Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облыс әкімдігінің 2009.03.30 № 89 Қаулысымен.
Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы", "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңдарын басшылыққа ала отырып және "Қазақстан Республикасының халқын жұмыспен қамтудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 27 қаңтардағы № 68 қаулысын орындау үшін және халықтың нысаналы топтарын әлеуметтік қорғау жөнінде қосымша шаралар белгілеу мақсатында облыс әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған халықтың нысаналы топтарындағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландыру Ережесі қосымшадағына сәйкес бекітілсін (бұдан әрі - Ереже).
2. Орал қаласының және аудандардың әкімдері:
1) әлеуметтік жұмыс орындарын ашуды және қаржыландыруды қамтамасыз етсін;
2) осы қаулыны іске асыру жөніндегі басқа да қажетті шараларды алсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары А. С. Иманғалиевке жүктелсін.
Облыс әкімі |
Облыс әкімдігінің 2005 жылғы 3 мамырдағы № 149 қаулысымен бекітілген |
Халықтың нысаналы топтарындағы жұмыссыз
азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік
ұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландыру
Ережесі
Осы Ереже халықтың нысаналы топтарындағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландыру тәртібін айқындайды, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынатын ұйымдармен (меншік түріне қарамастан) жасалатын негізгі шарттар мен есеп айырысу жүйесін реттейді.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеде пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
1) әлеуметтiк жұмыс орны - халықтың нысаналы топтарындағы жұмыссыздарды арнайы жұмысқа орналастыру үшiн жұмыспен қамту мәселелерi жөніндегi уәкiлеттi органдарда тiркелген, жергiлiктi бюджет есебiнен жұмысқа қабылданған қызметкерлерге жұмыс берушiлер жалақы төлеу шығынының бiр бөлiгiне өтемақы жасайтын жұмыс берушiлердiң ашқан немесе ұсынған жұмыс орны;
2) нысаналы топтар - жұмысқа орналасуда қиындық көрiп жүрген және әлеуметтiк қорғауды талап ететiн адамдар ретiнде "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгiленген адамдар топтары.
2. Әлеуметтiк жұмыс орнына орналасқан жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек, зейнетақымен қамсыздандыру және сақтандыру туралы заң актiлерi қолданылады.
3. Жұмыспен қамту мәселелерi жөніндегi уәкiлеттi органдар әлеуметтiк жұмыс орнына орналастыру үшін жұмыссыздарға жолдама берудi жүзеге асырады.
2. Әлеуметтiк жұмыс орындарына жұмысқа
орналастыру мен ұйымдастыру тәртiбi
4. Халықтың нысаналы топтарындағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтiк жұмыс орнын жергiлiктi (қалалық, аудандық) бюджет қаражаты есебiнен жұмысқа қабылданған жұмысшыларға еңбекақының бiр бөлiгiн төлеу шарты негізінде кәсiпорындар мен ұйымдар ұсынады немесе ашады.
5. Әлеуметтiк жұмыс орнын ұсынатын немесе ашатын кәсiпорындар мен ұйымдарды іріктеу, тiзбесiн анықтау мен әлеуметтiк жұмыс орындарының санын, мерзiмi және қаржыландыру шартын қала (аудан) әкiмдері жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен бірлесіп айқындайды.
6. Мекемелердi iрiктеу кезiнде әлеуметтiк жұмыс орнына қабылданған жұмысшылардың одан әрi тұрақты жұмысқа орналасуына кепiлдiк беретiн кәсiпорындар мен ұйымдарға басымдылық берiледi.
7. Аудандық, қалалық жұмыспен қамту мәселелерi жөніндегi уәкiлеттi органдар жұмыссыздарды әлеуметтiк жұмыс орнына олардың келісiмiмен жiбередi.
8. - тармақ алынып тасталды - Батыс Қазақстан облыс әкімдігінің 2005.12.06 № 399 Қаулысымен. 3. Әлеуметтiк жұмыс орындарын
қаржыландырудың тәртiбi мен көздерi
9. Әлеуметтiк жұмыс орындарын қаржыландыру көздерi тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергiлiктi бюджет қаражаты мен жұмыс берушiлердiң қаражаттары болып табылады.
10. Жұмыспен қамту мәселелерi жөніндегi уәкiлеттi орган жұмыс берушiлермен қалалық (аудандық) бюджет қаражаты есебiнен әлеуметтiк жұмыс орнына қабылданған жұмысшылардың еңбекақысын төлеудiң бiр бөлiгiн өтеуге келісiм шарт жасайды.
11. Жұмыс берушiлер әлеуметтiк жұмыс орнына жұмысқа қабылданған жұмыссыздардың еңбекақысын төлеу шығынын жергiлiктi бюджет қаражатынан жұмысшыларға бекiтiлген еңбекақының 50 пайызы мөлшерiнде өтейдi, бiрақ республика бойынша бекiтiлген ең төменгi еңбекақыдан кем болмауы және 6 айдан аспауы керек.
12. Әлеуметтiк жұмыс орнына қабылданған жұмысшыларға еңбекақының бiр бөлiгiн төлеу жұмыс берушiнiң есеп айырысу шотына бюджет қаражатынан аударылады.
13. Әлеуметтiк жұмыс орнына қабылданған жұмыссыз азаматтарға еңбекақы төлеу, жұмыс берушiлермен жеке келiсiм шарт жағдайында және орындалған жұмыстың санына, сапасына және күрделiгiне сәйкес ай сайын жүзеге асырылады.
14. Жұмыс берушiлер еңбекақы төлеу шығының өтеу үшін жұмыспен қамту мәселелерi жөніндегi уәкiлеттi органға оған белгіленген айлығы көрсетілген жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшiрмесiн үш күн мерзім ішінде, ай сайынғы жұмыс күнiн есепке алатын тiзiмдiк пен жолдайды.
15. Әлеуметтiк жұмыс орындарына қабылданған жұмыссыздардың еңбекақысын төлеу нақты орындаған жұмыс көлемiне немесе нақты жұмыс iстеген уақытына қарап берiледi.
16. Әлеуметтiк жұмыс орындарына жұмысқа қабылданған жұмыссыздарға төленген табысынан заңнамада белгiленген тәртiппен салық салынады.
17. Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жұмысшы мен жасасқан жеке еңбек шарты мерзімнен бұрын бұзылған жағдайда, жұмыс беруші уәкілетті органды қатерлейді және үш күн мерзім ішінде жұмыстан шығару туралы бұйрық көшірмесін жолайды.
18. Мекеменiң есеп айырысу шотына түскен жұмыссыздардың еңбекақысының бiр бөлiгiн төлеу үшін белгiленген бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланған жағдайда, оған жұмыс берушiлер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес жауап бередi.
4. Әлеуметтiк жұмыс орындарын ұйымдастыру
мен қаржыландырудың тәртiбiн бақылау
19. Халықтың нысаналы топтарындағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтiк жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландырудың Ережесін бақылауды уәкілетті органдар мен мемлекеттiк органдар құзыреттері шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.