"Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Объектілерді қорғау қызметінің әскери нышандары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 20 қарашадағы № 3228 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 20 қарашадағы № 400 Жарлығы.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитет Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Объектілерді қорғау қызметінің әскери нышандары туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 20 қарашадағы № 3228 Жарлығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі туының сипаттамасы осы Жарлыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      2) жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі нышанының сипаттамасы осы Жарлыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      3) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі ведомстволық құқықтық актілерді осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.

      4) Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 20 қарашадағы
№ 400 Жарлығына
1-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
1996 жылғы 20 қарашадағы
№ 3228 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі туының СИПАТТАМАСЫ

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің туы көгілдір зүбәржат түстес тік бұрышты екі жақты мата, ортасында шұғыла шашқан күн мен оның астында қалықтап ұшқан қыранның (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы элементтерінің) сары алтын түстес мәнерлі бейнесі орналасқан. Тудың бет жағының сол жақ жоғарғы бұрышында және сырт жағының оң жақ жоғарғы бұрышында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі нышанының алтын, көгілдір зүбәржат және көкшіл жасыл түсті түрлі-түсті схемалық бейнесі бар. Тудың жалпы ені мен ұзындығының қатынасы 1:2.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 20 қарашадағы
№ 400 Жарлығына
2-ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
1996 жылғы 20 қарашадағы
№ 3228 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі нышанының
СИПАТТАМАСЫ

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нышаны үш түсті - алтын, көгілдір зүбәржат түстес және көкшіл жасыл.

      Нышанның бүкіл композициясы екі шеңбермен қоршалған, олардың жиектері алтын түстес арқан түрінде жасалған.

      Композицияда ішкі шеңберде (көкшіл жасыл түсті) орналастырылған қалықтап ұшқан қыран (алтын түстес етіп жасалған) басты орын алады.

      Қыранның артындағы фонда Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметінің негізгі қағидаттары - заңдылықты, бірлікті, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және құрметтеуді, ашықтық пен айқындықты білдіретін дөңгелек қалқан (алтын түстес элементтері бар көгілдір зүбәржат түстес), семсер және лавр гүлдестесі (алтын түстес) бейнеленген.

      Үлкен және кіші шеңберлердің жиектерінің арасында көкшіл жасыл фонда "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі" деген жазу (алтын түстес) орналастырылып, сөздердің арасында екі жағынан бес бұрышты екі жұлдыз бейнеленген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады