Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау және Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасынан:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әкету күніне белгілеген бағам бойынша есептелген және 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын;

      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын аффинирленген алтынның 5, 10, 20, 50 жəне 100 грамм алтын құймаларын, сондай-ақ 100 грамнан астам аффинирленген алтынды əкетуге тыйым салынсын.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 28.02.2024 № 489 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      1-1. Осы Жарлықтың 1-тармағының талаптары:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің операцияларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымына кіретін ұйымдардың операцияларына;

      2) Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің аумағынан əкелінген жəне қайта өңдеу шарттары туралы құжат жəне мемлекеттік бақылау актісі негізінде "кері экспорт" кедендік рəсімімен мəлімделетін шетелдік шикізатты қайта өңдеуден кейін алынған аффинирленген алтынды əкетуге;

      3) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылатын мемлекеттің алыс-беріс шикізатын қайта өңдегеннен кейін алынған аффинирленген алтынды сол Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағына аффинирленген алтынды кейіннен əкете отырып (қайта өңдеу шарттары туралы қорытынды негізінде) əкетуге;

      4) екінші деңгейдегі банктердің шетелдік банкпен жасасқан тиісті шарты негізінде жүзеге асырылатын төлемдік емес жəне (немесе) айналысқа жарамсыз қолма-қол шетел валютасын əкетуіне;

      4-1) екінші деңгейдегі банктердің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілмеген қолма-қол ұлттық валютасын əкетуіне;

      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жекелеген актілерінде айқындалатын өзге де жағдайларға қолданылмайды деп белгіленсін.

      Ескерту. 1-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 11.06.2022 № 923 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); – ҚР Президентінің 28.02.2024 № 489 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы Жарлықты іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

      3. Осы Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады