Қазақстан Республикасы
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы адамдарды ұстап беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Жақып Қажманұлы Асановқа Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы адамдарды ұстап беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 23 қарашадағы
№ 374 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі
арасындағы адамдарды ұстап беру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі
әрбір Тараптың егемендігін өзара құрметтеу негізінде, қылмысқа қарсы іс-қимыл мақсатында екі Тарап арасындағы тиімді ынтымақтастыққа ықпал етуге ниет білдіре отырып,
осы Келісімнің мақсатына адамдарды ұстап беру мәселелерінде бірлескен іс-қимылдарды белгілейтін екіжақты уағдаластықтар арқылы қол жеткізілетінін назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Ұстап беру міндеттемесі
Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес әрбір Тарап өзінің аумағында жүрген және ұстап беруге әкелетін қылмыстық әрекет жасағаны үшін екінші Тарап жауапқа тартқан немесе қылмыстар үшін екінші Тараптың құзыретті сот инстанциялары тағайындаған сот үкімінің орындалуын қамтамасыз ету үшін сұратылып отырған кез келген адамды немесе адамдарды екінші Тарапқа ұстап беруді қамтамасыз етуге міндеттенеді.
2-бап. Орталық орган
1. Қазақстан Республикасы үшін Бас прокуратура орталық орган болып табылады. Иордан Хашимит Корольдігі үшін Әділет министрлігі орталық орган болып табылады. Өздерінің орталық органдарының атаулары өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда Тараптар ол туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар өзара тікелей не дипломатиялық арналар арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
3-бап. Ұстап беруге әкелетін қылмыстар
1. Осы Келісімнің мақсаттарына сәйкес ұстап беруге әкелетін қылмыстар деп екі Тараптың да заңнамасына сәйкес кемінде бір жыл мерзімге түрмеге қамау түріндегі немесе бас бостандығынан айырудың басқа түріндегі жазаға немесе одан да қатаң жазаға әкелетін қылмыстар түсініледі.
2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу қылмыс жасауда кінәлі деп танылған және түрмеге қамау немесе бас бостандығынан айырудың басқаша түрі туралы үкімді күшіне енгізу үшін іздестіріліп жатқан адамға қатысты болса, ұстап беру, егер үкім мерзімінің аяқталуына дейін кемінде алты (6) ай қалған жағдайда ғана немесе оған орындалуы талап етілетін, орындаудың жиынтық мерзімі алты (6) айдан ерте болмайтын кезеңде өтетін бірнеше үкім шығарылғанда ғана рұқсат етіледі.
3. Кеден, салық заңнамасын және валюталық реттеу саласындағы заңнаманы бұзуға байланысты қылмыстарға қатысты ұстап беруден Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына ұқсас салықтық және кедендік норма немесе валюталық реттеу саласындағы норма көзделмейді деген негізде бас тартуға болмайды.
4. Егер қылмыс Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалса, ұстап беру, егер Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасында нақ осындай мән-жайларда оның аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін жаза көзделсе, жүзеге асырылады.
5. Егер ұстап беру туралы сұрау салу екі Тараптың да ұлттық заңнамасына сәйкес әрқайсысы жазаланатын және сонымен бірге олардың кейбіреулері осы баптың 1 және 2-тармақтарында айтылған талаптарға сай келмейтін бірнеше қылмысқа қатысты болса, онда бұл жағдайда Сұрау салынатын Тарап ұстап беруге рұқсат етуге құқылы.
4-бап. Бас тарту үшін міндетті негіздер
1. Егер:
а) соларға қатысты сұрау салынып отырған қылмыстарды Сұрау салынатын Тарап саяси қылмыстар деп таныса, ұстап беруден бас тартылуға тиіс;
b) сондай-ақ, егер Сұрау салынатын Тарапта әдеттегі қылмысқа негізделген ұстап беру туралы сұрау салу адамды оның нәсіліне, дініне, ұлтына, жынысына, әлеуметтік мәртебесіне, этникалық шығу тегіне немесе саяси көзқарастарына байланысты қудалау немесе жазалау мақсатында немесе осы адамға жоғарыда тізбеленген себептердің кез келгені бойынша нұқсан келтіру мүмкіндігімен жасалған деп пайымдауға елеулі негіздер болса, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін;
c) егер Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тарапқа іздестіріліп жатқан адамға өлім жазасы тағайындалмайтыны, ал тағайындалған жағдайда орындалмайтыны туралы жеткілікті кепілдіктер бермесе ғана, соған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмыс Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша өлім жазасымен жазаланатын болса;
d) егер Сұрау салынатын Тарапта ұстап берілуі сұратылып отырған адам оны ұстап берген жағдайда адамның негізгі құқықтарының қандай да бір бұзылуына немесе азаптауларды қолдану қаупіне ұшырауы мүмкін деп пайымдауға дәйекті негіздер болса;
e) адамды ұстап беру туралы сұрау салу алынған кезде Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес ескіру мерзімінің өтуі салдарынан не Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес өзге де негіз бойынша қылмыстық қудалауды бастау немесе үкімді орындау мүмкін болмаса, ұстап беруден бас тартылуға тиіс. Сұрау салынатын Тарап ескіру мерзімдерін есептеу кезінде Сұрау салушы Тараптың аумағында осы мерзімдердің үзілуіне немесе тоқтатыла тұруына байланысты кез келген мән-жайларды ескеруге тиіс;
f) ұстап берілуі сұратылып отырған адамға қатысты Сұрау салынатын Тараптың аумағында нақ сол әрекеті үшін заңды күшіне енген сот үкімі немесе іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы шешім шығарылса;
g) соған қатысты ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен адамға Сұрау салынатын Тарап пана берген болса;
h) Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру өз мемлекетінің егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе өзге де мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін не оның конституциясына және оның ұлттық заңнамасына қайшы келеді деп санаса;
і) ұстап беру Сұрау салынатын Тараптың әдеттегі қылмыстық құқығында ұқсастығы жоқ әскери қылмыс үшін сұратылып отырса, ұстап беруден бас тартылуға тиіс.
2. Осы Келісімнің мақсаттарында мынадай қылмыстар саяси болып саналмайды:
а) адам өлтіру, ұрлау немесе адамға немесе оның бостандығына басқа да қатер төндіру;
b) мемлекет, үкімет басшысын, олардың отбасы мүшелерін қорқыту, өлтіруге, ұрлауға немесе олардың өміріне, денсаулығына немесе бостандығына басқа да елеулі қатер төндіруге оқталу немесе сыбайлас ретінде қатысу;
c) геноцид, соғыс кезінде жасалған қылмыстар, бейбітшілікке және адамзатқа қарсы бағытталған қылмыстар;
d) Тараптар халықаралық шарт негізінде ұстап беруге әкелетін қылмыс деп қарауға міндеттеме ретінде қабылдаған кез келген басқа да қылмыс.
3. Егер Сұрау салынатын Тарап осы баптың 1-тармағы е) тармақшасының негізінде адамды ұстап беруден бас тартуға ниеттенсе, ол Сұрау салушы Тараппен консультация өткізуге тиіс.
5-бап. Бас тарту үшін факультативтік негіздер
Мынадай жағдайларда:
а) егер оған қатысты ұстап беру туралы сұрау салу келіп түскен қылмыс Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес оның юрисдикциясына жататын болса;
b) егер қылмыс Сұрау салынатын Тараптан тыс жерде жасалып, бірақ Сұрау салынатын Тараптың мүдделеріне қарсы бағытталса, адамды ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.
6-бап. Азаматтарды ұстап беру
1. Әрбір Тарап өз азаматтарын ұстап беруден бас тартуға құқылы.
2. Өз азаматтарын ұстап беруден бас тартқан жағдайда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша адамды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық қудалауды қамтамасыз етуге міндеттенеді. Ол үшін Сұрау салушы Тарап тиісті тергеу материалдарын, сот шешімдерін, дәлелдемелерді, сондай-ақ кез келген басқа да құжаттар мен ақпаратты орталық органдар арқылы ұсынуға міндетті.
3. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа осындай сұрау салу бойынша қолданылған іс-қимылдар туралы және іс бойынша талқылау қорытындылары туралы дереу хабарлайды.
7-бап. Адамды ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар
1. Ұстап беру туралы сұрау салу жазбаша нысанда жасалуға және мыналарды:
a) іздестіріліп жатқан адамның жеке басын және азаматтығын анықтау үшін қажетті ақпаратты, мүмкіндігінше фотосуреттерді немесе саусақ іздерін ұсынуды;
b) қылмыс жасалған күнді және жерді көрсете отырып, соған байланысты адамды ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмыстың мән-жайлары туралы ақпаратты;
c) соған байланысты ұстап беру туралы сұрау салу жолданған қылмысты сипаттайтын және ол үшін жазаны белгілейтін тиісті заңның мәтінін;
d) қылмыс үшін қылмыстық қудалаудың немесе жазаны орындаудың уақытын шектеуге қатысты тиісті заңның мәтінін және оның сұрау салуда көрсетілген қылмысқа қатысты қолданылуы бойынша ақпаратты;
e) соған қатысты ұстап беру туралы сұрау салу келіп түсетін қылмыс Сұрау салушы Тараптың аумағынан тыс жерде жасалғанда, мұндай қылмыстар бойынша Сұрау салушы Тараптың юрисдикциясын көздейтін тиісті заңның мәтінін қамтуға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағының талаптарына қосымша ретінде ұстап беру туралы сұрау салуға:
a) егер сұрау салу қылмыстық қудалауға байланысты болса, Сұрау салушы Тараптың судьясы немесе орталық органы растаған қамаққа алу туралы сот шешімінің/ордерінің көшірмесі;
b) егер сұрау салу үкімді орындауға байланысты болса, ол Сұрау салушы Тараптың судьясы немесе орталық органы растаған заңды күшіне енген сот үкімінің көшірмесімен, жазаның өтелген және өтеуге жататын бөлігі туралы анықтамамен бірге беріледі;
с) адам сырттай сотталған жағдайда Сұрау салушы Тараптың тиісті заңының оған айыптау үкіміне шағым беруге мүмкіндік беретін мәтіні қоса берілуге тиіс.
8-бап. Қосымша ақпарат
1. Егер Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарап ұсынған ақпаратты осы Келісімге сәйкес ұстап беруді жүзеге асыру үшін жеткіліксіз болып табылады деп санаса, Сұрау салынатын Тарап қосымша аппарат сұрата алады. Бұл ақпарат мұндай сұрау салуды алған кезден бастап алпыс (60) тәулік ішінде ұсынылуға тиіс.
2. Егер іздестіріліп жатқан адам қамаққа алынған болса және сұратылатын қосымша ақпарат осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім ішінде алынбаса, адам күзеттен босатылуы мүмкін. Дегенмен, мұндай босату кейіннен қосымша ақпарат келіп түскен кезде іздестіріліп жатқан адамды қайта қамаққа алуға және ұстап беруге кедергі келтірмеуге тиіс.
3. Егер адам осы баптың 2-тармағына сәйкес күзеттен босатылса, Сұрау салынатын Тарап ол туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етуге тиіс.
9-бап. Құжаттардың және аудармалардың жарамдылығы
1. Тараптардың құзыретті органдарының мөрімен расталған құжаттар іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру рәсімінде бұдан әрі сертификаттаусыз, түпнұсқалылығын анықтаусыз және заңдастырусыз жарамды болуға тиіс.
2. Іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде жасалуға және Сұрау салынатын Тараптың тіліне аудармасымен қоса берілуге тиіс.
10-бап. Шешім
1. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа өзінің шешімі туралы дереу хабарлай отырып, осы Келісімге және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім қабылдайды.
2. Егер Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беруден бас тартса, бас тартудың себептері Сұрау салушы Тарапқа хабарланады.
11-бап. Арнайы қағида
1. Осы Келісімге сәйкес ұстап берілген адам мыналардан:
a) сол үшін ұстап беру қанағаттандырылған қылмыстан; немесе
b) ол да ұстап беруді көздейтін және сол үшін ұстап беру туралы сұрау салу негізделген фактілердің дәлелдемесі негізінде адам сотталуы мүмкін және ұстап беру туралы сұрау салу негізделген қылмыс сияқты нақ сондай немесе одан аз мөлшердегі жазамен жазаланатын кез келген басқа қылмыстан; немесе
с) Сұрау салушы Тараптың келісімімен ұстап беруге әкелетін кез келген басқа қылмыстардан басқа, оны ұстап беру алдында жасалған кез келген қылмысы үшін Сұрау салушы Тараптың аумағында сот тәртібімен ұсталмауға, қудаланбауға немесе оның жеке бас бостандығы қандай да бір басқа шектелмеуге тиіс. Сұрау салынатын Тараптың талап етуі бойынша келісу туралы өтінішке 7-бапта көрсетілген құжаттар, сондай-ақ жасалған қылмысқа байланысты ұстап берілетін адам жазған кез келген арыз қоса берілуге тиіс.
2. Осы Келісімге сәйкес ұстап берілген адамды Сұрау салушы Тарап оны ұстап бергенге дейін жасаған кез келген қылмысы үшін Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз үшінші бір мемлекетке қайта экстрадицияламайды немесе бермейді.
3. Егер:
a) осы адам ұстап берілген қылмысқа қатысты түпкілікті босатылғаннан кейін отыз (30) тәулік ішінде адам Сұрау салушы Тараптың аумағынан кету мүмкіндігі бола тұра, оны жасамаса; немесе
b) адам Сұрау салушы Тараптың аумағынан кеткеннен кейін, оған өз еркімен қайтып оралса, осы баптың 1 және 2-тармақтары қолданылмайды.
12-бап. Алдын ала қамаққа алу
1. Қажет болған жағдайда, іздестіріліп жатқан адам Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша ұстап беру туралы сұрау салу алынғанға дейін қамаққа алынуы мүмкін.
2. Алдын ала қамаққа алуға сұрау салу мыналарды:
a) іздестіріліп жатқан адамның сипаттамасын;
b) егер белгілі болса, іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жерін;
c) қылмыстың қысқаша сипаттамасын, оның жасалған уақыты мен жерін;
d) қылмыстық заңның қолданылатын ережелерін;
e) қамаққа алу туралы сот шешіміне, ордеріне немесе іздестіріліп жатқан адамға қатысты сот үкіміне сілтемені; және
f) іздестіріліп жатқан адамды ұстап беру туралы сұрау салу осы Келісімде белгіленген мерзімдерде ұсынылатынына кепілдемелерді қамтуға тиіс.
3. Алдын ала қамаққа алуға сұрау салу электрондық құралдар немесе Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (ИНТЕРПОЛ) арқылы жіберілуі мүмкін және сұрау салудың түпнұсқасы орталық органдар арасында тікелей поштамен немесе дипломатиялық арналар арқылы жіберіледі.
4. Сұрау салынатын Тарап алдын ала қамаққа алу жөнінде сұрау салуға қатысты қабылдаған шешімі туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлауға міндетті.
5. Егер адамды қамаққа алған күннен бастап қырық (40) тәулік өткеннен кейін Сұрау салынатын Тараптың орталық органы ұстап беру туралы сұрау салуды алмаса, қамаққа алынған адам босатылады. Адамды босату, егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуды кешірек алса, экстрадициялау мақсатында оны қайта қамаққа алуға кедергі болмауға тиіс.
13-бап. Бәсекелес сұpaу салулар
Сұрау салушы Тараптан және басқа да мемлекеттерден бір мезгілде келіп түскен ұстап беру туралы сұрау салуларға мынадай ережелер қолданылатын болады:
1) Сұрау салынатын Тарап адам осы мемлекеттердің қайсысына ұстап берілуге тиіс екенін анықтайды және Сұрау салушы Тарапқа өзінің шешімі туралы дереу ақпарат береді.
2) Сұрау салынатын Тарап осы бапқа сәйкес шешім қабылдаған кезде барлық тиісті элементтерді, оның ішінде, бірақ олармен шектелмей, мыналарды:
a) жәбірленушінің азаматтығын;
b) халықаралық шарттар негізінде сұрау салынғанын-салынбағанын;
c) әрбір қылмыстың жасалған жерін;
d) сұрау салушы мемлекеттің мүдделерін;
e) қылмыстардың ауырлығын;
f) іздестіріліп жатқан адамның тұрғылықты жерін;
g) сұрау салушы мемлекеттер арасында адамды кейіннен ұстап беру мүмкіндігін; сондай-ақ
h) сұрау салушы мемлекеттерден сұрау салулардың келіп түсуінің хронологиялық ретін назарға алады.
14-бап. Беру
1. Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салу бойынша шешім қабылдағаннан кейін Сұрау салушы Тарапқа осы шешімі туралы дереу хабарлайды.
2. Тараптар іздестіріліп жатқан адамды беру күнін, жерін және соған қатысты басқа да мәселелерді дереу келіседі. Сұрау салушы Тарапқа іздестіріліп жатқан адам ұстап беру үшін қамаққа алынған мерзімнің ұзақтығы туралы ақпарат беріледі.
3. Сұрау салушы Тарап осы адамды Сұрау салынатын Тараптың аумағынан отыз (30) тәулік ішінде алып кетуге міндетті, ал егер адам осы кезең ішінде берілмесе, егер бұл осы баптың 4-тармағына қолданылатын болса, Сұрау салынатын Тарап сол қылмысты жасағаны үшін осы адамды ұстап беруден бас тарта алады.
4. Егер осы баптың 3-тармағында көрсетілген кезең ішінде Сұрау салушы Тарап ұстап берілген адамды қабылдап алмаса, Сұрау салынатын Тарап осы адамды дереу босатады және осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, нақ сол қылмысы үшін осы адамға қатысты ұстап беру туралы жаңа сұрау салуды қабылдамауы мүмкін.
5. Ұстап берілген адамды беруге немесе алуға кедергі келтіретін Тараптарға байланысты емес мән-жайлар кезінде Тараптардың орталық органдары берудің жаңа күнін және басқа да қажетті шарттарын келісуге тиіс.
6. Егер берілгеннен кейін ұстап берілген адам қылмыстық қудалаудан жасырынса немесе сот үкімін орындаудан жалтарса және Сұрау салынатын Тараптың аумағына қайта оралса, Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы жаңа сұрау салудың негізінде оны қайта экстрадициялауға құқылы. Бұл жағдайда ұстап беру туралы сұрау салуға осы Келісімнің 7-бабында тізбеленген құжаттарды беру қажеттілігі талап етілмейді.
7. Ұйқамақты қоса алғанда, ұстап беру мақсатында адамды күзетпен ұстау уақыты Сұрау салушы Тарапта шығарылған сот үкімін орындаудың жалпы мерзіміне есептеледі.
15-бап. Ұстап беруді кейінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру
1. Егер іздестіріліп жатқан адамға қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатса немесе ол ұстап беру сұратылып жатқан қылмыстан өзге қылмысты жасағаны үшін Сұрау салынатын Тарапта жазасын өтеп жатса, Сұрау салынатын Тарап адамды ұстап беру туралы шешімді қабылдағаннан кейін оны беруді сот талқылауы аяқталғанға дейін немесе сот үкімі толық орындалғанға дейін кейінге қалдыруға құқылы. Мұндай кейінге қалдыру жағдайында Сұрау салынатын Тарап бұл жөнінде Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді.
2. Дегенмен, Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап іздестіріліп жатқан адамды Сұрау салушы Тарапқа орталық органдар арасында өзара келісілген шарттармен уақытша беруге құқылы. Уақытша берілген адам Сұрау салушы Тараптың аумағында болатын кезең ішінде күзетпен ұсталады және сұрау салуды жолдаудың қандай да бір қажетінсіз Сұрау салынатын Тарапқа орталық органдармен келісілген мерзімде қайта беріледі. Адамды күзетпен ұстау уақыты Сұрау салынатын Тарапта шығарылған сот үкімін орындаудың жалпы мерзіміне есептеледі.
3. Ұстап берілген адамды беру адамның денсаулық жағдайына байланысты оның өміріне қатер төндіруі немесе оның денсаулық жағдайын нашарлатуы ықтимал жағдайда да кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа өзінің құзыретті медициналық мекемесі берген толық медициналық есепті ұсынуы қажет.
16-бап. Мүлікті алып қою және беру
1. Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап өз аумағында табылған, қылмыс жасау салдарынан алынған немесе дәлелдеме бола алатын кез келген мүлікті өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес алып қоюға, тәркілеуге және беруге тиіс. Мұндай жағдайда мүлік Сұрау салушы Тарапқа ұстап берілген адаммен бір мезгілде беріледі.
2. Сұрау салынатын Тараптың келісімімен осы баптың 1-тармағында көрсетілген мүлік Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша егер тіпті экстрадициялау орындалмайтын жағдайда да берілуі мүмкін.
3. Егер Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы немесе үшінші тұлғалардың құқықтары мұны талап етсе, онда сұрау салу бойынша кез келген берілген мүлік немесе заттар Сұрау салынатын Тарапқа Сұрау салушы Тараптың есебінен қайтарылуға тиіс.
4. Егер жоғарыда аталған мүлік Сұрау салынатын Тараптың аумағында жасалған қылмысқа байланысты тергеп-тексеруді немесе қылмыстық қудалауды жүргізу үшін қажет болса, онда бұл мүлікті беру тергеп-тексеру немесе қылмыстық қудалау аяқталғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін немесе ол Сұрау салушы Тарапта талқылау аяқталғаннан кейін қайтарылған жағдайда берілуі мүмкін.
17-бап. Транзит
1. Егер үшінші мемлекеттен Тараптардың кез келгеніне ұстап берілген адам екінші Тараптың аумағы арқылы транзиттеуге жататын жағдайда, осы адам ұстап берілуге тиіс Тарап екінші Тараптан оның аумағы арқылы осы адамды транзиттеуге рұқсат сұрайды. Транзитке сұрау салу осы Келісімде көзделген арналар арқылы жазбаша түрде жолданады.
2. Транзиттеу Тарапы аумағының үстінен әуе көлігімен қонбастан ұшқан кезде транзитке рұқсат талап етілмейді. Егер осы Тараптың аумағында жоспарланбаған қону орындалса, ол екінші Тараптан осы баптың 1-тармағында көзделгендей транзит туралы сұрау салуды ұсынуын талап ете алады.
3. Транзиттеуге рұқсат беруге сұрау салуды алған кезде Сұрау салынатын Тарап мұндай рұқсатты беруге тиіс. Мұны жасаудан бас тарту үшін ақылға қонымды негіздер болған жағдайда, Тараптың мұндай сұрау салудан бас тартуға құқығы бар.
4. Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына сәйкес адамды транзиттеуге рұқсат транзиттеу кезінде осы адамды күзетпен ұстауға рұқсатты қамтиды.
5. Адам осы баптың 4-тармағына сәйкес күзетпен ұстауда отырса, осы адам аумағында тұрған Тарап егер тасымалдау ол келгеннен кейін он бес (15) тәулік ішінде жүзеге асырылмаған болса, оны босата алады.
6. Сұрау салушы Тарап транзитке байланысты осы екінші Тарап көтерген кез келген шығыстарды екінші Тарапқа өтеуге міндетті.
18-бап. Шығыстар және өкілдік ету
1. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа экстрадициялау мақсатында адамды қамаққа алуға байланысты шығыстарды, осы Келісімнің 16-бабында көзделген мүлікті алып қоюға және сақтауға байланысты шығыстарды, сондай-ақ ұстап беру процесінде туындауы мүмкін шығыстарды өз аумағында көтереді.
2. Сұрау салушы Тарап ұстап берілген адамды және Сұрау салынатын Тарап берген кез келген мүлікті тасымалдауға байланысты шығыстарды көтереді.
3. Экстрадиция күтпеген шығыстарға әкелетін жағдайда, Тараптар сұрау салу орындалуға тиіс шарттарды келісу мақсатында консультациялар өткізеді.
4. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағында консультациялар өткізуді, заң көмегін және өз соттарында өкілдік етуді қамтамасыз етеді және ұстап беру рәсімдерінен туындайтын кез келген талқылауларда Сұрау салушы Тараптың мүдделерін білдіреді.
19-бап. Нәтижелер туралы хабарлау
Сұрау салушы Тарап қылмыстық қудалау, сот талқылауы туралы не ұстап берілген адамға қатысты шығарылған сот үкімінің орындалғаны туралы ақпаратты не ұстап берілген адамды үшінші мемлекетке қайта экстрадициялау туралы ақпаратты береді. Осыған байланысты Сұрау салушы Тараптың орталық органы тиісті шешімдердің көшірмелерін ұсынады.
20-бап. Көпжақты келісімдермен арақатынасы
Осы Келісім бір немесе екі Тарап қатысушысы болып табылатын көпжақты конвенциялардан туындайтын Тараптардың қандай да бір міндеттемелерін қозғамайды.
21-бап. Дауларды реттеу
Тараптар осы Келісімді толығымен не оның нақты бір бабына қатысты түсіндіруге және қолдануға байланысты Тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша тез арада консультациялар өткізеді.
22-бап. Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) тәулік өткеннен кейін күшіне енеді.
2. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын, осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
3. Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткеннен кейін осы Келісім өзінің қолданылуын тоқтатады.
4. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, осы Келісім қолданылған кезеңде басталған адамдарды ұстап беру бойынша іс-шаралар олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
5. Осы Келісім ол күшіне енгенге дейін жасалған қылмыстарға да қолданылады.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
20 __ жылғы «__» _______ ____________ әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ, әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.
Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.
Қазақстан Республикасы Иордан Хашимит
үшін Корольдігі үшін