Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңес құру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 мамырдағы № 823 Жарлығы.


      Қазақстан Республикасының

      Президенті мен Үкіметі актілерінің

      жинағында жариялануға тиіс

      Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" кешуі жөніндегі тұжырымдаманың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Кеңес туралы ереже бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын қажетті ұйымдастыру және өзге де шараларды қабылдасын.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 26 мамырдағы
№ 823 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы "Жасыл
экономикаға" көшу жөніндегі кеңес туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Қазакстан Республикасы Президентінің жанындағы "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңес (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдаманың (бұдан әрі - Тұжырымдама) іске асырылуын мониторингтеу және бағалау, мониторингтеу және бағалау базасында тиісті ұсынымдар әзірлеу, экономиканы "жасыл" әрі орнықты даму қағидаттарында жаңғыртуды қамтамасыз ететін Тұжырымдаманы іске асыру стратегиясын, тактикасы мен тетіктерін айқындау мақсатында құрылатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Өз қызметінде Кеңес Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын және осы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңес туралы ережені (бұдан әрі -Ереже) басшылыққа алады.

      3. Кеңестің қызметін қамтамасыз етуді Кеңестің жұмыс органы жүзеге асырады.

      4. Қазақстан Республикасының Экология жəне табиғи ресурстар министрлігі Кеңестің жұмыс органы (бұдан әрі – жұмыс органы) болып табылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 03.01.2024 № 429 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

2. Кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары

      5. Кеңестің негізгі міндеттері:

      1) Тұжырымдаманың негізгі ережелерін іске асыру, оны іске асырудың стратегиясы мен тактикасын, әдістері мен тетіктерін айқындау жөнінде ұсыныстар дайындау;

      2) Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 2021–2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының неғұрлым маңызды әлеуметтік-экономикалық іс-шараларының нәтижелерін мониторингтеу, оларды іске асыруға кедергі болатын проблемаларды анықтау, сондай-ақ өндірісті және табиғат пайдалануды экологияландыру бағытында межеленген өзгерістерді толық көлемде орындауды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар дайындау;

      3) "жасыл экономикаға" көшу бойынша неғұрлым маңызды проблемаларды шешуде атқарушы биліктің орталық және жергілікті органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өзара іс-қимыл жасауының тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар, оның ішінде экономиканы "жасыл" дамыту үшін қолайлы ахуал мен жағдайлар жасауға бағытталған шаралар қолдану жөнінде ұсыныстар дайындау;

      4) мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары мен даму бағдарламаларын, салалық бағдарламаларды Тұжырымдаманың басымдықтары мен қағидаттарына сәйкес келтіру бойынша бақылауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      5) қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын Тұжырымдаманың бағыттарын, кезеңдерін, іске асырылу әдістері мен тетіктерін талқылауға тарту болып табылады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      6. Кеңестің негізгі функциялары:

      1) Тұжырымдаманың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау;

      2) мониторингтеу және бағалау базасында тиісті ұсынымдар мен ұсыныстар тұжырымдау;

      3) әр үш жыл сайын "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі ұлттық баяндаманы қарау;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі тұжырымдаманың басымдықтары мен қағидаттарына сәйкес қарау;

      5) елдің "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың мазмұнын қарау және бағалау;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.

3. Кеңестің құқықтары

      7. Кеңестің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген

      тәртіппен және өз құзыреті шегінде:

      1) Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыруға байланысты мәселелер жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар енгізуге;

      2) консультациялар өткізуге, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан ақпарат сұратуға және алуға;

      3) проблемалық мәселелерді талқылауға қатысу үшін кәсіпкерлерді, мамандарды, ғалымдар мен тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқығы бар.

4. Кеңестің қызметін ұйымдастыру

      8. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңестің төрағасы болып табылады.

      9. Алып тасталды – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.
      10. Алып тасталды – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      11. Кеңес отырыстарын Кеңестің төрағасы не оның тапсырмасы бойынша Кеңес төрағасының орынбасары жүргізеді.

      12.Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, Кеңес отырыстары заңды деп есептеледі.

      13. Кеңес мүшелері оның отырысына алмастыру құқығынсыз қатысады.

      14. Кеңес отырыстары жартыжылдықта бір реттен жиі өткізілмейді. Қажет болған жағдайда Кеңес төрағасының шешімі бойынша Кеңестің кезектен тыс отырыстары өткізілуі мүмкін.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 17.09.2014 № 911 Жарлығымен.

      15. Кеңес шешімдері отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Талқыланатын мәселе бойынша дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      16. Кеңес мүшесі қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, өзінің ерекше пікірін білдіруге құқылы.

      17. Кеңес отырыстарының қорытындылары бойынша хаттамамен ресімделетін шешімдер қабылданады.

      18. Кеңес хатшысы:

      1) Кеңес отырыстары күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

      2) Кеңес отырыстарына материалдарды, сондай-ақ хаттамалық шешімдердің жобаларын дайындауды ұйымдастырады.

5. Кеңестің жұмыс органы

      19. Кеңестің жұмыс органы:

      1) Кеңесте қарау үшін ұсыныстар жинауды жүзеге асырады, Кеңестің қарауына мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар енгізетін ұсыныстарды қалыптастырады;

      2) Кеңес шешімдерінің орындалуын бақылайды;

      3) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардан Кеңестің міндеттерін орындау үшін қажетті ақпаратты сұратады;

      4) Кеңес мүшелерін Кеңес отырыстарының өткізілетін орны, уақыты мен күн тәртібі туралы хабардар етеді және оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді.

6. Кеңестің жұмыс топтары

      20. Кеңестің алдына қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында оның шешімімен мынадай мәселелер бойынша Кеңестің жұмыс топтары құрылады:

      1) қаржылық және инвестициялық саясат;

      2) су ресурстарын басқару;

      3) ауыл шаруашылығын дамыту;

      4) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру;

      5) электр энергетикасын, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерін дамыту;

      6) қалдықтарды басқару;

      7) ауаның ластануын азайту;

      8) экожүйелерді басқару;

      9) халықты ағарту және оның экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

      21.Кеңес төрағасы жұмыс топтарының құрамын Кеңестің отырысында бекітеді.

      22. Кеңестің жұмыс топтарының құрамдарына мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестіктерінің және шаруашылық жүргізуші субъектілердің басшылары болып табылатын Кеңес мүшелерінің өкілдері кіреді.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 17.09.2014 № 911 Жарлығымен.

      23.Жұмыс топтары Кеңеске ұсынымдар тұжырымдайды, олар Кеңес отырысында қаралып, хаттамамен бекітіледі.

      24. Кеңестің жұмыс топтарының жұмысына қатысу алмастыру құқығынсыз жүзеге асырылады.

7. Кеңестің қызметін тоқтату

      25. Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі Кеңестің қызметін тоқтатуға негіз болып табылады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2014 жылғы 26 мамырдағы
№ 823 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңестің
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрамы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Экология жəне табиғи ресурстар вице-министрі, хатшы

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі

      Қазақстан Республикасының Әділет министрі

      Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі

      Қазақстан Республикасының Көлік министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі

      Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі

      Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі

      Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика министрі

      Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін кеңесшісі

      "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының Орталық Азиядағы директоры (келісім бойынша)

      Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты үйлестірушісі/Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі (келісім бойынша)

      "Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің төралқа төрағасы (келісім бойынша)

      "Жасыл Академия" ғылыми-білім беру орталығының директоры (келісім бойынша)

      "Жасыл" экономиканы" қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басшысы (келісім бойынша)

      "KazWaste" қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры (келісім бойынша)

      "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады