Монополиялық кірісті анықтау жөніндегі ережені және монополиялы жоғары және монополиялы төмен бағаны белгілеу жөніндегі ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитеті Төрағасының 2006 жылғы 7 қарашадағы N 252-НҚ Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 15 қарашада Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4457 болып енгізілді. Күші жойылды - ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) Төрағасының 2008 жылғы 25 желтоқсандағы N 424-НҚ бұйрығымен.

       Күші жойылды - ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) Төрағасының 2008.12.25 N 424-НҚ бұйрығымен.

      ------------------- Бұйрықтан үзінді -------------------

      "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Бәсекелестікті қорғау комитеті Төрағасының кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
      2. ...
      3. Осы бұйрық 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға                                            М. Есенбаев

Қазақстан Республикасы    
Бәсекелестікті қорғау    
агенттігі (Монополияға қарсы
агенттік) Төрағасының   
2008 жылғы 25 желтоқсандағы 
N 424-НҚ бұйрығына      
қосымша           

Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитеті Төрағасының күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. .......
      3. "Монополиялық кірісті анықтау жөніндегі ережені және монополиялы жоғары және монополиялы төмен бағаны белгілеу жөніндегі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитеті Төрағасының 2006 жылғы 7 қарашадағы N 252-НҚ бұйрығы (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 15 қарашада Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 4457 тіркелді, 2006 жылғы 21 қарашадағы N 202 (1181) "Заң газетінде", 2006 жылғы 25 қарашадағы N 48 (310) "Ресми газетінде" жарияланды).
      .........

      "Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Мына қоса берілген:
      Монополиялық кірісті анықтау жөніндегі ереже;
      Монополиялық жоғары және монополиялы төмен бағаны белгілеу жөніндегі ереже бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитетінің Ішкі әкімшілік ету басқармасы осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Бәсекелестікті қорғау комитеті Төрағасының орынбасары Ж.М.Қожахметовке жүктелсін.
      4. Осы бұйрық ол алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға

Қазақстан Республикасы    
Индустрия және сауда министрлігі
Бәсекелестікті қорғау комитеті
Төрағасының 2006 жылғы 7 қарашадағы
N 252-НҚ бұйрығымен бекітілген

Монополиялық кірісті анықтау ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Монополиялық кірісті анықтау ережесі (бұдан әрі - Ереже) " Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы " (бұдан әрі - Заң), " Жосықсыз бәсеке туралы " Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді.
      Осы Ереженің мақсаты монополиялық кірісті есептеу тәртібін айқындау болып табылады.

      2. Осы Ережеде қолданылатын ұғымдар мен терминдер заңдарда айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.

2. Монополиялық кірісті айқындау

      3. Нарық субъектісі нәтижесінде монополиялық кірісті алуы мүмкін іс-әрекеттері:
      1) нарық субъектілерінің бәсекеге қарсы келісімдері (келісілген іс-әрекеттері).
      2) нарық субъектісінің үстем (монополиялық) жағдайын асыра пайдалануы.
      3) мемлекеттік органдардың бәсекеге қарсы іс-әрекеттері.

      4. Монополиялық кіріс нарық субъектісінің, мемлекеттік органның осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген іс-әрекеттерді жүзеге асырған кезден бастап нарық субъектісі, мемлекеттік органдар аталған іс-әрекеттерді тоқтатқан кезге дейін айқындалады.

      5. Монополиялық кіріс:
      1) монополиялы жоғары бағаны монополиялы жоғары бағаны қолдану кезінде алынған кіріс пен тиісті тауар нарығында немесе ұқсас нарықта нақты немесе бағдарлы бәсеке бағасы негізінде есептелген табыс арасындағы айырмашылық ретінде не монополияға қарсы орган негізделген шығындар мен пайдалар негізінде есептеген баға бойынша бәсеке бағасын айқындау мүмкін болмаған жағдайда қолданған кезде;
      2) монополиялы төмен бағаны:
      доминанттың нарықтан бәсекелестерді жою арқылы өткізу көлемін ұлғайту нәтижесінде алған қосымша табысы ретінде;
      үстем жағдайға ие нарық субъектісінің сатып алушы ретінде нақты немесе бағдарлы бәсеке бағасы бойынша тауарды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алуға арналған шығындары мен монополиялы төмен бағалар бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алу кезінде қалыптасқан шығындар арасындағы айырмашылық ретінде белгілеген кезде;
      3) доминанттың нақты кіріс пен бекітілген баға белгілеу тәртібіне сәйкес есептелген баға бойынша айқындалған кіріс арасындағы айырмашылық ретінде баға белгілеу тәртібін бұзған кезде айқындалады.

      6. Мемлекеттік органдардың бәсекеге қарсы келісімдері (келісілген іс-әрекеттері), монополияға қарсы іс-әрекеттері нәтижесінде алынған нарық субъектісінің монополиялық кірісі аталған іс-әрекеттерден алынған барлық кіріс ретінде айқындалады.

Қазақстан Республикасы     
Индустрия және сауда министрлігі
Бәсекелестікті қорғау комитеті
Төрағасының 2006 жылғы 7 қарашадағы
N 252-НҚ бұйрығымен бекітілген

Монополиялы жоғары және монополиялы
төмен бағаны белгілеу жөніндегі ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Монополиялы жоғары және монополиялы төмен бағаны белгілеу жөніндегі ереже (бұдан әрі - Ереже) "Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң), сондай-ақ Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық кесімдері негізінде әзірленді.
      Осы Ереженің мақсаты тиісті тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектілері (бұдан әрі - доминант) белгілейтін монополиялы жоғары және монополиялы төмен бағаны айқындау болып табылады.

      2. Осы Ережеде қолданылатын ұғымдар мен терминдер заңдарда айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.

2. Монополиялы жоғары және монополиялы
төмен бағаның белгілері

      3. Доминанттың монополиялық жоғары, монополиялы төмен бағаны белгілеу белгілері мыналарды:
      1) доминанттардың қызметтерінің ай сайынғы моноиторингін жүзеге асырған кезде монополияға қарсы орган айқындайды.
      Мониторинг үшін доминанттар Заңның 31-бабына сәйкес монополияға қарсы органға беруге міндетті мынадай ақпараттар, атап айтқанда:
      Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес тоқсан сайынғы қаржылық есеп;
      өнімнің монополиялық түрлері бойынша өндіру (өткізу) көлемдері, өндірілетін (өткізілетін) тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) босату бағалары және кірістілік деңгейі туралы ай сайын ақпарат пайдаланылады;
      2) тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) алдағы уақытта бағаның өсетіні туралы хабардар еткен кезде доминант беретін негіздемелік материалдарды талдау кезінде не монополияға қарсы органның сауалы бойынша доминант берген ақпарат негізінде;
      3) монополияға қарсы орган нарық субъектілеріне талдау жүргізген кезде;
      4) монополияға қарсы органға доминанттың монополиялы жоғары және монополиялы төмен баға белгілегендігі туралы арыздар, ақпараттар, мәліметтер келіп түскен кезде монополияға қарсы орган айқындайды.

      4. Доминанттың монополиялы жоғары баға белгілеу белгілері мыналар болып табылады:
      1) басқа нарық субъектілері сататын дәл сол тауар нарығындағы тауардың (жұмыстардың, қызметтердің) баға өсімінен доминанттың монополиялы өндірілетін (өткізілетін) тауардың (жұмыстардың, қызметтердің) баға өсімінің нақты индекесінен немесе сала бойынша орташа есебінен асып кетуі;
      2) өндірістік өзіндік құн өсімінен өнім бірлігіне арналған кезең шығыстары өсімінің асып кетуі;
      3) өнім бірлігінің өндірістік өзіндік құн өсімінен өнім бірлігіне арналған кезең шығыстары өсімінің асып кетуі;
      4) тауарды (жұмыстарды, қызметтерді) өндіру (өткізу) немесе ол доминант болып танылған тауар нарығының географиялық шекара шегінде тұтынушылардың сұранысы бар кезінде доминанттың оларды өндіру (өткізу) көлемдерін әдейі қысқартуы немесе оның өндірілуін (өткізілуін) тоқтатуы;
      5) сапасын және басқа да сипаттарын (мысалы өнім бірлігінің салмағы) төмендету жолымен монополиялы өндірілетін (өткізілетін) тауарға (жұмыстарға, қызметтерге) арналған бағаны жасырын жоғарлату;
      6) доминанттың тұтынушыға тауарды (жұмыстарды, қызметтерді) өндіруге (өткізуге) арналған шарт мәніне қатысы жоқ қосымша шарттарды күштеп таңу жолымен монополиялы өндірілетін (өткізілетін) тауар (жұмыстар, қызметтер) бағасын жасанды ұлғайту;
      7) шартқа монополиялы өндірілетін (өткізілетін) тауарға (жұмыстарға, қызметтерге) арналған бағаны ұлғайтуға әкеп соғатын айқындалған шарттарды енгізу жолымен монополиялы өндірілетін (өткізілетін) тауар (жұмыстар, қызметтер) бағасын жасанды ұлғайту;
      8) монополиялы өндірілетін (өткізілетін) тауардың (жұмыстардың, қызметтердің) пайдалылық деңгейі пайдалылықтың орташа салалық көрсеткішінен және/немесе басқа нарық субъектілерінің соған ұқсас тауардың пайдалылығынан асуы (бұл ретте, егер монополиялы өндірілетін (өткізілетін) тауардың (жұмыстардың, қызметтердің) өзіндік құнының құрылымындағы барынша басым салмағын доминанттың шығынының қандай да бір түрі иеленсе, онда серпіні бойынша шығынның бұл түрін баға монополиялы жоғары мен жоқ па екені туралы айтуға болады);
      9) өндірістік персоналдың жалақысының өсу қарқынымен салыстырғанда әкімшілік персоналдың жалақысының өсу қарқынын ұлғайту;
      10) доминант сияқты сол тауар нарығында өз қызметін жүзеге асыратын нарық субъектісінің орташа айлық жалақысынан доминанттың орташа айлық жалақысы деңгейінің асып кетуі.

      5. Доминанттың монополиялы төмен баға белгілеу белгілері мыналар болып табылады:
      1) доминанттың тауарды (жұмыстарды, қызметтерді) өзіндік құнынан төмен және (немесе) бәсеке нарығында қалыптасқан баға деңгейден төмен және (немесе) егер бұл нарық конъюнктурасының салдары болып табылмайтын болса, орта салалық (орта өңірлік) деңгейден төмен бағалар бойынша өндіру (өткізу);
      2) нарық конъюнктурасына және өндіріс шығындарының серпініне негізделмеген бағаларды төмендету;
      3) сатып алушы ретінде тиісті тауар нарығында үстем жағдайға ие нарық субъектісінің тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатушыға өндірістің (өткізудің) шығындарын өтеуді қамтамасыз етпейтін бәсеке нарығында қалыптасқан бағадан төмен бағада сатып алуы;
      4) сатып алушы ретінде тиісті тауар нарығында үстем жағдайға ие нарық субъектісінің жеткізушінің есебінен өндірістің (өткізудің) өзіндік шығындарын төмендету жолымен пайданы нарық конъюнктурасына негіздемей ұлғайтуы;
      5) нарықтан бір немесе одан астам сатушылардың (өндірушілердің) тұтынушының (сатып алушының) олардың қызметінің залалдылығын арандатуының салдарынан кетуі.

3. Бәсеке бағасын айқындау

      6. Осы Ереженің 4, 5-тармақтарында көрсетілген белгілерді айқындау кезінде монополияға қарсы орган доминанттың белгілеген бағасы мен бәсеке жағдайында қалыптасқан ұқсас тауар (жұмыстар, қызметтер) бағасын салыстырады.
      Салыстыру базасы үшін бәсеке жағдайында қалыптасқан бәсеке бағасын алу мүмкін болмаған кезде монополияға қарсы орган тиісті немесе ұқсас тауар нарығында доминант өткізетін ұқсас тауарға (жұмыстар, қызметтер) арналған бағдарлы бәсеке бағасы (бұдан әрі - бағдарлы бәсеке бағасы) мынадай формула бойынша есептелінеді:
      Б б = Б н х (І: І Н ), ондағы
      Б б - бағдарлы бәсеке бағасы
      Б н - доминант белгілеген (мәлімдеген) монополиялы өткізілетін тауар (жұмыстар, қызметтер) бағасы;
      І - баға өсімінің салалық (өңірлік) индексі (аталған тауарлар (қызметтер) тобы бойынша инфляция), өткен соңғы баға өзгерісі кезеңіндегі %;
      І н - қаралатын тауар (жұмыс, қызмет) бойынша баға өсімінің нақты индексі, %.

      7. Бағдарлы бәсеке бағасынан доминант белгілеген монополиялы өндірілетін (өткізілетін) тауар (жұмыс, қызмет) бағасының маңызды айырмашылық фактісі айқындалған жағдайда монополияға қарсы орган доминант белгілеген монополиялы өндірілетін (өткізілетін, сатып алынатын) тауар (жұмыс, қызмет) бағасына егжей-тегжейлі талдау жүргізеді.
      Бағдарлы бәсеке бағасы ретінде монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасынан шет жерлерге шығатын ұқсас тауар бағасын қабылдауы мүмкін.

4. Доминант белгілеген монополиялы өндірілетін
(өткізілетін, сатып алынатын) тауар (жұмыстар,
қызметтер) бағасына талдау жүргізу

      8. Олар белгілеген монополиялы жоғары, монополиялы төмен бағалардан көрінген доминанттың өзінің үстем (монополиялық) жағдайын асыра пайдалануын айқындау үшін мыналарға:
      1) доминанттың қаржылық жағдайына;
      2) өндірістің шығындарын ұлғайтудың немесе қысқартудың (монополиялы төмен бағалар үшін) себептерін анықтау мақсатында доминант монополиялы өндірілетін (өткізілетін, сатып алынатын) тауардың (жұмыстардың, қызметтердің) өндірушілік және толық өзіндік құнының серпініне;
      3) доминанттың тауарды (жұмыстарды, қызметтерді) монополиялы өткізу (сатып алу) нәтижесінде алған пайдаларына;
      4) доминанттың монополиялы сатылатын (өткізілетін, сатып алынатын) тауар (жұмыстар, қызметтер) бағаларының серпініне;
      5) доминант өндіріс (өткізу, тұтыну) көлемінің серпініне;
      6) өндірістік қуаттылықты пайдалануға;
      7) нәтижесінде доминанттың монополиялы өндірілетін (өткізілетін, сатып алынатын) тауарға (жұмыстарға, қызметтерге) тікелей немесе жанама баға қойылатын шарттарға;
      8) өндірістік шығындарға, кезең шығыстарына талдау жүргізіледі.

5. Негізделген бағаны айқындау

      9. Негізделген баға талдау нәтижесінде айқындалған негізделген ауытқуларды ескеріп бағдарлы бәсеке бағасының негізінде қалыптасады.

      10. Осы Ереженің 6-тармағына сәйкес бағдарлы бәсеке бағасын айқындау мүмкін болмаған кезде монополияға қарсы орган негізделген бағаны доминанттың монополиялы тауарды (жұмыстарды, қызметтерді) өндіруге (өткізуге, сатып алуға) байланысты нақты шығындарын (монополияға қарсы органмен негізсіз деп танылған шығындарды шегере отырып) және негізделген немесе орташа салалық деңгейінде қалыптасқан пайданы талдау негізінде есептейді.

      11. Өндірістік қызметке жатпайтын, нарық субъектісі үстем жағдайын пайдалана отырып жүзеге асыруы мүмкін шығындар негізсіз шығындар болып танылады (мысалы, денсаулық сақтау, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының, оқу орындарының объектілерін, сауықтыру лагерьлерін, мәдениет және спорт объектілерін, тұрғын үй қорын ұстауға жұмсалатын, қайырымдылық шығындары).

      12. Нарық субъектілерінде өнімдер түрлері бойынша шығындар жеке есепке алынбаған жағдайда монополияға қарсы орган доминанттың шығындарын (кірістерін, көлемдерін, өндіріс адамының еңбек төлемі шығындары) жанама әдістер негізінде өткізілетін тауарлар түрлері бойынша бөлуі мүмкін.

      13. Шығындарды жанама әдістер негізінде бөлу мүмкін болмаған жағдайда монополияға қарсы орган негізделген бағаны тиісті тауар нарығында, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі салыстырмалы өнімдерге арналған бағаларды салыстыра талдау жолымен айқындайды.

      14. Талдау нәтижесі бойынша монополиялы жоғары немесе монополиялы төмен бағаны белгілеу фактісінің болуы немесе жоқ екендігі туралы қорытынды әзірленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады