Диссертациялық кеңес туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 10 қаңтардағы N 14 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 29 қаңтарда тіркелді. Тіркеу N 2139. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылы 31 наурыздағы № 126 бұйрығымен.

      Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2011.03.31 № 126 (ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Жоғары білікті кадрларды аттестаттаудың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру мақсатында  бұйырамын :
      1. Қоса беріліп отырған Диссертациялық кеңес туралы ереже бекітілсін.
      2. Жоғары аттестациялық комитет (Құсайынов А.Қ.) жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогтік кадрларды аттестаттау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық құжаттарын осы бұйрыққа сәйкес келтірсін.
      3. Құқықтық қамтамасыз ету және аудит басқармасы (Күзембаев М.М.) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен  Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуден өткізуге тапсырсын.
      4. Осы бұйрық 2003 жылғы 1 наурыздан қолданысқа енгізіледі.
      5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрі міндетін атқарушының 2001 жылғы 4 маусымдағы "Диссертациялық кеңес туралы ережені бекіту туралы" N 423 бұйрығы күшін жойды деп саналсын.
      6. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау бірінші вице-министр Ғ.М. Мұтановқа жүктелсін.

       Министр

Қазақстан Республикасы     
Білім және ғылым Министрінің  
2003 жылғы 10 қаңтардағы   
N 14 бұйрығымен бекітілген  

  ДИССЕРТАЦИЯЛЫҚ КЕҢЕС ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕ

  1. Диссертациялық кеңестерді құру және
жұмысын ұйымдастыру

      1. Диссертациялық кеңестер - ғылым кандидаты немесе докторы ғылыми дәрежесін алу үшін ұсынылатын ғылыми жұмыстарды қарау жөніндегі кеңестер жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогтік кадрларды аттестаттау жүйесінің негізгі буыны болып табылады.

      2. Диссертациялық кеңестерді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті (бұдан әрі - Комитет) тиісті ғылым саласындағы жетістіктерімен кеңінен танымал, сұралып отырған мамандық бойынша докторантурасы (аспирантурасы), кафедрасы (бөлімі, лабораториясы) бар және ғылыми семинар жұмыс істейтін республиканың ірі ғылыми орталықтарында, ғылыми ұйымдарында және  жоғары оқу орындарында (бұдан әрі - ұйымдар) аталған ұйымдардың өтініші негізінде құрады.
      Өтініш хатта осы ұйымда диссертациялық кеңес құру қажеттілігі мен оның жұмыс істеуінің орындылығының негіздемесі көрсетілуі, сондай-ақ кеңес жұмысына қажетті жағдаймен қамтамасыз етілетіндігіне, диссертациялардың қаралуы мен қорғалуына қажетті қаражат бөлінетіндігіне кепілдік берілуі керек. Ұйымның диссертациялық кеңес ашу үшін ұсынатын құжаттарының тізбесін Комитет белгілейді.
      Комитет әр ғылыми мамандық бойынша Қазақстан Республикасының Білім және ғылым Министрінің 2001 жылғы 16 наурыздағы N 174 бұйрығымен бекітілген Ғылыми қызметкерлер мамандықтарының номенклатурасына енгізілетін өзгертулерді және басқа жағдайларды ескеріп кеңестер желісін қайта қарап отыратын диссертациялық кеңестердің қызметін бақылайды және үйлестіреді.
      Диссертациялық кеңестер диссертациялардың сарапталуының сапасы мен әділдігіне, қабылданған шешімдердің негізділігіне жауап береді және диссертациялардың Ғылыми дәрежелер беру ережелерімен (бұдан әрі - Ережелер) белгіленген критерийлерге сәйкестігін анықтау кезінде талапшылдықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге міндетті.
      Диссертациялық кеңестер өздері жұмыс істейтін ұйымдардың басшыларына есеп береді, сол ұйымдардың мөрі мен бланкілерін пайдаланады. Ұйым басшылары кеңес жұмысына қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге жауапты.
      Кеңес мәжілісін өткізетін бөлме, оргтехника бөлуге, ізденушілердің Комитетке жіберілетін аттестациялық істерін ресімдеуге, кеңестің басқа қаладағы мүшелерінің іссапарына байланысты шығындарды төлеу кеңес құрылған ұйымдарға жүктеледі. Аталған шығындары ізденушілердің өз есебінен өндіруге жол берілмейді.
      Диссертациялық кеңес мүшелері өз міндеттерін ерікті түрде төлемақысыз орындайды.
      Диссертациялық кеңестерді құруға ғылыми жұртшылықтың белсенді қатысуы мақсатында оларды ашу, ондағы мамандықтар және құрамы жөніндегі мәселелер ұйымдардың ғылыми (ғылыми-техникалық) кеңестерінің мәжілістерінде талқылануы керек.
      Диссертациялық кеңес құрамына ұсынылған кандидатуралар бойынша ғылыми кеңестің дауыс беруін өткізу керек. Біріккен диссертациялық кеңестің құрамы бойынша дауыс беру қызметкерлері диссертациялық кеңес құрамына кандидаттар болып табылатын ұйымдарда өткізіледі.
      Ұйым (базалық ұйым) басшысы құрылатын диссертациялық кеңес құрамына сайланған кандидаттардың жиналысын өткізеді, жасырын дауыс беруге қатысады, онда жәй көпшілік, бірақ диссертациялық кеңестің тізімдік құрамының жартысынан кем емес дауыспен диссертациялық кеңестің төрағасы мен төрағасының орынбасары сайланады.
      Кеңес төрағасы болып кеңес құрылып отырған ұйым штатында жұмыс істейтін, белсенді ғылыми қызмет атқарушы, кеңес профилі бойынша (авторефераты бойынша) маман - ғылым докторы сайланады. Кеңестің ғалым хатшысы болып кеңес құрылып отырған ұйым штатында жұмыс істейтін, кеңес профилі бойынша (авторефераты бойынша) маман сайланады.
      Ғылыми (ғылыми-техникалық) кеңес мәжілісінің хаттамасы мен диссертациялық кеңес төрағасы мен төраға орынбасарының кандидатуралары бойынша жасырын дауыс беру нәтижелері диссертациялық кеңес ашу жөніндегі өтініш хаттың міндетті қосымшасы болып табылады.
      Кеңестердің төрағаларын, төраға орынбасарларын ауыстыруды, олардың құрамына басқа ішінара өзгертулер енгізуді кеңестер құрылған ұйымдардың өтініш хатының негізінде Комитет жүргізеді. Өтініш хатта ұсынылған барлық өзгертулер атап көрсетіледі және олардың қажеттігі негізделеді. Өтініш хатқа ғылыми (ғылыми-техникалық) кеңес мәжілісінің хаттамасы және диссертациялық кеңес мәжілісіндегі жаңадан сайланған диссертациялық кеңес төрағасының және (немесе) төраға орынбасарының кандидатуралары бойынша жасырын дауыс беру нәтижелері, жаңадан енгізілетін мамандар туралы мәліметтер қоса беріледі.
      Мамандықтар тізімін өзгерту және кеңес құрамына елеулі өзгертулер енгізу кеңесті белгіленген тәртіппен қайта бекіту жолымен жасалады.
       Ескерту: 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2005.03.02.  N 126 , 2007.10.17.  N 486 (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз) Б ұйрықтарымен .

      3. Ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің құрамына тек ғылым докторлары енгізіледі. Ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғау жөніндегі кеңестер сондай-ақ, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғауды да өткізеді. Ғылым  кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғау жөніндегі  диссертациялық кеңестің құрамына ғылым докторлары мен кандидаттары кіреді, бұл ретте ғылым докторларының жалпы саны кеңес құрамының жартысынан кем болмауға тиісті.
      Тиісті мамандықтар мен ғылым салалары бойынша кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер республикада осы мамандықтар мен ғылым салалары бойынша диссертацияларды қарайтын докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер болмаған жағдайда құрыла алады.
       Ескерту: 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2007.10.17.  N 486 (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз) Б ұйрығымен .

      4. Мемлекеттік үлгідегі ғылым докторы дипломы бар басқа мемлекеттердің азаматтарының ең көбі үшеуі кеңес құрамына қайта аттестаттаусыз енгізіле алады. Мұндай жағдайда мәжілістерде таратылуы шектеулі мәліметтері жоқ диссертациялық жұмыстар қаралады.
       Ескерту: 4-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2005 жылғы 2 наурыздағы N 126   бұйрығымен .

      5. Комитет кеңеске әдетте бірнеше, бірақ ең көп дегенде бес мамандық бойынша диссертация қорғатуға құқық бере алады.

      6. Кеңес құрамы мынандай талаптарға сай болуы қажет:
      1) кеңес құрамына жазбаша келісімімен авторефераттары, еңбектері бойынша (кеңестің әр мамандығы бойынша үштен көп емес) және жапсарлас мамандықтар бойынша (кеңестің әр мамандығы бойынша үштен көп емес) мамандар енгізіледі. Еңбектері бойынша мамандығы жөнінде Комитет ұсынған арнаулы ғылыми басылымдарда жарияланған ең кем дегенде 5 ғылыми еңбегі бар ғылым докторлары енгізіледі. Жапсарлас, яғни ғылыми мазмұны бойынша кеңес мамандығына жақын мамандықтар осы мамандықтың төлқұжатымен анықталады;
      2) ғылым докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғалатын кеңестің құрамында тиісті ғылым саласының кеңестегі әр мамандығы бойынша кем дегенде алты ғылым докторы, оның ішінде ең кемі төртеуі - авторефераты бойынша, болуы қажет;
      3) ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациялар қорғалатын кеңестің құрамында тиісті ғылым саласының кеңестегі әр мамандығы бойынша кем дегенде бес маман, оның ішінде кем дегенде үш ғылым докторы, олардың ең кемі екеуі - авторефераты бойынша, болуы қажет;
      4) Комитет қызметкерлері, Комитет Төралқасы мен сараптау кеңесінің мүшелері кеңеске мүше бола алмайды;
      5) әр маман тек бір кеңестің мүшесі бола алады және бір ғылым саласы бойынша тек бір мамандық атынан өкілеттік ете алады, бұл ретте ғылым докторы ғылыми дәрежесі екі мамандық бойынша берілген кеңес мүшесіне диссертациялық кеңесте авторефераты бойынша сол мамандықтар атынан өкілеттік етуге рұқсат беріледі.
      6) кеңес құрамына басқа ұйымдардан, бірақ кеңестің әр мамандығы бойынша жартысынан аспайтын мөлшерде мамандар енгізілуі мүмкін;
      7) кеңес мүшелерінің саны он үштен кем болмауға тиіс.
       Ескерту: 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2007.10.17.  N 486 (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз) Б ұйрығымен .
      7. Ғылым мен техника дамуының басым бағыттары бойынша жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогтік кадрларды даярлау және аттестаттау үшін сұраныс туғызып отырған мамандықтар бойынша белсенді ғылыми зерттеу жүргізіп жатқан бірнеше ұйымдардың ғалымдарының қатысуымен біріккен диссертациялық кеңестер құрылуы мүмкін.
      Біріккен диссертациялық кеңес құрушы ұйымдар жалпы жауапкершілік және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету жағдайлары, соның ішінде қаржы жөніндегі келісімге қол қояды, өздерінің атынан Комитетке өтініш жасайтын базалық ұйымды белгілейді. Біріккен диссертациялық кеңес осы ұйымдарда жұмыс істейді деп саналады, бұл ретте базалық ұйым бірінші аталады.
      Базалық ұйымның басшысы кеңес жұмысының үйлестірушісі қызметін атқарады және жылына кем дегенде бір рет біріккен диссертациялық кеңеске қатысушы ұйымдардың басшыларымен оның жұмысы туралы мәжіліс өткізіп тұрады.
      Біріккен кеңес құрамында кеңес құрылған базалық ұйымда қызмет істейтін, кеңестің әр саласының әр мамандығы бойынша (авторефераты бойынша бір немесе одан да көп) ғылым докторлары болуға тиіс.
      Кеңес құрамы осы Ереженің талаптарын қанағаттандыратын болуы керек.

      8. Ережелердің 18-тармағында көзделген жағдайларда бір жолғы диссертация қорғау өткізу үшін кеңес құрамына тиісті ғылым саласының кеңесте жоқ мамандығынан авторефераты бойынша ғылым докторларының қажетті саны (докторлық диссертация үшін үш және кандидаттық үшін екі) енгізілуі керек. Бұл ретте бір жолғы қорғауға енгізілетін кеңес мүшелерінің саны оның құрамында бұған дейін бар тиісті ғылым саласының жапсарлас мамандықтары бойынша ғылым докторларының есебінен азайтылуы мүмкін. Енгізілетін ғылым докторлары ресми оппонент бола алмайды. Кеңес төрағасы алдын ала Комитетке кеңес құрамына қосымша мүшелер енгізу туралы, қажетті мәліметтерді қоса бере отырып, өтініш хат жібереді. Тиісті Комитет шешімін алғаннан кейін толықтырылған құрамдағы кеңес диссертацияны қорғауға қабылдауды жүзеге асырады және қорғауды өткізеді.
      Бір жолғы докторлық немесе кандидаттық диссертация қорғау тек докторлық диссертацияларды қабылдау құқығы бар кеңестерде ғана өткізіледі.
       Ескерту: 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2007.10.17.  N 486 (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз) Б ұйрығымен .

      9. Диссертациялық кеңес жариялылық жағдайында жұмыс істейді. Оның мәжілісі туралы ол құрылған ұйымның ұжымы мен ғылыми жұртшылық кеңінен құлақтандырылады. Диссертациялық кеңестің қызметі диссертациялық кеңес құрылған ұйымның Интернет желісіндегі ресми сайтында жариялануы тиіс. Сайтта: Комитеттің диссертациялық кеңестің қызметіне қатысты бұйрықтары; кеңес мүшелері туралы мәліметтер; есептер; диссертацияларды қорғауға рұқсат етілген мамандықтар төлқұжаттары; диссертациялардың авторефераттары жіберілетін ұйымдар тізбесі; арнаулы пәндер мен жалпы курс бойынша кандидаттық емтихандардың бағдарламалары; арнаулы пәндер мен жалпы курс бойынша кандидаттық емтихандардың өткізілу кестесі; өткізілетін қорғаулар туралы хабарландырулар мен кестелер; диссертациялардың авторефераттары жариялануы тиіс.
      Кеңес өзінің бүкіл қызметімен ізденушінің дайындаған диссертациясын қорғауына барынша қолайлы жағдай туғызуы керек. Ізденушіге өз диссертациясының қорғалуына қатысты кеңестегі барлық материалдармен танысуға, диссертациясының қорғалуын ұйымдастыруға байланысты барлық мәселелер бойынша кеңес басшыларының білікті көмегін алуға мүмкіндік берілуі тиіс.
      Кеңес тиісті ұйымдардан диссертацияның толық, жан-жақты әрі әділ қаралуы мен негізделген шешім шығарылуы үшін қажетті материалдарды сұрауға құқылы.
       Ескерту: 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2007.10.17.  N 486 (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз) Б ұйрығымен .

      10. Диссертациялық кеңестің бір мәжілісінде бір ғана диссертация қорғалуы немесе бір қосымша қорытынды (ұжымдық пікір) дайындалуы мүмкін.
      Бір күн ішінде бір докторлық немесе екі кандидаттық диссертация қорғалады. Кеңес бір айда екі докторлық және төрт кандидаттық диссертация дайындауға құқылы.
       Ескерту: 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2003.12.04 N 796, 2007.10.17 N 486 (қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз), 2010.09.07 N 446 (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрықтарымен.

      11. Диссертациялардың қорғалу мерзімін тағайындағанда ізденушілердің диссертациясын қорғауға қабылдау туралы өтінішінің түсу кезегі сақталуы қажет. Кезектен тыс қорғау құқығын диссертациясын аспирантурада оқу мерзімі аяқталғанға дейін қорғауға ұсынған аспиранттар пайдаланады.

      12. Кеңес басшылары кеңес жұмысы туралы өз ұйымы мен Комитет алдында есеп береді. Кеңес күнтізбелік жыл аяқталған соң бір ай мерзім ішінде атқарған жұмысы туралы Комитет белгілеген үлгіде Комитетке есеп береді.

      13. Егер кеңес мүшесі есепті жыл ішінде мәжілістердің жартысына және одан да көбіне қатыспаған болса, онда ол тиісті диссертациялық кеңес құрамынан шығарылады.

      14. Кеңестің осы Ереженің немесе Ғылыми дәрежелер беру ережелерінің талаптарын бұзуы Комитеттің тиісті шешім қабылдауына, кеңес басшылығы мен мүшелерін ауыстыруына, кеңес қызметін оның өкілеттік мерзімнен ерте тоқтатуына немесе доғаруына негіз болып табылады.

      14-1. Комитет кеңесте қорғалған жұмыстар бойынша Комитет Төралқасының екі теріс шешімі болған жағдайда диссертациялық кеңестің қызметін алдын-ала тоқтату туралы шешім қабылдайды.
       Ескерту: 14-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2007.10.17.  N 486 (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз) Б ұйрығымен .

  2. Диссертацияның диссертациялық кеңесте
алдын ала қаралуы

      15. Кеңес Ережелердің 10-тармағының талаптарына сәйкес ресімделген, белгіленген тізбе бойынша құжаттары түгел диссертацияны алдын ала қарауға қабылдайды және кеңестің хаттамалық шешімімен диссертация профилі бойынша маман - кеңес мүшелерінен (ең кемі үш адамнан) құрылған комиссияға диссертациямен және ғылыми жетекшісінің (кеңесшінің) пікірімен танысуды және кеңеске диссертация қорғату құқығы берілген мамандықтар мен ғылым саласына сәйкестігі, автор жариялаған еңбектерінде диссертация материалдарының баяндалуының толықтығы (Ережелердің 11-тармағына сәйкес) туралы кеңеске қорытынды беруді, сондай-ақ қаралатын диссертация бойынша жетекші ұйым, ресми оппоненттер тағайындау, ал қажет жағдайларда кеңес құрамына қосымша мүшелер енгізу туралы ұсыныс жасауды тапсырады. Сонымен бірге комиссия ғылыми жетекші тағайындаудың, ғылыми кеңесші қатыстырудың, диссертацияның мамандықтар түйісінде ұсынылуының, шектеу грифтерін қоюдың негізділігіне көңіл аударуы қажет.
      Диссертацияны мамандықтар түйісінде ұсынуға әр мамандық бойынша тиісті ғылыми жетістігінің болуы негіз болады.
      Докторлық диссертацияны қарау үстінде комиссия ізденушінің кандидаттық диссертациясының материалдары мен қорытындыларын қандай дәрежеде пайдаланғанын анықтауға тиіс. Ізденушінің кандидаттық диссертацияда қорғауға ұсынған қағидалары мен нәтижелерін докторлық диссертацияда қайтадан қорғауға ұсынуына болмайды.
      Егер диссертация кеңес құрылған ұйымда орындалмаған болса, ол диссертацияны осы жұмыстың профиліне сай келетін кафедраның (бөлімнің, лабораторияның, ғылыми семинардың) қосымша талқылауына жібереді.
      Диссертациялардың кеңесте алдын ала қаралу мерзімі ізденуші құжаттарын тапсырған күннен бастап кандидаттық диссертация үшін екі айдан, ал докторлық диссертация үшін үш айдан аспауы қажет.

      16. Кеңес комиссия қорытындысының негізінде өзінің мәжілісінде диссертацияны қорғауға қабылдайды және ресми оппоненттер мен жетекші ұйымды тағайындайды, қорғау күнін, автореферат тарататын қосымша тізімді белгілейді, авторефераттың қолжазба құқығында басылуына рұқсат береді және қажет жағдайларда (бір жолғы қорғау) кеңес құрамына белгіленген тәртіппен қосымша мүшелер енгізу туралы шешім қабылдайды.
      Кеңес ресми оппоненттердің, жетекші ұйымның, диссертациялық жұмыстың, ғылыми жетекшісінің (кеңесшінің) бір-біріне тәуелсіздігі принципін қатаң басшылыққа алады, олардың диссертацияға дайындайтын пікірлерінің әділдігі мен сапасына жауап береді.
      Диссертациялық кеңес мәжілісінің құқықтылығы Ережелердің 28-тармағының талаптарына сәйкес анықталады. Кеңестің диссертацияны қорғауға қабылдау туралы шешімі, мәжіліске қатысушы кеңес мүшелерінің жай көпшілігі жақтап дауыс берген жағдайда қабылданған болып саналады.
      Кеңес диссертацияны қорғауға қабылдау мәселесі туралы оң шешім қабылдаған жағдайда, 15-тармақта аталған комиссия диссертация жөніндегі кеңес қорытындысының жобасын дайындайды, сонымен бірге жіктемелік белгілерін іріктеуді жүргізеді.
      Комиссия қажет жағдайда қорытынды жобасын әзірлеуге осы ұйымның, кафедраларының, лабораторияларының, секторларының немесе бөлімдерінің мамандарын қатыстыра алады.

      17. Кеңес мына төмендегі жағдайлардың бірінде диссертацияны қорғауға қабылдамайды:
      1) диссертацияның негізгі мазмұны кеңеске диссертация қорғауға қабылдау құқығы берілген мамандықтардың және ғылым саласының біреуіне де сәйкес келмегенде;
      2) диссертацияның негізгі нәтижелерінің жариялануының толықтығы туралы Ережелердің 11-тармағының талаптары орындалмаған жағдайда;
      3) ізденушінің ғылыми әдепсіздігі фактілері (бөтен материалды дерек көзіне сілтемесіз пайдалану, кандидаттық диссертациясында қорғауға ұсынған қағидалары мен ғылыми нәтижелерін докторлық диссертациясында қайталап ұсыну) анықталғанда.
      Бұл ретте ізденушіге, осы Ережелердің 15-тармағында белгіленген мерзімде диссертацияның қорғауға қабылданбау себептері көрсетілген кеңес мәжілісінің хаттамасының көшірмесі беріліп, оның кеңеске тапсырған барлық материалдары қайтарылып беріледі.

      18. Алда болатын қорғау туралы хабарлама мекен-жайы, қорғалатын күні және уақыты көрсетіліп, Комитет бекіткен тізім мен кеңес бекіткен қосымша тізім бойынша авторефераттарды ерте, қорғаудан кемінде бір ай бұрын тарату жолымен жасалады. Диссертацияның авторефераты мен хабарландыру мәтіні бір уақытта диссертациялық кеңес құрылған ұйымның Интернет желісіндегі ресми сайтында жариялануы тиіс.
      Докторлық диссертацияны қорғауға қабылдау кезінде кеңес қорғауға дейін 2 ай мерзімнен кешіктірмей Комитетке Бюллетенде және Комитеттің Интернет желісіндегі ресми сайтында жариялау үшін ізденушінің тегі, аты-жөні, диссертацияның тақырыбы, ғылыми дәреже берілетін ғылым саласы, мамандық шифры, қорғау мерзімі мен уақыты, диссертация қорғау өтетін кеңестің атауы мен мекен-жайы, жетекші ұйымның атауы, ғылыми жетекшінің (кеңесшінің), ресми оппоненттердің тектері, ізденушінің, ғылыми жетекшінің (кеңесшінің), оппоненттердің жұмыс орындары, оппоненттердің докторлық авторефераттарының титулды парақтарының көшірмелері көрсетілген хабарландыруды ұсынады. Хабарландырудың мәтіні ізденушінің ісіне салынады.
       Ескерту: 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2007.10.17.  N 486 (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз) Б ұйрығымен .

      19. Жетекші ұйым мен ресми оппоненттердің пікірлері кеңеске қорғаудан кемінде 10 күн бұрын берілуі керек.

      20. Жетекші ұйым диссертацияның негізгі ғылыми қағидаларын талқылау үшін ізденушіні шақырып ғылыми семинар өткізеді. Жетекші ұйым пікіріне оны дайындаған маман мен диссертация талқылаудан өткен ұйым бөлімшесінің басшысы қол қояды, олар Комитет Төралқасының, сараптау кеңесінің және диссертация қорғалатын кеңестің мүшелері болмауы керек, пікірді жетекші ұйым басшысы немесе оның орынбасары бекітеді және ол ұйымның мөрімен расталады.
       Ескерту: 20-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2005 жылғы 2 наурыздағы N 126   бұйрығымен .

      20-1. Ұйымнан оң пікірлер алған жұмыстар бойынша Комитет Төралқасының екі теріс шешімі болған жағдайда Комитет осы ұйымды жетекші ұйымдар тізбесінен шығару туралы шешім қабылдайды.
       Ескерту: 20-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2007.10.17.  N 486 (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз) Б ұйрығымен .

      21. Қорғау күні мен уақытын авторефератта көрсетілген уақыттан ерте мерзімге ауыстыруға болмайды.

      22. Кеңес мәжілісін дәлелді себептермен тағайындалған күні өткізу мүмкін болмаған жағдайда кеңес, ол туралы Комитетті хабардар ете отырып, диссертация қорғау күнін кейінге бірақ он күннен бұрын емес күнге жылжытуға құқылы.
       Ескерту: 22-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2007.10.17.  N 486 (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз) Б ұйрығымен .

      23. Дәлелді себептермен ресми оппоненттерді ауыстыру қорғаудан кем дегенде он күн бұрын Комитетті хабардар ете отырып кеңес мәжілісінде жасалады.

  3. Диссертация қорғау кезіндегі
диссертациялық кеңес мәжілісін өткізу

      24. Диссертация қорғау кезіндегі кеңес мәжілісі кеңес төрағасының, ол болмаған жағдайда кеңес төрағасы орынбасарының басқаруымен өткізіледі және магнитті таспаға жазылады.
      Кеңес төрағасы (төрағаның орынбасары) диссертациясы қаралып отырған ізденушінің ғылыми жетекшісі (кеңесшісі) болған жағдайда кеңес мәжілісінде төрағалық міндет атқара алмайды. Егер кеңес төрағасы және оның орынбасары көрсетілген міндеттерді атқара алмаса, кеңестің бұл мәжілісіне төрағалық етуге кеңестің мүшесі - кеңесте қызмет істейтін ұйымның қызметкері тағайындалады. Оның тағайындалуы ұйым басшысының бұйрығымен ресімделеді. Ғалым хатшы болмаған немесе ол диссертациясы қаралып отырған ізденушінің ғылыми жетекшісі (кеңесшісі) болған жағдайда, оның міндеттері ұйым басшысының бұйрығымен мерзімі (көп дегенде екі ай) көрсетіліп кеңес  мүшелерінің біріне жүктеледі. Төраға, төрағаның орынбасары және ғалым хатсышы бір мезгілде болмай қалған жағдайда диссертациялық кеңестің мәжілісі өткізілмейді.

      25. Диссертациялық кеңес мәжілісінің ашылуы алдында оның мүшелеріне осы Ережелердің 16-тармағына сәйкес әзірленген қорытынды жобасы таратылып беріледі.
      Диссертациялық кеңес мәжілісін ашарда төраға келу парағы мен оппоненттердің қатысуының негізінде кеңес мүшелеріне мәжілістің құқықтылығы жайында хабарлама жасайды (Ережелердің 28-тармағы). Кеңес мүшелерінің, ресми оппоненттердің кеңеске қатысуы, олардың мамандығы, ғылым саласы мен ғылыми дәрежесі мәжілістің стенограммасында көрсетілуі тиіс.
      Кеңес мәжілісі ашылғаннан кейін төраға ізденушінің диссертация қорғайтыны туралы хабарлайды, диссертацияның атауын, ресми оппоненттердің аты-жөнін, жетекші ұйымды атап өтеді, және диссертацияның бірінші рет (қайталап) қорғалып отырғанын жариялайды. Сонан соң сөз ғалым хатшыға беріледі, ол ізденуші құжаттарының негізгі мазмұны мен олардың белгіленген талаптарға сәйкестігі жайында қысқаша баяндайды.

      26. Ізденуші диссертацияның мәні мен негізгі қағидаларын баяндап береді. Сонан соң ізденушіге ауызша немесе жазбаша түрде сұрақтар қойылады. Ізденушінің жауаптарынан кейін сөз ғылыми жетекшіге (кеңесшіге) беріледі немесе ол қатыса алмаған жағдайда оның пікірі оқылады. Диссертациялық жұмыс орындалған немесе ізденуші тіркелген ұйымның және кеңес жұмыс істейтін ұйымның қорытындысы, жетекші ұйымның пікірі, басқа да кеңеске келіп түскен диссертация мен автореферат туралы пікірлер жарияланады. Диссертация мен авторефератқа жіберілген оң пікірлер көп болған жағдайда ғалым хатшы кеңес мүшелерінің келісімімен бұл пікірлерді толық оқудың орнына, оларда көрсетілген ескертпелерді атай отырып, шолу ғана жасайды. Теріс пікірлер толық оқылады.

      27. Пікірлер оқылып болған соң ізденушіге пікірлерде көрсетілген ескертпелерге жауап беру үшін сөз беріледі.

      28. Бұдан соң ресми оппоненттер сөз сөйлейді, одан кейін жауап беру үшін ізденуші сөз алады. Ізденушінің тілегі бойынша оған әрбір оппоненттің сөзінен кейін жауап беру үшін сөз берілуі мүмкін. Бұдан кейінгі пікірсайысқа қорғауға қатысушылардың бәрінің қатысуға құқығы бар. Пікірсайыс аяқталған соң ізденушіге қорытынды сөз беріледі.
       Ескерту: 28-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2007.10.17.  N 486 (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз) Б ұйрығымен .

      29. Ізденушінің қорытынды сөзінен кейін кеңес осы Ереженің 4-бөлімінде белгіленген тәртіп бойынша ғылыми дәреже беру жөніндегі мәселені жасырын дауысқа салады. Кеңестің шешімі, оған кеңестің мәжіліске қатысқан мүшелерінің ең кемі үштен екісі жақтап дауыс бергенде, қабылданған болып есептеледі.

      30. Есеп комиссиясының хаттамасы бекітілген соң кеңес қорытындысының жобасы талқыланады. Ғылыми дәреже беру туралы мәселе оң шешілген жағдайда қорытынды жобасында ізденушінің жеке өзі қол жеткізген ең маңызды ғылыми нәтижелері, оның негізділігі мен жаңалығына берілген баға, теориялық және практикалық маңызы, диссертациялық зерттеудің нәтижелерін пайдалану жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ диссертация Ережелердің қандай талаптарына сәйкес бағаланғаны атап көрсетіледі. Ғылыми дәрежелер беру туралы мәселе теріс шешілген жағдайда қорытынды қабылданбайды. Жіктемелік белгілері көрсетілген қорытындының мәтіні ашық дауысқа салынып, мәжіліске қатысушы кеңес мүшелерінің жай көпшілігінің дауыс беруімен қабылданғаннан соң ізденушіге жарияланады. Осымен кеңес мәжілісі аяқталды деп есептеледі.

      31. Диссертация қорғау нәтижелері бойынша оң шешім қабылданған жағдайда кеңес бір ай мерзім ішінде белгіленген құжаттар тізбесіне сәйкес ізденушінің диссертациясы мен аттестациялық ісінің бірінші даналарын Комитетке жібереді. Бұл тәртіптің орындалуына кеңестің ғалым хатшысы тікелей жауап береді. Қорғау өткен күннен кейінгі апта ішінде диссертацияның екінші данасы түптелмеген күйде автореферат пен диссертацияның есеп карточкасының екі данасымен бірге қағаз және электронды тасығыштарда мемлекеттік және орыс тілінде "Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы" АҚ-на мемлекеттік тіркеуге жіберіледі. Ғылыми дәреже беру жөніндегі аттестациялық істің екінші данасы диссертациялық кеңесте он жыл бойы  сақталады.
       Ескерту: 31-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2007.10.17.  N 486 (қолданысқа енгізілу тәртібін  4-тармақтан қараңыз) Б ұйрығымен .

      32. Дауыс беру қорытындысы бойынша кеңес шешімі теріс болған жағдайда, кеңес диссертация қорғалған күннен бастап бір ай мерзім ішінде Комитетке ұйым бланкісіне жазылған, кеңес төрағасы қол қойған жолдама хат, оған қоса қабылданбаған диссертацияның есептік карточкасының 2 данасын, сондай-ақ автореферат пен кеңес төрағасы мен ғалым хатшы қол қойған кеңес мәжілісінің стенограммасын жібереді.
      Ізденушіге дипломының көшірмесі, кандидаттық емтихандарды тапсырғандығы туралы куәлігі, кадрлар есебі жөніндегі жеке парағы, диссертация орындалған немесе ізденуші тіркелген ұйымның қорытындысы, ғылыми еңбектерінің көшірме нұсқалары және диссертациясы қайтарылып беріледі.
      Диссертация мен авторефераттың бір данасы кітапхана қорынан қайта алынып кеңеске беріледі, онда ол он жыл бойы сақталады. 
      Диссертацияға, авторефератқа келіп түскен пікірлер, мәжілістің стенограммасы  және дауыс беру шешімі кеңесте қалдырылады және олардың көшірмесі сұранысы негізінде диссертация қайта қорғалатын жерге жіберілуі мүмкін.

      33. Ізденуші өз диссертациясын мәжіліс басталғанға дейін жазбаша өтініші бойынша талқылаудан қайтарып алуға құқылы. Ізденуші өз диссертациясын талқылаудан алып тастау жайында диссертациялық кеңеске жазбаша өтініш берген жағдайда, кеңес төрағасы кеңесте қалдырылатын өтініш пен диссертация мен авторефераттың бір-бір даналарынан басқа құжаттарының бәрін ізденушіге қайтарып беруге нұсқау береді. Диссертация қарау кезінде дайындалған құжаттар кеңесте қалдырылады және олар сұранысы негізінде диссертация қайта қорғалатын жерге жіберілуі мүмкін. Егер кеңес ізденушінің бөтен еңбекті оның авторы мен алынған дерек көзіне сілтемесіз пайдаланғанын анықтаса, онда кеңес диссертацияны қайта қорғау құқығынсыз талқылаудан алып тастауға құқылы. Бұл жағдайда ізденушінің диссертацияны талқылаудан қайтарып алу жөніндегі өтініші қабылданбайды, ал Комитетке диссертацияның авторефератымен бірге кеңес шешімі, мәжіліс стенограммасы мен аудиожазбасы жіберіледі.

  4. Жасырын дауысқа салу және есеп комиссиясының жұмысы

      34. Есеп комиссиясы (кемінде үш адам) жасырын дауыс беру алдында мәжіліске қатысушы кеңес мүшелерінің жай көпшілігінің ашық дауыс берумен сайланады.

      35. Жасырын дауыс беруге мәжіліске қатысушы кеңес мүшелері ғана қатыса алады, ізденушінің қорытынды сөзінен кейін есеп комиссиясы оларға қол қойдырып, әзірленген бюллетеньдерді үлестіреді.
      Дауыс беруші "Дауыс берудің нәтижесі" графасынан керексіз деп тапқанын сызып тастап, бюллетеньді мөрленген урнаға салады.

      36. Есеп комиссиясының мүшелері урнаны ашып, бюллетеньдерді санайды және дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама толтырады.
      Үлестірілмеген бюллетеньдер жасырын дауыс берудің алдында тиісті белгі қойылып, есеп комиссиясында қалдырылады және бұл оның хаттамасында көрсетіледі. Дауыс беруге қатысқан кеңес мүшесінің пікірін айқындауға мүмкіндік бермейтін бюллетендер жарамсыз деп саналып, бұл да есеп комиссиясының хаттамасында белгіленеді.
      Дауыс берудің қорытындылары хаттамада ресімделгеннен кейін есеп комиссия барлық бюллетеньдерді мөрленген конвертке салып желімдеп, өз хаттамасына тіркейді.

      37. Кеңес жасырын дауыс беруге қатысқан кеңес мүшелерінің жай көпшілігінің ашық дауыс берумен есеп комиссиясының хаттамасын бекітеді.
      Есеп комиссиясының хаттамасы  бекітілмеген жағдайда кеңес мәжілісі жалғастырылады және жасырын дауыс беру қайта өткізіледі.
      Кеңес есеп комиссиясының хаттамасын бекітпеу мәселесін тек диссертация қорғау барысында, жасырын дауыс беруде немесе есеп комиссиясының жұмысында тәртіп бұзушылық анықталған жағдайда ғана қарай алады.

  5. Комитет қосымша қорытынды жасауға (ұжымдық пікірге)
жіберген диссертацияны қарайтын диссертациялық
кеңес мәжілісін өткізу

      38. Аттестациялық іспен бірге қосымша қорытынды жасауға (ұжымдық пікірге) жіберілген диссертация кеңеске келіп түскен күннен бастап екі ай мерзім ішінде қаралуға тиіс. Кеңес диссертацияны қарамастан бұрын кеңес мүшелерінен құрылған комиссияға ізденушінің диссертациясымен танысып, аттестациялық іс құжаттарын қарауды және диссертация жөніндегі қорытынды жобасын әзірлеуді, сондай-ақ сараптаудың бұған дейінгі кезеңдерінде айтылған сыни ескертпелерге баға беруді тапсырады.
      Кеңестің мәжілісіне комиссия қорытындысымен алдын ала танысуға құқығы бар ізденуші шақырылады. Шақырылған ізденуші келуден бас тартса немесе мәжілісті өзінің қатысуынсыз өткізуді сұраса кеңес өз мәжілісін оның қатысуынсыз өткізу туралы шешім қабылдай алады.
      Кеңес мәжілісіне оның шақыруымен қажет болған жағдайда ізденушінің оппоненттері, жетекші ұйымның өкілдері және басқа адамдар да қатысуы мүмкін. Кеңес мүшелерінің қатысуы олардың мамандықтары, ғылыми дәрежелері аталып мәжіліс стенограммасында көрініс табуы қажет.

      39. Төраға кеңес мәжілісін ашарда келу парағы бойынша кеңес мүшелеріне мәжілістің құқықтылығы туралы хабарлайды (Ережелердің 28-тармағы).
      Кеңес мәжілісін ашқаннан кейін, төраға ізденушінің қосымша қорытынды (ұжымдық пікір) жасауға жіберілген диссертациясын қарау жайында хабарлап, диссертацияның атауын, қорғаған диссертациялық кеңесін, ресми оппоненттерінің аты-жөндері мен жетекші ұйымын атап өтеді.
      Бұдан кейін сөз ғалым хатшыға беріліп, ол ізденушінің аттестациялық ісіндегі құжаттардың негізгі мазмұнын қысқаша баяндайды.

      40. Кеңес мәжілісіне ізденуші қатысып отырған жағдайда, оған диссертацияның негізгі қағидаларын баяндау және қойылған сұрақтарға жауап беру үшін сөз беріледі.

      41. Талқылау диссертациямен және аттестациялық іс құжаттарымен танысу тапсырылған комиссия мүшелерінің бірінің сөзімен басталады. Бұдан кейін сөз сөйлеуге кеңес мәжілісіне қатысушылардың бәрі құқылы. Пікірсайыс аяқталған соң кеңес мәжілісіне қатысып отырған ізденушіге қорытынды сөз беріледі.

      42. Пікірсайыс біткеннен кейін, кеңес осы Ереженің 4-бөлімінде белгіленген тәртіпке сәйкес диссертацияның Ережелер талаптарына сәйкестігі туралы мәселені жасырын дауысқа салады. Кеңес шешімі, оған кеңестің мәжіліске қатысқан мүшелерінің ең кемі үштен екісі жақтап дауыс бергенде, қабылданған болып есептеледі.

      43. Есеп комиссиясының хаттамасын бекіткен соң кеңес мәжіліске қатысқан мүшелердің жай көпшілігінің ашық дауыс беруімен қосымша қорытындының (ұжымдық пікірдің) мәтінін қабылдайды.
      Қосымша қорытындының (ұжымдық пікірдің) мәтіні бекітілгеннен кейін ізденушіге хабарланады.
      Осымен кеңес мәжілісі аяқталды деп есептеледі.

      44. Кеңес төрағасы мен ғалым хатшы қол қойған мәжіліс стенограммасы және жасырын дауыс берудің нәтижелері көрсетілген қосымша қорытындының (ұжымдық пікірдің) мәтіні, ізденушінің диссертациясы мен аттестациялық ісімен бірге үш апта ішінде Комитетке жіберіледі.

  6. Диссертациялық кеңестің
апелляция қарайтын мәжілісін өткізу

      45. Кеңес шешіміне апелляция түскен жағдайда кеңес төрағасы кеңес мүшелерінен құрылған комиссияға қажетті материалдарды зерттеп, апелляция жөніндегі кеңес қорытындысының жобасын дайындауды тапсырады.
      Егер апелляция кеңестің ғылыми дәреже беру мәселесі туралы оң шешіміне берілсе, кеңес төрағасы бұл туралы бір апта ішінде Комитетті хабардар етеді.
      Апелляция кеңесте екі ай ішінде қаралуға тиіс.
      Кеңес мәжілісіне кеңестің пікірінше онда қойылған мәселенің мән-мазмұнына тікелей қатысы бар шағымданушы (шағымданушылар), ізденуші және тағы басқа адамдар 10 күн бұрын хабарланып шақырылады. Шағымданушы кеңес мәжілісіне дәлелді себептермен келмеген жағдайда кеңес мәжілісі кейінге қалдырылады. Егер шағымданушы кеңес мәжілісіне дәлелсіз себептермен келмесе, онда мәжіліс оның қатысуынсыз өткізіледі.
      Кеңес мүшелерінің қатысқандығы (олардың мамандықтары көрсетіліп) стенограммада жазылуы тиіс.

      46. Кеңес төрағасы мәжілісті ашарда мәжілістің құқықтылығы туралы кеңес мүшелеріне хабарлайды (Ережелердің 28-тармағы).
      Кеңес төрағасы мәжілісті ашқаннан кейін түскен апелляцияны қарау туралы хабарлайды және оны жария ету үшін ғалым хатшыға сөз береді. Одан кейін комиссия мүшесі оның жұмысының нәтижесін және апелляция жөніндегі кеңес қорытындысының жобасын баяндайды. Бұдан әрі кеңес мәжілісіне қатысушылардың бәрі сөз сөйлеуге құқылы.

      47. Пікірсайыс біткеннен кейін, кеңес мәжіліске қатысушы кеңес мүшелерінің жай көпшілігінің жасырын дауыс беруімен апелляция жөнінде қорытынды қабылдайды.
      Кеңес төрағасы мен ғалым хатшысы қол қойған дауыс беру нәтижелері келтірілген кеңес стенограммасы мен апелляция жөніндегі қорытындысының мәтіні қаралған апелляциямен бірге мәжілістен кейін 10 күн ішінде Комитетке, ал апелляция жөніндегі қорытындының мәтіні шағымданушыға (шағымданушыларға) жіберіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады