Қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі жалпы білім беретін және кәсіптік мектептердің қызметін ұйымдастыру туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2003 жылғы 29 тамыздағы N 180/582 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2003 жылғы 18 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 2495. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2009 жылғы 18 қарашадағы N 146 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 20 желтоқсандағы N 580 Бірлескен бұйрығымен

      Күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 2009.11.18 N 146 және ҚР Білім және ғылым министрінің 2009.12.20 N 580 Бірлескен бұйрығымен

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 24.04 N 470 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002-2004 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 10.5. т. іске асыру мақсатында және "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабына сәйкес Бұйырамыз: Қараныз Z070000319
      1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі жалпы білім беретін және кәсіптік мектептердің қызметін ұйымдастыру туралы ереже бекітілсін.
      2. "Түзеу колонияларында және түрмеде жалпы білім беретін мектептердің қызметін ұйымдастыру тәртібі туралы ережені бекіту туралы" (1754 мемлекеттік тіркеудегі) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің 2001 жылғы 10 желтоқсандағы N 144, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің 2001 жылғы 29 қазандағы N 875 және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2001 жылғы 31 қазандағы N 953 бірлескен бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі С.М.Бекбосыновқа, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі К.Н.Шәмшидиноваға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы            Қазақстан Республикасының
      Әділет министрінің                Білім және ғылым министрі
      міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасы   
Әділет министрінің    
2003 жылғы 3 қыркүйектегі 
N 180           
Қазақстан Республикасы   
Білім және ғылым министрінің
2003 жылғы 29 тамыздағы  
N 582 бірлескен бұйрығымен 
бекітілген         

Қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі
жалпы білім беретін және кәсіптік мектептердің
қызметін ұйымдастыру тәртібі туралы ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелерінде жалпы білім беретін және кәсіптік мектептердің қызметін ұйымдастыру тәртібін белгілейді.

      2. Ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (жалпы бөлім), "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару кодексіне және Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді.

      3. Түзеу мекемелеріндегі жалпы білім беретін және кәсіптік мектептер (бұдан әрі - Мектеп) өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентінің және Үкіметінің актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ереже мен Мектептің Жарғысын басшылыққа алады.

      4. Мектептің құрылтай құжаттары Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес болуы тиіс.

      5. Тіркелген сәтінен бастап Мектеп заңды тұлға болып табылады, өзінің атауы, мемлекеттік тілде жазылған мөрі мен мөртаңбалары болады, белгіленген үлгідегі бланкілері және заңнамаға сәйкес банктерде есепшоты болады.

      6. Мектептің негізгі міндеттері:
      1) жасы отызға жетпеген сотталғандардың міндетті орта білім алуы;
      2) отыз жастан асқан сотталғандардың және I-II топтағы мүгедектердің қалауы бойынша орта білім алуы;
      3) кәсібі (мамандығы) жоқ сотталғандардың кәсіптік бастауыш білім алуы.

2. Мектепті ұйымдастыру тәртібі

      7. Түзеу мекемелеріндегі Мектеп Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің облыстар, Астана қаласы, Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқармаларының облыстық, Астана мен Алматы қалалық білім басқармаларының органдарымен келісілген ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімімен құрылады.

      8. Мектеп Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіне кіреді.

      9. Мектепті қайта ұйымдастыру мен тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Мектептің ұйымдастыру және қызмет ерекшеліктері Мектеп Жарғысында және осы Ережеде белгіленеді.

      11. Мектептің білім беру қызметі Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауға жатады.

      12. Мектептерде қазақ тіліндегі, орыс тіліндегі оқыту сыныптары мен топтары құрылуы тиіс.

3. Оқушылар

      13. Кәсіптік мектептерге қабылдау жалпы орта білім беретін мектептің негізгі немесе жоғарғы сатысын бітірген сотталғандар ішінен білім туралы құжатының негізінде жүзеге асырылады.

      14. Сотталғандарды жалпы білім беру мектебіне қабылдау білімі туралы құжаттардың негізінде жүргізіледі.

      15. Білім туралы құжаты болмаған жағдайда мектеп директоры сотталған оқыған мектеп қарайтын облыстық (аудандық, қалалық) білім беру бөліміне сұраным жібереді. Ерекше жағдайда Мектепке сотталғандар жеке ісіндегі білімі туралы деректердің негізінде қабылданады. Қабылдау Мектеп директорының түзеу мекемесі бастығымен келісілген бұйрығымен ресімделеді. Сыныптарды топтау оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс.

      16. Оқушылардың міндеті бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен жағдайы ескеріліп, Мектептің Жарғысы бойынша белгіленеді.

      17. Айып изоляторына қамалған және камера түріндегі үй-жайға, дара камераға, жаза өтеудің қатаң жағдайына ауыстырылған оқушылар сырттай оқиды.

      18. Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген сотталғандар жалпы орта және кәсіптік бастауыш білім алуға тартылмайды. Оларға өз бетінше білім алуға жазасын өтеу тәртібі мен жағдайларына қайшы келмейтін жағдай жасалады.

      19. Мектепті бітірген сотталғандарға белгіленген үлгідегі құжат беріледі. Бұл құжат, сондай-ақ үлгерім және қатысу табелі сотталғандардың жеке істерінде сақталады және олардың қолына мекемеден босатылған кезде беріледі.

      20. Сотталғандарды басқа түзеу мекемесіне ауыстырған кезде үлгірім және қатысу табелі оның жеке ісіне тіркеледі.

      21.Түзеу мекемесіне оқу жылы басталғаннан кейін келген сотталғандарды мектепке қабылдау жеке ісіндегі деректердің негізінде жүргізіледі, білімі туралы растайтын құжаттары болмаған жағдайда, көрсетілген сыныпқа қабылдау сотталғанның сөзі бойынша жүргізіледі. Бір мезгілде белгіленген тәртіппен білімі туралы құжаттарды алу үшін сұрау салынады.

      22. Емтихан тапсыру үшін оқушылар "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 10 желтоқсандағы Заңына сәйкес жұмыстан босатылады. Қараныз K070000251

      23. Өндірістік оқудың толық курсын жақсы аяқтаған кәсіптік мектеп оқушылары мемлекеттік біліктілік емтихан тапсыруға жіберіледі. V070005035

      24. Оқу жылы кезеңінде, егер бұл жедел-режимдік талаптардан немесе басқа да ерекше жағдайлардан туындамаса, оқушыларды бір мекемеден екінші мекемеге ауыстыруға жол берілмейді. Әрбір ауыстыру туралы мекеменің арнаулы бөлімі алдын-ала Мектеп директорын хабардар етеді.

      25. Сабақ оқитын күндері оқушыларды сабақтан қол үзуге қатысты мерзімнен тыс жұмыстарға тартуға тыйым салынады.

      26. Мемлекеттік емтихан басталуынан үш ай бұрын жазасын өтеуден босатылатын бітіруші сыныптағы оқушылар үшін емтихан мерзімінен бұрын ұйымдастырылуы мүмкін.

4. Оқу-тәрбие жұмысы

      27. Мектепте оқу процесінің мазмұны мен ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі әзірлейтін және бекітетін оқу жоспарларымен, бағдарламаларымен және басқа да оқу-әдістемелік құжаттармен белгіленеді.

      28. Мектептерде оқу жылының ұзақтығы 36 оқу аптасын құрайды.
      29. Мектепте оқу жылы 1 қыркүйекте басталады, мекеменің өндірістік кәсіпорнының 2 ауысымдық жұмысы кезінде оқу сабақтары екі ауысымда ұйымдастырылады және аптасына 5-6 күн өткізіледі. Сабақтардың басталу және аяқталу уақыттары, сабақтар арасындағы үзілістердің ұзақтығы түзеу мекемесінің бастығымен келісуі бойынша Мектеп директорының бұйрығымен белгіленеді.

      30. Түзеу мекемесі әкімшілігінің өкілдері Мектеп әкімшілігінің келісімімен сотталғандарды оқыту жөніндегі жұмысты жақсарту мақсатымен сабақтарда, білім беру процесіне байланысты басқа да іс-шараларда болуы, педагогикалық кеңестің, конференциялардың, мәжілістердің және Мектеп ұйымдастыратын және өткізетін басқа да іс-шаралардың жұмысына қатысуы мүмкін.

5. Мектепті басқару

      31. Мектепті басқару "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Мектеп Жарғысына сәйкес демократиялық, жариялылық, жалпы адамзаттық құндылықтардың, адам өмірі мен денсаулығының басымдығы, жеке адамның еркін дамуы принциптерінде жүзеге асырылады.

      32. Мектепке жалпы басшылықты сайланбалы өкілді орган - Мектеп Кеңесі жүзеге асырады. Мектеп Кеңесін сайлау тәртібін және оның құзыретінің мәселелерін білім беру саласындағы орталық атқарушы орган айқындайды.

      33. Мектеп Кеңесіне түзеу мекемесі әкімшілігінің өкілдері кіруі тиіс.

      34. Мектепке тікелей басшылықты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тағайындалатын директор жүзеге асырады. Мектеп директоры өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген функционалдық міндеттерге сәйкес жүргізеді. Мектеп Кеңесі мен директоры арасындағы өкілеттіктер бөлінісі Мектеп Жарғысында айқындалады.

      35. Мектеп директоры түзеу мекемесі бастығының келісімі бойынша Мектептің басшы, педагог қызметкерлерін, оқыту-көмекші қызметкерлерін қызметке тағайындайды және босатады. Олардың тағайындау мен босату тәртібі Мектеп Жарғысында айқындалады.

      36. Мектеп директорының, басшы, педагог қызметкерлердің, оқыту-көмекші қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері Мектеп Жарғысында және түзеу мекемесінің ішкі тәртіп ережелерінде айқындалады.

      37. Мектеп директоры мен педагог қызметкерлер жасақ тәрбиешілері кеңесінің құрамына кіреді, мекеме әкімшілігімен бірлесіп сотталғандардың тәрбие жұмысына қатысады.

      38. Мектептің басшы, педагог қызметкерлерінің және оқу-тәрбие қызметкерлерінің штатын облыстық (қалалық, аудандық) білім беру бөлімі белгілейді.

      39. Түзеу мекемесінің әкімшілігі:
      1) міндетті жалпы білім беруге және кәсіптік оқытуға жататын, сондай-ақ жалпы білімі мен кәсіптік деңгейін көтеруді қалайтын сотталғандардың есебін жүргізеді.
      2) Мектеп әкімшілігінің, педагогикалық қызметкерлердің және оқытушы-көмекші қызметкерлердің мекеме бөлімдері мен қызметтерінің қызметкерлерімен сотталғандарды оқыту, тәрбиелеу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз етеді.
      3) Мектептің педагогикалық ұжымына мекеменің сотталғандарды оқыту мен түзеу мәселелері жөніндегі қызметін реттейтін құқықтық және әдістемелік құжаттарды зерделеуде көмек көрсетеді.
      4) Мектеп қызметкерлерінің мекемеде белгіленген режимдік талаптарды сақтауына бақылау жасайды.
      5) Мектеп қызметкерлерінің түзеу мекемелерінің аумағында болған уақытында олардың еңбек қауіпсіздігі мен күзетін қамтамасыз етеді.
      6) химиялық реактивтердің, оптикалық приборлардың, радио-фотоаппаратуралардың және басқа да приборлардың сақталуын қамтамасыз етеді және олардың пайдаланылуына бақылау жасайды.

      40. Мектеп әкімшілігі:
      1) мекеме әкімшілігімен бірлесіп міндетті оқытуға жататын жасы отызға толмаған және жалпы білімі жоқ сотталғандарды толық қамтуды қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмыс жүргізеді;
      2) білім беру процесін сотталғандарды ұстау режимінің талаптарын ескеріп, оқу жоспары мен бағдарламаларына сәйкес ұйымдастырады, жаңа педагогикалық технологияларды енгізеді;
      3) оқушыларға сабақтарға дайындалуына, өз бетінше білім алу әдістерін игеруіне, мекеме әкімшілігіне сотталғандардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне, оларды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту жұмысына көмек көрсетеді;
      4) мекеме әкімшілігінің алдына оқудағы және тәртіп сақтаудағы жетістіктері үшін оқушыларды марапаттау туралы ұсыным қояды;
      5) Мектеп қызметкерлерінің Әділет министрлігінің 2001 жылғы 11 желтоқсандағы N 148 бұйрығымен бекітілген "Түзеу мекемелерінің ішкі тәртіп ережесін" (мемлекеттік тіркеу N 1720), сотталғандармен өзара қарым-қатынасты сақтауын қамтамасыз етеді. Үнемі мекеме әкімшілігіне сотталғандар арасында тәртіпті нығайтуда көмек көрсетеді;
      6) оқу-көрнекі құралдарының, құрал-жабдықтардың және басқа да мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді.

      41. Мектеп қызметкері Түзеу мекемелерінің ішкі тәртіп ережесінде белгіленген режимдік талаптарды бұзған жағдайда, оны ауыстыру туралы мәселені шешу үшін бір мезгілде Мектеп директоры, білім беру органы хабардар етіліп, мекеме аумағына жіберілмейді.

6. Оқу-материалдық базасы, қаржыландыру және есеп беру

      42. Мектеп оқу жоспарына, сыныптан тыс тәрбие жұмысына сәйкес оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін қажетті үй-жайлар, құрылыстар және жабдықтар алуы тиіс. Бұдан басқа, толыққанды жұмыс істеуі мақсатында Мектепте: өзін-өзі дайындау бөлмесі, киім ілгіш, шаруашылық және қосалқы үй-жайлар болуы тиіс.

      43. Жабдықтауларды сатып алу, сондай-ақ үй-жайларды ұстауға байланысты шығындар (коммуналдық қызмет көрсетулер, ағымдағы жөндеу және өзге шығындар), қызмет көрсету персоналдың еңбекақысын төлеу түзеу мекемелері қаражат есебінен жүргізіледі. Басшы және педагогикалық қызметкерлердің, оқу-тәрбие қызметкерлерінің еңбекақысын төлеу, оқулықты сатып алу және жеткізу білімге көзделген жергілікті қаражат есебінен сәйкес жүргізіледі.
      Ескерту. 43-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007.08.14. N 392 және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2007.08.09. N 225 бірлескен бұйрығымен.

      44. Мектеп іс қағаздарын "Білім туралы", "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргізеді және білім беру органдарына бағыныстылығы бойынша есеп береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады