Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 24 қазандағы № 778 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарттың жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Пернешұлы Қожамжаровқа Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2018 жылғы 24 қазандағы
№ 778 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН УКРАИНА АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК ТУРАЛЫ ШАРТ

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Украина

      екі Тараптың құзыретті органдары арасындағы қылмыстық істер бойынша ынтымақтастықты дамытуға ұмтыла отырып,

      қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек саласында ынтымақтастықтың екіжақты негізін жасауға және Тараптар өздері қатысушылары болып табылатын көпжақты халықаралық шарттардың ережелерін қолдануға ықпал етуге ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-БАП

ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕКТІҢ МАҚСАТЫ МЕН КӨЛЕМІ

      1. Осы Шарттың ережелеріне сәйкес Тараптар көмек туралы сұрау салуды беру кезінде Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының юрисдикциясына жататын қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша мүмкіндігінше біріне-бірі барынша құқықтық көмек береді.

      2. Құқықтық көмек:

      a) құжаттарды табыс етуді;

      b) адамдардың және заттардың тұрған жерін айқындауды немесе оларды сәйкестендіруді;

      c) айғақтар мен арыздар алуды, оның ішінде бейнеконференция арқылы алуды;

      d) күзетпен ұсталып отырған адамдарды уақытша беруді;

      e) тінтуді, алып қоюды және тәркілеуді жүзеге асыруды;

      f) заттарды, орындарды және құжаттарды қарап-тексеруді;

      g) ақпарат және дәлелдемелер алмасуды;

      һ) бірлескен тергеу топтарын құруды;

      і) Тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген көмектің кез келген басқа да нысандарын қамтиды.

2-БАП

ОРТАЛЫҚ ОРГАНДАР

      1. Осы Шарттың мақсаттары үшін Тараптар айқындаған орталық органдар өзара тікелей іс-қимыл жасайды.

      2. Орталық органдар:

      Қазақстан Республикасы үшін - прокурордың (соттың) санкциясын талап ететін сотқа дейінгі рәсімдер бойынша сұрау салулар үшін - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, соттың іс жүргізуіндегі істер бойынша сұрау салулар үшін - Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, сондай-ақ қалған сұрау салулар бойынша - Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қорғаныс, Ішкі істер, Қаржы министрліктері;

      Украина үшін - Украинаның Бас прокуратурасы (сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында) және Украинаның Әділет министрлігі (сотта іс жүргізу және үкімді орындау кезінде) болып табылады.

      3. Егер сұрау салуды алған орталық органның оны қарауға құзыреті болмаса, сұрау салу дереу тиісті орталық органға қайта жіберіледі.

      4. Орталық органдардың атауы өзгерген немесе олардың функциялары басқа мемлекеттік органдарға берілген жағдайда, Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді.

3-БАП

СҰРАУ САЛУЛАРДЫҢ НЫСАНЫ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ

      1. Сұрау салу жазбаша нысанда жасалады, оған қол қойылады және Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының мөрімен куәландырылады.

      2. Сұрау салуда мыналар:

      a) сұрау салуды жасаған құзыретті органның атауы;

      b) сұралатын көмектің мақсаты мен сипаттамасы;

      c) іс-әрекеттің сипаттамасы және оны құқықтық саралау;

      d) ұлттық заңнаманың қолданылатын ережелерін көрсету;

      e) сұрау салынатын әрекеттердің тізбесі және олардың қылмыстық іспен байланысының негіздемесі;

      f) қажет болған жағдайларда келу үшін шақырылған адамның алуға құқығы бар төлемдер мен өтемақылар туралы мәліметтер; және

      g) қажет болған жағдайларда сұрау салуды орындау кезінде қатысуы сұралатын адамдарды көрсету қамтылады.

      3. Мүмкіндікке қарай сұрау салуда сондай-ақ:

      a) құжаттар табыс етілетін адамның жеке басы және орналасқан жері туралы ақпарат, оның процестік мәртебесі және табыс ету жүргізілуге тиіс тәсіл;

      b) айғақтар беруге немесе қылмыстық іс жүргізуде өзге де жәрдемдесуге тиіс адамның жеке басы және орналасқан жері туралы ақпарат, оның процестік мәртебесі;

      c) орналасқан жері айқындалуға тиіс адамның жеке басы немесе зат туралы ақпарат;

      d) тінтуге жататын орынның немесе адамның, сондай-ақ тыйым салуға, алып қоюға және тәркіленуге жататын құралдардың, объектілердің, активтердің және мүліктің дәл сипаттамасы;

      e) айғақтар немесе арыздар қабылдануға және тіркелуге тиіс тәсілдің сипаттамасы;

      f) адамға қойылуға қажет сұрақтардың тізбесі;

      g) сұрау салуды орындау кезінде сақталуға тиіс рәсімнің сипаттамасы;

      һ) құпиялылықты қамтамасыз ету жөніндегі талаптар; және

      і) сұрау салуды орындауға ықпал ету үшін Сұрау салынатын Тарапқа берілуі мүмкін кез келген басқа да ақпарат қамтылады.

      4. Осы Шартқа сәйкес көмек туралы сұрау салуды беру үшін тиісті электрондық байланыс құралдары, атап айтқанда, сұрау салудың түпнұсқасы пошта арқылы жіберілген жағдайда факс пайдаланылуы мүмкін.

4-БАП

ТІЛ

      1. Сұрау салу және оған қоса берілетін құжаттар Сұрау салушы Тараптың тілінде жасалады және Сұрау салынатын Тараптың тіліне немесе орыс тіліне куәландырылған аудармасымен бірге беріледі.

      2. Сұрау салуды орындау жөніндегі құжаттар Сұрау салынатын Тараптың тілінде жасалады және Сұрау салушы Тараптың тіліне немесе орыс тіліне куәландырылған аудармасымен бірге беріледі.

5-БАП

КӨМЕК КӨРСЕТУДЕН БАС ТАРТУ

      1. Егер:

      a) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне, басқа да елеулі мүдделеріне қауіп төндірсе немесе оның заңнамасына қайшы келсе;

      b) сұрау салу Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша қылмыс болып табылмайтын іс-әрекетке байланысты арнайы рұқсатты талап ететін мәжбүрлеу шараларына немесе процестік әрекеттерге қатысты болса;

      с) сұрау салу адамның нәсілдік қатыстылығы, жынысы, діни нанымы, ұлты, этностық шығу тегі немесе саяси көзқарасы себептері бойынша оған қатысты қылмыстық қудалау мақсатына бағытталған немесе осы адамның жағдайына осы себептердің кез келгені бойынша залал келтірілуі мүмкін деп пайымдауға дәлелді негіздер бар болса, Сұрау салынатын Тарап сұрау салынған көмекті көрсетуден толық немесе ішінара бас тартуға құқылы.

      2. Көмек беруден бас тартпас бұрын Сұрау салынатын Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптың орталық органымен белгілі бір жағдайларда көмек көрсету мүмкіндігіне қатысты консультациялар жүргізеді.

      3. Көмек беруден кез келген бас тарту уәжді болуға тиіс және бас тартудың негіздері Сұрау салушы Тарапқа хабарлануға тиіс.

6-БАП

СҰРАУ САЛУЛАРДЫ ОРЫНДАУ

      1. Сұрау салулар Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес орындалады.

      2. Сұрау салынатын Тарап көмек туралы сұрау салуды мүмкіндігінше қысқа мерзімдерде орындайды.

      3. Егер сұрау салуды сұрау салуда көрсетілген рәсімдік талаптарға сәйкес толық немесе ішінара орындау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Тарап тіпті мұндай талаптар оның ұлттық заңнамасында көзделмеген болса да, өзінің негізге алынатын құқықтық қағидаттарына қайшы келмейтіндей дәрежеде сұрау салуды орындайды.

      4. Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының өкілдері сұрау салуды орындау кезінде қатыса алатындай сұрау салуды орындау уақыты мен орны туралы алдын ала хабарлайды.

      5. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындауды, егер мұндай орындау Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары жүргізіп жатқан қылмыстық талқылауға кедергі келтіретін болса, кейінге қалдыруға құқылы.

      6. Көмек беруді кейінге қалдырғанға дейін Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараппен консультациялардан кейін өзінің оны белгілі бір жағдайларда толық немесе ішінара орындай алуын не алмауын қарайды.

      7. Сұрау салуды орындауды кейінге қалдыру туралы кез келген шешім уәжді болуға тиіс.

      8. Сұрау салуды орындау кезінде алынған материалдар, егер Тараптардың орталық органдары оларды берудің өзге тәртібін келіспесе, Сұрау салушы Тараптың орталық органына жіберіледі.

      9. Материалдар құзыретті органның қолымен куәландырылуға және мөрімен бекемделуге тиіс.

7-БАП

ПАЙДАЛАНУ БОЙЫНША ҚҰПИЯЛЫЛЫҚ ПЕН ШЕКТЕУЛЕР

      1. Сұрау салушы Тарап Сұрау салынатын Тараптан сұрау салудың, оның мазмұнының және оны орындау нәтижесінде алынған материалдардың құпиялылығын қамтамасыз етуді сұратуға құқылы. Егер Сұрау салынатын Тарап құпиялылық туралы талапты орындай алмайтын болса, ол бүл туралы Сұрау салушы Тарапқа дереу хабарлайды, ол сұрау салудың бұдан әрі орындалуын не орындалмауын айқындайды.

      2. Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз Сұрау салушы Тарап осы Шарт бойынша алынған кез келген ақпаратты немесе дәлелдемені сұрау салуда айтылғандардан басқа, өзге мақсаттарда пайдалануға құқылы емес.

8-БАП

ҚҰЖАТТАРДЫ ТАБЫС ЕТУ

      1. Сұрау салынатын Тарап өзіне Сұрау салушы Тарап осы мақсатпен берген құжаттарды табыс етуді жүзеге асырады.

      2. Сұрау салынатын Тарап табыс еткеннен кейін жеткізу күнін, уақытын, орнын және тәсілін, сондай-ақ құжаттар табыс етілген адам туралы мәліметтерді көрсете отырып, Сұрау салушы Тарапқа табыс етуді жүзеге асырған лауазымды адамның қолымен және органның мөрімен тиісті растауды жібереді. Егер табыс ету жүзеге асырылмаса, Сұрау салынатын Тарап бұл туралы Сұрау салушы Тарапты дереу хабардар етеді және табыс етілмеу себептері туралы хабарлайды.

      3. Адамдардан Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының алдына баруды талап ететін шақыру туралы шақыру қағаздары Сұрау салынатын Тарапқа белгіленген келу күніне дейін кем дегенде күнтізбелік алпыс (60) күн бұрын беріледі. Кезек күттірмейтін жағдайларда Сұрау салынатын Тарап неғұрлым қысқа мерзімге келісе алады.

      4. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына келмеген адамға, тіпті шақыру қағазында келмеген жағдайдағы ықтимал жауаптылық туралы ескерту қамтылса да, кез келген жазаны немесе мәжбүрлеу шарасын қолдануға болмайды.

9-БАП

ИММУНИТЕТ

      1. Өзінің азаматтығына қарамастан, шақыру қағазы бойынша Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына келген адамды Сұрау салушы Тараптың аумағына келу алдында болған және шақыру қағазында көрсетілмеген іс-әрекеттеріне немесе соттылықтарына қатысты осы

      Тараптың аумағында қылмыстық қудалауға, күзетпен ұстауға немесе оның жеке басының бостандығын қандай да бір басқаша шектеуге болмайды.

      2. Осы баптың 1-тармағы, егер онда аталған адам:

      a) өзінің болуы бұдан әрі қажет болып табылмайтыны туралы ресми хабардар етілген кезден бастап отыз (30) күн ішінде Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпесе, қолданылмайды. Бұл мерзім жоғарыда аталған адам өзіне қатысты емес себептер бойынша Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетпеген кезеңді қамтымайды;

      b) Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп, өз еркімен қайтып келсе, қолданылмайды.

10-БАП

АДАМДАРДЫҢ ЖӘНЕ ЗАТТАРДЫҢ ТҰРҒАН ЖЕРІН АЙҚЫНДАУ НЕМЕСЕ ОЛАРДЫ СӘЙКЕСТЕНДІРУ

      1. Тараптардың кез келгені екінші Тараптан қылмыстық процесте құзыретті органдардың алдында тұруға тиіс және болжаммен алғанда Сұрау салынатын Тараптың аумағында жүрген адамдардың тұрған жерін анықтауды, оларды сәйкестендіруді және іздестірілудегі адамдардың тұратын жерін немесе тіркелген жерін хабарлауды сұратуға құқылы.

      2. Тараптардың кез келгені екінші Тараптан заттардың тұрған жерін анықтауды, оларды сәйкестендіруді және тиісті деректерді хабарлауды немесе өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес тұрған жерін айқындауға және сәйкестендіруге мүмкіндік беретін кез келген басқа шара қолдануды сұратуға құқылы.

      3. Сұрау салынатын ақпарат осы Шарттың 3-бабына сәйкес жіберілген сұрау салу негізінде Сұрау салушы Тарапқа жеткізілуге тиіс.

11-БАП

КҮЗЕТПЕН ҚАМАУДА ҰСТАЛЫП ОТЫРҒАН АДАМДАРДЫ СҰРАУ САЛУШЫ ТАРАПҚА УАҚЫТША БЕРУ

      1. Сұрау салынатын Тарапта күзетпен қамауда ұсталып отырған, куә ретінде өзінің келуін Сұрау салушы Тарап сұратып отырған адам осы Тараптың аумағына Сұрау салынатын Тарап көрсеткен, алты (6) айдан аспауға тиіс мерзімде кері берілетін жағдайда, уақытша беріледі. Сұрау салушы Тарап көрсетілген мерзімді ұзартуды сұрата алады.

      2. Егер:

      a) күзетпен қамауда ұсталып отырған адам бұған келісім бермесе;

      b) Сұрау салынатын Тараптың аумағында жүзеге асырылып жатқан қылмыстық іс жүргізу барысында адамның қатысуы қажет болса;

      c) адамды күзетпен қамауда ұстау мерзімі уақытша беру кезеңінде аяқталуы мүмкін болса;

      d) беруден бас тартуға өзге де негіздер бар болса, беруден бас тартылуы мүмкін.

      3. Сұрау салынатын Тарап оны босату қажеттігі туралы хабарлаған жағдайлардан басқа, берілген адам Сұрау салушы Тарапта күзетпен қамауда ұсталады.

12-БАП

СҰРАУ САЛУШЫ ТАРАПТА КҮЗЕТПЕН ҚАМАУДА ҰСТАЛЫП ОТЫРҒАН АДАМДАРДЫ УАҚЫТША БЕРУ

      1. Көмек сұраған, өзінің аумағында күзетпен қамауда ұсталып отырған адамның өзі келуін талап ете алатын Сұрау салушы Тарап күзетпен қамауда ұсталып отырған адамның келісімі болған кезде оны сұрау салу орындалатын Сұрау салынатын Тараптың аумағына уақытша бере алады.

      2. Адамды уақытша беруді жүзеге асыруға арналған қаражат және осы адам Сұрау салынатын Тарапқа берілуге тиіс мерзім Тараптардың орталық органдары арасында келісілуге тиіс.

      3. Сұрау салушы Тарап берілген адамды босатуды сұрайтын жағдайлардан басқа, ол Сұрау салынатын Тарапта күзетпен қамауда ұсталады.

      4. Сұрау салынатын Тарапта күзетпен қамауда ұстау мерзімі Сұрау салушы Тарапта осы адам өтеуге жататын күзетпен қамауда ұсталу мерзіміне кіреді.

13-БАП

ТІНТУ ЖӘНЕ АЛЫП ҚОЮ

      1. Сұрау салынатын Тарап қандай да бір затты, құжатты немесе өзге де объектіні тінтуді, алып қоюды және беруді, көмек туралы сұрау салуда осындай әрекеттерді негіздейтін ақпарат қамтылған және сұрау салуды жіберуге негіз болған қылмыс екі Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес жазаланатын болып табылған жағдайларда жүргізеді.

      2. Берілетін затқа, құжатқа немесе өзге де объектіге қатысты үшінші тұлғалардың құқықтары мен мүдделері сақталуға тиіс.

14-БАП

ТӘРКІЛЕУ РӘСІМДЕРІНДЕГІ КӨМЕК

      1. Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар қылмыстық жолмен алынған кірістерді, қылмыс қаруларын немесе заттарын анықтауды, тыйым салу мен тәркілеуді қамтитын рәсімдер шеңберінде біріне-бірі көмек береді.

      2. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап қылмыстық жолмен алынған кез келген кірістерді, қылмыс қаруларын немесе заттарын, сондай-ақ оларды өткізуден алынған кез келген қаржы қаражатын Тараптар арасындағы келісілген шарттарға сәйкес толық не ішінара береді. Сұрау салынатын Тарап тұрақты негізде немесе әрбір нақты жағдайда екінші Тараппен тәркіленген, қылмыстық жолмен алынған кірістерді, қылмыс қаруларын немесе заттарын немесе оларды өткізуден алынған қаржы қаражатын болу туралы уағдаластыққа қол жеткізу мүмкіндігін қарастырады. Мұндай уағдаластықтарға Тараптардың орталық органдары арасында қол жеткізіледі.

15-БАП

ЗАТТАРДЫ, ҚҰЖАТТАРДЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ОБЪЕКТІЛЕРДІ ҚАЙТАРУ

      Сұрау салу негізінде алынған және Сұрау салушы Тарапқа берілген заттар, құжаттар және өзге де объектілер, Сұрау салынатын Тарап оларды қайтаруға өзінің құқығынан бас тартқан жағдайлардан басқа, алғашқы мүмкіндік болған кезде соңғысына қайтарылады.

16-БАП

ҚАРЖЫЛЫҚ АҚПАРАТТЫ БЕЛГІЛЕУ

      1. Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс жасады деген күдікті немесе айыпталушы адам өзінің аумағында орналасқан банктегі шоттардың ұстаушысы болып табылатынын не табылмайтынын дереу анықтайды және Сұрау салушы Тарапты, осындай шоттарды пайдалануға уәкілеттік берілген адамдар, шоттардың орналасқан жері және олармен байланысты кез келген транзакциялар туралы мәліметтерді қоса алғанда, тиісті ақпаратпен қамтамасыз етеді.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген іс-шаралар банктерден ерекшеленетін қаржы мекемелеріне де қатысты болуы мүмкін.

      3. Осы бапта көрсетілген көмектен банктік құпия негізінде бас тартуға болмайды.

17-БАП

БЕЙНЕКОНФЕРЕНЦИЯ АРҚЫЛЫ ТЫҢДАУ

      1. Егер Тараптардың бірінің аумағындағы адамның келуге мүмкіндігі болмаса және оны куә, сарапшы, жәбірленуші, күдікті немесе айыпталушы ретінде екінші Тараптың құзыретті органдары тыңдауға тиіс болса, соңғысы осы баптың 2-8-тармақтарында көзделгендей, мұндай адамды бейнеконференция арқылы тыңдауды сұрата алады.

      2. Сұрау салынатын Тарап бейнеконференция жүргізуге өзінің техникалық құралдары болған жағдайда бейнеконференция арқылы тыңдауға келіседі. Егер Сұрау салынатын Тараптың бейнеконференция жүргізуге арналған техникалық құралдарға қолжетімділігі болмаса, мұндай құралдарды оған Сұрау салушы Тарап өзара келісім бойынша беруі мүмкін.

      3. Бейнеконференция арқылы тыңдау туралы сұрау салуларда осы Шарттың 3-бабында көрсетілген ақпаратқа қосымша тыңдау жүргізетін құзыретті органның атауы және адамдар туралы деректер қамтылуға тиіс.

      4. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес тиісті адамды келу үшін шақырады.

      5. Бейнеконференция арқылы тыңдау кезінде мынадай қағидалар қолданылады:

      a) Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының өкілі тыңдау кезінде қатысып отырады, қажет болған жағдайда аудармашының көрсететін қызметтерін пайдаланады, сондай-ақ тыңдалатын адамды сәйкестендіруді және Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасының негізге алынатын қағидаттарының сақталуын қамтамасыз етеді. Егер Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы тыңдау барысында Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасының іргелі қағидаттары бұзылды деп есептесе, ол тыңдауды көрсетілген қағидаттарға сәйкес жалғастыруды қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды дереу қолдануға тиіс;

      b) тыңдалатын адамды қорғау жөніндегі шаралар, қажет болған кезде Тараптардың құзыретті органдарының арасында келісілуге тиіс;

      c) тыңдауды Сұрау салушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес оның құзыретті органының өкілі тікелей жүргізеді немесе оның басшылығымен жүргізіледі;

      d) Сұрау салушы Тараптың немесе тыңдалатын адамның сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарап тыңдалатын адамды аудармашының көмегімен қамтамасыз етеді;

      e) тыңдалатын адам кез келген Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес айғақ бермеу құқығын пайдалана алады.

      6. Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы адамдарды қорғау үшін келісілген қандай да бір шараларға нұқсан келтірмей, тыңдаудың күнін және орнын, тыңдалған адамның жеке басын, Сұрау салынатын Тарапта тыңдауға қатысқан барлық басқа адамдардың жеке басын және мәртебесін, тыңдау өткізілген кездегі техникалық және өзге де жағдайларды көрсете отырып, тыңдаудың өткізілгені туралы хаттама жасайды. Хаттама Тараптардың орталық органдары арқылы жіберіледі.

      7. Куә, сарапшы немесе жәбірленуші көрінеу жалған айғақтар берген немесе айғақтар беруден бас тартқан жағдайда, олар Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша жауаптылыққа тартылуға жатады.

      8. Егер күдікті немесе айыпталушы адамды бейнеконференция арқылы тыңдау сұратылса, бейнеконференция өткізу туралы шешім және оны өткізудің тәртібі Тараптармен келісіледі және ол олардың ұлттық заңнамасына сәйкес келуге тиіс. Күдікті немесе айыпталушы адамның келісімі тыңдау өткізу үшін міндетті болып табылады. Келісім туралы өтініш Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы алдында беріледі және хаттамаға енгізіліп, ол Сұрау салушы Тарапқа жіберіледі.

18-БАП

БІРЛЕСКЕН ТЕРГЕУ ТОПТАРЫ

      1. Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес нақты істер бойынша және Тараптардың өзара келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін шектеулі кезеңге бірлескен тергеу топтарын құра алады.

      2. Бірлескен тергеу тобы, атап айтқанда:

      a) бір Тараптың құзыретті органдары жүргізетін тергеп-тексеру күрделі болып табылғанда және екінші Тараппен бірлескен іс-шаралар жүргізу талап етілгенде;

      b) екі Тараптың құзыретті органдары қылмыстарды тергеп-тексерулерді жүргізген кезде олар бойынша істің мән-жайлары екі Тараптан да үйлестірілген және келісілген іс-қимылдардың қажеттігін туындатқанда қалыптастырылуы мүмкін.

      Бірлескен тергеу тобын құруға Тараптардың кез келгені бастама жасауы мүмкін.

      3. Осы Шарттың 3-бабының тиісті ережелерінде көрсетілген ақпаратқа қосымша бірлескен тергеу тобын құруға арналған сұрау салуда топ құрамы туралы ұсыныстар қамтылуға тиіс.

      4. Тергеу іс-шараларын аумағында олар жүргізілетін Тараптың бірлескен тергеу тобының мүшелері жүзеге асырады.

      5. Осындай топты құрған, Тараптардың құзыретті органдарының өкілдері болып табылмайтын басқа адамдардың бірлескен тергеу тобының қызметіне қатысуға қатысты уағдаластыққа Тараптардың ұлттық заңнамасында немесе олардың өздерінің арасында қолданылатын кез келген құқықтық құжат ережелерінде қаншалықты жол берілетініне қарай қол жеткізілуі мүмкін.

19-БАП

АҚПАРАТТЫ ЕРІКТІ ТҮРДЕ БЕРУ

      1. Кез келген Тараптың құзыретті органдары өздерінің тергеп-тексерулеріне немесе талқылауларына нұқсан келтірмей, алдын ала сұрау салмай, екінші Тараптың құзыретті органдарына тергеп-тексеру кезінде алынған ақпаратты, егер мұндай ақпарат екінші Тараптың тергеп-тексеруге немесе талқылауға бастама жасауына немесе оны аяқтауына көмектесетін немесе мұндай ақпарат екінші Тараптың сұрау салуды жіберуіне негіз болуы мүмкін жағдайда, бере алады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпаратты жіберген Тарап осындай шарттарды сақтайтын екінші Тараптың осындай ақпаратты пайдалануға қатысты шарттарды сақтауын талап етуге құқылы.

20-БАП

ШЫҒЫСТАР

      1. Осы Шартты іске асыруға байланысты шығыстарды Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      2. Сұрау салынатын Тарап оның аумағында сұрау салуды орындауға байланысты туындаған шығыстарды көтереді.

      3. Сұрау салушы Тарап мынадай шығыстарды:

      a) осы Шарттың 3-бабы 2-тармағының g) тармақшасында көрсетілген адамдардың жол жүруіне және Сұрау салынатын Тарапта болуына арналған шығыстарды;

      b) осы Шарттың 8-бабының 3-тармағында көрсетілген адамдардың жол жүруіне және Сұрау салушы Тарапта болуына арналған шығыстарды;

      c) осы Шарттың 11 және 12-баптарына сәйкес сұрау салуды орындаудан туындайтын шығыстарды;

      d) сарапшылардың шығыстары мен гонорарларын;

      e) жазбаша және ауызша аударма үшін шығыстар мен гонорарларды көтереді.

      4. Сұрау салуды орындау айрықша төтенше сипаттағы шығыстарға әкеп соқса, Тараптар сұрау салу орындалуға тиіс жағдайларды және тиісті шығыстарды болу өлшемшарттарын келісу мақсатында консультациялар жүргізеді.

21-БАП

ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ АЛМАСУ

      Сұрау салу бойынша Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа Сұрау салушы Тараптың азаматтарына қатысты қылмыстық қудалау, алдыңғы соттылықтар мен шығарылған үкімдер туралы ақпаратты, егер бұл адамдар Сұрау салушы Тараптың аумағында қылмыстық жауаптылыққа тартылса, береді.

22-БАП

ЗАҢДАСТЫРУДАН БОСАТУ

      Осы Шартқа сәйкес ұсынылған құжаттар мен материалдар қандай да бір заңдастыруды, төлнұсқалығын растауды немесе куәландыруды талап етпейді және Сұрау салушы Тарапта дәлелдемелер ретінде толық қолданыла алады.

23-БАП

БАСҚА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРМЕН АРАҚАТЫНАС

      Осы Шарт Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын кез келген халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

24-БАП

КОНСУЛЬТАЦИЯЛАР

      Осы Шартты түсіндіру немесе қолдану барысында туындайтын кез келген дау Тараптардың орталық органдары арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

25-БАП

ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1. Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Шартқа Тараптардың өзара келісуі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліктері болып табылатын, осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделеді.

      3. Осы Шарт Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      4. Осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде басталған құқықтық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар олар толық орындалғанға дейін күшінде қалады.

      5. Осы Шарт ол күшіне енгенге дейін жасалған қылмыстарға қатысты да қолданылады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮІШН осыған тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      20 __ жылғы ___ _________ ___________________ әрқайсысы қазақ, украин және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ УКРАИНА ҮШІН
      ҮШІН

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады