Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асыру тәртібі туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 7 мамырдағы N 2975 Жарлығы. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.07.05. N 140 жарлығымен.

       Ескерту. Жарлық пен Ереже мәтiндерiндегі "тәртiбi туралы ереженi", "тәртiбi туралы ереже", "Осы Ереже", "осы Ережеде" деген сөздер тиiсiнше "тәртiбi туралы ережелердi", "тәртiбi туралы ережелер", "Осы Ережелер", "осы Ережелерде" деген сөздермен, "Мемлекеттік-құқық бөлiмi" деген сөздер "Құқық қорғау және сот жүйелерi мәселелерi бөлiмi" деген сөздерiмен ауыстырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.05.16. N 1573 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 15)-тармақшасында көзделген Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін іске асыру тәртібін анықтау мақсатында қаулы етемін: 

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асыру тәртібі туралы ережелер (қоса беріліп отыр) бекітілсін. 

      2. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы осы Жарлық күшіне енген күннен бастап екі апта мерзім ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияның дербес құрамы туралы Мемлекет басшысының қарауына ұсыныстар енгізсін. 

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің мына қаулыларының күші жойылған деп танылсын: 
      1) "Қазақстан Республикасында кешірім жасауды жүзеге асыру тәртібі туралы" 1992 жылғы 25 қаңтардағы N 586 қаулысы; 
      2) "Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасында кешірім жасауды жүзеге асыру тәртібі туралы" 1992
жылғы 25 қаңтардағы қаулысына толықтырулар енгізу туралы" 1993
жылғы 7 қаңтардағы N 1052 қаулысы. 

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. 

       Қазақстан Республикасының 
      Президенті

  Қазақстан Республикасы    
Президентінің       
1996 жылғы 7 мамырдағы N 2975 
Жарлығымен бекітілген   

  Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтарға 
кешірім жасауды жүзеге асыру тәртібі туралы 
ЕРЕЖЕ

      Осы Ережелер Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 15)-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің азаматтарға кешірім жасау тәртібін белгілейді. 

      1. Сотталған адамдарға кешірім жасау: 
      1) өлім жазасын бас бостандығынан айырумен немесе жазасын
ерекше режимді түзеу колониясында өтей отырып, жиырма бес жылға бас
бостандығынан айырумен алмастыру; 
      Жазасын өтеген адамнан кешірім жасау актісімен соттылығы алынып тасталады; 
      2) негізгі жазаны, сол сияқты қосымша жазаны өтеуден толық немесе ішінара босату;
      3) бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен алмастыру түрінде жүзеге асырылады. 
       Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841  Жарлығымен. (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет) .

      2. Кешірім жасау туралы мәселені Республика соттары соттаған немесе Республика соты шығарған соңғы үкім бойынша жазасын өтеп жатқан адамдардың өтініштері негізінде Республиканың Президенті жүзеге асырады.
      Халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда, Республика Президенті басқа мемлекеттердің соттары соттаған адамдарға кешірім жасау мәселелерін қарауға хақылы. <*>
       Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 2004.02.04.  N 1288 , 2005.05.16.  N 1573 Жарлықтарымен. 

      3. Кешірім жасау туралы материалдарды алдын ала қарауды Республика Президентінің жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан былай - Комиссия) жүзеге асырады. 
      Комиссия Республика Президентінің жанындағы консультативтік кеңесші орган болып табылады, оның құрамын Президент бекітеді. 

      4. Комиссияны Мемлекет басшысы тағайындайтын төраға басқарады. Комиссияның құрамына лауазымы бойынша Бас Прокурор және Әділет министрі (олар болмаған жағдайда - аталған лауазымды тұлғалардың орынбасарлары) кіреді. Комиссияның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және өзге де адамдар кіруі мүмкін. 
       Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2001.02.13. N 557  Жарлығымен.

     5. Комиссияның отырыстарын Комиссияның төрағасы немесе ол болмаған кезде төрағаның орынбасары өткізеді. Комиссияның отырысы оның мүшелерінің үштен екісі қатысқан ретте құқылы болып саналады. Комиссияның отырыстарына Республика Жоғарғы Сотының төрағасы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ішкі істер министрі немесе олардың орынбасарлары қатысып, талқыланған мәселелер бойынша сөз сөйлей алады.
      Комиссия өз отырыстарына кешiрiм жасау туралы өтiнiш бойынша қажетті қосымша ақпарат алу үшiн кез келген мемлекеттік органдар мен қоғамдық бiрлестіктердiң өкiлдерiн, басқа да адамдарды шақыруға хақылы. <*>
       Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1998.02.18.  N 3841 (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет), 2005.05.16.  N 1573 Жарлықтарымен. 

      6. Комиссияның шешімі оның қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Сотталған адам үшін неғұрлым қолайлы мәселе дауысқа бірінші болып саналады. Дауыстар тең болған кезде өтініш қолдау тапты деп есептеледі. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделіп, оған отырысқа қатысқан оның барлық мүшелері қол қояды. 

      7. Кешірім жасау туралы мәселе қаралған кезде: 
      1) өлім жазасына не жазаның басқа түрлерiне кесілген адамдарға қатысты материалдар; <*>
      2) Республика Жоғарғы Сотының төрағасы мен Бас Прокурорының өлім жазасына не жазаның басқа түрлерiне кесілген адамдарға кешірім жасауды қолдану туралы қорытындылары; <*>
      3) жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілік сипаты мен деңгейі, сотталған адамның жеке басы, оның мінез-құлқы, еңбекке көзқарасы, бас бостандығынан айыру орындарындағы ынталы ұйымдардың жұмысына қатысуы, өтелмеген жаза мерзімі және кешірім жасау туралы өтінішті қарау кезінде маңызы бар басқа да жағдаяттар; 
      4) түзеу мекемесі әкімшілігінің, қоғамдық бірлестіктер мен еңбек ұжымдарының пікірлері. 
       Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1998.02.18.  N 3841 (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет), 2005.05.16.  N 1573 Жарлықтарымен. 

      8. Кешірім жасау туралы өтініштер сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана қаралады. 

      9. Өлім жазасына кесілген адамдар оларға үкімнің көшірмесі немесе кассациялық ұйғарым тапсырылған күннен бастап бір жыл ішінде кешірім жасау туралы өтініш бере алады. Өлім жазасына кесілген адам аталған мерзімде кешірім жасау туралы өтініш бермеген жағдайда немесе мұндай өтініш беруге ықыласы жоқтығын мәлімдесе, бұл жайында белгіленген ережелер сақтала отырып, тиісті акт жасалады. Өлім жазасына кесілген адам жөніндегі үкімнің орындалуы кешірім жасау туралы өтініш немесе сотталған адамның кешірім жасау туралы өтініш беруден бас тартуы жөніндегі материалдар қаралғанға дейін тоқтатыла тұрады. <*>
      Өлім жазасы туралы үкім күшіне енген күнінен бір жыл өтпейінше орындалмайды.
      Өлім жазасын орындауға мораторий енгізілген жағдайда, сотталғанның мораторий жарияланғанға дейін немесе мораторий қолданылған уақытта кешірім жасау жөнінде өтініш бергеніне немесе бермегеніне қарамастан, мораторийдің күші жойылғаннан кейін бір жыл ішінде кешірім жасау туралы өтінішпен жүгінуіне болады. Бұл ретте үкім кешірім жасау туралы өтініш немесе сотталған адамның оны беруден бас тартуы туралы материалдар қаралғаннан кейін ғана және өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылған соң бір жыл өткеннен кейін орындалады
       Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1998.02.18.  N 3841 (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет), 2001.02.13.  N 557 , 2004.02.04.  N 1288 Жарлықтарымен. 

      10. Сотталған адамдардың түзеу мекемелерінің әкiмшiлiгi арқылы берген кешiрiм жасау туралы өтiнiштерi Президент Әкiмшiлiгiне барлық үкiмдердiң, сот қаулыларының көшiрмелерi, өтiнiштiң мәнi бойынша түзеу мекемесi әкiмшiлігінiң пiкiрi көрсетiле отырып, сотталғандардың жұмысы мен мiнез-құлқы туралы егжей-тегжейлi мiнездемелер, сондай-ақ сотталған адамның сұрауы бойынша кешiрiм жасауды қолдану туралы мәселенi қарауда маңызы бар басқа да құжаттар мен деректер ұсынылады. <*> 
       Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.05.16. N 1573  Жарлығымен.

        11. Өтініш немесе тиісті акт Республика Президентінің Әкімшілігіне өтініш қабылданған немесе акт жасалған күннен бастап жеті күннен кешіктірілмей табыс етіледі. Өлім жазасына кесілген адамдарға Азаматтық және кешірім жасау мәселелері жөніндегі келіп түскен өтініштер немесе осы адамдардың Азаматтық және кешірім жасау мәселелері жөніндегі өтініштер беруден бас тартқаны туралы материалдарды Комиссияның қарауына енгізілгенге дейін Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау және сот жүйелерi мәселелерi бөлiмi Республиканың Жоғарғы Соты мен Бас Прокуратурасына жібереді, олар бір ай мерзімнен кешіктірмей қабылданған сот шешімдерінің мазмұнын қылмыстың жасалу жағдаяттарын, сотталған адамдардың жеке басы туралы мәліметтерді және әрбір өтініштің немесе өтініш беруден бас тартқаны туралы материалдың мән-жайы жөнінде өз пікірлерін көрсете отырып, қорытындыларды табыс етеді. 
       Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1998.02.18.  N 3841 (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет), 2001.02.13.  N 557 , 2004.02.04.   N 1288 Жарлықтарымен. 

      12. Соттаудың негізсіздігі немесе заңдылықтың бұзылуы жөнінде тексеруді қажет ететін деректер келтірілген кешірім жасау туралы өтініштер тексеру үшін алдын ала тиісті органдарға жіберіледі. 

      13. Бас бостандығынан айыруға немесе неғұрлым жеңіл жазаға сотталған адамдарға Азаматтық және кешірім жасау мәселелері жөніндегі өтініштерді, Комиссияның қарауына Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі, ал Мемлекет Басшысына Комиссия өзінің ұсынуы бойынша енгізеді. 
       Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1998.02.18.  N 3841 (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет),   2001.02.13.  N 557 Жарлықтарымен. 

      14. Комиссияның ұсыныстарын қараудың нәтижелері бойынша Республика Президенті кешірім жасау туралы немесе кешірім жасау туралы өтініштерді қабылдамай тастау туралы жарлықтар шығарады. 

      15. Сотталған адамдардың кешiрiм жасау туралы өтiнiштерiн Комиссияның қарауына енгiзуге негiздер болмаған жағдайда Комиссияның жұмыс органы бұл туралы өтінiш берушiге хабарлайды. <*> 
       Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 2005.05.16. N 1573  Жарлығымен.

        16. Кешірім жасау туралы өтініштер қабылданбай тасталған жағдайда ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін сотталған адамдарға кешірім жасау туралы қайтадан берілген өтініштер, жаңа, назар аударуға тұрарлық жағдаяттар болмаған жағдайда, Комиссияның қарауына, әдетте, бір жыл өткеннен кейін, ал басқа қылмыстар үшін сотталған адамдарға кешірім жасау туралы - бұған дейінгі өтініштердің қабылданбай тасталған күнінен алты ай өткен кезде енгізілуі мүмкін. Аталған мерзім өткенге дейін келіп түскен қайталанған өтініштер қолда бар материалдарға қосылады. 
       Ескерту. 16 тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 1998.02.18. N 3841  Жарлығымен. (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет).

        17. Кешірім жасау туралы немесе кешірім жасау туралы өтініштерді қабылдамай тастау туралы жарлықтар орындау үшін: 
      1) өлім жазасына кесілген адамдарға қатысты - Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына және Бас прокуратурасына; 
      2) бас бостандығына айыруға және басқа жаза шараларына сотталған адамдарға қатысты - олардың орындалуын басқаратын органдарға жіберіледі. 
      3) <*>
       Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1998.02.18.  N 3841 (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет), 2001.02.13.  N 557 Жарлықтарымен. 

      18. Өлім жазасына кесілген адамдарға қатысты үкімдердің орындалуы жөніндегі ақпаратты Президент Әкімшілігіне Республиканың Бас Прокуроры, ал Мемлекет басшысының басқа жаза шараларына сотталған адамдарға кешірім жасау туралы жарлықтарының орындалуы туралы ақпаратты өздеріне осы жарлықтарды орындау жүктелген мемлекеттік органдар табыс етеді. 

      19. Жаңадан белгілі болған жағдаяттар бойынша немесе оларға кешірім жасау қолданылған сотталған адамдарға қатысты қадағалау тәртібімен үкімдердің күші жойылған немесе олар өзгертілген жағдайларда тиісті соттар қабылданған шешімдер туралы Комиссияны оның жұмыс органы арқылы хабардар етеді. 

      20. Комиссияның жұмыс органы Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімі болып табылады, ол: 
      1) Азаматтық және кешірім жасау мәселелері жөніндегі табыс етілген материалдарды қарауды, қажетті материалдарды Комиссия мен Республика Президентінің қарауына даярлауды;
      2) Мемлекет басшысының кешірім жасау туралы жарлықтарының уақтылы орындалуын бақылауды;
      3) Азаматтық және кешірім жасау мәселелері жөніндегі қолдану практикасын қорытуды;
      4) "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ереже" мен осы Ережелерде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады. 
       Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Президентінің 1998.02.18.  N 3841 (Бұл жарлықтың II тармағын қарау қажет), 2001.02.13.  N 557 Жарлықтарымен. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады