Сақтандыру брокері қызметінің шарттары жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 19 қаңтардағы N 6 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 25 ақпанда тіркелді. Тіркеу N 2715. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 270 қаулысымен

      Ескерту. Қаулының күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 270 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің Басқармасы қаулы етеді:

      1. Сақтандыру брокері қызметінің шарттары жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.

      2. Стратегия және талдау департаменті (Еденбаев Е.С.):

      1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;

      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігінің мүдделі бөлімшелеріне, сақтандыру брокерлеріне жіберсін.

      3. Агенттіктің қызметін қамтамасыз ету департаменті осы қаулыны ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми баспасөз басылымдарында жариялауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Төрағасының орынбасары Қ.М. Досмұқаметовке жүктелсін.

      5. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді.

Төраға



  Қазақстан Республикасының қаржы
рыногын және қаржылық ұйымдарды
реттеу мен қадағалау жөніндегі
агенттігі Басқармасының
2004 жылғы 19 қаңтардағы
N 6 қаулысымен
Бекітілген

Сақтандыру брокері қызметінің шарттары жөніндегі
нұсқаулық

      Осы Нұсқаулық "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және сақтандыру брокерлері қызметінің шарттарын айқындайды.

      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006.03.25 N 82 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен .

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулықта мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) қайта сақтандыру ковернотасы - қайта сақтандыру ұйымының қайта сақтандыруға қабылдаған тәуекел үлесіне қатысты қайта сақтандыру ұйымының міндеттемесін растайтын және қайта сақтандыру шартының негізгі талаптары көрсетілген, қайта сақтандыру ұйымының толық атауын көрсете отырып қайта сақтандыру ұйымы қайта сақтандыруға қабылдаған тәуекел үлесі (сақтандыру сомасының бір бөлігі) туралы қайта сақтандыру ұйымы белгі қоятын (уәкілетті тұлғаның қолы не мөрі) әрбір жеке қайта сақтандыру шартына қатысты сақтандыру брокері ресімдейтін құжат. Қайта сақтандыру ковернотасы халықаралық сақтандыру рыногының қабылданған іскерлік айналым тәжірибесіне сәйкес жасалады;

      1-1) облигаторлық сақтандыру шарты - қайта сақтанушы (цедент) мен қайта сақтандырушы арасындағы келісім, оның талаптарына сәйкес қайта сақтандырушыда сақтандыру жағдайы басталғанда сақтандырудың тиісті түрінің шарты бойынша (немесе басқа белгі бойынша біріктірілген (ұқсас мүліктік мүдде, сақтанушы мен сақтандыру тәуекелдері)) қайта сақтандыру төлемін жүргізуге міндеттеме туындайды, оларға қайта сақтандыру өтеуі таралады, ал қайта сақтанушы қайта сақтандырушыға осындай сақтандыру шарттары бойынша оның пайдасына келетін қайта сақтандыру сыйлықақысын төлеуге, сондай-ақ осы шартта көзделген өзге міндеттерді орындауға міндеттенеді;

      1-2) пропорционалдық емес қайта сақтандыру – егер қайта сақтанушы жасасқан сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінің мөлшері осындай төлемдегі оның жеке өзінің ұстап қалуынан асып кеткенде, қайта сақтандырушының қайта сақтандыру шартында белгіленген сомасының шегінде қайта сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндетін көздейтін қайта сақтандыру шартының талабы;

      1-3) пропорционалдық қайта сақтандыру – қайта сақтанушы жасасқан тікелей сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінің шартында белгіленген пайызында қайта сақтандырушының қайта сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндеттемесін көздейтін қайта сақтандыру шартының талаптары;

      2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен есеп айырысу туралы келісім - сақтандыру брокері ресімдейтін және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен келісілетін құжат, оның негізінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыруға қабылдаған (қайта сақтандыруға берген) әрбір жеке сақтандыру тәуекеліне қатысты сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен сақтандыру сыйлықақылары бойынша есеп айырысу жүргізіледі;

      3) сақтандыру слипі - сақтандыру ұйымының сақтандыруға қабылдаған тәуекел үлесіне қатысты сақтандыру ұйымының міндеттемесін растайтын және сақтандыру шартының негізгі талаптары көрсетілген, сақтандыру ұйымы қайта сақтандыруға қабылдаған тәуекел үлесі (сақтандыру сомасының бір бөлігі) туралы сақтандыру ұйымы белгі қоятын (уәкілетті тұлғаның қолы не мөрі) әрбір жеке сақтандыру шартына қатысты сақтандыру брокері ресімдейтін құжат;

      3-1) факультативтік қайта сақтандыру шарты – қайта сақтанушы (цедент) мен қайта сақтандырушы арасындағы келісім, оның талаптарына сәйкес қайта сақтандырушыда сақтандыру жағдайы басталғанда сақтандыру шарты бойынша қайта сақтандыру төлемін жүргізуге міндеттеме туындайды, оларға қайта сақтандыру өтеуі таралады, ал қайта сақтанушы қайта сақтандырушыға қайта сақтандыру сыйлықақысын төлеуге, сондай-ақ осы шартта көзделген өзге міндеттерді орындауға міндеттенеді.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2009.04.29 N 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулысымен.

2. Сақтандыру брокері қызметінің шарттары

      Ескерту. 2-тараудың атауы жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006.03.25 N 82 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен .

      2. Сақтандыру брокері брокерлік қызмет түрлерін Заңның 17-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006.03.25 N 82 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен .
     
      3. 3-тараудың тақырыбы алып тасталды - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006.03.25 N 82 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен .

      3. Сақтандыру брокері клиенттермен жасалған шарттарға дәл сәйкес және Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын сақтай отырып өзіне қабылдаған міндеттемелерді орындайды.

      4. Сақтандыру брокерінің құқықтары мен міндеттерінің нақты тізбесі, сондай-ақ олардың орындалуы үшін сақтанушы не цедент алдындағы жауапкершілігі олар арасында жасалатын шартта айқындалады.

      5. Сақтандыру брокерінің және сақтанушының (цеденттің) арасында жасалатын шарттың міндетті талаптары:

      1) сақтанушының Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 832-бабында көзделген тәртіппен және талабымен мәліметтерді ұсынуы;

      2) сақтанушыдан (цеденттен) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банк шотына сақтандыру сыйлықақыларын және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан сақтанушыға (цеденттің банк шотына), пайда алушыға сақтандыру төлемдерін аудару мерзімі;

      3) олар арасында өзара есеп айырысу тәртібі;

      4) сақтандыру брокеріне комиссиялық сыйақы төлеу шарттары мен тәртібі болып табылады.

      6. Сақтандыру брокері тұрақты қаржылық жағдайы бар сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымымен Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын ескере отырып сақтанушы үшін ең қолайлы талаптармен сақтандыру (қайта сақтандыру) тарифтерінің мөлшері; сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары ұсынып отырған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары, олардың жарғылық (меншікті) капиталының және сақтандыру резервтерінің мөлшері, сақтандырудың нақты кластары бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияның болуы, сондай-ақ сақтанушыға (цедентке) қажетті өзге мәліметтер туралы сенімді ақпарат болған жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының жасалуын қамтамасыз етеді.

      7. Сақтандыру брокері объектісі сақтандыру брокерінің кәсіби жауапкершілігіне байланысты тәуекелдер болып табылатын үшінші тұлғалар алдында өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шарты болған жағдайда сақтанушылардан (цеденттерден) сақтандыру сыйлықақыларын жинау және/немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан сақтандыру төлемдерін жинау бойынша операцияларды жүзеге асырады.

      Осы сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасы әрбір талап бойынша 176 000 айлық есептік көрсеткіштен және бір жылғы барлық талаптар бойынша 263 000 айлық есептік көрсеткіштен кем емес болады.

      Ескерту: 7-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасының 19.02.2005 N 37 Қаулысымен.

      8. Сақтандыру брокері объектісі сақтандыру брокерінің кәсіби жауапкершілігіне байланысты тәуекелдер болып табылатын үшінші тұлғалар алдында өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шарты болған жағдайда сақтандыру тәуекелдерін Қазақстан Республикасының резидент еместері - сақтандыру брокерлері арқылы қайта сақтандыруға береді.

      Осы сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасы әрбір талап бойынша 176 000 айлық есептік көрсеткіштен және бір жылғы барлық талаптар бойынша 263 000 айлық есептік көрсеткіштен кем емес болады.

      Ескерту: 8-тармаққа өзгертулер енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасының 19.02.2005 N 37 Қаулысымен.

      9. Сақтандыру брокері сақтандыру жағдайы болған жағдайда, сақтандыруға (қайта сақтандыруға) қабылданатын сақтандыру тәуекелін бағалаған жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша және сақтанушының (цеденттің) сақтандыру сыйлықақысын толық көлемде әрі сақтандыру (қайта сақтандыру) шартында белгіленген мерзімде төлеуінде қажетті қолдау көрсетеді.

      10. Сақтандыру брокері сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан сақтандыру (қайта сақтандыру) тарифтерінің мөлшері; жарғылық (меншікті) капиталының және сақтандыру резервтерінің мөлшері, сақтандырудың нақты кластары бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияның болуы, сондай-ақ сақтанушыға (цедентке) қажетті өзге мәліметтер туралы мәліметтерді алады.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы брокерге делдалдық қызметті жүзеге асыруға қажетті дұрыс, толық және объективті мәліметтердің сақтандыру брокеріне ұсынылуын қамтамасыз етеді.

      11. Сақтандыру брокерінің банк шотына сақтандыру сыйлықақы сомалары, сақтандыру төлемдері түскен кезде сақтандыру брокері сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының банк шотына не сақтанушыға, пайда алушыға дереу, бірақ үш жұмыс күнінен кешіктірмей аударады (салады, береді).

      Сақтандыру брокері сақтандыру сыйлықақыларын, сақтандыру төлемдерін аудару мерзімін сақтамаған кезде, оларды негізсіз кешеуілдеткен кезде осы кезеңде сақтандыру жағдайы болған кезде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша сақтанушы (цедент), пайда алушы алдында жауапкершілікті егер сақтандыру брокері мен сақтанушы (цедент) арасында өзгесі көзделмесе, сақтандыру брокері көтереді.

3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) бойынша мәмілелерге қатысу

      Ескерту. 4-тараудың атауына өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006.03.25 N 82 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен .

      12. Сақтандыру брокері сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау бойынша делдалдық қызметті жүзеге асырған кезде сақтандыру брокері тиісті құжаттарды ресімдейді, оның ішінде:

      1) сақтандыру слипін;

      2) қайта сақтандыру ковернотасын;

      Сақтандыру тәуекелдерін Қазақстан Республикасының резидент емесі - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қайта сақтандыруға берген кезде, қайта сақтандыру ковернотасында мына мәліметтер болуы тиіс:

      қайта сақтандыру шартының түрі мен талаптары (факультативтік/ облигаторлық қайта сақтандыру; пропорционалдық/пропорционалдық емес)

      сақтандырудың түрі;

      сақтанушының атауы және орналасқан орны (факультативтік қайта сақтандыру бойынша);

      қайта сақтанушының (цеденттің) атауы және орналасқан орны;

      Қазақстан Республикасының резиденті-сақтандыру брокерінің атауы және орналасқан орны;

      Қазақстан Республикасының резиденті емес-сақтандыру брокерінің толық атауы (қысқарту мен аббревиатураны қолданусыз) және орналасқан орны (егер қайта сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының резиденті емес-сақтандыру брокері арқылы жасалған жағдайда);

      қайта сақтандырушының толық атауы және орналасқан орны (қысқарту мен аббревиатураны қолданусыз);

      қайта сақтандыру шартын жасасқан күніндегі қайта сақтандырушының қаржылық сенімділік рейтингі және рейтингтік агенттіктің атауы (егер қайта сақтандырушы Қазақстан Республикасының резиденті емес болып табылса);

      қайта сақтандыру шартының қолданыс кезеңі;

      қайта сақтандырушының жауапкершілігінің лимиті;

      қайта сақтандырушының жауапкершілігінің үлесі (әр бір қайта сақтандырушының – егер қайта сақтандыру шарты бойынша тәуекел бірнеше қайта сақтандырушылар арасында бөлінсе).

      Егер қайта сақтандырушыда қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) "Жарғылық капиталдың, кепілдік беру қорының, төлем қабілеттілігі маржасының ең аз мөлшерiн қоса алғанда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және сақтандыру тобы үшiн пруденциалдық нормативтердi және өзге де сақталуға мiндеттi нормалар мен лимиттердi белгiлеу және пруденциалдық нормативтерді орындау туралы есептерді ұсыну мерзімдері жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасының қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі Басқармасының 2008 жылғы 22 тамыздағы № 131 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5331 тіркелген) қаулысына сәйкес таныған рейтингтік агенттіктерінің бірінің қаржылық сенімділік рейтингісі бар болған жағдайда, онда осы агенттіктердің қаржылық сенімділік рейтингін көрсету қажет.

      Сақтандыру брокері сақтандыру тәуекелдерін Қазақстан Республикасының резиденттері емес-сақтандыру брокерлері арқылы қайта сақтандыруға бергенде, қайта сақтандыру ұйымының қайта сақтандыру ковернотында сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға алғаны жөніндегі белгісі (уәкілетті тұлғаның қолы және/немесе мөр) міндетті емес.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2009.04.29 N 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.05.2016 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      13. Сақтандыру брокері цеденттің атынан және тапсырмасы бойынша қайта сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін (қайта сақтандыру құнын), қайта сақтандыру шарттарын және сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруға қабылдау мүмкіндіктерін айқындау үшін қайта сақтандыру ұйымдарымен келіссөз жүргізеді.

      Қайта сақтандыруға қабылданған тәуекел үлесі, қайта сақтандыру сыйлықақысының келісілген шарттары мен мөлшері (қайта сақтандыру құны) қайта сақтандыру ұйымының уәкілетті тұлғасының қолымен не мөрімен қайта сақтандыру ковернотасында расталады.

      Қайта сақтандыру шарттары қабылданған жағдайда цедент бұл жөнінде сақтандыру брокерін хабардар етіп, тараптардың келісімі бойынша белгіленген мерзімде сақтандыру тәуекелін қайта сақтандыруға беруге жазбаша түрде тапсырма береді.

      Цедент қайта сақтандыру шарттарын қабылдаған жағдайда сақтандыру брокері бұл жөнінде қайта сақтандыру ұйымын хабардар етеді және жазбаша түрде қайта сақтандыру ұйымы ұсынған қайта сақтандыру құнын және шарттарын қабылдауға цеденттің келісімін растайды.

      Қайта сақтандыру шартының жасалуын растау ретінде сақтандыру брокері қайта сақтандыру ковернотасын ресімдейді.

      14. Сақтандыру брокері сақтанушының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін (сақтандыру құнын), сақтандыру шарттарын және сақтандыру тәуекелдерін сақтандыруға қабылдау мүмкіндіктерін айқындау үшін сақтандыру ұйымдарымен келіссөз жүргізеді. Сақтандыруға қабылданған тәуекел үлесі, сақтандыру сыйлықақысының келісілген шарттары мен мөлшері (сақтандыру құны) сақтандыру ұйымының уәкілетті тұлғасының қолымен не мөрімен сақтандыру слипінде расталады.

      Сақтанушы сақтандыру шарттарын қабылдаған жағдайда сақтандыру брокері бұл жөнінде сақтандыру ұйымын хабардар етеді және жазбаша түрде сақтандыру ұйымы ұсынған сақтандыру құнын және шарттарын қабылдауға сақтанушының келісімін растайды.

      15. Сақтандыру брокері сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау бойынша делдалдық қызметті жүзеге асырған кезде ресімдейтін құжаттардың мәтіндері олардың сөзбен айтылуының нақты мағынасына сәйкес талқылануы тиіс. Мәтіндерде арнайы сақтандыру терминологиясы пайдаланылған жағдайда олардың толық және бір мәнді талқылануын беру қажет.

4. Құжаттарды есепке алу және сақтау

      Ескерту. 5-тараудың атауына өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006.03.25 N 82 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Сақтандыру брокерлері сақтандыру делдалдығы бойынша деректерді қалыптастырады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құжаттарды есепке алу мен сақтауды қамтамасыз етеді.

      Сақтандыру брокерлері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып статистикалық, қаржылық және өзге есептілікті ұсынады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006.03.25 N 82 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      17. Сақтандыру брокері өзінің қаражаты және сақтанушыдан (цеденттен), сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан алынған сақтандыру сыйлықақылары, сақтандыру төлемдері бойынша бөлек бухгалтерлік есепті жүргізеді.

      18. Сақтандыру брокерінің уәкілетті органы жыл сайын:

      1) сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасау бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыру тәртібін көздейтін, оның ішінде сақтандыру сыйлықақылары мен сақтандыру төлемдерін жүзеге асырған кезде ішкі жұмыс тәртібін;

      2) құжаттаманы жүргізу тәртібін, клиенттерге қызмет көрсету шарттарын және оның делдалдығымен жасалатын сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша құжаттаманы жүргізу тәртібін;

      3) өз қызметінің техникалық жабдықталу жағдайларын, жыл сайынғы аудиттің жүргізілуін, олар жасайтын шарттардың, қаржылық есептің және өзге құжаттаманың сақталуын, құжаттарды сақтау тәртібі мен мерзімін көздейтін ішкі құжаттарды;

      4) комиссиялық сыйақыны төлеу талаптары мен тәртібін бекітеді.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006.03.25 N 82 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен .

      19. Сақтандыру брокері жыл сайын аудиторлық ұйыммен расталған қаржылық есеп берумен қоса, функциясына сақтандыру брокерінің қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия беру жататын уәкілетті органға ішкі жұмыс тәртібі мен есеп саясатын тапсырады.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006.03.25 N 82 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2009.04.29 N 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Қаулыларымен.

5. Қорытынды ережелер

      Ескерту. 6-тараудың атауына өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006.03.25 N 82 (мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      20. Осы Нұсқаулықта реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады