Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі Хатшылығының, оның персоналының және мүше мемлекеттері өкілдерінің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 3 маусымдағы № 992 Жарлығы

Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс      

      «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі Хатшылығының, оның персоналының және мүше мемлекеттері өкілдерінің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияның жобасы (бұдан әрі - Конвенция) мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Конвенцияның мәтініне қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығымен Конвенцияға Қазақстан Республикасы атынан қол қойсын.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2010 жылғы 3 маусымдағы
№ 992 Жарлығымен   
МАҚҰЛДАНҒАН     

Жоба

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес
Хатшылығының, оның персоналының және мүше мемлекеттері
өкілдерінің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы
КОНВЕНЦИЯ

      Осы Конвенцияны жасасқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттер,
      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын және 2002 жылғы 4 маусымдағы Алматы Актісін басшылыққа ала отырып,
      Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы туралы 2006 жылғы 17 маусымдағы келісімнің 5-бабы 2-тармағының ережелерін іске асыру мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Айқындамалар

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшін төмендегі айқындамалар пайдаланылады:
      а) «АӨСШК» - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес;
      b) «Хатшылық» - АӨСШК-нің Хатшылығы;
      c) «Тараптар» - осы Конвенцияны ратификациялаған, қабылдаған, бекіткен немесе оған қосылған АӨСШК-ге мүше мемлекеттер;
      d) «Атқарушы директор» - Хатшылықтың бас лауазымды тұлғасы;
      e) «Атқарушы директордың орынбасары» - Хатшылықтың бас лауазымды тұлғасының орынбасары;
      f) «кәсіби персоналдың мүшелері» - АӨСШК-ге мүше мемлекеттер іссапарға жіберетін және АӨСШК-нің Аға лауазымды тұлғалары комитетінің мақұлдауы бойынша Атқарушы директор тағайындайтын Хатшылықтың лауазымды тұлғалары;
      g) «отбасы мүшелері» - Хатшылықтың Атқарушы директорымен, Атқарушы директордың орынбасарымен және кәсіби персоналының мүшелерімен бірге тұратын олардың жұбайлары мен асырауындағы 18 жасқа дейінгі балалары;
      h) «Тараптардың өкілдері» - АӨСШК отырыстарына қатысу үшін тиісті Тараптар жіберетін тұлғалар.

2-бап
Хатшылықтың құқық қабілеттілігі

      Хатшылық әрбір Тараптың аумағында өзінің функцияларын орындау үшін қажетті құқық қабілетіне ие.

3-бап
Артықшылықтар мен иммунитеттер.
Жалпы ережелер

      1. Осы Конвенция бойынша артықшылықтар мен иммунитеттер тиісті тұлғалардың жеке пайдасына арналмаған, бірақ олардың ресми функцияларды тәуелсіз орындауын қамтамасыз етеді.
      2. Егер берілген иммунитет сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі болса және одан бас тарту иммунитет берілген мақсаттарға залал келтірмесе, онда иммунитет беруден бас тартылуы мүмкін. Иммунитеттен бас тарту айқын білдірілуге тиіс. Иммунитеттен бас тарту туралы шешімді:
      а) Атқарушы директорға және Атқарушы директордың орынбасарына қатысты - АӨСШК-нің Аға лауазымды тұлғалар комитетінің ұсынысы бойынша министрліктегі кездесу барысында ортақ ымыра негізінде немесе мұндай кездесулер арасындағы кезеңде бір ауыздан дипломатиялық арналар бойынша Сыртқы істер министрлері немесе олардың ресми уәкілетті өкілдері;
      b) кәсіби персоналдың мүшелеріне қатысты - Атқарушы директордың ұсынымы негізінде АӨСШК-нің Аға лауазымды тұлғалар комитеті;
      c) Тараптардың өкілдеріне қатысты - жіберуші Тарап қабылдайды.
      3. Артықшылықтар мен иммунитеттер қолданатын тұлғалар, өздерінің жоғарыда аталған артықшылықтары мен иммунитеттеріне залал келтірместен Тараптардың заңнамаларын құрметтеуі тиіс.

4-бап
Хатшылықтың артықшылықтары мен иммунитеттері

      1. Хатшылық, оның мүлкі мен активтері, қай жерде және кімнің иелегінде болсын, иммунитеттен бас тарту айқын білдірілген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік ықпалдың немесе сот жауапкершілігінің кез келген нысанынан иммунитетті пайдаланады. Ерекше жағдайларда ғана Атқарушы директордың ұсынысы бойынша АӨСШК-нің Аға лауазымды тұлғалар комитеті иммунитеттен бас тарту туралы шешім қабылдайды. Иммунитеттен бас тартудың ешқайсысы сот-атқару шараларына қолданылмайды.
      2) Хатшылықтың мұрағаты мен өзге де құжаттарына қол сұғылмайды.
      3) Қаржылық бақылаумен, ережелермен немесе мораторийдің қандай да бір түрімен шектелместен, Хатшылық өзінің мақсаттарына сәйкес қызметін жүзеге асыру үшін қажетті шекте Тараптардың аумағында тиісті Тараппен келісім бойынша қорлар немесе шоттар иеленуге құқылы.
      4) Белгілі бір қызмет түрлеріне төленетін төлемді қоспағанда, Хатшылық, оның активтері, кірістері мен басқа да мүлкі барлық тікелей салықтардан босатылады.

5-бап
Атқарушы директордың, Атқарушы директор орынбасарының
және кәсіби персонал мүшелерінің артықшылықтары мен
иммунитеттері

      1. Атқарушы директор, Атқарушы директордың орынбасары және кәсіби персоналдың мүшелері мынадай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады:
      a) жеке тұтқындаудан немесе ұстаудан иммунитет, сондай-ақ:
      і. Хатшылыққа немесе жоғарыда аталған тұлғалардың біреуіне тиесілі немесе олардың жүргізуіндегі автокөліктен туындаған жол-көлік оқиғасына байланысты зиянды төлеуге қатысты сот талаптарын;
      іі. аталған тұлғалардың іс-әрекеттері салдарынан туындаған кісі өлімі немесе дене жарақаттарына байланысты зиянды өтеуге қатысты сот талаптарын қоспағанда, олардың ресми өкілдер ретінде айтқан немесе жазған және жасаған барлық іс-әрекеттері үшін сот жауапкершілігінен иммунитетті;
      b) иммиграция және олар уақытша болатын немесе өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде өтетін Тараптың аумағында шетелдіктерді міндетті тіркеу бойынша шектеулерден босатылады;
      c) тиісті Тарап аумағында дипломатиялық агенттерге берілетін сияқты валютамен жасалатын операцияларға қатысты артықшылықтарды;
      d) халықаралық дағдарыстар уақытында дипломатиялық агенттер пайдаланатын сияқты репатриация бойынша жеңілдіктерді де пайдаланады;
      e) осы Баптың 1-тармағының (b) және (d) тармақшаларының ережелері отбасы мүшелеріне де қолданылуы тиіс.
      2. Тарап осы Баптың 1-тармағында айтылған артықшылықтар мен иммунитеттерді:
      а) өз азаматтарына немесе тұрақты резиденттерге;
      b) өзімен дипломатиялық қатынастар орнатылмаған Тараптың азаматтарына беруге міндетті емес.

6-бап
Тараптар өкілдерінің артықшылықтары мен иммунитеттері

      1. Тараптар өкілдеріне олар өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде және отырыс өткізілетін жерге бару және қайту кезінде мынадай артықшылықтар мен иммунитеттер беріледі:
      а) жеке тұтқындаудан немесе ұстаудан және олардың өкілдер ретінде айтқан, жазған немесе жасаған барлық іс-әрекеттерінен иммунитет, сондай-ақ АӨСШК отырыстары өтіп жатқан Тараптардан кез келген сот жауапкершілігінен иммунитет;
      b) олардың барлық қағаздарына, құжаттарына және электрондық деректер тасығыштарына қол сұғылмайды;
      с) олардың өздері және олармен бірге жүретін жұбайлары (зайыптары) иммиграция, олар уақытша болатын Тараптың аумағында немесе өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде өтетін аумақта шетелдіктерді міндетті тіркеу бойынша шектеулерден босатылады;
      d) уақытша қызметтік іссапарларда жүрген шет мемлекеттердің өкілдеріне берілетін сияқты валюталық шектеулерге немесе валюта айырбастауға қатысты жеңілдіктер;
      e) дипломатиялық агенттерге берілетін сияқты олардың жеке қол жүгіне қатысты иммунитеттер мен жеңілдіктер.
      2. Тарап осы Баптың 1-тармағында айтылған артықшылықтар мен
иммунитеттерді:
      a) өз азаматтарына немесе тұрақты резиденттерге;
      b) өзімен дипломатиялық қатынастар орнатылмаған Тараптың азаматтарына беруге міндетті емес.

7-бап
Визалар

      1. Тараптар Хатшылықтың Атқарушы директорына, Атқарушы директорының орынбасарына және кәсіби персоналының мүшелеріне, сондай-ақ АӨСШК отырыстарына қатысатын АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің өкілдеріне виза беру кезінде барлық қажетті жәрдем көрсетеді.
      2. Тарап өзімен дипломатиялық қатынастар орнатылмаған Тараптың азаматтарына виза беруге міндетті емес.

8-бап
Басқа халықаралық шарттардан туындайтын
құқықтар мен міндеттерге әсері

      Осы Конвенция Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін қозғамауға және қозғаушы ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

9-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Конвенция АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық.
      2. Осы Конвенция, оған қол қойған мемлекеттердің ратификациялауына, қабылдауына және бекітуіне жатады. Осы Конвенция АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Осы Конвенция, депозитарий ратификациялаудың, қабылдаудың, бекітудің немесе қосылудың он төртінші құралын алған күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді. Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін оны ратификациялайтын, қабылдайтын, бекітетін немесе оған қосылатын АӨСШК-ге мүше мемлекет үшін осы Конвенция ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу құралы сақтауға өткізілген күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
      3. Хатшылық осы Конвенцияның депозитарийі болып табылады. Депозитарий осы Конвенцияның күшіне ену күні туралы, сондай-ақ тиісті Тараптардан ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе қосылу құралдарын алғаны туралы Тараптарды хабардар етеді.
      4. Осы Конвенция Тараптардың өзара келісімі бойынша Хаттамамен өзгертілуі мүмкін. Хаттама осы Баптың 2-тармағына сәйкес күшіне енеді.
      5. Кез келген Тарап кез келген уақытта Депозитарийге жазбаша хабарлама жіберу жолымен осы Конвенциядан шыға алады. Бұл Тарапқа қатысты осы Конвенцияның қолданылуы Депозитарий мұндай хабарламаны алған күнінен бастап 6 ай өткен соң тоқтатылады.

      Жалғыз түпнұсқа данада ағылшын тілінде _______________ жасалды.

Әзірбайжан Республикасы үшін

Ауғанстан Ислам Республикасы үшін

Қытай Халық Республикасы үшін

Египет Араб Республикасы үшін

Үндістан Республикасы үшін

Иран Ислам Республикасы үшін

Израиль Мемлекеті үшін

Иордан Хашимиттік Корольдігі үшін

Қазақстан Республикасы үшін

Корея Республикасы үшін

Қырғыз Республикасы үшін

Моңғолия үшін

Пәкістан Ислам Республикасы үшін

Палестина Мемлекеті үшін

Ресей Федерациясы үшін

Тәжікстан Республикасы үшін

Таиланд Корольдігі үшін

Түркия Республикасы үшін

Біріккен Араб Әмірліктері үшін

Өзбекстан Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады