Экономикалық қылмыстарға қарсы күрестiң пәрмендiлiгiн арттыру жөнiндегi шаралар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1998 жылғы 6 мамырдағы N 3935. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      Елдiң экономикалық қауiпсiздiгiн одан әрi нығайту, экономикалық қылмыстарға қарсы күрестiң пәрмендiлiгiн арттыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3), 21) тармақшаларына, "Қазақстан Республикасының Президентi туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң Конституциялық заң күшi бар Жарлығына сәйкес қаулы етемiн: 
      1. Таратылатын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Салық полициясы департаментi мен Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң Экономикалық полиция департаментiнiң базасында таратылатын департаменттердiң өкiлеттiктерi берiле отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Салық полициясы комитетi құрылсын. 
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Салық полициясы комитетiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар: 
      1) салықтарды төлемеу немесе мемлекет алдындағы басқа да қаржылық мiндеттемелерiн орындамаумен байланысты қылмыстардың алдын алу, оларды айқындау және тексеру; 
      2) мемлекетке зиян келтiруге әкеп соққан өзге де экономикалық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы күрес; 
      3) экономикалық қылмыстарға қарсы күрес саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлеуге және оны iске асыруға қатысу; 
      4) экономикалық қылмыстарға қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастық болып белгiленсiн. 
      3. Қазақстан Республикасының Үкiметi: 
      1) 1998 жылғы 1 шiлдеге дейiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексi мен өзге де заң актiлерiне осы Жарлықтан туындайтын тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi көздейтiн Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзiрлеп, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Мәжiлiсiне енгiзетiн болсын; 
      2) Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң тергеу-жедел бөлiмшелерiнiң тиiстi штат санын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Салық полициясы комитетiне берудi жүргiзсiн; 
      3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң бұрын шығарылған актiлерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн;
      4) осы Жарлықтан туындайтын басқа да шаралар қолдансын.
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жүктелсiн.
      5. Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi. 

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады