Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы туралы Ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 28 тамыздағы N 1428 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 814 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 04.05.2014 N 814 Жарлығымен.

"Актілер жинағында" 
жариялануға тиіс  

      "Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 5 желтоқсандағы Заңына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы туралы Ереже бекiтiлсiн.

      2. Мыналардың:
      1) "Республикалық ұлан туралы Ереженi бекiту туралы, Республикалық ұланның ұйымдық құрылымын анықтау және санын белгiлеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 18 желтоқсандағы N 2689 Жарлығының;
      2) "Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр Жарлықтарына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 5 наурыздағы N 3396 Жарлығының 1-тармағының;
      3) "Республикалық ұлан Қолбасшысының басқармасын тарату және Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 18 желтоқсандағы N 2689 Жарлығына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1998 жылғы 25 ақпандағы N 3855 Жарлығының 2-тармағының;
      4) "Республикалық ұланның ұйымдық құрылымын және әскери қызметшiлерiнің, жұмысшылары мен қызметшiлерiнiң жалпы штат санын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 22 қаңтардағы N 30 Жарлығының 6-тармағының күшi жойылған деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы
Президентiнiң    
2004 жылғы 28 тамыздағы
N 1428 Жарлығымен  
Бекітілген      

Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 06.05.2013 № 562 Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы (бұдан әрі - Республикалық ұлан) - Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жататын және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
      2. Республикалық ұлан өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Республикалық ұлан мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, нақты және шартты атауы, туы, бөлімдердің жауынгерлік жалаулары, мемлекеттік тілде жазылған өз атауы бар мөрлері мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      4. Республикалық ұлан азаматтық-құқықтық қарым-қатынастарға жеке өзінің атынан түседі.
      5. Республикалық ұланға заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілсе, оның мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қарым-қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      6. Республикалық ұлан өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамамен белгіленген тәртіпте Республикалық ұлан Қолбасшысының бұйрығымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      7. Республикалық ұланның құрылымы мен штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
      8. Республикалық ұланның орналасқан орны: Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Кенесары көшесі, 27.
      9. Мемлекеттік органның толық атауы - «Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы» мемлекеттік мекемесі.
      10. Осы Ереже Қазақстан Республикасы Республикалық ұланының құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Республикалық ұланның қызметін қаржыландыру Республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      12. Республикалық ұланға кәсіпкерлік субъектілерімен Республикалық ұланның функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуіне тыйым салынады. Егер Республикалық ұланға кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы заңнамалық актілерде берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Республикалық ұланның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      13. Республикалық ұланның миссиясы:
      1) күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген өзге де міндеттерді орындау;
      2) төтенше жағдайлар туындаған кезінде іс-қимылға әзір болу;
      3) Мемлекеттік протоколға сәйкес іс-шараларды орындау.
      14. Республикалық ұланның міндеттері:
      1) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу;
      2) рәсімдік жоралғыларды атқаруға қатысу;
      3) тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын аса маңызды мемлекеттік объектілерді, сондай-ақ ғимараттарды, құрылыстарды және қызметтік үй-жайларды күзету;
      4) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзету;
      5) соғыс және төтенше жағдай режимі кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіпте іс-шараларды жүзеге асыру;
      6) Қазақстан Республикасының Президенті белгіленген өзге де міндеттер болып табылады.
      15. Республикалық ұланның функциялары:
      1) жауынгерлік және жедел әзірлікте ұстау, жауынгерлік дайындық, заңдылық пен құқық тәртібін сақтау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді;
      2) жауынгерлік және жедел әзірліктің жай-күйін бақылайды. үйлестіреді, қызметін бағыттайды және оған инспекция жасайды:
      3) құрылымдық бөлімшелерді жасақтауды, тереңдетілген медициналық куәландыру жүргізе отырып әскери қызметке кәсіби іріктеуді ұйымдастырады;
      4) материалдық-техникалық құралдарды сатып алуды ұйымдастырады және оларды тиімді жұмсау мен пайдалануды, республикалық бюджеттен өзін қамтуға бөлінген қаржы қаражатын алуды қамтамасыз етеді;
      5) қызметтік үй-жайлардың, ғимараттардың, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық және шаруашылық мақсаттағы объектілерді салу мен жөндеуді ұйымдастырады, оған бақылау жасайды;
      6) әскери қызметшілердің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің медициналық қамтамасыз етілуін, тұрғын үй, материалдық-тұрмыстық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шараларды іске асырады;
      7) қарулануға (жабдықтау мен пайдалануға) қару-жарақтың, оқ-дәрілердің және әскери техниканың жаңартылған жаңа үлгілерін қабылдауды, сондай-ақ қаруланудан (жабдықтаудан, пайдаланудан) ескірген үлгілерін шығаруды ұйымдастырады;
      8) нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысады, сондай-ақ оларды өзі әзірлейді;
      9) Республикалық ұланның мұқтажы үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырады және шарт-талап қою және қуыным жұмыстарын жүзеге асырады;
      10) күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде терроризмге қарсы операцияларға қатысады, сондай-ақ терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимін қамтамасыз етеді;
      11) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз етеді;
      12) Республикалық ұланға жедел басқару құқығында бекітілген әскери мүлікті есепке алуды іске асырады;
      13) Республикалық ұланға жедел басқару құқығында бекітілген, пайдаланбайтын әскери мүлікті есептен шығаруды іске асырады;
      14) ведомствоға бағынысты мемлекеттік мекемелердің жедел басқару құқығындағы пайдаланбайтын әскери мүлікті есептен шығаруды келіседі;
      15) өткізуге, кәдеге жаратуға және жалға беруге жататын пайдаланбайтын әскери мүлік тізбесін айқындайды және оны Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жанындағы Әскери-техникалық комиссияның қарауына одан әрі пайдалану (беру, өткізу, кәдеге жарату және жалға беру) туралы шешім қабылдау үшін енгізеді;
      16) заңнамаға сәйкес өзге де функциялар.
      16. Құқықтары мен міндеттері:
      Республикалық ұланның заңнамасында белгіленген тәртіппен өз міндеттерін іске асыру және функцияларын жүзеге асыру үшін:
      1) барлық жеке құрамның орындауы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға;
      2) жеке және заңды тұлғалардан қажетті ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;
      3) өз міндеттерін жүзеге асыруға кедергі келтіретін адамдардың құқыққа қарсы әрекеттерін тоқтатуды талап етуге, ал талапты орындамаған жағдайда «Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шараларды қолдануға;
      4) азаматтарды және лауазымды адамдарды күзетілетін объектілерге өткізу кезінде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге;
      5) күзетілетін адамдарға немесе күзетілетін объектілерге қатысты құқыққа қарсы әрекет жасаған адамдарды ұстауға, кейін оларды құқық қорғау органдарына тапсыруға;
      6) күзетілетін объектілерде көлік құралдары мен жүктерге жете тексеру жүргізуге;
      7) «Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіпте қаруды, жауынгерлік техниканы, арнайы құралдар мен дене күшін қолдануға;
      8) төтенше жағдай кезінде міндеттерін атқаруда телекоммуникациялық желілерді пайдалануға;
      9) қару-жарақ, арнайы құралдар мен техника сатып алуға;
      10) өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
      11) Республикалық ұланның арнайы даярлықтан өткен әскери қызметшілеріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде жауынгерлік қолмен ату қаруы мен арнайы құралдарды сақтауға, алып жүруге рұқсат етіледі. Дене күшін, арнайы құралдарды және атыс қаруын қолданумен байланысты жағдайда іс-қимылға жарамдылығына әскери қызметшілерге кезеңдік тексеру жүргізуге;
      12) Қазақстан Республикасы Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің қарамағындағы оқу орындарында және ғылыми-зерттеу мекемелерінде, сондай-ақ басқа мемлекеттердің оқу орындарында, оның ішінде арнайы оқу орындарында келісімшарт негізінде даярлық пен кадрлардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыруға құқығы бар.
      Республикалық ұланға мынадай негізгі міндеттер жүктеледі:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Қазақстан  Республикасы Мемлекет басшысының, экс-президенттері мен олардың отбасыларының және Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен тізбе бойынша мемлекеттің лауазымды адамдарының, сондай-ақ шет мемлекеттердің басшылары, шетелдердің үкімет басшылары және халықаралық ұйымдар басшылары Қазақстан Республикасының аумағында болған кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      2) тізбесін Қазақстан  Республикасының Президенті айқындайтын аса маңызды мемлекеттік объектілерді, сондай-ақ күзетілетін адамдардың болуы үшін бөлінген үйлерді, құрылыстарды, ғимараттар мен оған іргелес жатқан аумақтар мен су айдындарын, әуе кемелерін, жерүсті көлігін және су көлігін, олардың тұрған жерлерін күзету;
      3) өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы операцияларға қатысу, сондай-ақ терроризмге қарсы операциялардың құқықтық режимін қамтамасыз ету;
      4) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының эталондарын күзету;
      5) протоколдық іс-шараларды өткізу кезінде, Қазақстан Республикасының мерекелері мен салтанаттарында рәсімдік жоралғыларды атқаруға қатысу;
      6) әскери және төтенше жағдай режимі кезінде заңнамада  көзделген тәртіпте іс-шараларды жүзеге асыру.

3. Республикалық ұланның қызметін ұйымдастыру

      17. Республикалық ұланға жүктелген міндеттердің атқарылуына және функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болатын Қолбасшы басшылық жасайды. Қолбасшыны Қазақстан  Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
      18. Қолбасшының екі орынбасары, оның ішінде бір бірінші орынбасары болады. Республикалық ұлан қолбасшысының орынбасарларын Қолбасшының ұсынуы бойынша Қазақстан  Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
      19. Қолбасшының өкілеттігі:
      1) өз орынбасарларының, Республикалық ұлан құрамалары мен бөлімдері командирлерінің штатқа сай міндеттерін айқындайды;
      2) Республикалық ұланның қызметтік-жауынгерлік қызметіне, жауынгерлік даярлығына жетекшілік етеді және оның жай-күйіне бақылауды жүзеге асырады;
      3) Республикалық ұланды әскери қызметшілермен жасақтау жоспарын бекітеді;
      4) Республикалық ұланға ведомстволық қарасты мемлекеттік мекемелерді құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар енгізеді;
      5) Қазақстан  Республикасының Президенті бекіткен штат саны лимитінің шегінде Республикалық ұлан құрамаларының, әскери бөлімдері мен орталық аппаратының құрылымы мен штатын бекітеді;
      6) құрама командирінің орынбасарына дейінгі лауазымға Республикалық ұланның әскери қызметшілерін тағайындайды, Республикалық ұлан Қолбасшысының орынбасарларын және құрамалары командирлерін лауазымға тағайындау туралы Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар енгізеді;
      7) бастапқы офицерлік атақты және полковникке дейінгі қоса алғанда офицерлік атақтарды береді;
      8) Республикалық ұланның барлық әскери қызметшілерінің орындауы үшін міндетті бұйрықтар, директивалар шығарады, нұсқаулар береді, Республикалық ұланның жоспарларын, нұсқаулықтары мен ережелерін, әскери және арнайы даярлық бағдарламаларын бекітеді;
      9) барлық мемлекеттік және өзге ұйымдарда, сондай-ақ осындай рәсімдік функцияларды жүзеге асыратын шет мемлекеттердің ұйымдарында Республикалық ұлан атынан өкілдік етеді;
      10) Республикалық ұланның әскери қызметшілеріне жоғары әскери атақ беру және әскери қызметшілерін, қызметшілері мен жұмысшыларын наградтау туралы, сондай-ақ құрметті атақтар беру туралы Қазақстан  Республикасының Президентіне ұсыныстар енгізеді;
      11) Республикалық ұланның әскери қызметшілерін, жұмысшылары мен қызметшілерін наградтайды, марапаттайды және оларға тәртіптік жазалар қолданады;
      12) өз құзыреті шегінде лауазымға тағайындайды, қызмет бабында жылжыту, әскери атақтар беру мен төмендету, сондай-ақ әскери қызметшілерді Республикалық ұлан қатарынан запасқа және отставкаға шығару мәселелерін шешеді;
      13) Республикалық ұланның құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;
      14) азаматтардың, Республикалық ұланның әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелерінің, сондай-ақ қызметшілері мен жұмысшыларының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін олардың өтініштерін қарауды ұйымдастырады;
      15) Республикалық ұланның Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Ішкі істер министрлігімен, Қарулы Күштерімен, басқа да әскерлері және әскери құрамаларымен, сондай-ақ басқа да орталық атқарушы органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастырады;
      16) қызметтік куәліктердің үлгілерін, оларды беру және есепке алу тәртібін белгілейді;
      17) әскери қызметшілерді Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің оқу орындарына және әскери-оқу орындарына оқуға жіберу қағидаларын бекітеді;
      18) Республикалық ұланның әскери қызметшілерін арнайы тексеруден өткізуді ұйымдастырады;
      19) қару-жарақтың, әскери техниканың, күрделі қаражат салымдары мен басқа да күрделі салымдардың және басқа да материалдық-техникалық құралдардың негізгі түрлеріне тапсырыс берудің, сатып алудың көлемін бекітеді, сондай-ақ оларды, бюджеттік қаржыны бағынысты әскери бөлімдерге бөлуді жүргізеді;
      20) Республикалық ұланда құпияландыруға жататын мәліметтердің тізбесін бекітеді.
      Республикалық ұлан қолбасшысы орнында болмаған кезеңде қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны ауыстыратын адам оның өкілеттігін атқарады.
      21. Республикалық ұланда Ұлан кеңесі құрылады. Кеңестің міндеттерін, қызмет тәртібін және дербес құрамын, сондай-ақ ол туралы ережені Қолбасшы бекітеді. Кеңестің шешімдері Қолбасшының бұйрығымен бекітіледі.
      22. Республикалық ұланда ведомстволық мұрағат құрылады.
      23. Республикалық ұлан әскери қызметшілерінің әскери қызмет өтілін есептеу Қазақстан  Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпте арнайы әскери құралым ретінде есептеледі.
      24. Республикалық ұлан әскери қызметшілерінің жауынгерлік қызмет атқаруы жауынгерлік міндеттерді орындау болып табылады және жеке өзі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметімен бірлесіп өткізетін іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға негізделеді. Республикалық ұланның және Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің әскери қызметшілері бірлескен қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында Қазақстан  Республикасы Президентінің Күзет қызметінің аға лауазымды тұлғасы  Республикалық ұланның әскери қызметшілері үшін жедел бастық болып табылады.
      25. Республикалық ұланның орталық аппаратын аппарат басшысы басқарады, ол Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

4. Республикалық ұланның мүлкі

      26. Республикалық ұланның жедел басқару құқығында оқшауланған
мүлкі болады.
      Республикалық ұланның мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен құралады және негізгі қорлар мен айналымдағы қаражаттан, сондай-ақ баланста құны көрсетілген өзге де мүліктен, сондай-ақ өз қызметінің нәтижесінде сатып алынған (ақшалай кірісті қоса алғанда) мүліктен және Қазақстан  Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден тұрады.
      27. Республикалық ұланға бекітілген мүлік Республикалық меншікке жатады.
      28. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Республикалық ұланның өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша оған берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруына немесе оған өзгедей тәсілмен иелік етуіне құқығы жоқ.

5. Республикалық ұланды қайта ұйымдастыру және тарату

      29. Республикалық ұланды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Республикалық ұланның қарамағындағы мемлекеттік мекемелердің тізбесі

      1. 0111 әскери бөлімі;
      2. 0112 әскери бөлімі;
      3. 0116 әскери бөлімі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады