғары Сот Кеңесінің қарауы үшін негіз болып табылады.
48. Тәртіптік жаза берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін, судьяның тәртібі мінсіз болып, өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарған кезде судьяның өтінішхаты бойынша жаза мерзімінен бұрын алынуы мүмкін.
49. Сот жюриіне тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы өтінішхатты судьяның мінсіз тәртібі мен өзінің қызметтік міндеттерін адал атқаратыны туралы тиісті құжаттарды қоса тіркеп, аудандық соттың судьясына, төрағасына, облыстық соттың судьясына қатысты – облыстық соттың төрағасы, облыстық соттың төрағасына, сот алқасының төрағасына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясына, сот алқасының төрағасына қатысты – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынады.
50. Судьяның тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы өтінішхатын Сот жюриі материал қарауға түскен сәттен бастап бір ай мерзімде қарастырып мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы;
2) тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алудан бас тарту туралы.
Ескерту. 50-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.51. Сот жюриінің отырысында хаттама немесе аудио-, бейнежазба қолданылса – қысқаша хаттама жүргізіледі.
Хаттамаға отырыста төрағалық етуші мен хатшы қол қояды.
Ескерту. 51-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.52. Cот жюриі шешімдерінің көшірмелері өзіне қатысты шешім қабылданған судьяға, сондай-ақ тиісті облыстық сотқа немесе Жоғарғы Сотқа жіберіледі.
Судьяның тәртіптік теріс қылық жасағаны немесе Конституциялық заңның 28-бабында көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін судья лауазымынан босату туралы шешімдердің көшірмелері Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесіне жіберіледі.
52-1. Сот жюриі өз бастамасы бойынша немесе өзіне қатысты іс қаралған судьяның арызы бойынша шешімде жол берілген олқылықтарды түзете алады.
Сот жюриінің шешіміндегі олқылықтарды түзету туралы судьяның арызын Сот жюриі осындай арыз түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.
Сот жюриінің шешіміндегі жаңылыстарды түзету туралы мәселені Сот жюриі отырыста судьяның қатысуынсыз қарайды.
Олқылықтарды түзету туралы мәселені қараудың қорытындысы бойынша Сот жюриі қосымша шешім шығарады.
Ескерту. 52-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.4. Сот жюриі шешімдерінің күшін жою және қайта қарау
53. Сот жюриінің шешіміне судья шешімнің көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей Жоғары Сот Кеңесіне шағымдана алады.
54. Жоғары Сот Кеңесi "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" Заңның 24-бабы 3-тармағының 3) тармақшасында көзделген шешімді қабылдаған жағдайда, Сот жюриі істі қайта қарайды.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!54-1-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
54-1. Жоғары тұрған сот сатысы сот ісін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзу фактісі анықталған сот актісінің күшін жойған немесе өзгерткен жағдайда, Сот жюриі судьяның өтініші негізінде тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы шешімнің күшін жояды және істі қайта қарайды.
Ескерту. 54-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.54-2. Тәртіптік істі қайта қарауды Сот жюриі осы Ереженің 25-47, 51 және 52-тармақтарында көзделген тәртіппен жүзеге асырады.
Ескерту. 54-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.5. Сот жюриінің жұмысын ұйымдастыру
55. Сот жюриінің қызметiн ұйымдастырудың, оның отырыстарын өткізудің шарттары мен тәртібі, сондай-ақ оның мүшелерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруының өзге де мәселелері бойынша Сот жюриінің регламентін Жоғары Сот Кеңесi бекітеді.
56. Сот жюриінің қызметін ұйымдастырушылық, ақпараттық-талдамалық және өзге де қамтамасыз етуді Жоғары Сот Кеңесінің Аппараты жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығымен БЕКIТIЛГЕН |
Судьялардың республикалық және облыстық
тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары туралы
ЕРЕЖЕ
Ескерту. Ереже алып тасталды - ҚР Президентінің 2012.05.18 № 329 Жарлығымен.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығымен БЕКIТIЛГЕН |
Қазақстан Республикасы судьяларының бiлiктiлiк
сыныптары туралы
ЕРЕЖЕ
Ескерту. Ереже алып тасталды - ҚР Президентінің 2011.04.01 № 1177 Жарлығымен.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасының судьяларына куәліктерді беру
ҚАҒИДАЛАРЫ
Ескерту. Жарлық қағидалармен толықтырылды - ҚР Президентінің 2012.05.18 № 329; алып тасталды – ҚР Президентінің 28.08.2017 № 535 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия туралы
ЕРЕЖЕ
Ескерту. Жарлық Ережемен толықтырылды - ҚР Президентінің 05.04.2019 № 16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (бұдан әрі – Конституциялық заң), "Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияны (бұдан әрі - Комиссия) қалыптастыру мен оның жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Комиссия судьяның кәсіби қызметін бағалау, судьяның отставкаға құқығын және оны тоқтатуды растау үшін құрылады.
3. Комиссия мүшелері өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Конституциясын, Конституциялық заңды, осы Ережені және Комиссияның Регламентін ғана басшылыққа алады.
4. Комиссияның қызметіне араласуға және оның мүшелеріне ықпал етуге жол берілмейді. Комиссия мүшесі өзіндегі материалдар мен қабылданған шешімдер бойынша қандай да бір ақпарат беруге құқылы емес.
2. Комиссияны құру тәртібі
5. Комиссия жеті мүшеден – облыстық соттардың (бұдан әрі – облыстық сот) үш судьясынан, Жоғарғы Соттың (бұдан әрі – Жоғарғы Сот) үш судьясынан және отставкадағы бір судьядан тұрады.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.ЗҚАИ-ның ескертпесі!
6-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
6. Комиссия құрамындағы судьялардың кәсіби деңгейі жоғары, абыройы мінсіз және судьялар қауымы арасында беделді болуы тиіс.
7. Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы мен сот алқаларының төрағалары, облыстық соттардың төрағалары мен сот алқаларының төрағалары, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің (бұдан әрі – Жоғары Сот Кеңесі), Қазақстан Республикасының Судьялар одағы филиалдарының судья әдебі жөніндегі комиссияларының және Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің мүшелері – судьялар сайлана алмайды.
8. Комиссия құрамы Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысында екі жыл мерзімге сайланады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!8-тармақты екінші, үшінші абзацтармен толықтыру көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
9. Облыстық соттардың судьялары ішінен кандидаттар облыстық соттардың кеңейтілген жалпы отырыстарында ұсынылған кандидаттардың қатарынан сайланады.
Жоғарғы Сот судьяларының және отставкадағы судьялардың ішінен кандидаттарды Жоғарғы Сот Төрағасы балама негізде ұсынады.
Ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы кеңейтілген жалпы отырыс мүшелерінің ең көп дауыс санын жинаған кандидат сайланды деп есептеледі.
10. Комиссияның құрамына негізгі мүшелерінен басқа тиісті сот сатысынан Комиссияның бір запастағы мүшесі уақытша жоқ болған Комиссияның негізгі мүшесінің міндеттерін атқару үшін сайланады.
Комиссияның запастағы мүшесі Комиссия шешімінің негізінде оның шығып қалған мүшесінің міндеттерін атқаруға кіріседі.
Егер тиісті сот сатысынан Комиссияның негізгі немесе запастағы мүшесі болып табылатын судья басқа сот сатысының судьясы болып тағайындалса, осы Ережеде белгіленген тәртіппен қалған мерзімге олардың қосымша сайлауы өткізіледі.
11. Алғашқы ұйымдастыру отырысында Комиссия құрамы өзінің мүшелерінің қатарынан көпшілік дауыспен Комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды.
12. Комиссия төрағасы:
1) Комиссияға жалпы басшылықты қамтамасыз етеді;
2) Комиссия отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;
3) Комиссия отырыстарында қарау үшін шығарылатын мәселелерді айқындайды және күн тәртібін бекітеді;
4) Комиссияның шешімдері мен хаттамаларына қол қояды;
5) Комиссия жұмысының практикасына талдау жасауды және қорытуды ұйымдастырады;
6) Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысында Комиссияның атқарған жұмысы туралы ақпаратты ұсынады;
7) мемлекеттік, қоғамдық және өзге де органдармен, ұйымдармен және лауазымды адамдармен қатынастарда Комиссияның атынан өкілдік етеді;
8) осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
13. Комиссия төрағасы уақытша болмаған жағдайда оның тапсырмасы бойынша төрағаның міндеттерін Комиссия мүшелерінің бірі атқарады.
14. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі және оның құрамының жартысынан көбі қатысқан кезде заңды болады.
Комиссия жұмысы кезінде оның мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес отырыс өткізілетін жерге іссапарға жіберіледі және басқа міндеттерді атқарудан босатылады. Комиссия мүшесі оның отырысына бейнебайланыс режимінде қатыса алады.
15. Комиссия өз отырыстарын жергілікті соттарға барып өткізуге құқылы.
16. Комиссия екі судьяны ротациялау негізінде екі жыл мерзімге Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясына жібереді.
Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясының құрамына кандидаттарды Комиссия төрағасы ұсынады.
17. Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясының құрамына судьяларды жіберу туралы шешім Комиссия отырысында дауыс беру арқылы қабылданады және Комиссияның дауыс беруге қатысқан мүшелерінің көпшілігі оған дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Жіберу туралы шешім Жоғары Сот Кеңесіне үш жұмыс күні ішінде жіберіледі.
18. Судьяны Комиссия мүшесінің міндеттерін атқарудан босату үшін:
1) судьяның қызметтен босатылуы, судья өкілеттіктерінің тоқтатылуы не тоқтатыла тұруы;
2) отставкадағы судьяның отставкасының тоқтатылуы;
3) судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасауы;
4) өкілеттік мерзімінің аяқталуы;
5) өз қалауы негіз болып табылады.
3. Судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізу тәртібі
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
19-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
19. Судьяның кәсіби қызметін бағалау деп оның кәсіби білімі мен оларды сот төрелігін жүзеге асыруда қолдана білу деңгейін, сот қызметінің нәтижелерін, судьяның іскерлік және адамгершілік қасиеттерін бағалау және оның Конституциялық заң мен судья әдебі кодексінде қойылатын талаптарға сәйкестігі танылады.
20. Судьяның кәсіби қызметін бағалау судьялар корпусының сапалық құрамын жақсарту, кәсіби біліктілігінің өсуін ынталандыру, сот істерін қарау кезінде заңдылықты нығайтуға жауапкершілігін арттыру, судьяның өзін-өзі кәсіби жетілдіру салаларын анықтау үшін оның әлсіз және күшті жақтарын анықтау мақсатында жүргізіледі.
Судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүргізген кезде судьялардың тәуелсіздігі қағидаттары бұзылмауы тиіс.
21. Кәсіби қызметті бағалау:
ЗҚАИ-ның ескертпесі!1) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
1) судья лауазымындағы жұмысының бір жылғы нәтижелері бойынша алғаш рет;
2) судья лауазымындағы жұмысында әрбір бес жыл сайын мерзімді жүргізіледі.
3) алып тасталды – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.Жиырма жыл және одан да көп судьялық өтілі бар судьялар кәсіби қызметті мерзімді бағалаудан босатылады.
Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.ЗҚАИ-ның ескертпесі!
22-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
22. Судьяның кәсіби қызметін алғаш рет бағалау судья лауазымында үзіліссіз болған бір жыл өткен соң жүргізіледі.
23. Судьяның кәсіби қызметін мерзімді бағалау оның судья лауазымында үзіліссіз болған әрбір келесі бес жыл өткен сайын жүргізіледі. Судьяның кәсіби қызметін мерзімді бағалау көрсетілген мерзім басталған күнінен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!24-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
24. Судья жұмысының нәтижелері мынадай:
1) сот төрелігін жүзеге асыру сапасының көрсеткіштері;
2) судья әдебі нормалары мен еңбек тәртібін сақтауы өлшемшарттарының негізінде бағаланады.
Бағалау рәсімінің шеңберінде судьяның біліктілігін тексеру, оның ішінде жазбаша эссе және (немесе) кейстік міндеттерді шешу арқылы тексеру жүргізілуі мүмкін.
Сот төрелігін жүзеге асыру сапасының көрсеткіштері, деректерді жинау әдістері мен рәсімдері Жоғары Сот Кеңесімен алдын ала келісілгеннен кейін Жоғарғы Соттың жалпы отырысы бекітетін Судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізу әдістемесімен айқындалады және Жоғарғы Соттың интернет-ресурсында жарияланады.
Судья әдебі нормаларын сақтау жөніндегі материалдарды Судьялар одағы филиалдарының судья әдебі жөніндегі тиісті комиссиялары ұсынады.
Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.25. Комиссияның қызметін қамтамасыз ететін сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) құрылымдық бөлімшесі судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізу үшін ақпарат жинауды жүзеге асырады.
Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.26. Кәсіби қызметі бағаланатын судья Комиссия отырысынан күнтізбелік бес күн бұрын оған қатысты Комиссияның қарауына шығарылатын материалдармен танысуы тиіс.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!27-тармақтың бірінші абзацы жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
27. Судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізу басталғанға дейін Комиссия қажет болған кезде қосымша құжаттар мен материалдарды, оның ішінде судья қараған кезде заңды бұзуға, оның ішінде өрескел бұзуға жол берген сот істерін талап етіп, тексеру жүргізеді.
Комиссия төрағасы тексеру жүргізуді Комиссия мүшелерінің біріне тапсырады.
28. Комиссияның қарауына келіп түскен материалдарды қабылдауды, кәсіби қызметі бағалануға жататын судьяларға хабарлауды, сондай-ақ комиссия мүшелеріне отырыстың күні, уақыты мен өткізілетін орны туралы хабардар етуді Комиссия қызметін қамтамасыз ететін уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.
29. Кәсіби қызметті бағалау бойынша Комиссия отырысы кәсіби қызметі бағаланатын судьяның міндетті түрде қатысуымен өткізіледі. Судьяның Комиссия отырысына қатысуы бейнебайланыс режимінде қамтамасыз етілуі мүмкін.
Комиссия отырысында хаттама жүргізіледі.
30. Комиссия судьяның кәсіби қызметін бағалау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) атқаратын лауазымына сай деп тану;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!1-1) тармақшамен толықтыру көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
2) алып тасталды – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
3) жоғары тұрған лауазымға (жоғары тұрған сот сатысына) кадр резервіне қоюға ұсыным жасау;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!4) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
4) басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы;
5) кәсіби жарамсыздығына орай атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану;
6) алып тасталды – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген шешімі ұсынымдық сипатта болады.
Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.31. Кәсіби қызметті бағалау нәтижелері бойынша судьяны кәсіби жарамсыздығына байланысты атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану туралы Комиссияның шешімі Жоғары Сот Кеңесінің судьяны атқарып отырған лауазымынан босату туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!31-тармақтың екінші абзац жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
Кәсіби қызметті мерзімді бағалау нәтижелері бойынша судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы Комиссияның шешімі Жоғары Сот Кеңесінің судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы, ал ауысудан бас тартқан жағдайда судьяны атқарып отырған лауазымынан босату туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады.
Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.32. Комиссияның шешімі көпшілік дауыспен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыс беруден қалыс қалуға құқығы жоқ. Дауыстар тең түскен жағдайда, өзіне қатысты материалдар қаралып отырған судьяның жағдайын жақсартатын шешім қабылданды деп есептеледі.
33. Комиссия мүшесі қабылданып отырған шешіммен келіспеген жағдайда ерекше пікірін жазбаша көрсетуге құқылы, ол шешімге қоса беріледі.
34. Комиссияның хаттамалық шешімінде:
1) Комиссияның құрамы;
2) материалдарды қарау орны және уақыты;
3) кәсіби қызметі бағаланған судья;
4) Комиссия отырысында материалды қарау негіздері;
5) Комиссия қабылдаған шешімнің тұжырымдары мен уәждері;
6) шешімге шағымдану тәртібі туралы мәліметтер қамтылуы тиіс.
35. Хаттамалық шешімге отырыста төрағалық етуші және Комиссияның хатшысы қол қояды.
36. Алып тасталды – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.ЗҚАИ-ның ескертпесі!
37-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
37. Судьяның бір жыл мерзім өткеннен кейінгі жұмыс нәтижелері бойынша Комиссияның хаттамалық шешімдерінің көшірмелері келіп түскен материалдармен бірге кейіннен Жоғары Сот Кеңесіне ұсыну үшін Жоғарғы Сот Төрағасына бекіту үшін жолданады.
Судьяны кәсіби жарамсыздығына байланысты атқаратын қызметіне сай келмейді деп тану, басқа сотқа ауыстыру туралы Комиссияның хаттамалық шешімдерінің көшірмелері Жоғары Сот Кеңесіне жолданады.
Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.ЗҚАИ-ның ескертпесі!
38-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
38. Комиссияның хаттамалық шешімінің көшірмесі ол қабылданған күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде тиісті облыстық сотқа және Жоғарғы Сотқа жіберіледі.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!39-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
39. Судьяны кәсіби жарамсыздығына байланысты атқаратын лауазымына сай келмейді деп тану туралы, басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы хаттамалық шешімнің көшірмесі тиісті облыстық сотқа, сондай-ақ өзіне қатысты шешім қабылданған судьяға жіберіледі.
Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 07.02.2022 № 804 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.4. Судьяның отставкаға құқығын және оны тоқтатуды растау туралы мәселелерді қарау тәртібі
40. Комиссия Жоғары Сот Кеңесі жіберген материалдар негізінде судьяның отставкаға құқығын растау туралы мәселені қарауды жүзеге асырады.
Ескерту. 40-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.41. Аудандық соттың судьясына, төрағасына және облыстық соттың судьясына қатысты Комиссия Регламентінде көзделген құжаттарды Комиссияға облыстық соттың төрағасы, облыстық соттың төрағасына және сот алқасы төрағасына, Жоғарғы Соттың судьясы мен сот алқасының төрағасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің оларды лауазымға тағайындауына байланысты өз өкілеттіктерін бұрын тоқтатқан судьяларға қатысты Жоғарғы Сот Төрағасы ұсынады.
Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.42. Судьяның отставкаға құқығын растау туралы арыз материал түскен кезден бастап бір ай мерзім ішінде қаралып, тиісті шешім шығарылуы тиіс.
43. Судьяның отставкаға құқығын растаудан бас тарту туралы Комиссияның шешімі судьяны қызметінен отставка нысанында босатудан бас тартуға негіз болады.
44. Судьяның отставкасы Конституциялық заңның 35-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылады.
Комиссия Жоғары Сот Кеңесі жіберген материалдар негізінде отставканы тоқтатуды қарайды.
Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.45. Комиссия судьяның отставкаға құқығын растау және отставканы тоқтату туралы материалдарды қарау нәтижесі бойынша мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) отставкаға құқығын растау туралы;
2) отставкаға құқығын растаудан бас тарту туралы;
3) отставканы тоқтату туралы;
4) отставканы тоқтатудан бас тарту туралы.
Комиссияның шешімі Жоғары Сот Кеңесіне қарау үшін жіберіледі.
Ескерту. 45-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.46. Судьяның отставкаға құқығын растау және отставканы тоқтату туралы материалдарды қарау нәтижелері жөніндегі хаттамалық шешімге отырысқа төрағалық етуші және Комиссияның хатшысы қол қояды.
5. Комиссияның шешімдеріне шағым жасау
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
47-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
47. Комиссияның шешімдерімен танысқан күннен бастап Жоғары Сот Кеңесіне он жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссия арқылы шағым жасауға болады.
48. Жоғары Сот Кеңесінің судьяны атқарып отырған лауазымынан босату туралы ұсыным беруден бас тартуы Комиссия шығарған шешімнің күшін жояды. Жоғары Сот Кеңесінің Комиссия шешімін жоюы Жоғары Сот Кеңесінің не Комиссияның Конституциялық заңның 44-бабында көзделген өзге шешімді қабылдауы үшін негіз болып табылады.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!48-тармақтың екінші абзацы жаңа редакцияда көзделген – ҚР Президентінің 18.12.2024 № 736 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
Жоғары Сот Кеңесінің Конституциялық заңның 44-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген шешімді қабылдауы Жоғары Сот Кеңесінің судьяны басқа сотқа, басқа мамандануға ауыстыру туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады.
Ескерту. 48-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 10.06.2023 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.6. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру
49. Комиссияның қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелері, оның отырыстарын өткізу шарттары мен тәртібі, сондай-ақ оның мүшелерінің өкілеттіктерді жүзеге асыруы Комиссияның Регламентімен реттеледі.
50. Комиссияның қызметін ұйымдастырушылық, ақпараттық-талдамалық және өзге де қамтамасыз етуді уәкілетті орган жүзеге асырады.