Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) қызметі туралы нұсқаулықты бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 23 ақпандағы N 3 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 28 наурыздағы Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4592 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 212 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2013 № 212 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Ұсынылып отырған Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) қызметі туралы нұсқаулық бекітілсін.
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап қолданысқа енеді.
      3. Бағалы қағаздар рыногының субъектілерін және жинақтаушы зейнетақы қорларын қадағалау департаменті (Хаджиева М.Ж.):
      1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу шараларын қолға алсын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің  мүдделі бөлімшелеріне, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, "Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне, жинақтаушы зейнетақы қорларына мәлімет үшін жіберсін.
      4. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі (Пернебаев Т.Ш.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Е.Л. Бахмутоваға  жүктелсін.

       Төраға

Қазақстан Республикасы 
Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен  
қадағалау агенттігі  
Басқармасының 2007 жылғы
23 ақпандағы N 3    
қаулысымен бекітілген  

  Жинақтаушы зейнетақы қорын консервациялау кезеңінде
тағайындалатын уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының)
      қызметі туралы нұсқаулық 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңына (бұдан әрі - Заң)  сәйкес әзірленді және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) шешімі бойынша  жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі - қор) консервация жүргізу кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) қызметін, сондай-ақ оның үшінші тұлғалармен өзара қарым-қатынас принциптерін нақтылайды.

      2. Уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) міндеті өз міндеттерін уақтылы және толық орындау үшін қордың қабілетін сақтау және қалпына келтіру, жұмыстағы бар кемшіліктерді және Қазақстан Республикасының заңнамасы мен қордың ішкі құжаттарындағы бұзуларды жою, сондай-ақ қордың қаржылық жағдайын сауықтыру мақсатындағы өзге іс-шараларды жүзеге асыру, оның жұмыс сапасын жақсарту, қор көрсететін қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, тәуекелдерді басқару жүйесін және қордағы ішкі бақылауды жақсарту  болып табылады.

  2-тарау. Уақытша әкімшіліктің (қорды уақытша
басқарушының) қызметі

      3. Уақытша әкімшілік алқалы орган болып табылады, оны қордың атынан іс-қимыл жасайтын, консервация режимінде болып отырған басшы басқарады. Уақытша әкімшіліктің басшысы уақытша әкімшіліктің мүшелері арасындағы міндеттерін бөледі.

      4. Уақытша әкімшіліктің (уақытша басқарушының) қордың қызметі мәселелері бойынша шешімі Заңның  42-5-бабының талаптарын ескеріп, дербес қабылданады.
      Уақытша әкімшіліктің шешімдері жай көпшілік дауыспен қабылданады, дауыс тең болған жағдайда оның басшысының дауысы шешуші роль атқарады.

      5. Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) қорға консервация жасау жөніндегі уәкілетті органның шешімдерінде және уәкілетті органның жазбаша ұйғарымдарында көрсетілген ұсынымдарды ескеріп, қорға консервация жасау жоспарын бекітеді.

      6. Қорға консервация жасау жоспары мынадай іс-шараларды іске асыруды көздеуі мүмкін:
      1)  зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымға және банктік шоттары бар банктерге, сондай-ақ кастодиан банкке консервация жасалғандығы жөніндегі уәкілетті орган шешімінің көшірмесін беру туралы  ұсыныс жасау;
      2)  қорға консервация жасалғандығы туралы уәкілетті орган шешім қабылдаған сәттен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде екінші деңгейдегі банктерге және кастодиан банкке қордың атынан құжатқа қол қою құқығы бар лауазымды тұлғалардың қойған қолдарының үлгілері бар жаңа карточкаларды ұсыну;
      3) қорға келіп түскен аударым арқылы жасалатын және қолма-қол келіп түскен, оның ішінде зейнетақы жарналарын, дебиторлық  берешекті, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын (айыппұл және өсімпұл), қаржы құралдарына орналастырылған зейнетақы активтерін, қордың басқа да кірістерін, аванстық төлемдерін, қордың меншік құқығына жататын бағалы қағаздарды өтеуден түскен қаражатты қайтару жөніндегі аударымдарды бақылау;
      4) өзінің активтері мен міндеттемелерін, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттары бойынша зейнетақы активтері мен міндеттемелерін түгендейді, оның ішінде  зейнетақы активтерінің жай-күйі туралы мәліметті қоса отырып, мыналардың қорытындысы бойынша акт жасайды:
      инвестициялық портфельдің құрылымын, консервация іс-қимылы басталған күнгі шоттардағы инвестицияланбай қалған ақша қалдығын, ұлттық бірегейлендіру нөмірін, айналыс мерзімін, санын (данасын), сатып алу бағасын, бір бағалы қағаздың ағымдағы құнын, пайыздар мен дивидендтер бойынша есептелген кірісті, қордың»"ДЕПО" шотындағы бағалы қағаздардың жалпы санын көрсете отырып, берілетін бағалы қағаздар тізбесін;
      банктік салымның қажетті деректемелерін: банктің атауын, сомасын, шарттың жасалу күнін, шарттың қолданылу мерзімін, жылдық сыйақы ставкасын, банктік салым бойынша есептелген және алынған сыйақы сомасын көрсете отырып, екінші деңгейдегі банктерге банктік салымдарға салынған зейнетақы активтерінің сомасын;
      зейнетақымен қамсыздандыру туралы жасалған шарттардың жалпы тізімін;
      Мынадай ақпараты бар міндетті зейнетақы жарналарының салымшыларының тізімі, ерікті  зейнетақы жарналарының салымшыларының тізімі, ерікті кәсіби зейнетақы жарналарының салымшыларының тізімі:
      дербес зейнетақы шотының нөмірі;
      салымшының (алушының) фамилиясы, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні;
      салымшының (алушының) жынысы;
      жеке сәйкестендіру нөмірі;
      зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың нөмірі мен жасалған күні;
      салымшының (алушының) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі, оны берген мемлекеттік орган туралы мәліметтер, берілген күні;
      салымшының (алушының) мекен-жайы, тұрғылықты орны;
      дербес зейнетақы шотына түскен барлық түсімдердің сомасы;
      5) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды қамтамасыз ету;
      6) жинақталған зейнетақы қаражатын аударым жасау тәртібін бақылау және  жинақталған зейнетақы қаражатын төлем жасауды жүзеге асыру;
      7) қорды басқарудың оңтайлы құрылымын және  қызметкерлер санын анықтау;
      8) қормен оның қызметіне байланысты, оның ішінде аффилиирленген тұлғалармен осының алдында жасалған шарттардың мақсаткерлігін анықтау  және қор мүддесіне сәйкес келмейтін шарттарды бұзу жөніндегі шараларды қабылдау;
      9) жарияланған акциялар санын өсіру туралы шешім қабылдау жолымен қорды капиталдандыру жөніндегі шараларды жүзеге асыру және оларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында орналастыру;
      10) мерзімі өткен дебиторлық берешекті төлеттіріп алу жөніндегі жұмыстарды жүргізу жолымен активтердің сапасын жақсарту, қаржыландырудың кез-келген түрін жүзеге асыруды тоқтату, өтімді активтер көлемін ұлғайту;
      11) шығыс операцияларын жүргізуге бақылауды белгілеу, бар тарифтерді, сыйақы мөлшерлемесін, операциялар бойынша комиссияны, еңбекке ақы төлеу шығыстарын, жалпы шаруашылық шығыстарды және амортизациялық аударымдар нормаларын қайта қарау жолымен қордың кірістілігін ұлғайту;
      12) қордағы тәуекелдерді басқару жүйесіне және ішкі бақылауға баға беру және оны жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру;
      13) қордың қаржылық жағдайын сауықтыруға және оның жұмыс сапасын жақсартуға бағытталған басқа да іс-шаралар.    
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.03.29 № 50 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.

      7. Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) қорға консервация жасау жөнінде уәкілетті орган шешім қабылдаған күні мынадай іс-қимылдарды жасайды:
      1) қорға консервация жасау жөніндегі уәкілетті органның шешімінің көшірмесін осы қордың зейнетақы жарналары салымшыларының (зейнетақы төлемдерін алушылардың) көзіне көрінетін орынға орналастырады;
      2) қордың басшы қызметкерлерінен бухгалтерлік және өзге құжаттамаларды, материалдық және өзге құндылықтарды, мөрлерді, штамптарды, клише мен пломбирлерді, қорды мемлекеттік тіркеуге байланысты құжаттарды, қорға берілген лицензиялардың түпнұсқаларын, фирмалық бланктерді, ақпаратты электронды тасымалдағыштарды, бағдарламалық қамтамасыз етулерді, қабылдау-өткізу актісі бойынша қабылданған меншік иесі қор болып табылатын құжаттамалық нысанда шығарылған басқа заңды тұлғалардың бағалы қағаздарын  дереу өткізуді талап етеді;
      3) қорға консервация жасау жөнінде уәкілетті орган қабылдаған шешімде жазылған ұйғарымға сәйкес  қордың басшы қызметкерлерінен өз жұмысы туралы есеп беруді, кірісі туралы декларация беруді, меншігінің барлығы мен мөлшері туралы мәліметтер беруді талап етеді.

      8. Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) консервациялық іс-қимыл басталған сәттен бастап мынадай іс-шараларды орындайды:
      1) қорды басқаруды жүзеге асырады және қордың атынан барлық шарттарға және құжаттарға қол қояды;
      2) қорда бар барлық ақшалай және өзге құндылықтарына, оның кассаларына, филиалдарына және өкілдіктеріне тексерді (ревизияны) жүргізеді, оларды  екінші деңгейдегі банктерде ашылған қордың шоттарына одан әрі аудару үшін инкассация ұйымдастырады;
      3) қордың банктік шоттарының болуын анықтайды және ондағы қалдықтарға (оның ішінде шетелдік банктердегі), сондай-ақ қордың кастодиан банкіндегі шоттарға салыстыру жасайды. Қордың бухгалтерлік есебінің деректері бойынша шоттардың қалдықтары аталған шоттар ашылған банктердің деректерімен салыстырылады және салыстыру қорытындысы бойынша тиісті акт жасалады;
      4) толық материалдық жауапкершілігі бар, оның ішінде бухгалтерлік есепті  автоматтандырылған ақпаратты жүйеге енгізе отырып жүргізуге рұқсаты бар және қордың қаржылық және өзге есеп беруін жасайтын тұлғалар аясы анықталады;
      5) қордың атынан осының алдында берілген сенімхаттардың күшін жояды;
      6) электронды түрдегі бар бухгалтерлік ақпаратты басып шығаруды жүзеге асырады. Бұл ақпарат электронды түрде болмаған жағдайда негіздемеге қағаз тасымалдағыштағы ақпарат алынады;
      7) қордың мүлкі және құжаттары қабылдау-өткізу актісі бойынша қабылданады және оның сақталуы қамтамасыз етіледі;
      8) қордың атынан және мүддесі үшін, оның ішінде қор органдарының мүшелерін, егер басшы қызметкерлердің іс-қимылдары (іс-қимыл жасамау) негізінде қорға зиян келтірілген жағдайда оларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жасайды;
      9) жұмыстан шығару, қызметтен төмендету немесе қызметтен шеттету, қор қызметкерлері арасында міндеттерді бөлу жөніндегі бұйрықтарды  қосқандағы бұйрықтарды жасайды;
      10) уәкілетті органға жасалған жұмыс туралы есепті, оның қызметі және қор қызметі туралы өзге ақпаратты береді.
      Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) қордың органына және консервация жүргізу кезеңінде өкілеттігі уақытша тоқтатылатын басшы қызметкерлерге жүктелген өзге функцияларды атқарады.

  3-тарау. Қордың мүлкін басқару

      9. Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) қордың мүлкін түгендейді және оның тізбесін жасайды. Бухгалтерлік балансқа енгізілмеген мүлік түгендеу ведомосінде көрсетіледі және соңынан бухгалтерлік балансқа енгізілуге жатады.

      10. Қордың мүлкін сату уәкілетті органмен келісе отырып, уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) белгілеген тәртіп пен талаптар бойынша жасалады.

      11. Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) қордың мүлкін сату кезінде Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын ең кем дегенде екі мерзімдік баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде хабарландырулар жариялайды. Хабарландыруларда сатылатын мүліктің тізбесі, мүлікті сату басталатын күн, мүлікті сату аяқталатын күн, сондай-ақ уақытша әкімшілік өкілінің фамилиясы, аты-жөні, тұратын орны, ұсыныстар жасалуы мүмкін телефон және факс нөмірі, сонымен бірге осындай ұсыныстар қабылданатын күн көрсетіледі. Егер мүлікті тиісінше сатуды өткізу үшін қажет болса, аталған күн мейлінше кешірек мерзімге, бірақ мүлікті сату аяқталатын күннен кешіктірілмей ауыстырылуы мүмкін.
      Уақытша әкімшілік (уақытша басқарушы) ұсыныстардың қанағаттандырылғаны туралы шешім қабылдайды және сатып алушыны жазбаша түрде хабардар етеді.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010.07.15 № 111 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулыларымен.

   4-тарау. Қорытынды ережелер

      12. Консервациялауды жүргізу кезеңінде қор Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамада белгіленген тәртіп пен мерзімде есеп береді.

      13. Осы Нұсқаулықпен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады