Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 23 қарашадағы № 375 Жарлығы

Қазақстан Республикасы     
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс  

      «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Жақып Қажманұлы Асановқа Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                            Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің     
2016 жылғы 23 қарашадағы
№ 375 Жарлығымен   
МАҚҰЛДАНҒАН      

Жоба

Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі
арасындағы сотталған адамдарды беру туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі
      сотталған адамдарды оңалтуға және әлеуметтік қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында оларды беру саласында екі Тарап арасындағы тиімді ынтымақтастыққа ықпал етуге ниет білдіре отырып,
      ұлттық қауіпсіздік және Тараптардың ішкі істеріне араласпаушылық қағидаттары негізінде,
      сотталған адамдар үшін жазасын өздерінің қоғамдық ортасында өтеу мүмкіндігін белгілейтін екіжақты келісімді жасасу арқылы бұл мақсатқа қол жеткізілуі мүмкін болатынын пайымдай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Жалпы ережелер

      1. Тараптар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес сотталған адамдарды беру саласында барынша ынтымақтастықты өзара жүзеге асыруға міндеттенеді.
      2. Тараптардың кез келгенінің аумағында сотталған адам осы Келісімнің ережелеріне сәйкес белгіленген жазасын өтеу үшін екінші Тараптың аумағына берілуі мүмкін. Осы мақсатпен, сотталған адам немесе оның заңды өкілі Үкімді орындаушы мемлекетке берілуге жазбаша нысандағы өз келісімін Үкім шығарушы мемлекетте, сол сияқты Үкімді орындаушы мемлекетте білдіре алады.
      3. Беруді Үкім шығарушы мемлекет немесе Үкімді орындаушы мемлекет сұрата алады.

2-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсатында:
      а) «сотталған адам» Тараптардың кез келгенінің аумағында сот үкімінің негізінде бас бостандығынан айырылған кез келген адамды білдіреді;
      b) «үкім» қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде сот шығарған бас бостандығынан айыру түріндегі кез келген түпкілікті жазаны білдіреді;
      с) «Үкім шығарушы мемлекет» онда беруге жататын адамға қатысты үкім шығарған Тарапты білдіреді;
      d) «Үкімді орындаушы мемлекет» оның аумағына жазаны өтеу үшін сотталған адам берілген немесе берілуі мүмкін Тарапты білдіреді;
      е) «азамат» Тараптардың бірінің азаматтығы бар адамды білдіреді.

3-бап
Орталық орган

      1. Қазақстан Республикасы үшін орталық орган Бас прокуратура болып табылады, Иордан Хашимит Корольдігі үшін орталық орган Әділет министрлігі болып табылады. Тараптар өздерінің орталық органдарының атауы өзгерген немесе олардың функцияларын басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, бір-бірін бұл туралы дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.
      2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар өзара тікелей не дипломатиялық арналар арқылы өзара іс-қимыл жасайды.

4-бап
Беру шарттары

      Осы Келісімге сәйкес сотталған адам мынадай шарттар сақталғанда ғана:
      а) адам Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болып табылса;
      b) сот шешімі түпкілікті болып табылса және орындалуға тиіс болса;
      с) сотталған адам Үкім шығарушы мемлекетте кез келген басқа да сот рәсімі бойынша субъект болып табылмаса;
      d) беру туралы сұрау салу алынған кезде бас бостандығынан айырудың қалған мерзімі кемінде алты (6) айды құраса, берілуі мүмкін. Айрықша жағдайларда, тіптен егер сотталған адамның өтеуге тиіс жаза мерзімі алты (6) айдан аз болса да, Тараптар беру туралы уағдаласа алады;
      е) сотталған адам немесе оның жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне орай сотталған адамның заңды өкілі беруге келісім бергенде;
      f) адам сол үшін сотталған оның әрекеттері немесе әрекетсіздігі Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмысты құрайтын болса;
      g) Үкім шығарушы мемлекет пен Үкімді орындаушы мемлекет сотталған адамды беруге келіскенде берілуі мүмкін.

5-бап
Беру жөніндегі шешім

      1. Осы Келісімге сәйкес Тараптардың әрқайсысының беруді қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешімі дербес болып табылады.
      2. Кез келген беруден бас тарту негізді болуға тиіс және бас тартудың негіздері екінші Тарапқа хабарлануға тиіс.
      3. Беруге сұрау салуға қатысты шешім қабылданған кезде Тараптардың әрқайсысы қылмыстың сипаты мен ауырлық дәрежесін, ол жасалған кездегі мән-жайларды, әсіресе, егер ол ұйымдасқан қылмыстық топпен байланысты болса, оңалту және әлеуметтік қалпына келтіру мүмкіндігін, сотталған адамның жасы мен денсаулық жағдайын, оның отбасылық жағдайын, жасалған қылмыстан жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге қатысты міндеттемелердің орындалуын ескереді.
      4. Егер:
      а) Үкім шығарушы мемлекет беру егемендікке, қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіруі мүмкін деп ұйғарған; немесе
      b) Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша жаза Үкім шығарушы мемлекетте белгіленгеннен қатаң немесе жеңіл болған; немесе
      с) сотталған адам оның қылмысынан туындайтын залалды өтемеген және ол үкімге сәйкес өтеуге міндетті болған шығыстарды және айыппұлдарды төлемеген және қылмыстық іске байланысты залалдың төленуіне немесе өтелуіне кепілдік бермеген; немесе
      d) адамға қатысты Үкім шығарушы мемлекетте ол сотталған дәл сол қылмысы үшін Үкімді орындаушы мемлекетте үкім шығарылған немесе ол дәл сол қылмыс үшін жүргізіліп жатқан қылмыстық талқылаудың субъектісі болып табылған жағдайда, беруден бас тартылуы мүмкін.

6-бап
Хабардар ету міндеттемесі және ілеспе құжаттар

      1. Өзіне осы Келісім қолданылуы мүмкін кез келген сотталған адамды Үкім шығарушы мемлекет осы Келісімнің мазмұны туралы және берудің құқықтық салдары туралы хабардар етуге тиіс.
      2. Егер Үкім шығарушы мемлекет кез келген сотталған адамды беру туралы сұрау салуға қағидатты түрде келісім берсе, онда ол бұл туралы Үкімді орындаушы мемлекетке хабарлайды және Үкімді орындаушы мемлекетті мынадай құжаттармен және ақпаратпен қамтамасыз етеді:
      а) сотталған адамның тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, айы, күні және жері;
      b) үкімнің сипаты, оны орындаудың мерзімі және басталу күні;
      с) үкім шығаруға әкеп соққан әрекеттердің сипаттамасы;
      d) кез келген алдын ала ұстап алу, жазаны өтеу мерзімін қысқарту, қамауда орындайтын жұмыстың ұзақтығы және оның жаза мерзіміне ықпалы немесе үкімнің орындалуымен байланысты кез келген әрекеттерге немесе тиісті мән-жайлар туралы кез келген ақпаратқа қосымша, күшіне енген үкімнің мерзімдері туралы мәлімет;
      е) үкімнің және қолданылатын заңнаманың куәландырылған көшірмесі;
      f) қажет болған жағдайда, оның Үкім шығарушы мемлекетте емделуі және Үкімді орындаушы мемлекетте кейіннен емделуі үшін кез келген ұсынымдар туралы кез келген ақпаратқа қосымша, сотталған адамға қатысты кез келген медициналық және/немесе әлеуметтік есеп;
      g) осы Келісімнің 4-бабы е) тармақшасында аталған келісімді қамтитын өтініш.
      3. Егер Үкімді орындаушы мемлекет сотталған адамды қабылдауға алдын ала келісімін берсе, онда ол Үкім шығарушы мемлекетке мынадай құжаттарды және ақпаратты:
      а) сотталған адамның Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болып табылатынын растауды;
      b) адамның сол үшін сотталған әрекеттері үшін жауаптылық белгіленетін өз заңының ережесін жолдайды.
      4. Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекет берген ақпараттар мен құжаттар жеткіліксіз деп ұйғарса, онда ол қосымша ақпаратты сұрата алады.
      5. Сотталған адамды Үкім шығарушы мемлекеттен Үкімді орындаушы мемлекетке беру Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында айдауылмен жүзеге асырылады. Сотталған адамның жеке заттары Үкімді орындаушы мемлекеттің құзыретті органдарына қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес беру күнінде акт бойынша беріледі.
      6. Сотталған адамға осы бапты қолдануға қатысты Үкім шығарушы мемлекет немесе Үкімді орындаушы мемлекет қабылдаған кез келген шаралар туралы, сондай-ақ оны беруге сұрау салуға қатысты кез келген Тарап қабылдаған кез келген шешім туралы жазбаша түрде хабарланады.

7-бап
Келісім және тексеру

      1. Үкім шығарушы мемлекет осы Келісімнің 4-бабы е) тармағына сәйкес беруге өзінің келісімін беретін адам мұны өз еркімен және құқықтық салдарды толық сезіне отырып жасайтынына кепілдік беруге тиіс.
      2. Үкім шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекеттің консулына немесе дипломатиялық адамына өтініштің осы баптың 1-тармағында жазылған шарттарда берілгенін тексеруге мүмкіндік береді.

8-бап
Үкім шығарушы мемлекет үшін беру салдары

      Егер Үкімді орындаушы мемлекет сотталған адам үшін жауапты болса:
      1) бұл Үкім шығарушы мемлекетте үкімнің орындалуын тоқтатады;
      2) егер Үкімді орындаушы мемлекет үкімнің орындалуы аяқталды деп есептесе, Үкім шығарушы мемлекет үкімді одан әрі орындауға құқылы емес.

9-бап
Үкімді орындаушы мемлекет үшін беру салдары

      1. Үкімді орындаушы мемлекеттің құзыретті органдары сотталған адам берілгеннен кейін үкімді орындауды жалғастырады.
      2. Үкімнің орындалуы Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасымен реттеледі.
      3. Жаза сипаты мен ұзақтығы бойынша Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес келмесе, онда ол сот шешімі бойынша оны дәл сол қылмыс үшін өзінің ұлттық заңнамасында көзделген жазаға ауыстырады. Мұндай жаза Үкім шығарушы мемлекетте тағайындалған жаза сипатына барынша сәйкес келуге тиіс. Ол Үкім шығарушы мемлекетте тағайындалған жазадан өзінің сипаты немесе ұзақтығы бойынша қатаң болмауға, Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасында барынша көзделгеннен аспауға тиіс. Мұндай жағдайда Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекетке хабарлайды.
      4. Жазасын өтеуге берілген сотталған адам орындалып жатқан үкімге байланысты сот талқылауының немесе үкімнің объектісі болмауға тиіс.

10-бап
Кешірім жасау, рақымшылық жасау, жазаны жеңілдету

      Тараптардың әрқайсысы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес кешірім жасауды, рақымшылық жасауды немесе жазаны жеңілдетуді жүзеге асырады.

11-бап
Сот шешімін қайта қарау

      Үкім шығарушы мемлекет қана сот шешімін қайта қарау туралы кез келген өтінішхат бойынша шешім қабылдауға құқылы.

12-бап
Орындаудың тоқтатылуы

      Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекеттен тиісті сот шешімі келіп түскеннен кейін бірден үкімді орындауды тоқтатуға немесе өзгертуге тиіс.

13-бап
Орындалу туралы ақпарат

      Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекетке:
      а) ол үкімнің орындалуы аяқталды деп есептегенде; немесе
      b) егер сотталған адам үкім толығымен орындалғанға дейін қайтыс болған немесе қашып кеткен жағдайда; немесе
      с) егер Үкім шығарушы мемлекет мұндай ақпаратты сұратса, үкімнің орындалуына қатысты ақпаратты ұсынады.

14-бап
Тілдер және шығыстар

      1. Сотталған адамды беруге қатысты сұрау салу және қажетті құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде жасалуы тиіс және Сұрау салынатын Тараптың тіліндегі аудармасымен бірге берілуге тиіс. Егер өтінішхатты сотталған адам берген жағдайда, онда ол оны өзі білетін тілде жасауы мүмкін.
      2. Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында ғана шыққан шығыстарды сол мемлекет өтейді, сотталған адамды беру нәтижесінде шыққан кез келген басқа шығыстарды Үкімді орындаушы мемлекет өтейді.

15-бап
Дауларды реттеу

      Тараптар осы Келісімді толығымен не оның нақты бір бабына қатысты түсіндіруге және қолдануға байланысты Тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша тез арада консультациялар өткізеді.

16-бап
Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) тәулік өткеннен кейін күшіне енеді.
      2. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын, осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.
      3. Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) тәулік өткеннен кейін осы Келісім өзінің қолданылуын тоқтатады.
      4. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, осы Келісім қолданылған кезеңде ұсынылған беру туралы сұрау салулар олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
      5. Осы Келісім ол күшіне енгенге дейін шығарылған үкімдердің орындалуына да қатысты қолданылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН бұған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      20 ___ жылғы «___» ________ __________ әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада ЖАСАЛДЫ, әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.
      Осы Келісімді түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым болып табылады.

      Қазақстан Республикасы         Иордан Хашимит Корольдігі
             үшін                            үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады