Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 2011.12.03 N 369 шешімімен.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңына, сәйкес аудандық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
1. "Аз қамтылған азаматтарға тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызмет көрсету үшін тұрғын үй жәрдемақысын беру және телекоммуникация желілерінің абоненттеріне телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына өтемақы берудің Қағидасын бекіту туралы" жаңа редакциямен толықтай қабылдансын. /қоса тіркеулі/
2. Аудандық мәслихаттың 2006 жылғы 22 маусымдағы 28 сессиясының "Аз қамтылған азаматтарға тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызмет көрсету үшін тұрғын үй жәрдемақыcын беру және телекоммуникация желілерінің абоненттеріне телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына өтемақы берудің Қағидасын бекіту туралы" N 308 шешіміне (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізімі N 8-10-27 болып тіркелген Аудандық "Тоқырауын тынысы" газетінде 2006 жылдың 28 тамызында N 31 (7043) санында жарияланған), аудандық мәслихаттың 2007 жылғы 20 наурыздағы 34-сессиясының "Аудандық мәслихаттың 2006 жылғы 22 маусымдағы 28 сессиясының "Аз қамтылған азаматтарға тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызмет көрсету үшін тұрғын үй жәрдемақысын беру және телекоммуникация желілерінің абоненттеріне телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына өтемақы берудің Қағидасын бекіту туралы" N 308 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", N 382 шешімі (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізімі N 8-10-44 болып тіркелген, аудандық "Тоқырауын тынысы газетінің 2007 жылғы 11 мамырдағы N 19 (7084) санында жарияланған), аудандық мәслихаттың 2007 жылғы 24 желтоқсандағы 4 сессиясының "Аудандық мәслихаттың 2006 жылғы 22 маусымдағы 28 сессиясының "Аз қамтылған азаматтарға тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызмет көрсету үшін тұрғын үй жәрдемақысын беру және телекоммуникация желілерінің абоненттеріне телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына өтемақы берудің Қағидасын бекіту туралы" N 308 шешіміне ішінара өзгеріс енгізу туралы", N 48 шешімі (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізімі N 8-10-58 болып тіркелген), аудандық "Тоқырауын тынысы" газетінің 2008 жылғы 15 ақпандағы N 7 (7122) санында жарияланған, аудандық мәслихаттың 2008 жылғы 24 маусымындағы 6 сессиясының "Аудандық мәслихаттың 2006 жылғы 22 маусымдағы 28 сессиясының "Аз қамтылған азаматтарға тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызмет көрсету үшін тұрғын үй жәрдемақысын беру және телекоммуникация желілерінің абоненттеріне телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына өтемақы берудің Қағидасын бекіту туралы" N 308 шешіміне өзгеріс енгізу туралы", N 80 шешімі (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізімі N 8-10-67 болып тіркелген) аудандық "Тоқырауын тынысы" газетінің 2008 жылғы 18 шілдедегі N 29 (7144) санында жарияланған, аудандық мәслихатының 10 сессиясының 2008 жылғы 23 желтоқсандағы "Аудандық мәслихаттың 2006 жылғы 22 маусымдағы 28 сессиясының "Аз қамтылған азаматтарға тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызмет көрсету үшін тұрғын үй жәрдемақысын беру және телекоммуникация желілерінің абоненттеріне телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына өтемақы берудің қағидасын бекіту туралы" N 308 шешіміне өзгеріс енгізу туралы" N 114 шешімі (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізімі N 8-10-76 болып тіркелген) аудандық "Тоқырауын тынысы" газетінің 2008 жылғы 30 желтоқсандағы N 52 (7166) санында жарияланған шешімдердің күші жойылсын.
3. Осы шешімнің орындалысын бақылау аудандық мәслихаттың әлеуметтік саланы дамыту және заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына (А.Е. Күлмағанбетова) жүктелсін.
4. Осы шешім ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы Қ. Шахжанов
Аудандық мәслихат хатшысы М. Оңғарқұлов
КЕЛІСІЛДІ
Ауданның жұмыспен қамту
және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің бастығы А. Түсіпбеков
24.04.2009 ж.
Аз қамтылған азаматтарға тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге тұрғын үй жәрдемақыларды беру және телекоммуникация желілерінің абоненттеріне телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына өтемақы берудің
ҚАҒИДАСЫ:
Осы Қағида Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі N 94 "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, сәйкес жасалды.
1. Негізгі ережелер.
1. Тұрғын үй жәрдемақылары тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызметті тұтыну, сондай-ақ тұрғын үйді жалдау бойынша төлем шығындарын қайтару үшін, сонымен қатар телекоммуникация желілерінің абоненттеріне телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырулары бойынша өтемақы түрінде тұрғындардың аз қамтылған топтарына берілетін тұрғындарды әлеуметтік қорғаудың бір түрі болып табылады.
2. Тұрғын үй жәрдемақыларды тағайындау тәртібі.
2. Өтемақымен қамтылған тұрғын үй алаңының нормалары тұрғын үй заңдылықтарымен бекітілген (18 шаршы метр) отбасының әр мүшесіне ұсынылған тұрғын үй нормаларына балама.
3. Тұрғын үй көмегі тұрғылықты жер бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде (бұдан әрі – уәкілетті орган) келесі тәртіппен белгіленеді.
1) көп бөлмелі пәтерлерде тұратын жалғызілікті азаматтар үшін - 30 шаршы метр;
2) бір адамға тұтынылған коммуналдық қызметтер мөлшері:
газ;
орталықтандырылған ыстық сумен жабдықталған жағдайда үйге - айына 8 килограмм;
орталықтандырылған ыстық су болмаған жағдайда үйге – айына 10 килограмм;
қатты отын:
1 шаршы метр алаңды жылытуға 1-2 қабатта салынған үйлер үшін 346 килограмм, 3-4 қабатта салынған үйлер үшін 225 килограмм, 5 қабатта салынған үйлерге 134 килограмм (жылу беру мерзімі 7 айға есептегенде), пешпен жылытылатын үйлер тұрғын үй төлқұжатымен анықталып 7 тонна, жалғызілікті азаматтарға 5 тонна көмірден артық болмауы тиіс. Тұрғын үй жәрдемақысын есептеу барысында статистика органдарының мәліметтері бойынша өткен тоқсандағы облыстың қалалары мен аудандарында қалыптасқан көмір бағасы пайдаланылады;
отбасының нақты тұтынған электр қуатының мөлшері:
газ плитасы бар үйлерде - 150 киловатт;
электр плитасы бар үйлерде – 250 киловатт.
3) cуық суды, канализацияны, ыстық суды, қоқыс төккішті, эксплуатациялық шығындарды тұтыну нормалары (пәтер меншіктерінің кооперативі, өзін-өзі басқару комитеті, үй комитеттері және әрі қарай) басқару үлгісіне байланыссыз тарифтерді бекітетін органдармен белгіленеді. Тұрғын үй төлемі мен коммуналдық қызметке белгіленген мөлшерден жоғары тұтыну жалпы негізде жүргізіледі;
4) дау-жанжал туған кезде немесе сәйкес келмейтін жағдайлар болған кезде тұрғын үй жәрдемақысы туралы мәселені шешу үшін учаскелік комиссиясының қарауына енгізіледі. Учаскелік комиссия шешімімен келіспеген жағдайда жәрдемақыға үміткер тұлға оны уәкілетті орган арқылы шешіп алуға, шешілмеген жағдайда сот арқылы шешуге құқы бар;
Тұрғын үй жәрдемақысын төлеу жәрдемақы алушының екінші деңгейлі банкідегі есепшотына аудару арқылы төленеді;
5) Уәкілетті орган тұрғын үй жәрдемақысын алғаннан кейін коммуналдық қызметтер мен тұрғын үйді ұстауға шыққан нақты шығындарды 1 айдың ішінде дәлелсіз себептермен (науқастануы, уақытша болмауы және тағы басқалар) төлемеген азаматтарға тұрғын үй жәрдемақысын тағайындауды тоқтатуға және төлемеуге құқы бар. Тұрғын үй жәрдемақысын тоқтатып, оны төлемеу туралы мәселесін учаскелік комиссия тұрғын үй жәрдемақы алушысының қатыстыруымен қарайды.
3. Тұрғын үй жәрдемақыларды тағайындау және төлеу тәртібі.
6. Тұрғын үй жәрдемақылар осы елді мекенде тұрақты тұратын және үй иелері немесе пайдаланушысы болып табылатын, жалға алушы, жеке тұлғаларға тағайындалады. Отбасы құрамында балалары, немерелері бірге тұратын, пәтер иесі болып табылатын зейнеткерлерге жәрдемақы балалары мен немерелері есепке алынбай тағайындалады.
7. Егер де күтімді қажет етеді деп танылған он сегіз жастан асқан азаматтарға және мүгедектерге күтім жасайтын, 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеу (бір немесе бірнешеу) және сондай-ақ 4 және одан да көп баланы - бірінші сыныпты ең кіші баланың аяқтауына дейін (бірақ 9 жастан жоғары емес) тәрбиелеумен айналысатын адамдарды есепке алмағанда отбасында жұмыс істеуге қабілеті бар адамдар тұрса, еш жерде жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін, жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздығы жөнінде тіркелмеген және өзін-өзі жұмыспен қамтымаған адамдардың тұрғын үй жәрдемақысын алуға құқықтары жоқ.
4. Тұрғын үй жәрдемақыларды беру мерзімдері
8. Тұрғын үй жәрдемақысы өтініш берілген айдан бастап осы жылдың қазан айынан келесі жылдың сәуір айларына тағайындалады. Тұрғын үй жәрдемақысын алушылардың қайта тіркелуі құжаттарды алғаш рет тапсырған тәртібіндей.
Тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызмет ақысын төлеуге рұқсат етілетін шығындар шегінің үлесі, олар отбасының табыстары, коммуналдық қызметтердің тарифтері өзгерген жағдайда бұрында тағайындалған жәрдемақылар тиісті өзгерістер болған айдан кейінгі айдан бастап қайта есептеледі.
Тоқсан сайын отбасы құрамы және табыстары туралы мәліметтерді ұсынған отбасылар құжаттарды нақты тапсырған күннен бастап емес, тұрғын үй жәрдемақысын бір тоқсанға алады.
Ағымдағы тоқсан бойы отбасы құрамы және табыстары туралы мәліметтерді ұсынбаған отбасылар, себебіне қарамай, тұрғын үй жәрдемақыларды есептеу құжаттар ұсынылған айдан бастап жүргізіледі.
9. Тұрғын үй жәрдемақысын алушылар 15 күннің ішінде тұрғын үй жәрдемақсын алу құқығына және мөлшеріне әсер ететін жағдайлар жөнінде учаскелік комиссияға хабарлауы қажет.
10. Тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызмет ақысын төлеуге рұқсат етілетін шығындар шегінің үлесі, коммуналдық қызметтердің тарифтері өзгерген жағдайда бұрында тағайындалған жәрдемақылар тиісті өзгерістер болған уақыттан бастап қайта тағайындалады.
11. Жәрдемақыға құқықтыларды анықтау кезде басқа қалаларда уақытша тұратыны тиісті құжаттармен дәлелденген адамдар есепке алынбайды.
5. Тұрғын үй жәрдемақыларын өтіну және есептеу тәртібі.
12. Тұрғын үй жәрдемақыларын тағайындау үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша кент, селолық округ әкімдігіне немесе халыққа қызмет көрсету орталығына келесі құжаттармен өтінеді:
1) тұрғын үй жәрдемақысын тағайындау туралы өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
3) тұрғын үйге құқығын анықтайтын құжаттардың көшірмесі (тұрғын үй төлқұжаты, сату-сатып алу келісім шарты, сыйға беру келісім шарты, мұрагерлік құқығы жөніндегі куәлік, жалға алу келісім шарты, меншік құқығын тану жөніндегі сот шешімі және басқалар);
4) отбасы құрамын азаматтарды тіркеу кітабы және тұрғылықты жерін анықтайтын құжаттың көшірмесі;
5) өтініш берушінің отбасы жағдайын анықтайтын құжаттың (неке туралы немесе некені бұзу туралы куәлік, жалғызбасты 65 жастан асқан адамдарды қоспағанда) көшірмесі;
6) тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызметтерге төлеу жөніндегі шығындар туралы анықтама;
7) өтініш берушінің телекоммуникациялар желісінің абономенті екендігін анықтайтын (келісім шарт немесе телекоммуникация қызметтер есебінің түбіртегі) құжаттың көшірмесі;
8) отбасы мүшелерінің табысы жөнінде мәлімет;
9) жұмыссыздар тұрғылықты жер бойынша жұмыспен қамту мәселесі жөніндегі уәкілетті органның анықтамасын тапсырады;
10)өтініш берушінің материалдық-тұрмыстық жағдайының тексеру актісі;
Ескерту. 12 тармаққа өзгерту енгізілді - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 2009.09.29 N 173 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз) шешімімен.
13. Құжаттың түпнұсқасымен және көшірмесі салыстырып тексеру үшін тапсырылады, одан соң түпнұсқа өтініш берушіге қайтарылып беріледі. Өтініш беруші ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Кент, селолық округ әкімі құжаттарды қабылдағаннан кейін үш жұмыс күні ішінде оларды учаскелік комиссияларға қорытынды дайындау үшін тапсырады.
Учаскелік комиссиялар кент, селолық округ әкімінен құжаттарды алған күннен бастап үш күн мерзімде ұсынылған құжаттар және (немесе) өтініш берушінің материалдық жағдайын тексерудің нәтижелері негізінде қорытынды дайындап, қабылданған құжаттардың заң талаптарына сай жүргізілуіне жауапты және кент, селолық округ әкіміне тапсырады.
Кент, селолық округ әкімі құжаттарды қабылдаған күннен бастап үш күн ішінде қабылданған құжаттар және учаскелік комиссияның қорытындысы негізінде тұрғын үй жәрдемақысын тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді, бас тартқан жағдайда - оның себебі көрсетіледі.
Кент, селолық округ әкімі жәрдемақы тағайындауға жататын құжаттарды үш күннен кешіктірмей учаскелік комиссияның қорытындысымен қоса уәкілетті органға өткізеді.
14. Тапсырылған құжаттарды қарау нәтижесінде отбасына тұрғын үй жәрдемақысын беру жөнінде келісім-шарт жасалады. Келісім-шарт екі данада жасалып, оның біреуі тұрғын үй жәрдемақысын алушыда сақталады. Аталған келісім-шарт тұрғын үй жәрдемақысын беру үшін негіз болып табылады. Уәкілетті органмен ай сайын тұрғын үй жәрдемақысын тағайындау есебі жүргізіледі, ол өтініш берушінің өтініміне қарай беріледі.
15. Мәліметтердің шындығына сенімсіздік туған жағдайда уәкілетті орган сұраныс жасауға құқықты, ал заңды тұлға мен жеке тұлғалар тұрғын үй жәрдемақысын алуға үміткер адамның табысы туралы мәлімет беруге міндетті.
16. Жәрдемақы мөлшері үйді ұстауға және коммуналдық қызметті пайдалануға тұрғын үй жәрдемақысын алушысының телекоммуникация желісінің абоненттеріне телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына сома өтемақы шараларын қамтитын норма шегінде көтерілуіне сома нақты төлем мен тұрғын үй жәрдемақысын алуға үміткер отбасылардың шығындар деңгейінің айырмасы ретінде есептеледі. Тұрғын үй жәрдемақы алуға үміткер отбасылардың шығындары деңгейінің шегі отбасының жиынтық табысынан 15 % мөлшерінде белгіленеді. Жиынтық табыс қолданыстағы заңмен белгіленген тәртіппен есептеледі.
17. Тұрғын үй жәрдемақысының мөлшері тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметке және телефон үшін абоненттік ақының өсу айырмасы нақты төлем ақыны аудару сомасынан артуы тиісті емес.
18. Уәкілетті орган тағайындалған жәрдемақы сомаларының көрсетілуімен тұрғын үй жәрдемақы алушылардың тізімін жасайды және ай сайын төленген жәрдемақылар сомасын өтеу үшін тұрғылықты жер бойынша қаржы органдарына жиынтық ведомостарды тапсырады. Телефон үшін абоненттік ақы тарифтарының арттырылуына өтемақыны төлеу және қажеттілікті құру Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
6. Тұрғын үй жәрдемақылардың қаржыландыру көздері.
19. Тұрғын үй жәрдемақылары жергілікті бюджет қаржылары есебінен қаржыланады.
Ескерту. 19 тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 2009.09.29 N 173 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз) шешімімен.
7. Жиынтық табысты есептеу тәртiбi.
1. Тұрғын үй жәрдемақысын алуға үмiткер отбасының жиынтық табысын (бұдан әрi – жиынтық табыс) тұрғын үй жәрдемақсын тағайындауды жүзеге асыратын уәкiлеттi орган есептейдi.
2. Отбасының жиынтық табысын есептегенде отбасы құрамында бірге тұратын, шаруашылықты бірге жүргізетін және тұрғылықты бір жерде тіркелген отбасының барлық мүшелері ескеріледі.
Есептi кезеңде құрамында өзгерiстер болған отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде келген, кеткен отбасы мүшесiнiң табысы келесі тоқсанның бірінші айынан бастап есепке алынады.
3. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде тұрғын үй жәрдемақысына өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсандағы (бұдан әрi - есептi кезең) Қазақстан Рес публикасында және одан тыс жерлерде ақшалай немесе заттай түрде алынған табыстың барлық түрлерi есептеледі.
4. Егер отбасының бір мүшесі табыс есептелетін тоқсаннан аз уақыт жұмыс істесе, осы тоқсанда жұмыс істеген барлық уақыты отбасының жиынтық табысына есептеледі.
5. Бір тоқсаннан астам уақытқа төленуге тиесілі табыс бiр мезгілде алынған кезде (оның iшiнде жалақы, алимент, зейнетақы, жәрдемақылар және т.б. бойынша берешектер) жиынтық табысқа есептiк кезеңде алынған табыстың барлық соммасы есептеледі.
6. Шетелдiк валютада алынған табыс Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есепке алу және қаржылық есеп беру туралы заңнамасында және бухгалтерлiк есеп стандарттарында белгiленген тәртiппен валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша ұлттық валютаға қайта есептеледi.
7. Отбасының жиынтық табысы отбасының тоқсан ішіндегі жиынтық табысын 3 айға бөлу жолымен белгіленеді.
8. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде есепке алынатын табыс түрлерi.
1. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептi кезеңде алынған табыстың мынадай барлық түрлерi есепке алынады:
1) еңбекақы, әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынатын табыс;
2) кәсiпкерлiк және басқа да қызмет түрлерiнен түсетiн табыс;
3) балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түрiндегi табыс;
4) жеке қосалқы шаруашылықтан - мал мен құс ұстауды, бағбандықты, бақша өсiрудi қамтитын үй жанындағы шаруашылықтан түсетін табыс;
5) өзге де табыс.
2. Отбасының жиынтық табысында мыналар есепке алынбайды:
1) мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек;
2) тұрғын үй жәрдемақысы;
3) 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы;
4) жерлеуге арналған бiр жолғы жәрдемақы;
5) бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттiк жәрдемақы;
6) жеке iсiн ашуға және жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған материалдық көмек;
7) отбасы мүшелерінің бipeуi осы отбасында тұрмайтын адамдарға төлейтiн алимент;
8) азаматтардың тегiн немесе жеңiлдiкпен протездеуге бару жолына ақы төлеу;
9) протездеу уақытында азаматтарды ұстау;
10) азаматтардың елдi мекеннен тыс жерлерге емделуге тегiн немесе жеңілдiкпен жол жүру құны;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
дәрілiк препараттар;
санаторийлiк-курорттық емдеу;
протездік-ортопедиялық бұйымдар (жасау және жөндеу);
жүрiп-тұру құралдары (кресло-арбалар) мен мүгедектерге бөлiнген басқа да сауықтыру құралдары;
бiлiм алу кезеңiнде оқушыларды тегiн тамақтандыру түрiнде көрсетiлген заттай көмек түрлерi;
12) ақшалай және заттай түрдегі (құндық бағадағы) қайырымдылық көмек;
13) төтенше жағдайлар салдарынан олардың денсаулығына және мүлкiне келтірілген зиянды өтеу мақсатында отбасына көрсетiлген көмек;
14) Егер жеке iсiн ашуға және жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған материалдық көмек мақсатына сай пайдаланылмаса, жиынтық табыс көрсетілген көмек сомасын ескере отырып есептеледi.
9. Жиынтық табысты есептеу кезiнде есепке алынатын, еңбекақы,әлеуметтiк төлемдер түрінде алынған табыс.
1. Жиынтық табысты есептеу кезiнде отбасының мынадай (осы Қағиданың 8-тармағының 2-тармақшасында көрсетiлгендерден басқа) түрде алынған табысы есепке алынады:
1) жұмыс берушi еңбекақы ретiнде есептеген, атап айтқанда:
жалақының барлық түрлерi, оның iшiнде кесiмдi, мерзiмдi, сондай-ақ ақшалай және заттай нысандағы сыйлықақылар, қосымша ақылар, үстемеақылар (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалақысы сақталатын кезеңге қызметкерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленетiн ақшалай соманы қоса алғанда, қаржыландыру көзiне қарамастан);
демалыс уақытында сақталатын жалақы, сондай-ақ пайдаланылмаған еңбек демалысы үшiн ақшалай өтемақы;
ұйым таратылған немесе жұмыс берушiнiң қызметi тоқтатылған, қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайда жеке еңбек шартының бұзылуы кезiнде, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мөлшерде төленетiн өтемақылар;
уақытша, маусымдық және қоғамдық жұмыстарды орындау кезеңiндегi жалақы;
маусымдық жұмыстармен айналысатын қызметкерлердің жалақысы оны алған кезеңнен бастап отбасының жиынтық табысына есептеледі. Жалақы болмаған кезеңде ол жиынтық табысқа есептелмейді;
сақтандыру агенттерi мен брокерлерге төленетiн комиссиялық сыйақы;
бала туғанда және жерлеуге берiлетiн жәрдемақылардан басқа, жалақы есептеу кезiнде ескерiлмейтiн және ұйым қаражатының есебiнен төленетiн басқа да төлем түрлерi;
мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлердiң ақшалай үлесiн қоспағанда, әскери қызметшiлердiң, оның iшiнде келiсiм-шарт бойынша қызмет өткерiп жүргендердiң және iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының, сондай-ақ соларға теңестiрiлген азаматтар санаттарының үстемеақылар мен қосымша ақылар ескерiлген ақшалай үлесi;
жалдау бойынша төленетiн еңбекақы;
жұмыс берушi төлеген несие сомасы. Көрсетiлген төлемдер несиені өтеудiң белгiленген мерзiмiне бөлiп таратылады;
2) әлеуметтiк төлемдер, атап айтқанда:
Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде белгiленген тәртiппен тағайындалатын зейнетақылардың барлық түрлерi, оларға өтемақы төлемдерi;
мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар;
арнаулы мемлекеттiк жәрдемақылар;
жерасты және ашық кен жұмыстарында, сондай-ақ еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ауыр жұмыстарда iстеген адамдарға берiлетiн мемлекеттiк арнаулы жәрдемақылар;
мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетiн әлеуметтiк төлемдер;
бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар;
үйде тәрбиеленетiн және оқитын мүгедек-балаларды материалдық қамсыздандыру;
қаржыландыру көзiне қарамастан, оқушыларға, студенттерге, аспиранттарға, докторанттарға, басқа да оқу орындарының тыңдаушыларына төленетiн стипендия;
жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен берiлетiн әлеуметтiк қамсыздандыру жөнiндегi жәрдемақылар;
1, 2-топтағы жалғызiлiктi, басқа адамның көмегiне мұқтаж мүгедектердiң мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыларына қосылатын күтiмге арналған қосымша үстемеақылар мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының шешiмi бойынша бюджеттен берiлетiн басқа да ұдайы төлемдер;
жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен көрсетiлетiн, қалаiшiлiк қоғамдық көлiкте жүруге берiлетiн материалдық (әлеуметтiк) көмек;
заңдарға және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес берiлетiн, осы Қағиданың 9-тармағының 11) тармақшасында көрсетiлгендерден басқа, заттай көмек түрлерiнiң құны, сондай-ақ осы көмектiң орнына төленетiн сома;
осы бөлiмде көрсетiлген, Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiнде белгiленген, жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары, мекемелер мен басқа да ұйымдар белгiлеген барлық төлем түрлерiне өзге де үстемеақылар мен қосымша ақылар.
2. Жиынтық табыстың құрамына қызметкер еңбек және қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде оның өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы заңнамаға сәйкес жұмыс берушi төлейтiн бiр жолғы төлемдер мен ай сайынғы сома қосылады.
3. Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша (мердiгерлiк және басқа) жұмыстарды орындайтын адамдардың табысы шарт қолданылатын бүкiл кезеңге жиынтықталады. Алынған табыс жұмысты орындау үшiн шартта көзделген айлардың санына бөлiнедi және есептi кезеңге келетiн айлардағы жиынтық табыста есепке алынады.
4. Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша, оның iшiнде ғылыми, әдеби және өнер туындыларын және т.б. жасауға, шығаруға, орындауға немесе өзге де пайдалануға алынған, осы шарт есебiне аванспен төленетiн сыйақылар аванс берудiң бүкiл кезеңіне (ай сайын теңдей үлеспен) есепке алынады, ал қалған сома шарттың аванс бергеннен кейiнгi қолданылу кезеңiне (ай сайын теңдей үлеспен) есепке алынады.
5. Авторлық сыйақылар (шарттар болмаған кезде), сондай-ақ жаңалық ашқаны, өнертабыстар мен рационализаторлық ұсыныстары үшiн сыйақылар жиынтық табысқа сыйақы сомасын ол алынған айлардың санына бөлуден алынған үлес мөлшерiнде қосылады және есептi кезеңге келетiн айлардың санына көбейтiледi.
6. Еңбекақы, әлеуметтік төлемдер түрінде алынған табыс олардың мөлшерi туралы анықтамалармен расталады.
10. Жиынтық табысты есептеу кезiнде есепке алынатын, кәсіпкерлік және басқа да қызмет түрлерінен алынған табыс.
1. Жиынтық табысты есептеу кезiнде кәсiпкерлiктен және басқа да қызмет түрлерiнен:
1) өнiмдi (жұмыстарды, қызметтердi) сатудан;
2) тауарлық-материалдық құндылықтарды, мүлiктi сату кезiндегi құн өсiмiнен;
3) шаруа (фермер) қожалығы қызметiнiң нәтижесiнде және шартты жер үлесi мен мүлiк жарнасынан алынған;
шаруа қожалығы мүшелерiнiң жиынтық табысын есептеу салық органдарына ұсынылатын, алынған табыс туралы декларацияда көрсетiлген ауыл шаруашылығы өнiмiн сатудан нақты алынған табыс ескерiле отырып жүргiзiледi. Бұл ретте жылдық табыс он екі айға бөлiнедi және оның тиiстi бөлiгi айқындалатын кезеңдегi жалпы жиынтық табысқа қосылады;
4) өзiн-өзi жұмыспен қамтудан түскен табыс есепке алынады.
2. Жекелеген азаматтарда жұмыс iстейтiн адамдар жалақысын шарттың көшiрмесiмен, жалға алушының анықтамасымен немесе өтiнiш негiзiнде растайды.
Жекелеген азаматтарда шарттар жасамай жұмыс iстейтiн адамдардың жиынтық табысы олардың өтiнiштерi негiзiнде расталады. Бұл ретте жалақының заттай бөлiгi жиынтық табысқа нарықтық баға бойынша ақшалай баламада қосылады.
3. Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған халықтың табысы жазбаша өтiнiшпен расталады.
4. Кәсiпкерлiк қызметпен арнаулы салық режимi жағдайында айналысатын адамдардың табысы бiр жолғы талон, патент, оңайлатылған декларация негiзiнде расталады.
Шаруа (фермер) қожалығы қызметiнiң нәтижесiнде алынған табысты қоса алғанда, ресми расталмаған табыс әрбiр жұмыс iстеушiге шаққанда ең төмен жалақыдан кем емес мөлшерде есепке алынады.
11. Жиынтық табысты есептеу кезiнде есепке алынатын, балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түрiндегi табыс.
5. Балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент жиынтық табыс құрамында есепке алынады.
Алименттер, сондай-ақ алимент төлеушiнiң жалақысын қайта есептеуге байланысты алынған алименттiң қосымша сомасы жиынтық табысқа олардың алынған уақыты бойынша есепке алынады.
6. Адамдардың асырауындағыларды ұстауға мiндеттi адамның тұрғылықты жерi туралы мәлiметтердiң болмауы себебiнен алимент өндiрiп алуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда, отбасының жиынтық табысы көрсетiлген адамның iздеуде жүргенi туралы тиiстi органдардан алынған құжаттар қоса берiлген жазбаша өтiнiш негiзiнде есептеледi.
7. Егер төлеушi алимент төлеуден жалтарған жағдайда, жиынтық табысқа алимент есепке алынбай есептеледi.
8. Егер ата-анасының арасында неке бұзылмай жұбайлардың бiреуiнен алимент өндiрiп алынса, осы жұбайы отбасымен бiрге тұрған кезде оның табысы жиынтық табыста толық есепке алынады. Жұбайлар бөлек тұрған жағдайда, отбасының жиынтық табысында алимент есепке алынады.
9. Егер баланың анасы баланың әкесімен тіркелген некеде тұрмаса, онымен бірге тұрмаса және алимент өндіріп алу туралы сот шешімі болмаса жиынтық табысқа алименттi есепке алмай есептеледi.
10. Балаларға және басқа да асырауындағыларға алынған алимент ұйымдардың аударылған алимент туралы анықтамаларымен не почта аударымдарының алынған алимент туралы түбiртегiмен, сондай-ақ сот органдарының алимент өндiрiп алу туралы шешiмi қоса берiлген жазбаша өтiнiш негiзiнде расталады. Алимент бойынша 3 айдан астам кезең үшiн берешек пайда болғанда сот орындаушысының алимент бойынша берешектi айқындау туралы қаулысы ұсынылады.
12. Жиынтық табысты есептеу кезiнде есепке алынатын, жеке қосалқы шаруашылықтан алынған табыс.
1. Жеке қосалқы шаруашылықты жүргiзуден алынған табыстың отбасының құрамында ескерiлген әрбiр мүшесiне келетiн үлесi балаларға арналған жәрдемақы алуға үмiткер отбасының жиынтық табысында есепке алынады.
2. Жеке қосалқы шаруашылықтан (үй малын, құс өсіруден, ауыл шаруашылығы (гүл) өнімдерін өсіруден) түскен табыс жиынтық табыстың құрамына қосылады.
3. Жиынтық табыста есепке алынатын жеке қосалқы шаруашылықтан, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өсiруден, мал мен құс ұстаудан және өсiруден алынған табыс өтiнiш берушiнiң кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкiмi немесе басқа да құзыреттi орган растаған жеке қосалқы шаруашылығының болуы және мөлшерi туралы мәлiметтерiнiң негiзiнде әрбiр отбасы бойынша есептеледi.
4. Жеке қосалқы шаруашылықтан алынған табысты ауданның жергілікті атқарушы органдары өңірлерінің ерекшеліктерін ескере отырып үй малын, құсын және жер учаскесін (жер үлесін) кіріс бермейді деп айқындауға құқылы. (осы Қағиданың 1 қосымшасы)
Жеке қосалқы шаруашылықта өсiрiлген гүл өнiмдерiн сатудан, сондай-ақ терiсi бағалы аңдар, ара, құс (тауықтан, қаздан, үйректен басқа) өсiруден алынған табыс жиынтық табысқа жазбаша өтiнiштiң негiзiнде қосылады.
5. Бiр сотка жерден өндiрiлген өнiмнiң құны өсiрiлетiн дақылдың орташа түсiмiн (жеке қосалқы шаруашылықта ұсталатын мал мен құстың орташа өнiмдiлiгiн) 1 кг өнiмнiң орташа бағасына көбейту жолымен айқындалады (ocы Қағиданың 1-қосымшасына сәйкес) және шығыстардың орташа деңгейi шегерiледi.
6. Табысты есептеу үшiн алдыңғы күнтiзбелiк жылдың өсiмдiк шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнiмдерiне облыста қалыптасқан, облыстық статистика органдары облыстық уәкiлеттi органға ұсынатын орташа жылдық бағалары пайдаланылады.
Малды (құсты) есептi кезеңде сату кезiнде жиынтық табысқа облыстық статистика органдарының деректерi бойынша тiрi мал нарығында қалыптасқан бағалар бойынша бiр жолғы табыс қосылады.
Жиынтық табыс жұмыс малы (жылқы, түйе және басқалары) мен бiр жыл iшiнде төлдемеген малдан (мәселен, қысыр сиыр) түскен табыс ескерiлмей есептеледi. Жеке қосалқы шаруашылықта көрсетiлген мал бiр жылдан астам ұсталса, табыс ет бағытындағы малдан түскен табыс ретiнде есепке алынады.
7. Осы Қағиданың 1-қосымшаға сәйкес өнiм бермейтiн жастағы (төл) үй малынан, құстан түсетiн табыс ол сыйға тартылған немесе өткiзiлген (сату, сою және т.б.) жағдайда ғана есепке алынады. Төлдiң құны отбасының жиынтық табысына тiрi мал нарығында қалыптасқан, облыстық статистика органдары ұсынған бағалар бойынша қосылады.
8. Осы Қағиданың 31-тармағында көрсетiлгендерден басқа, үй малы, құс болған кезде жиынтық табыс табыстың жылдық сомасын он екi айға бөлу жолымен айқындалады. Шыққан сан есептi кезеңдегi айлардың санына көбейтiледi.
9. Жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс есебiнiң жеке нормативтiк карточкасын осы Қағиданың 1-қосымшаға сәйкес кент, селолық округ әкімі өтiнiш берушiнiң деректерi негiзiнде толтырады.
13. Жиынтық табысты есептеу кезiнде есепке алынатын өзге табыс.
1. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде мынадай өзге де табыс есепке алынады:
1) жылжымайтын мүлiктi және көлiк құралдарын жалға беруден;
2) бағалы қағаздардан (дивидендтер);
3) шетелдiк валютаны өткiзуден;
4) асыл тастар мен қымбат бағалы металдарды, олардан жасалған зергерлiк бұйымдарды және құрамында асыл тастар мен қымбат бағалы металдар бар басқа да заттарды, сондай-ақ өнер туындыларын және антиквариат сатудан;
5) жылжымайтын мүлiктi және көлiк құралдарын сатудан;
6) авторлық сыйақы түрiндегi;
7) жылжымайтын мүлiктi, көлiк құралдарын және басқа да мүлiктi сыйға тарту, мұрагерлiкке алу түрiнде алынған;
8) несиені (шағын несиені) пайдаланудан;
9) қайтарымсыз алынған ақша;
10) ақша салымдары бойынша сыйақы (мүдде);
11) ақшалай аударымдар;
12)конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдарда, лотереялар, салымдар мен борышкерлiк бағалы қағаздар бойынша ұтыстарды қоса алғанда, ақшалай және (немесе) заттай түрдегi ұтыстар;
13) туысқандарының және басқа да адамдардың ақшалай және заттай көмегiн (құн түрiнде) қоса алғанда, өзге де мәлiмделген табыс;
Көрсетiлген табыс алынған уақыты бойынша есепке алынады және жазбаша өтiнiшпен расталады;
Орта білім беру, сондай-ақ жоғары және орта арнаулы білім беру жүйесінде ақылы негізде күндізгі бөлімде оқитын шәкіртақы алмайтын студенттердің жиынтық табысына ерікті айтылған табысы есептеледі.
2. Жылжымайтын мүлiктi және көлiк құралдарын жалға беруден алынған, ресми расталмаған табыс бiр айдағы ең төмен жалақыдан кем емес мөлшерде есепке алынады.
3. Алынған несиелердiң (шағын несиелердiң) сомасы жиынтық табыста есепке алынбайды.
4. Жылжымайтын мүлiктi және көлiк құралдарын сатудан алынған табыс оның алынған күннен бастап бірге жалпы жиынтық табысқа қосылады.
Басқа тұрғын үй (көлiк құралын) сатып алған жағдайда, жылжымайтын мүлiктi (көлiк құралын) сатудан алынған сома мен сатып алынған тұрғын үй (көлiк құралы) құнының арасындағы айырма отбасының жиынтық табысында есепке алынады.