Екінші деңгейдегі банктердің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органына күн сайынғы және ай сайынғы баланстарды беру мерзімдері туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқарамасының қаулысы. 2002 жылғы 29 желтоқсандағы N 532. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 12 ақпанда тіркелді. Тіркеу N 2166. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 27 желтоқсандағы N 388 (V043413) қаулысымен.

      Ескерту: Қаулының атауына өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 25 қазандағы N 304 қаулысымен .

     Қазақстан Республикасының банк заңдарын, сондай-ақ банктердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, олардың депозиторларының мүдделерін қорғауға бағытталған банктерді қадағалау рәсімдерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
     1. Екінші деңгейдегі банктердің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) баланстарды берудің мынадай мерзімдері белгіленсін:
     1) күн сайынғы баланстар - есеп берілетін күннен кейінгі екі жұмыс күнінен кешіктірмей, ай сайынғы баланстар - есеп берілетін айдың соңғы күнінен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей беріледі;
     2) он және одан да көп филиалдары бар банктер күн сайынғы баланстарды есеп берілетін күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірмей, ай сайынғы баланстарды - есеп берілетін айдың соңғы күнінен кейінгі бес жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
      Ескерту: 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 25 қазандағы N 304 қаулысымен .
     2. Күн сайынғы және ай сайынғы баланстардың нысандары уәкілетті органмен белгіленеді.
      Ескерту: 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 25 қазандағы N 304 қаулысымен .
     3. Күн сайынғы баланстар электрондық байланыс арқылы, ай сайынғы баланстар - электрондық байланыс арқылы және қағаз тасымалдаушыда мөрмен куәландырылып, бірінші басшы мен бас бухгалтердің немесе олардың қол қоюға құқығы бар орынбасарларының қолдары қойылып беріледі.
     4. Қағаздағы және электрондық тасымалдаушыдағы баланстарда көрсетілген мәліметтер бірдей болуға тиіс.
     Балансқа өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда, банк баланс берілген күннен бастап үш күндік мерзімде уәкілетті орган бұрын берілген балансқа өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу қажеттігінің себептерін түсіндіре отырып, жазбаша өтініш береді.
      Ескерту: 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 25 қазандағы N 304 қаулысымен .
     5. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді.
     6. Осы қаулы күшіне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Екінші деңгейдегі банктердің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне күн сайынғы баланс нысаны мен пруденциалдық нормативтерді және басқа сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді есептеу үшін қосымша мәліметтер беру тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы" 1999 жылғы 3 шілдедегі N 156 қаулысының (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 895 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Казахстана" басылымдарында 1999 жылғы 13-26 қыркүйекте жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
     7. Қаржылық қадағалау департаменті (Бахмутова Е.Л.):
     1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
     2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап он күн ішінде осы қаулыны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарына және екінші деңгейдегі банктерге жіберсін.
     8. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ә.Ғ.Сәйденовке жүктелсін.

      Ұлттық Банк Төрағасының
       міндетін атқарушы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады