Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы Келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 26 тамыздағы N 651 Жарлығы

       ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы Келісім жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Шабдарбаев Амангелді Смағұлұлына Келісім мәтініне принципті сипат бермейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, оған Қазақстан Республикасы атынан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы Келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                        Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2008 жылғы 26 тамыздағы
N 651 Жарлығымен  
МАҚҰЛДАНҒАН    

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің
терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын
ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы
КЕЛІСІМНІҢ ЖОБАСЫ

      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер (бұдан әрі - Тараптар),
      2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын , 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын , 2002 жылғы 7 маусымдағы Өңірлік терроризмге қарсы құрылым туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы келісімді , 2005 жылғы 5 шілдедегі Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер ынтымақтастығы тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып,
      ұлттық заңнаманы, халықаралық құқықтың жалпы танылған принциптері мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      Тараптардың аумақтарында терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығулар өткізудің құқықтық негіздерін құруға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде қолданылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:

      1) оқу-жаттығулар - бір немесе бірнеше Тараптардың аумақтарында Тараптардың өкілетті органдары өткізетін терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығулар;

      2) оқу-жаттығуларға қатысушылар - терроризмге қарсы арнайы құралымдар бөлімшелерінің жеке құрамы, оқу-жаттығуларды басқару органының құрамына енгізілген адамдар;

      3) терроризмге қарсы арнайы құралымдар - оқу-жаттығуларды өткізу үшін ұлттық заңнамаға сәйкес әрбір Тарап құратын мамандар топтары;

      4) арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдары - терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларды өткізу барысында қолданылатын қару-жарақ пен әскери техника, қару мен оқ-дәрілер, жабдықтар, байланыс құралдары, терроризмге қарсы арнайы құралымдардың жарақтары, техникалық, көліктік және өзге де арнайы құралдар мен материалдар;

      5) қабылдаушы Тарап - оқу-жаттығуларды өткізу кезінде жіберуші Тараптардың оқу-жаттығуларға қатысушыларын, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын өз аумағында қабылдаушы Тарап;

      6) жіберуші Тарап - оқу-жаттығуларға қатысушыларды, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын қабылдаушы Тарап аумағына жіберуші Тарап;

      7) транзит Тарабы - жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушылары, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдары қабылдаушы Тараптың аумағына және кері қарай өтуі оның аумағы арқылы жүзеге асырылатын Тарап;

      8) үшінші тарап - жіберуші, қабылдаушы Тарап немесе транзит Тарабы болып табылмайтын мемлекет, оның жеке және/немесе заңды тұлғалары, сондай-ақ халықаралық үкіметаралық ұйымдар;

      9) оқу-жаттығуларға қатысушылардың қызметтік міндеттерін орындауы - орналасу, емдеу орындарында және қабылдаушы Тараппен келісім бойынша басқа да орындарда болу, аталған аумақтарға (орындарға), оның ішінде транзит Тарабының аумағы бойынша жүру (жолда болу) және кері қарай өту, сондай-ақ оқу-жаттығуға қатысты міндеттерді орындау жөнінде оқу-жаттығуларды өткізу аумағында жасалатын іс-қимылдар, мынадай іс-қимылдарды қоспағанда:
      орналасу орындарын немесе оқу-жаттығулар өткізу аймақтарын өз бетінше тастап кету;
      өзін ерікті түрде уытты, есірткілік немесе алкогольды мастану жағдайына келтіру;

      10) залал - келтіргені үшін жауапкершілігі Тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген дене, рухани, материалдық және өзге де зиян түрлері;

      11) оқу-жаттығуларды өткізу аймағы - оқу-жаттығуларды өткізу үшін бөлінген қабылдаушы Тараптың аумағы шегіндегі жер учаскелері;

      12) орналасу орны - Тараптардың оқу-жаттығуларға қатысушыларын орналастыру үшін қабылдаушы Тарап айқындаған аумақ;

      13) ШЫҰ ӨТҚҚ Кеңесі - Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының кеңесі;

      14) ШЫҰ ӨТҚҚ-ның Атқару комитеті - Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының Атқару комитеті;

      15) құзыретті орган - терроризмге қарсы күресті өз заңнамаларына сәйкес жүзеге асырушы Тараптың мемлекеттік органы.

2-бап

      Оқу-жаттығуларды өткізудің мақсаты террористік іс-әрекет жасау немесе оны жасаудың қауіпі төну кезінде бірлесіп іс-қимыл жасау үшін терроризмге қарсы арнайы құралымдарды дайындау болып табылады.

3-бап

      Оқу-жаттығулардың негізгі міндеттері:
      терроризмге қарсы арнайы құралымдарды басқаруда оқу-жаттығуларды басқару органдарының үйлесімділік деңгейін арттыру;
      оқу-жаттығуларға қатысушылардың практикалық дағдысын жетілдіру және терроризмге қарсы бірлескен іс-шаралардың тиімді нысандары мен әдістерін тұжырымдау;
      терроризмге қарсы арнайы құралымдардың іс-қимылдарын үйлестіру мәселелерін іс жүзінде меңгеру;
      жаңа тәсілдер мен амалдарды игеру, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-шаралар өткізуде тәжірибе алмасу.

4-бап

      Оқу-жаттығуларды өткізу туралы шешімді ШЫҰ ӨТҚҚ Кеңесі қабылдайды. Оқу-жаттығуларды өткізудің мерзімдерін ШЫҰ ӨТҚҚ Кеңесі алда тұрған оқу-жаттығуларға қатысуы көзделген Тараптардың пікірін ескере отырып айқындайды.
      Оқу-жаттығуларды өткізу туралы шешім қабылданғаннан соң, оларды дайындаумен байланысты мәселелерді келісу Тараптардың консультация жүргізуі барысында жүзеге асады. Консультация қорытындысы хаттама түрінде рәсімделеді.
      Тараптар кезектесіп, Тараптар атауларының орыс алфавиті ретімен өз аумақтарында оқу-жаттығуларды ұйымдастырады және өткізеді.
      ШЫҰ ӨТҚҚ Атқару комитеті мүдделі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өтініші бойынша оқу-жаттығуларды дайындау мен өткізуге жәрдемдеседі.
      Әрбір Тараптың ШЫҰ ӨТҚҚ Кеңесіне өз аумағында кезектен тыс оқу-жаттығулар өткізу жөнінде өтініш жасауға құқы бар.
      Оқу-жаттығуларға қатыса алмайтын немесе қатысудан бас тартқан ретте Тарап өзінің оқу-жаттығуларға қатысуға кедергі болған себептерін жазбаша түрде хабарлай отырып, ШЫҰ ӨТҚҚ Атқару комитетін оқу-жаттығулар басталуынан екі ай бұрын хабардар етеді.

5-бап

      Оқу-жаттығуларды дайындау мен өткізу үшін оқу-жаттығулар жетекшісі және оның орынбасарлары тағайындалады, сондай-ақ оқу-жаттығуларды басқару органы құрылады.
      Оқу-жаттығулардың жетекшісі қабылдаушы Тараптың құзырлы органының жетекшілері қатарынан тағайындалады. Оның орынбасарлары жіберуші Тараптың құзырлы органдарының қатарынан тағайындалады.
      Оқу-жаттығуларды басқару органының құрамы мен құралымы және оқу-жаттығуларды өткізудің тәртібі қабылдаушы мен жіберуші Тараптардың келісімі бойынша айқындалады.

6-бап

      Тараптар оқу-жаттығуларды басқару органымен келісім бойынша өзінің қатысу дәрежесін, оқу-жаттығуларға қатысушылардың құрамы мен санын айқындайды.
      Тараптардың келісімі бойынша ШЫҰ ӨТҚҚ Атқару комитеті оқу-жаттығуларға бақылаушы ретінде қатысуға үшінші тараптың өкілдерін шақыра алады.

7-бап

      Қабылдаушы тарап оқу-жаттығулар өткізілетін ауданды айқындайды және:
      ШЫҰ ӨТҚҚ Атқару комитеті арқылы жіберуші Тараппен келісілетін  және Тараптар бекітетін оқу-жаттығудың мақсатын тұжырымдау;
      оқу-жаттығулардың қорытынды және өзге де құжаттарын әзірлеу;
      өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағына жіберуге және оны пайдалануға рұқсат беру;
      оқу-жаттығуларға қатысушылардың кіруі, жүріп-тұруы және кері қайтуы, олардың орналасу орнында орналасуы, өз аумағында арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын алып жүруі, мемлекеттік шекарадан (кедендік және шекаралық рәсімдерден өту шараларын қоса алғанда) өтуі;
      оқу-жаттығуларға қатысушыларды, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын күзету және қорғаудың, сондай-ақ оқу-жаттығулар ауданын оқшаулауды ұйымдастырудың қажетті шараларын ұйымдастыру;
      жіберуші Тарапты салық, кедендік, сақтандыру алымдарынан және өзге де міндетті төлемдерден босату жөнінде жағдайлар жасайды.

8-бап

      Жіберуші Тарап:
      қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының егемендігін, заңнамасы мен дәстүрлерін құрметтейді;
      қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының ішкі ісі араласпайды;
      қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының аумағындағы саяси қызметке қатыспайды;
      қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының шекаралық және кедендік бақылау рәсімін сақтайды;
      қабылдаушы Тараппен және/немесе транзит Тарабымен келісілген оқу-жаттығуларға қатысушылардың жүру бағытын және арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын алып жүру бағыттарын сақтайды;
      қабылдаушы Тарапқа және/немесе транзит Тарабына оқу-жаттығуларға қатысушыларды, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын күзету мен қорғау жөнінде қажетті шаралар қабылдауға жәрдемдеседі;
      қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының қолданылатын мүлкінің, табиғи ресурстарының, мәдени, тарихи және өзге де объектілерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
      қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының аумағында экологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтайды.

9-бап

      Транзит Тарабы:
      жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларын өз аумағы бойынша кіруіне, жүріп-тұруына және кері шығуына, сондай-ақ арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын әкелуге, алып жүруіне және әкетуге рұқсат береді және қолдау көрсетеді;
      жіберуші Тарапты салық төлеуден, кедендік, сақтандыру алымдарын және өзге де міндетті төлемдерден босатады.

10-бап

      Жіберуші Тарап оқу-жаттығулардың басталуынан екі айдан кешіктірмей қабылдаушы Тарапты оқу-жаттығуларға қатысушыларды, сондай-ақ қажетті арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын орналастыру үшін орналасу орындарында талап етілетін жылжымайтын мүлік туралы хабардар етеді.
      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларына жылжымайтын мүлік, су, электр қуатын береді, медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді және олардың алдына қойған мақсаттарды орындауы үшін қажетті көлемде өмірі мен тұрмысына жағдай жасайды. Қабылдаушы Тарап қажет болған жағдайда өзара келісім бойынша арнайы құралдар және қамтамасыз ету материалдарын береді.
      Тараптардың құзырлы органдарының өзара келісуімен көлік және өзге де қызмет көрсетулер ұсынылады.

11-бап

      Қабылдаушы Тарап және/немесе транзит Тарабы жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының ұлттық жүргізуші куәліктерін жарамды деп таниды.

12-бап

      Оқу-жаттығуларға қатысушылар мемлекеттік шекарадан Тараптардың келісілген өткізу бекеттерінде визасыз тәртіппен аты-жөн тізімімен, өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсету арқылы өтеді.
      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының аты-жөн тізімін және арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының тізбесін жасаудың нысаны мен тәртібі Тараптардың келісімімен айқындалады.
      Оқу-жаттығуларға қатысушылардың аты-жөн тізімінде жеке адамның тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, жеке басын куәландырушы құжатының сериясы мен нөмірі, келу мақсаты мен қабылдаушы Тараптың аумағында болу уақыты қамтылуы тиіс.
      Арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының тізбесінде арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының атауы, саны, маркировкасы қамтылуы тиіс.
      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының аты-жөн тізімі және арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының тізбесі қытай және орыс тілдерінде ресімделіп, қабылдаушы Тараптың мемлекеттік шекарасынан өтуден кем дегенде 30 күн бұрын қабылдаушы Тарапқа беріледі.

13-бап

      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының құрамына енген адамдарының жеке қолдануына арналған заттарын, сондай-ақ валюталық құндылықтарын Тараптардың мемлекеттік шекарасы арқылы алып өтуі қабылдаушы Тарап және/немесе транзит Тарабының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Тараптардың кедендік шекарасы арқылы алып өтілетін арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының кедендік рәсімделуі мен кедендік бақылауын Тараптар осы Келісімге сәйкес, жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырады.
      Тараптардың кедендік органдары ұлттық заңнамамен белгіленген тәртіпте және жағдайларда оқу-жаттығуларға қатысушыларды жеке қарауға және олардың жүктерін тексеріп қарауға және Тараптардың тиісті тізбеге енгізілген арнайы құралдары мен қамтамасыз ету материалдарын қоспағанда, ұлттық заңнамасына сәйкес әкелу мен әкетуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған заттарды тәркілеуге құқылы.
      Тараптардың тиісті идентификацияланған құралдармен қамтамасыз етілген оралған қызметтік құжаттарына қол сұғылмайды және кедендік тексеруге, сондай-ақ ашып қарау мен ұстап қалуға жатпайды.

14-бап

      Қабылдаушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес жіберуші Тараппен келісе отырып, өз аумағында қабылданушы Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларына, сондай-ақ олардың жеке заттарына, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарына уақытша тыйым салу іс-шараларын жүргізуге құқылы.

15-бап

      Оқу-жаттығуларға қатысушыларды, арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын әуе көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру Тараптардың халықаралық әуе тасымалын ұйымдастыру мәселелерімен шұғылданатын тиісті органдарымен келісім бойынша жүзеге асырылады.
      Авиацияның ұшуы сонымен қатар қабылдаушы Тараптың және/немесе транзит Тарабының бекітілген бағыттары бойынша, сондай-ақ аумақтарында (аудандарында) орындалады. Оқу-жаттығуларға қатысушылардың немесе оқу-жаттығуларға қатысушыларды тасымалдаушылардың әуе кемелерін навигациялық, әуежайлық-техникалық қамтамасыз ету және қорғау әскери және азаматтық аэродромдарда Тараптардың өзара келісімі бойынша жүзеге асырады.
      Халықаралық бағыттар бойынша әуе кемелерінің ұшуын басқаруды Тараптардың ұшу ақпараттық аймағына сәйкес Тараптардың әуе көлігін басқару орындары жүзеге асырады.
      Осы Келісімді жүзеге асыруға байланысты халықаралық тасымалды орындайтын әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігі Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға және әуе кеңістігінде ұшулар орындалатын Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
      Құрамына бірнеше Тараптың әуе персоналы тартылған Тараптардың бірлескен топтары (комиссиялары) осы Келісімді жүзеге асырумен байланысты міндеттерді шешу кезінде ұшу қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылау жүргізеді, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің әуе кемелерімен болған авиациялық оқиғалар мен авиациялық қақтығыстарды тексереді. Бірлескен топтарды (комиссияларды) құру тәртібін оқу-жаттығуларды дайындау кезеңінде Тараптардың келісімі бойынша оқу-жаттығуларды басқару органы айқындайды. Бірлескен топтың (комиссияның) басшысы қабылдаушы Тарап өкілдерінің арасынан тағайындалады.
      Төтенше жағдайлар (зілзалалар, ұшуға қолайсыз метеорологиялық жағдайлар, әуе кемесі бортындағы ақау) туындағанда Тараптардың әуе көлігін басқару органдары оқу-жаттығуларға қатысушыларды тасымалдаушы әуе кемелеріне, апаттық қондыру үшін қосымша аэродромдар беруді қоса алғанда, көмек көрсетеді.
      Авиация ұшуын іздестіру-құтқаруды қамтамасыз ету Тараптардың күш-құралдарымен қайтарымсыз негізде жүргізіледі.

16-бап

      Жіберуші Тараптың әскери (полициялық) кемелері мен қосымша кемелерінің қабылдаушы Тараптың аумақтық теңізіне, ішкі теңіз суларына және ішкі су жолдарына кіруі қабылдаушы Тараптың мемлекеттік заңнамасына және Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Қабылдаушы Тараптың жіберуші Тараптың әскери (полицейлік) және қосымша кемелеріне лоцмандық желілеу, тіркеуге алу, порттық қызмет көрсетуі Тараптардың өзара жеке келісімімен жүргізіледі.

17-бап

      Оқу-жаттығуларға қатысушыларға қабылдаушы Тараптың тіркеу және миграциялық мәселелерді реттейтін заңнамасы қолданылмайды.
      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушылары қабылдаушы Тараптың аумағында тұрақты тұру құқығына ие емес.

18-бап

      Оқу-жаттығуларға қатысушылар оқу-жаттығулар жүргізу кезеңінде Тараптар арасында келісілген ерекше белгілерді тағып жүру қажет.
      Тараптардың терроризмге қарсы арнайы құрылымдарының әскери және басқа да техникаларында оқу-жаттығулар кезінде анық көрінетін тіркеу нөмірлері мен ерекше белгілері болуы тиіс.

19-бап

      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушылары қабылдаушы Тараптың аумағында, сондай-ақ орналасу және басқа да орындарында болу кезінде қабылдаушы Тараппен келісіп бойынша қорғаныс функцияларын қамтамасыз ету үшін оқу-жаттығулар жоспарында көзделген міндеттерді орындауға қажетті арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқылы.
      Оқу-жаттығулар жүргізу барысында арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын қолдану қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

20-бап

      Жіберуші Тарап арнайы құралдардың және/немесе қамтамасыз ету материалдарының жоғалу жәйттері туралы, сондай-ақ оқу-жаттығуларға қатысушылардың орналасу орнында болмау фактілері туралы қабылдаушы Тарапты кідіріссіз хабардар етуге міндетті.
      Қажет болған жағдайда қабылдаушы Тараптың өтініші бойынша әрбір Тарап жоғалған арнайы құралдарды және/немесе қамтамасыз ету материалдарын іздестіруге, сондай-ақ оқу-жаттығуларға қатысушылардың жүрген жерін анықтауға қажетті көмек көрсетеді.
      Жоғалған арнайы құралдарды және/немесе қамтамасыз ету материалдарын тапқан, сондай-ақ орнында жоқ оқу-жаттығуларға қатысушылардың жүрген жерін анықтаған қабылдаушы Тарап оларды тиісті Тарапқа берудің шараларын алады.

21-бап

      Тараптар осы Келісімнің орындалуына байланысты шығындарды, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса өз тарапынан өтейді.
      Жіберуші Тарап өзінің талап етуі бойынша қабылдаушы Тарап берген арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының шығынын өзара келісім негізінде өтейді.

22-бап

      Оқу-жаттығуларды өткізу барысы мен қорытындылары туралы жұртшылықты хабардар етуді Тараптар және ШЫҰ ӨТҚҚ Атқару комитеті келісілген нысанда және көлемде жүзеге асырады.

23-бап

      Мынадай:
      оқу-жаттығуларға қатысушылар туралы;
      оқу-жаттығуларды өткізудің арнайы техникалық тәсілдерін, тактикасы мен әдісін ашатын;
      оқу-жаттығулар өткізу барысында қолданылатын арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарының сипаты туралы;
      Тараптардың келісімі бойынша жария етуге тыйым салынған ақпараттарды таратуға жол берілмейді.
      Осы бапта көрсетілген ақпаратты заңсыз таратқаны үшін жауапкершілік Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалады.

24-бап

      Қабылдаушы Тарап Тараптарға және ШЫҰ ӨТҚҚ Атқарушы комитетіне өткізілген оқу-жаттығулар туралы ақпараттық-талдама материалдар жібереді.

25-бап

      Әрбір Тараптың арнайы құралдары мен қамтамасыз ету материалдары өзінің меншігі болып табылады және оны ұстауға және/немесе қандай да бір түрде иелігінен айыруға болмайды.
      Жіберуші Тарап оқу-жаттығулар аяқталғаннан кейін қолданылмаған арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын қабылдаушы Тараптың аумағынан әкетеді.
      Егер ерекше бір жағдайлармен арнайы құралдар мен қамтамасыз ету материалдарын әкету мүмкін болмаған жағдайда, оны пайдалану немесе жою туралы шешім жіберуші және қабылдаушы Тараптардың өзара келісімі негізінде қабылданады.

26-бап

      Тараптар жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларына қатысты құзырдағы мәселелерде мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:
      жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушысы өз Тарабына қарсы және оқу-жаттығулардың өзге қатысушылары өз Тарабына қарсы қылмыс жасаған жағдайда, сондай-ақ олар қызметтік міндеттерін атқару кезінде қылмыс жасаған жағдайда жіберуші Тараптың заң құзыры жүзеге асырылады;
      оқу-жаттығуларға қатысушы осы баптың екінші абзацына жатпайтын қылмыс жасаған жағдайда қабылдаушы Тараптың заң құзыры жүзеге асырылады.
      Оқу-жаттығуларға қатысушылардың орналасу орнында белгісіз біреулер жіберуші Тарапқа және/немесе жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларына қарсы қылмыс жасалған жағдайда жіберуші Тарап алдын-ала тергеу амалдарын жүргізе алады. Қылмыс жасаған адам анықталған жағдайда осы Келісім белгілеген тәртіп әрекет етеді.
      Тараптардың құзырлы органдары қылмыстарға байланысты тергеу жүргізуге, дәлелдемелер жинап ұсынуға, қылмыс жасауда күмәнді немесе айыпталушы оқу-жаттығуларға қатысушысының тұрған орнын анықтауға (іздеуге), ұстауға және тұтқындауға (қамауға алуға) өзара тікелей іс-қимылда болады және көмек көрсетеді.
      Оқу-жаттығуларға қатысушы Тараптардың басшыларының да өз құзыреті шегінде тікелей қарым-қатынас жасауға құқы бар.
      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушысын ұстағаны туралы жіберуші Тарапты шұғыл хабардар етеді.
      Жіберуші Тарап қабылдаушы Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушысын ұстағаны туралы қабылдаушы Тарапты шұғыл хабардар етеді.
      Қылмыс жасауда күмәнді оқу-жаттығуларға қатысушыны ұстаған, тұтқындаған (қамауға алған), басқа да іс жүргізу әрекеттерін жүргізген кезде, сондай-ақ оны қайтарып беруде немесе құқықтық көмек көрсеткенде Тараптар өздері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар мен ұлттық заңнаманы басшылыққа алады.
      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушысына қатысты қабылдаушы Тарап қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын әрбір жағдайда жіберуші Тарап сот процесіне өзінің өкілін қатыстыруға құқылы, ал қудаланып отырған адам:
      тергеу мен сот талқылауының дереу және жылдам өтуіне;
      қылмыстық қудалау басталған сәттен бастап оған қарсы тағылған нақты айыптау туралы ақпарат алуға;
      қылмыстық сот ісінің айыптау куәлерімен және басқа да қатысушыларымен көзбе-көз беттесуге;
      егер олар қабылдаушы Тараптың заңдық құзырында болса, қорғау куәларын тартуға;
      өзінің таңдауы бойынша адвокат көмегіне немесе адвокаттың ақысыз көмегіне;
      аудармашының қызметін пайдалануға;
      жіберуші Тараптың өкілдерімен байланыс орнатуға құқылы.
      Тараптар оқу-жаттығуларға қатысушылардың жасаған қылмыстары туралы қылмыстық істерді беру немесе іске қабылдау туралы бір-біріне өтініш жасай алады. Мұндай өтініштер дереу қарастырылады.
      Тараптардың құзыретті органдары Тараптар қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға және ұлттық заңнамаға сәйкес Тараптардың оларға қатысты бәсекелес заң құзыры бар барлық қылмыстық істер бойынша тергеу және сотқа қылмыстық тексеру нәтижелері туралы бір-бірін хабардар етеді.

27-бап

      Тараптар оқу-жаттығуларға қатысушылардың өз қызметтік міндеттерін орындау кезінде басқа оқу-жаттығуларға қатысушыларға келтірген залалына қатысты талап-шағымдар беруден бас тартады.
      Оқу-жаттығуларға қатысушылардың өз қызметтік міндеттерін орындау кезінен тыс уақытта басқа оқу-жаттығуларға қатысушыларға келтірген залалын өтеу тәртібі тиісті Тараптардың өкілетті органдарының арасындағы жекелеген уағдаластықтармен айқындалады. Егер залалды өтеу туралы мәселе уағдаластық жолымен шешілмейтін болса, қабылдаушы Тараптың оны ұлттық заңнамаға сәйкес қарауға құқығы бар.
      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының қабылдаушы Тараптың жеке адамдарына (азаматтарына) немесе заңды тұлғаларына келтірген залалын өтеу тәртібі тиісті Тараптардың уәкілетті органдарының арасындағы жекелеген уағдаластықтармен анықталады. Егер залалды өтеу туралы мәселе осындай уағдаластықтар жолымен шешілмейтін болса, қабылдаушы Тараптың оны ұлттық заңнамаға сәйкес қарауға құқығы бар.
      Егер тиісті Тараптар осы баптың екінші және үшінші абзацтарына сәйкес келтірілген залалға қатысты жауапты болса, ал жауапкершілік дәрежесін айқындау мүмкін болмаса, онда залалды өтеу көрсетілген Тараптар арасында тең шамада бөлінеді.
      Терроризмге қарсы арнайы құралымдардың немесе олардың құрамына кіретін адамның үшінші тарапқа келтірген залалы мынадай ережелерге сәйкес өтеледі:
      қабылдаушы Тараптың заңнамасы қолданылады. Өтемақы төлеу туралы немесе осындай өтемақы төлеуден бас бас тарту туралы қабылдаушы Тараптың тиісті сот инстанциясы шығарған заңды күшіне енген шешім түпкілікті болып табылады;
      қабылдаушы Тарап мүдделі тараптардың қатысуымен үшінші тараптың талап-шағымдарын реттеу үшін консультациялар ұйымдастыруы мүмкін.
      Залалды өтеу бойынша төлемдер қабылдаушы Тараптың валютасында жүргізіледі.
      Тараптар осы бапқа сай дәлелдер алу және талап-шағымдарды әділ қарауды ұйымдастыру мақсатында ынтымақтасады. Тараптардың шешімі бойынша үшінші тарапқа залал келтірілген жағдайларды тергеу үшін комиссия құрылуы мүмкін.

28-бап

      Жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының және олардың отбасы мүшелерінің оның ұлттық заңнамасымен белгіленген жеңілдіктері, кепілдіктері мен өтемақылары толық көлемде сақталады Бұл тәртіп егер жіберуші Тараптың оқу-жаттығуларға қатысушыларының қабылдаушы Тараптың аумағында болуы, сондай-ақ басқа Тараптың аумағы арқылы өтетін транзиті кезінде залал келтірілген жағдайда қолданылады.

29-бап

      Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімді орындауға жауапты құзырлы органдарын белгілейді, ол жөнінде осы Келісімнің күшіне енуі үшін мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы және құзырлы органдардың және/немесе олардың атауларының өзгертілуі туралы жазбаша хабарламамен бір мезгілде депозитарийге хабарлайды.
      Депозитарий Тараптан өзі айқындаған құзырлы орган туралы жазбаша хабарлама алған күннен бастап он бес күн ішінде ол туралы басқа Тараптарды хабардар етеді.

30-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкін даулы мәселелерді консультациялар және келіссөздер жолымен шешілетін болады.

31-бап

      Осы Келісім, Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

32-бап

      Осы Келісім шеңберінде ынтымақтасу барысында жұмыс тілдері қытай тілі және орыс тілі болып табылады.

33-бап

      Осы Келісімге Тараптардың келісімімен жеке хаттама түрінде рәсімделетін өзгертулер мен толықтырулар енгізіле алады.

34-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы депозитарий жазбаша түрде төртінші хабарлама алған күннен бастап отызыншы күнге күшіне енеді.
      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      Осы Келісімнің депозитарийі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы болып табылады, ол осы Келісімге қол қойылған күннен бастап он бес күн ішінде оның куәландырылған көшірмелерін Тараптарға жолдайды.
      Осы Келісім 2001 жылдың 15 маусымдағы терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен күрес туралы Шанхай конвенциясына қатысушы болып табылатын мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Оған қосылған мемлекет үшін осы Келісім депозитарий оның қосылуы туралы құжатты алған күннен бастап отызыншы күнге күшіне енеді.
      Осы Келісім егер ол Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет болуын тоқтатса, кез-келген Тарапқа қатысты күшін жояды.

35-бап

      Тараптардың әрқайсысы депозитарийге осы Келісімнен шығу туралы болжамды шығу күнінен он екі ай бұрын жазбаша хабарлама жолдай отырып одан шыға алады. Депозитарий мұндай ниет туралы басқа Тараптарды шығу туралы хабарлама алған күннен бастап отыз күн ішінде хабардар етеді.

      200  жылғы __________ ______________ қаласында бір түпнұсқа данада орыс және қытай тілдерінде жасалды, осы ретте екі мәтіннің де бірдей күші бар.

      Қазақстан Республикасы үшін

      Қытай Халық Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      Ресей Федерациясы үшін

      Тәжікстан Республикасы үшін

      Өзбекстан Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады