Бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің 2004 жылғы 30 қыркүйектегі N 144 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 5 қарашада тіркелді. Тіркеу N 3184. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 2 наурыздағы N 30 бұйрығымен.

      Күші жойылды - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің міндетін атқарушының 2009.03.02 N 30 Бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің  150-бабының  2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптар бекітілсін.
      2. Стратегиялық жоспарлау және инвестициялық саясат департаменті (Т.Б.Нұрашев) және Заң басқармасы (М.Д.Әйтенов) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Б.А.Исаевқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді.

       Министрдің
      міндетін атқарушы

"Бюджеттік инвестициялық    
жобалардың (бағдарламалардың) 
техникалық-экономикалық    
негіздемесіне қойылатын    
талаптарды бекіту туралы"  
Қазақстан Республикасының   
Экономика және бюджеттік   
жоспарлау министрі міндетін 
атқарушының         
2004 жылғы 30 қыркүйектегі  
N 144 бұйрығымен бекітілген 

Бюджеттік инвестициялық жобалардың
(бағдарламалардың) техникалық-экономикалық
негіздемесіне қойылатын талаптар

      1. Осы Бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) техникалық-экономикалық негіздемесіне (бұдан әрі - ТЭН) қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің  150-бабының  2-тармағына сәйкес әзірленді және бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) (бұдан әрі - жобалар (бағдарламалар) ТЭН-нің жалпы құрылымын және мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайды.

      2. Оңтайлы жобалық шешімдерді, оның ішінде инвестициялық жобаның (бағдарламаның) неғұрлым оңтайлы құрылымы мен ауқымын, жобаны (бағдарламаны) іске асыру шеңберінде көзделетін неғұрлым орынды маркетингтік, техника-технологиялық, қаржылық, институционалдық, экологиялық, әлеуметтік және басқа шешімдер жөніндегі ұсынысты тұжырымдау ТЭН-ді әзірлеудің мақсаты болып табылады.

      3. Осы Талаптар жобалардың (бағдарламалардың) ТЭН-ін әзірлеген кезде пайдалану үшін міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігі берілетін мемлекеттік емес қарыз қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) ТЭН-ін әзірлеген кезде пайдалануға ұсынылады.

      4. Жобалардың (бағдарламалардың) ТЭН-не сәулет, қала құрылысы және құрылыс шешімдері бөлігінде қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында айқындалады.

      5. Жекелеген жағдайларда, жобалардың (бағдарламалардың) ерекшелігіне қарай, осы Талаптарда көрсетілген ТЭН құрылымын жалпы басшылыққа алуға және қосымша бөлімдер қосуға болады.

      6. Осы Талаптарды бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) ТЭН-ін әзірлеуге арналған техникалық тапсырманы дайындаған кезде пайдалануға болады.

      7. Жобаның (бағдарламаның) ТЭН-нің мазмұны мынадай құрылымға сай болуы тиіс:
      жоба (бағдарлама) түйіні;
      кіріспе;
      маркетингтік бөлім;
      техника-технологиялық бөлім;
      экологиялық бөлім;
      институционалдық бөлім;
      қаржылық бөлім;
      экономикалық бөлім;
      әлеуметтік бөлім;
      жоба (бағдарлама) бойынша жалпы қорытынды;
      қосымшалар.

      8. Жоба (бағдарлама) түйіні мынадай тармақтарды қамтуға тиіс:
      жоба (бағдарлама) атауы;
      өтінім беруші;
      жобаның (бағдарламаның) жалпы құны (теңгемен немесе жоба (бағдарлама) валютасымен);
      жоба (бағдарлама) ауқымы (жоба (бағдарлама) қуаты);
      әрбір құрамдауыштың құны көрсетілген жоба (бағдарлама) құрамдауыштары;
      жоба (бағдарлама) іске асырылатын жер (облыс, қала);
      жобаның (бағдарламаның), соның ішінде сандық көріністегі мақсаты мен міндеттері;
      мақсатты топтар (негізгі пайда алушылар);
      қаржыландырудың болжамды көздері мен схемасы;
      қаржыландыру жылдар бойынша бөлінген жобаны (бағдарламаны) іске асыру кезеңі.

      9. "Кіріспе" деген бөлімде қазіргі саяси, әлеуметтік-экономикалық, табиғи-климаттық, құқықтық және жобаны (бағдарламаны) іске асыру көзделіп отырған басқа да жағдайлар сипатталады, оның ішінде халықтың тұрмыс деңгейінің қазіргі және болжамды (жобаның (бағдарламаның) инвестициялық және инвестициялықтан кейінгі кезеңдерді қамтитын әрекет ету циклы кезеңіне арналған) көрсеткіштері, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, инвестициялық ахуал және жобаның (бағдарламаның) болжамды орнын және әсер ету саласын сипаттайтын басқа да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер көрсетіледі.
      Осы бөлімде проблема айқындалады, сондай-ақ бұл проблеманы шешудің (жоба (бағдарлама) мақсатына қол жеткізудің) барлық ықтимал нұсқалары көрсетіледі, бұл нұсқалар бойынша жоба (бағдарлама) ТЭН-нің кейінгі әрбір бөлімінде салыстырмалы талдау жүргізіледі.

      10. Маркетингтік бөлім жобада (бағдарламада) ұсынылатын өнімге (қызметтерге) (жобаның (бағдарламаның) әрекет ету кезеңіне арналған) қазіргі және перспективалы сұраныстың бағалануын көрсетеді.
      Бұл бөлім:
      сұраныстың сандық көрсеткіштерінің талдануы мен негіздемесін, оның үрдістерін және өнімнің (қызметтердің) бағаларын немесе әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалауды білдіретін сұранысты немесе жобаның (бағдарламаның) әлеуметтік-экономикалық қажеттілігін талдауды;
      жобаны (бағдарламаны) іске асыру нәтижесінде өндірілетін (көрсетілетін) өнім (қызметтер) түрлерін;
      жобаның (бағдарламаның) елдің экспорттық әлеуетінің өсуіне әсерінің бағасын;
      шикізат, материалдар рыногын және жобаның (бағдарламаның) жұмыс істеуімен байланысты өндірістің басқа да факторларын талдауды;
      рыноктарды және жобаны (бағдарламаны) іске асыру шеңберінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бағаларын талдауды;
      осы салада жұмыс істеп тұрған объектілердің жұмысын талдауды (бәсекелестерді талдауды);
      өнімді (қызметтерді) өткізуге жәрдемдесу жөнінде ұсынылатын іс-шараларды;
      коммерциялық тәуекелдерді бағалауды (тәуекелдің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын, тәуекелдерді азайту жөнінде ұсынылатын іс-шараларды);
      пайдаланылатын ақпарат көздерін және маркетингтік зерттеулер жүргізу әдістемесін қамтуға тиіс.

      11. Техника-технологиялық бөлім жобаның (бағдарламаның) құрылымы, жоба (бағдарлама) бойынша жобаның (бағдарламаның) өлшемдерін (құрамдауыштарын), сондай-ақ олардың құнын айқындайтын техникалық шешімдер сипатталған жобаны (бағдарламаны) іске асырудың түрлі технологиялық шешімдерін көрсетеді.
      Бұл бөлім:
      жобаны (бағдарламаны) іске асырудың түрлі технологиялық шешімдерін, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін, таңдалған нұсқаның негіздемесін талдауды;
      жобаны (бағдарламаны) орналастыратын жерді таңдауды, шикізат көздеріне және жеткізушілеріне, өнімдер мен қызметтерді тұтынушыларға қатысты орналасуын, көліктік магистральдарға жақындығын, географиялық ерекшеліктерін негіздейтін жоба (бағдарлама) орналасқан жерді;
      жоба (бағдарлама) қуатының, жоба (бағдарлама) қуатын игеру серпінінің есепті негіздемесін айқындайтын жобаның (бағдарламаның) ауқымын;
      жобаның (бағдарламаның) өңірдің инфрақұрылымына және жиынтық (аралас) салалардың дамуына әсер етуін бағалауды;
      әлемдік стандарттарға сай келетін технологиялар мен жабдықты таңдау негіздемесін, қолданылып жүрген жабдықпен технологиялық сәйкестігін, баға-сапаның оңтайлы ара қатынасын, табиғи және моральдық амортизацияны, баламалы нұсқаларды, инновациялық жабдықтың қолданылуын, ноу-хаудың пайдаланылуын, жобада (бағдарламада) сапа стандарттарының пайдаланылуын, жобаға (бағдарламаға) қойылатын техникалық және технологиялық талаптарды белгілейтін нормативтік құжаттарды;
      жобаның (бағдарламаның) инженерлік құрылыстармен қамтамасыз етілуін, яғни, қолда бар көліктік кіре берістер мен құралдарды, энергиямен, жылумен, сумен жабдықтауды және кәрізді, қойма үй-жайларын;
      жобаның (бағдарламаның) іске асыру жылдары бойынша және технологиялық кезеңдері бойынша инвестициялық кезеңін, жоба (бағдарлама) бойынша іс-шаралардың дәйектілігі мен ұзақтығы уақытпен кестелеп көрсетілген кестені (жоспар-кесте) көрсететін жобаны (бағдарламаны) іске асыру кестесін;
      тәуекелдің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын, тәуекелдерді азайту жөнінде ұсынылатын іс-шараларды айқындайтын техникалық тәуекелдерді бағалауды қамтуға тиіс.

      12. Экологиялық бөлім жобаның (бағдарламаның) экологиялық аспектілерін көрсетеді.
      Бұл бөлім:
      жобаның (бағдарламаның) қоршаған орта жай-күйіне әсерін бағалауды, жобаны (бағдарламаны) іске асырудан тиетін экологиялық залалды сандық бағалауды және оның зиянды әсерін азайту жөніндегі болжамды іс-шараларды;
      жобада (бағдарламада) өңірдің де, тұтастай елдің де экологиялық жай-күйін жақсарту үшін ұсынылатын іс-шараларды және олардың сандық көріністегі нәтижесін;
      тәуекелдің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын, тәуекелдерді азайту жөнінде ұсынылатын іс-шараларды көрсететін экологиялық тәуекелдерді бағалауды қамтуға тиіс.

      13. Институционалдық бөлім құқықтық негіз, басқару құрылымы және қаржы шығындарын бағалау сипатталған, жобаның (бағдарламаның) әрекет ету кезеңінде оны басқарудың схемасын қамтуға тиіс. Жобада (бағдарламада) жаңа институционалдық схема жасалған жағдайда баламалы нұсқаларды келтіре отырып, бұл схеманы жасаудың егжей-тегжейлі негіздемесін көрсету қажет.
      Бұл бөлімде іске асыру барысында да, инвестициялықтан кейінгі кезеңде де жобаға (бағдарламаға) қатысушылардың барлығы туралы ақпарат (толық заңды атауы, пайда болған елі, ұйымдық-құқықтық нысаны, жарғылық капиталы, құрылтайшылары мен олардың қатысу үлестері, құрылған жылы, қызметінің негізгі түрлері, осы саладағы жобаларды (бағдарламаларды) іске асыру тәжірибесі), олардың өзара іс-қимылы, шығындар мен түсімдердің, жауапкершіліктің бөлінуі, сондай-ақ институционалдық тәуекелдер (тәуекелдің негізгі факторлары, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымы, тәуекелдерді азайту жөнінде ұсынылатын іс-шаралар) көрсетіледі.

      14. Қаржылық бөлім жобаны (бағдарламаны) қаржыландырудың баламалы схемалары мен көздерін бағалаумен қатар, қаржы шығындары мен кірістерді бағалауды қамтиды.
      Бұл бөлім:
      жалпы инвестициялық шығасыларды, қаржыландыруға қажеттіліктің жоба (бағдарлама) кезеңдері бойынша бөлінуін;
      өндірістік шығасылардың (пайдалану шығасыларының) есебін;
      жобаны (бағдарламаны) мыналарды:
      өнімнің өзіндік құнының есебін;
      сатудан түсетін кірістердің есебін, бөлінбеген және таза пайданың есебін;
      ақша қаражаты ағынының жиынтық есебін;
      қаржылық бағалаудың қарапайым әдістерінің көмегімен жобаны (бағдарламаны) талдауды - өзін-өзі ақтау мерзімінің, қарапайым пайда нормасының, берешекті өтеу коэффициентінің есебін;
      дисконттау әдістерінің көмегімен жобаны (бағдарламаны) талдауды - дисконтталған таза кірістің (NPV), ішкі пайда нормасының (ІRR), дисконтталатын түсімдер мен шығындар қатынасының (В/С), дисконтталған өтелу мерзімінің есебін;
      белгісіздік жағдайларындағы талдауды (негізгі өлшемдер (өткізу көлемі, өткізу бағасы, тікелей шығасылар) бойынша сезімталдықты талдауды), жобаның (бағдарламаның) зиянсыздығын талдауды;
      жобаның (бағдарламаның) өтімділігін талдауды қамтитын қаржылық талдауды;
      бюджет қаражатын алушылар болып табылатын жобаға (бағдарламаға) қатысушылардың ағымдағы қаржылық жай-күйін;
      қаржыландыру схемасын, көздерін, шарттарын және олардың баламалы нұсқаларын талдауды;
      тәуекелдің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын, тәуекелдерді азайту жөнінде ұсынылатын іс-шараларды айқындайтын қаржылық тәуекелдерді бағалауды қамтуға тиіс.

      15. Экономикалық бөлім жобаның (бағдарламаның) тұтастай республика (өңір) экономикасы тұрғысынан талдануын көрсетеді.
      Бұл бөлім:
      жобамен (бағдарламамен) бірге және жобасыз (бағдарламасыз) экономикалық жағдайды талдауды;
      экономикалық түсімдер мен шығындарды бағалауды, соның ішінде нәтижелерді, салдарлар мен әсерлерді талдауды (шығындардың тиімділігін талдауды және өлшенбейтін түсімдерді, өсірілген түсімдер мен шығындарды, тұтынушының қосымша түсімдерін, жобаның (бағдарламаның) қайтымсыз шығасыларын, сыртқы тиімділігін, халықаралық тиімділігін, жанама түсімдерін);
      ең аз шығындарды талдауды;
      жобаның (бағдарламаның) бюджеттік тиімділігін есептеуді;
      жобаның (бағдарламаның) экономикалық тиімділігі көрсеткіштерінің, оның ішінде экономикалық дисконтталған таза кірістің (ЕNPV) және экономикалық ішкі пайда нормасының (ЕІRR) есебін қамтуға тиіс.

      16. Әлеуметтік бөлім жобаның (бағдарламаның) экономикалық аспектілерін және бенефициарлар бойынша жобаны (бағдарламаны) іске асырудан түсетін түсімдерді көрсетеді.
      Бұл бөлім:
      жобаның (бағдарламаның) халықтың әлеуметтік-мәдени және демографиялық сипаттамалары тұрғысынан негізделуін;
      жобаның (бағдарламаның) еңбек ресурстарын қажет етуін және оның халықтың жұмыспен қамтылуына әсер етуін;
      қажетті біліктілігі бар еңбек ресурстарымен нақты қамтамасыз етілуін;
      жұмысшылар мен мамандарды оқыту және қайта даярлау бағдарламасын;
      еңбекті қорғауды және қауіпсіздік техникасын;
      халықтың тұрмыс деңгейі көрсеткіштерінің есебін (демографиялық көрсеткіштер, халықтың кірісі, жұмыспен қамтылу деңгейі, білім деңгейін арттыруға әсері және т. б.);
      тәуекелдің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын, тәуекелдерді азайту жөнінде ұсынылатын іс-шараларды қамтитын әлеуметтік тәуекелдерді бағалауды қамтуға тиіс.

      17. "Жалпы қорытындылар" деген бөлімде жобаның (бағдарламаның) негізгі жетістіктері мен кемшіліктері, жобаны (бағдарламаны) іске асырудың оңтайлы нұсқасын таңдау жөніндегі қорытындылар мен логиканың сипаты, жоба (бағдарлама) бойынша негізгі тәуекелдер, басқа да қорытындылар көрсетіледі.

      18. Жобаның (бағдарламаның) ТЭН-не қосымшалар: жобаны (бағдарламаны) іске асырудың қарастырылып отырған әрбір нұсқасы бойынша қаржы-экономикалық модельдерді, шығыстар, серпіндер кестесін, өтелу кестесін, диаграммаларды, суреттерді, орналасатын жер картасын және жобаның (бағдарламаның) ТЭН-де көрсетілген ақпаратты растайтын және ашатын басқа да материалдар мен құжаттарды қамтуға тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады