Адам құқықтары саласында одан әрі шаралар қабылдау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын (бұдан әрі - Іс-шаралар жоспары) бекітсін, онда мынадай жұмыс бағыттарын көздесін:
БҰҰ-ның шарттық органдарымен және БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша кеңесінің арнаулы рәсімдерімен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру; адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету; мүгедектігі бар азаматтарға қатысты адам құқықтары; әйелдерге қатысты кемсітуді жою; бірлесу бостандығына құқық; пікір білдіру бостандығына құқық; адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқығы; үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру; адамның қылмыстық сот төрелігі, атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтары;
1-1) мынадай жұмыс бағыттарын көздейтін Адам құқықтары және заң үстемдігі саласындағы одан әрі шаралар жоспары (бұдан әрі - Одан әрі шаралар жоспары) бекітілсін:
әйелдерге қатысты кемсітуді жою;
ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілету;
бірлесу бостандығы құқығы;
мүгедектігі бар адамдарға қатысты адам құқықтары;
адамның қылмыстық сот төрелігі, жазаны атқару және азаптаулар мен қатыгез іс-әрекеттердің алдын алу саласындағы құқықтары;
адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету;
мигранттарға, азаматтығы жоқ адамдарға және босқындарға қатысты адам құқықтары;
БҰҰ-ның органдарымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру;
2) Іс-шаралар жоспарын және Одан әрі шаралар жоспарын іске асыруды қамтамасыз етсін;
3) жыл сайын 25 қаңтарға қарай жыл қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Іс-шаралар жоспарының және Одан әрі шаралар жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын;
4) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шараларды қабылдасын.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 13.04.2022 № 871 Жарлығымен.2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті | Қ.Тоқаев |