2003 жылы ауданда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын ұйымдастыруға ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне несие беру туралы

Жаңа

Байзақ аудандық әкімиятының 2003 жылғы 25 ақпандағы N 5 қаулысы. Жамбыл облыстық Әділет басқармасында 2003 жылғы 27 наурызда N 895 тіркелді

      Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын өз мезгілінде өткізу мақсатында, облыстық мәслихаттың 2003 жылғы 31 қаңтардағы "2003 жылғы облыстық бюджет туралы" ХVІІ сессиясының шешімі және Жамбыл облысы әкімиятының 2003 жылғы 28 ақпандағы N 19 "2003 жылдың көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге несие беру туралы" қаулысына сәйкес аудандық әкімият ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
       1. 2003 жылдың 25 қарашасына дейінгі мерзімде қайтару шартымен облыстық бюджеттен алынған қаражаттар есебінен аудан ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерді несиелендіру бағдарламасының әкімшісі болып аудан әкімінің ауыл шаруашылық басқармасы бекітілсін.
       2. Аудандағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жанар-жағар май материалдарын, тұқым, тыңайтқыш, гербицид, тұқым дәрілеушілер, ауыл шаруашылығы машиналарына қосалқы бөлшектер сатып алу, ауылшаруашылығы техникаларын жалға немесе сатып алу үшін облыстық бюджеттен ауданға бөлінген 13 млн. теңге көлеміндегі лимит аудандық ауылшаруашылық басқармасына бөлінсін.
       3. 2003 жылдың көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыру үшін ауданның ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерін несиелендірудің Ережесі бекітілсін (N 1 қосымша).
       4. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын өткізуге облыстық бюджеттен бөлінген 13 млн теңгені осы қаулымен бекітілген Ережеге сай іске асыру, ұйымдастыру мақсатында сараптау комиссиясы қосымшадағы тізімге сәйкес бекітілсін (N 2 қосымша).
       5. Ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге бөлінген несиені беру тәртібі "Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын өткізуді ұйымдастыруға арналған ауданның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді несиелеу Ережесіне" сәйкес атқару және осы несиені 2003 жылдың 25 қарашасына дейін қайтаруды ұйымдастыру аудан әкімінің ауылшаруашылық және қаржы басқармаларына жүктелсін.
      6. Осы қаулының орындалуын қадағалау аудан әкімінің орынбасары Б. Торғаевқа жүктелсін.

      Аудан әкімі

Аудан әкімиятының      
2003 жылғы 25 ақпандағы   
N 5 "2003 жылы ауданда көктемгі
егіс және егін жинау жұмыстарын
ұйымдастыруға ауыл шаруашылық
тауар өндірушілеріне несие беру
туралы" қаулысына N 1 қосымша

2003 жылдың көктемгi егiс және егiн жинау жұмыстарын
ұйымдастыру үшiн аудан ауыл шаруашылығы өнiмдерiн
өндiрушiлерiн несиелендiрудiң
ЕРЕЖЕСI

1. Жалпы ереже

      1. Осы Ережелер көктемгi егiс және егiн жинау жұмыстарын ұйымдастыру үшiн 2003 жылғы облыстық бюджеттен бөлiнетiн несиелiк ресурстарды берудiң тәртiбiмен шарттарын белгiлейдi.
      2. Өсiрiлетiн ауыл шаруашылық дақылдарының басымдықтарын ескере отырып және олардың егiс алқаптарының көлемдерiне қарап, қайтару мерзiмi 2003 жылдың 25 қарашасына дейiнгi шартпен облыстық бюджеттен алынған қаражат есебiнен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 21 қаңтардағы N 70 "2003 жылғы көктемгi егiс және егiн жинау жұмыстарын ұйымдастыру үшiн жергiлiктi бюджеттердi несиелеудiң кейбiр мәселелерi туралы" Қаулысына сәйкес 2003 жылдың көктемгi егiс және егiн жинау жұмыстарын жүргiзу үшiн аудан ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлерге несиелiк ресурстар бөлiнедi.
      3. Үстеме ақысыз (мүдде) берiлген несиелiк ресурстар өндiрiстiң негiзгi көзi-жер болып табылатын ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердiң жанар-жағар май материалдарын, тұқым, тыңайтқыш, гербицид, тұқым дәрiлеуiштер, ауыл шаруашылық машиналарына қосалқы бөлшектер сатып алу, ауыл шаруашылығы техникаларын жалға немесе сатып алу үшiн жұмсалуы керек.
      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң 2001 жылғы 22 тамыздағы N 263 және Энергетика және минералдық ресурстар Министрлiгiнiң 2001 жылғы 22 тамыздағы N 207 субсидияларға жатқызылатын минералды тыңайтқыштардың асcортиментi мен көлемiн белгiлеу туралы бiрлескен бұйрығына сәйкес, несиелiк ресурстарды бөлгенде минералды тыңайтқыштарды сатып алуға тапсырыс берген ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлердiң жобалары басым деп есептелсiн.
      4. Несие беру туралы аудан әкiмиятының Қаулысына сәйкес аудандық Қаржы бөлiмi ауыл шаруашылығы өндiрушiлердi несиелеу үшiн бөлiнген қаражатты ауыл шаруашылығы басқармасына бөледi.
      5. 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Заңы негiзiнде әрекет етушi аудандық ауыл шаруашылық басқармасы несие алушылармен несиелiк келiсiм жасайды, соған сәйкес жанар-жағар май, тұқым, тыңайтқыш, гербицид, тұқым дәрiлеуiштер, ауыл шаруашылық машиналарына қосалқы бөлшектер сатып алу, ауыл шаруашылығы техникаларын жалға немесе сатып алуға, несиелiк ресурстар ретiнде пайдаланылатын қаржының - аудан бюджетiне уақтылы және толық қайтарылуына жауапкершiлiк ауыл әкiмдерi мен аудандық ауыл шаруашылық басқармасына жүктеледi.
      Бюджеттiк несие белгiленген мерзiмде қайтарылмаған жағдайда, несие алушының кепiлдiкке қойған мүлкi заңда көрсетiлген тәртiпте тіркелінедi.

2. Құжаттарды тапсыру тәртiбi

      6. Несие алушылар несие ресурстарын алуға төмендегi құжаттарды iрiктеу комиссиясының хатшысына тапсырады: ауыл әкiмдерiнiң ұсынысын, техника-экономикалық негiздемесi бар бизнес-жоспар, меншiкке иелiк құқығы туралы мемлекеттiк тiркеу куәлiгiмен қоса құжаттар көшiрмесi, жер беру актiсi мен жарғы және құрылтайшы құжат көшiрмесi, соңғы жылдың балансы (заңды тұлғалар үшiн), кепiлге қойылатын мүлiк тiзбесi (ауыл әкiмдерiнiң анықтамасы бойынша аудандық жылжымайтын мүлiктердi тiркеу мекемесiнде тiркелiнген және бағасы шығарылған құжаттар бойынша, аналық мал бастары, жылжымайтын және жылжымалы мүлiктер кепiлдiкке қойылады, сонымен бiрге сақтандырылған күздiк бидай дақылы да кепiлдiкке қойылады), салық органдарынан бюджет алдында қарыздары жоқтығы туралы анықтама, сол сияқты өзiне қызмет көрсететiн банктен мерзiмi өткен қарызы жоқтығы туралы анықтамалар тапсыруы тиiс. Осы көрсетiлген құжаттардың бiреуi кем болған жағдайда, құжаттар толық болғанға дейiн тiркеуге алынбайды.
      Несие алушының несие алу үшiн кепiлдiкке қойылған мүлiктерiнiң құны бизнес-жоспар бойынша сұранысынан 40 пайызға артық болуы тиiс.
      Бұл жерде бекiтiлген лимит бойынша тиiстi несие ресурстарын алуға несие алушылар тапсырылатын тиiстi құжаттардың кезегiнiң сақталуы қатаң қадағалануы керек.
      7. Аудандық қаржы органынан берiлген анықтамада бұрын берiлген бюджеттiк несиеден қарыздары болған күннiң өзiнде, несие алушы биылғы алынатын несиеге қосып, бұрынғы қарызын биылғы жылдың өнiмiнен қайтара алатындай мүмкiншiлiгi бар деп комиссияда шешiлген жағдайда несие беруге рұқсат етiледi.
      8. Аудан әкiмиятының Қаулысымен құрылған комиссия шаруашылықтар ұсынған жобаларды аптасына екi рет сараптап, талапқа сай жобаларды аудандық ауыл шаруашылық басқармасына несиелiк келiсiм-шарт жасауға жiбередi.
      9. Құжаттар қабылдайтын комиссия хатшысы аудандық ауылшаруашылық басқармасында отырады.

3. Бюджеттiк несиелердi өтеу және қызмет
көрсету тәртiбi

      10. Бюджеттiк несиелердi өтеу тәртiбi және қызмет көрсету Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 25 шiлдедегi N 832 қаулысымен бекiтiлген мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер үшiн бюджеттiң атқарылуы және есептiлiк нысандарын жүргiзу жөнiндегi қаржылық рәсiмдер ережесiнiң 180-186 тармақтарына сай жүзеге асырылады. Бұл жағдайда:
      1) Несие алушы несиенi мақсатсыз пайдаланғаны үшiн аудандық бюджет кiрiсiне мақсатсыз пайдаланылан соманы құяды, сондай-ақ мақсатсыз пайдаланылан соманың 10 пайызы мөлшерiнде айыппұл төлейдi, бұл сома одан кейiн облыстық бюджетке қайтарылады;
      2) Несие алушы оның қайтарылу мерзiмiн бұзған жағдайда әрбiр кешiктiрiлген күн үшiн қарыз сомасының 0,1 пайыз мөлшерiнде аудан бюджетiне айыппұл төлейдi.

4. Бюджет несиелерiн есепке алу және бақылау

      Бюджет несиелерiн есепке алу және бақылау Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 25 шiлдедегi N 832 қаулысымен бекiтiлген несие беру 31 тармағына сай жүзеге асырылады.

Аудан әкімиятының      
2003 жылғы 25 ақпандағы   
N 5 "2003 жылы ауданда көктемгі
егіс және егін жинау жұмыстарын
ұйымдастыруға ауыл шаруашылық
тауар өндірушілеріне несие беру
туралы" қаулысына N 2 қосымша

Несие алушылардың өткізген құжаттарын
сараптау комиссиясының құрамы:

      1. Үкібаев Нұрғали Көбейұлы - аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы;
      2. Омаров Бердібек - аудан әкімінің ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, комиссия төрағасының орынбасары;
      3. Ноғаев Алтынбек Күлжабайұлы - аудан әкімінің ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, комиссия хатшысы.

      Комиссия мүшелері:

      4. Бердияров Оспан Ағабекұлы - аудандық аумақтық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы;
      5. Етекбаев Изенбай Ордабайұлы - аудан әкімінің ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы-есепшісі;
      6. Жапаров Егізбай - аудандық шаруа қожалықтары одағының төрағасы;
      7. Жексембиев Жарылқасын - аудандық есеп-санақ басқармасының бастығы;
      8. Құмғанбаев Жұманғали Серікбайұлы - аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі;
      9. Қалмахан Сейіт Пернебекұлы - Байзақ ауданы әкімінің шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету комитетінің төрағасы;
      10. Торғаев Бекқали Нұрғалиұлы - аудан әкімінің орынбасары.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады