Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 10 наурыздағы № 140 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      Экономиканың нақты секторын қолжетімді және тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп:

      1) "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" акционерлік қоғамы салымшыларының өздерінің зейнетақы жинақтары сомасының елу пайызына дейін басқарушы инвестициялық компанияларға беру бөлігінде құқықтарын кеңейту жөнінде шаралар қабылдасын;

      2) 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін екінші деңгейдегі банктер мен кредиттік бюролардың заңды тұлғалар, олардың кірістері мен мүлкі туралы мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялануын қамтамасыз етсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп 2023 жылғы 1 мамырға дейін "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының талаптарын қайта қарасын, оның ішінде:

      бағдарлама шеңберінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау мерзімін экономиканың неғұрлым басым салалары бойынша 5 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтуды;

      экономика салаларының басымдығына қарай субсидиялаудың сараланған мөлшерлемелерін белгілеуді қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп:

      1) 2023 жылғы 30 сәуірге дейін Екінші деңгейдегі банктермен синдикатталған қаржыландыру және қоса қаржыландыру арқылы инвестициялық жобалар пулын іске асыру жөніндегі жол картасын қабылдасын;

      2) 2023 жылғы 30 қыркүйекке дейін:

      жерді уақытша пайдалану құқығын кепіл ұстаушыға беру және оны кейіннен жер пайдалану құқығын сатып алмай сату;

      стратегиялық объектілерді қоспағанда, жер қойнауын пайдалану саласындағы құзыретті органның рұқсатын міндетті түрде алмай, бизнес субъектілерінің жер қойнауын пайдалану құқығын өткізу (сату) жөніндегі сауда-саттыққа қатысуы жөнінде шаралар қабылдасын;

      3) салық саясатының тәсілдерін:

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ноталары бойынша екінші деңгейдегі банктердің кірістеріне салық салу;

      жеке тұлғалардың микрокредиттері бойынша берешектің есептен шығарылуына (кешірілуіне) байланысты микроқаржы ұйымдарының кірістерін салық салудан уақытша (үш жылға) босату;

      коллекторлық агенттіктер берешекті есептен шығарған (кешірген) кезде жеке тұлғалардың кірістерін салық салудан босату бөлігінде қайта қарасын.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін:

      астық қолхаттарының айналымын электрондық мониторингтеудің тиімділігін арттыру және астық көлемі мен айналымы туралы дәйекті мәліметті алу процестерін цифрландыру арқылы астық қоймаларында (элеваторлар мен астық қабылдау пункттерінде) астық көлемі мен сапасының сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын;

      Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп квазимемлекеттік сектор субъектілері кепілдік берген астық қолхаттарын тұрақты кепілдер санатына қосуды қамтамасыз етсін;

      Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен лизингтік қаржыландыруды көздейтін мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде республикалық бюджеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектордың қаражаты есебінен сенімділік өлшемшарттарына сәйкес келетін жеке лизингтік компанияларға жеңілдікпен кредит беруді ұлғайту мәселесін пысықтасын;

      екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарына кредит беруді ұлғайту, агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі салаларындағы жобаларды "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының ұйымдары тарапынан қоса қаржыландыру тетіктерін кеңейту жөнінде шаралар қабылдасын.

      5. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін:

      1) халыққа кепілсіз тұтынушылық кредит беруді қатаңдату шеңберінде 2023 жылғы 31 мамырға дейін:

      халықтың микрокредиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеуді қатаңдату;

      екінші деңгейдегі банктердің, микроқаржы ұйымдарының және коллекторлық агенттіктердің халықтың проблемалы кредиттерін реттеу жөнінде жоспарлар қабылдауы бойынша талапты енгізу шараларын қабылдасын;

      2) 2023 жылғы 30 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп:

      қарыздар мен микрокредиттер бойынша күнтізбелік тоқсан күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтардың борыш жүктемесінің өсуін шектеу;

      коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың кредиттері бойынша берешегін реттеу рәсімін енгізу;

      жеке тұлғалардың берешекті реттеу рәсімдері жүргізілмеген қарыздары мен микрокредиттерін екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың коллекторлық агенттіктерге сатуын шектеу жөнінде шаралар қабылдасын.

      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      7. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      8. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.


      Қазақстан Республикасының
Президентінің
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады