Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесін одан әрі оңтайландыру жөніндегі шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 1998 жылғы 18 қыркүйек N 4073

      Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік қызметшілер қызметінің тиімділігін арттыру және жауапкершілігін күшейту мақсатында қаулы етемін:

      1. Мынадай мемлекеттік органдардың штат саны оларды қамтуға арналған тиісті шығыстармен қоса қысқартылсын:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті - офицерлік құрамдағы 1000 әскери қызметшіге;
      2) Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы - 500 қызметкерге.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының штат санын офицерлік құрамдағы 1500 әскери қызметшіге оларды қамтуға арналған тиісті шығыстармен қоса қысқартуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы Жарлықтың 1, 2-тармақтарында аталған мемлекеттік органдардың босатылатын қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген әлеуметтік кепілдіктер мен өтемдер беріледі деп белгіленсін.

      4. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі (бұдан былай - Агенттік) құрылсын. см.U990280

      5. Агенттікке мынадай негізгі міндеттерді орындау жүктелсін:
      1) мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің еңбегін ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарды талдап жасау және шаралар қолдану;
      2) мемлекеттік қызмет кадрларының жай-күйіне мониторинг жүргізу, соның ішінде мемлекеттік қызметтің кадрлық резервін қалыптастыру;
      3) мемлекеттік қызмет кадрларын даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, соның ішінде мемлекеттік қызмет жүйесі үшін қызметкерлер даярлауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру;
      4) мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысты, оларды әлеуметтік-құқықтық қорғаудың өзге де шараларын ұйымдастыру;
      5) мемлекеттік қызмет туралы заңдарды жетілдіру мәселелері жөніндегі ұсыныстарды талдап жасау және шаралар қолдану, соның ішінде мемлекеттік қызметке кіру, оны өткеру, мемлекеттік қызметшілерді аттестациялау мәселелері жөнінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, қабылдау;
      6) мемлекеттік қызмет туралы заңдардың сақталуын бақылау, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы ережелерін сақтауын бақылау;
      7) Қазақстан Республикасы Жоғары тәртіптік кеңесінің қызметін қамтамасыз ету.

      6. Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің құрылымында Қазақстан Республикасы Жоғары тәртіптік кеңесінің хатшылығы таратылсын.

      7. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бір ай мерзімде:
      1) тиісті құрылымдық бөлімшелерді қайта құру мен штат санын қысқартуды осы штат санын Агенттікке бере отырып жүзеге асырсын;
      2) Агенттікке осы Жарлықтың 7-тармағында аталған мемлекеттік органдардың қайта құрылатын құрылымдық бөлімшелерінің функциялары мен өкілеттіктерін, қажетті материалдық-техникалық құралдары мен өзге де мүлкін Агенттікке жүктелген міндеттер мен Агенттікке берілетін штат саны көлемінде табыс етсін;
      3) өз құрылымы мен штат санын осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.

      8. "Қазақстан Республикасының Жоғары тәртіптік кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 21 қазандағы N 3705 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жоғары тәртіптік кеңесі туралы ережеге мынадай өзгеріс енгізілсін:
      4-тармақта "Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы" сөздері "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің төрағасы" сөздерімен алмастырылсын.

      9. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде:
      1) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Кеден комитетінің штат санын осы Жарлықтың 1, 2-тармақтарында аталған мемлекеттік органдардың штат санын қысқарту есебінен ұлғайтсын;
      2) Агенттіктің қызметін 1998 жылға арналған республикалық бюджетте осы Жарлықтың 7-тармағында аталған мемлекеттік органдарды қамту үшін көзделген қаржы есебінен, осы органдардың штат санының, материалдық-техникалық құралдары мен өзге де мүлкінің Агенттікке берілетін бөлігін қамтуға бөлінген қаражат шегінде, қаржыландыруды қамтамасыз етсін;
      3) жыл сайын республикалық бюджет жобасында Агенттікті қамтуға арнап қаражат көздейтін болсын;
      4) өз актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін;
      5) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қолдансын.
      10. Республика Президентінің Әкімшілігі, Республика Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Республика Бас прокуратурасы бір ай мерзімде Мемлекет басшысының қарауына Қазақстан Республикасы Президентінің бұрын шығарылған актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтіру туралы ұсыныстар енгізсін.
      11. Агенттік бір ай мерзімде Мемлекет басшысының қарауына:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі туралы ереженің жобасын;
      2) Агенттіктің құрылымы мен жалпы штат саны жөнінде ұсыныстар енгізсін.
      12. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      13. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады