Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012.03.28 № 99-ө-м (қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді) Бұйрығымен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 817 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидасының 16-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берiлiп отырған Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының үшінші бағытына қатысуға үмiткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудiң ережесi бекiтiлсiн.
2. Халықты жұмыспен қамту департаментiнiң директоры (Арғындықов Д.Р.):
осы бұйрықтың заңнамада белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн және ресми жариялануын;
аудандардың, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың халықты жұмыспен қамту орталықтарына осы бұйрықтың жетуiн қамтамасыз етсiн.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Б.Б.Нұрымбетовқа жүктелсiн.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Министр Г. Әбдiқалықова
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтiк
қорғау министрiнiң
2011 жылғы 27 қазандағы
№ 381-ө бұйрығымен
бекiтiлген
Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының үшінші
бағытына қатысуға үмiткер адамның (отбасының) жиынтық табысын
есептеудiң ережесi
Осы Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының үшінші бағытына қатысуға үмiткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу ережесi (бұдан әрi – Ереже) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі № 817 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдардың ұтқырлығын арттыруға жәрдемдесу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидасының 16-тармағына сәйкес әзiрлендi және Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының үшінші бағытына қатысуға үмiткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудiң тәртiбiн белгiлейдi.
1. Адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу тәртiбi
1. Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының үшінші бағытына қатысуға үмiткер адамның (отбасының) жиынтық табысын (бұдан әрi – отбасының жиынтық табысы) жергілікті атқарушы органмен жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында ауданда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада құрылатын халықты жұмыспен қамту орталығы есептейдi.
Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының үшінші бағытына қатысуға үміткердің өтінішінде көрсетілген отбасының барлық мүшелерi ескерiледi.
2. Отбасының жиынтық табысына осы Қағиданың 2-тарауына сәйкес ақшалай немесе заттай нысанда алған тұрғын үй және мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмектен, жеке қосалқы шаруашылықтан - мал мен құс ұстауды, бағбандықты, бақша өсiрудi қамтитын үй жанындағы шаруашылықтан түсетiн табыстан, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы № 316 қаулысымен бекітілген Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы шеңберінде берілетін ынталандырушы төлемдерден басқа, мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмекке өтiнiш берген тоқсанның алдындағы тоқсандағы (бұдан әрi – есептi кезең) табысының барлық түрлерi қосылады.
Ынталандырушы төлемдер – Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын жеке тұлғаларға төленетін ақшалай қаражат (стипендиялар; оқу орнына дейін және кері жол жүруіне және жатақханада тұруына немесе тұрғын үйді жалға алумен (жалға алумен) байланысты шығындарды өтеуге субсидиялар; бюджет қаражаты есебінен субсидияланатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын жеке тұлғалар жалақысының бөлігі; көшуге берілетін субсидиялар).
Халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш берушінің келісімімен табыстарды Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының дерекқорымен салыстырып тексереді.
3. Отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы есептi кезеңдегi отбасының жиынтық табысын көрсетiлген кезеңдегi айлардың санына және отбасы мүшелерiнiң санына бөлу жолымен есептеледi.
4. Шетелдiк валютада алынған табыс Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген, осы табыс алынған күнгi нақты бағам бойынша ұлттық валютаға қайта есептеледi.
5. Зат түрiнде алынған табыстар отбасының жиынтық табысында өтiнiш берушiнiң алған табысы туралы мәлiметтерде көрсеткен ақшалай баламасымен есептеледi.
6. Өтiнiш берушi толық емес немесе жаңсақ мәлiметтер ұсынған жағдайда, отбасының жиынтық табысын есептеу жүргiзiлмейдi.
2. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде
ескерiлетiн табыс түрлерi
7. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептi кезеңде алынған табыстың барлық түрлерi есепке алынады:
1) кәсiпкерлiк және басқа да қызмет түрлерiнен түсетiн табыс;
2) еңбекақы, әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынатын табыс;
3) балаларға және басқа да асырауындағыларға алимент түрiндегi табыс;
4) осы Ереженiң 6-тарауында көрсетiлген өзге де табыстар.
8. Жерлеуге берiлген бiржолғы жәрдемақы; төтенше жағдайлар салдарынан денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянның өтемақысы; бала тууына байланысты берiлген бiржолғы мемлекеттiк жәрдемақы; аз қамтамасыз етiлген отбасылардың оқушыларына бiлiм беру мекемелерiнде Қазақстан Республикасының бiлiм беру саласындағы заңнамасына сәйкескөрсетiлетiн қаржылай және материалдық көмек; азық-түлiк өнiмдерi бағасының қымбаттауына байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк бюджеттен және өзге де көздерден ақшалай және зат түрiнде көрсетiлген көмек; «Бота» Қоғамдық қорынан берiлетiн шарттастырылған ақшалай жәрдемақы; осы Ережеде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Салық кодексiнiң 155-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес басқа да табыстар жеке адамның табысы түрiнде қаралмайды және отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде есепке алынбайды.
3. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде есепке алынатын,
кәсiпкерлiк және басқа да қызмет түрлерiнен түсетiн табыс
9. Отбасының кәсiпкерлiктен және басқа да қызмет түрлерiнен түсетiн жиынтық табысын есептеу кезiнде:
1) өнiмдi (жұмыстарды, қызметтердi) сатудан;
2) тауарлық-материалдық құндылықтарды, мүлiктi сату кезiндегi құн өсiмiнен;
3) шаруа (фермер) қожалығы қызметiнiң нәтижесiнде және шартты жер үлесi мен мүлiк жарнасынан алынған;
4) өзiн-өзi жұмыспен қамтудан түскен табыс есепке алынады.
10. Жекелеген азаматтарда жұмыс iстейтiн адамдар жалақысын шарттың көшiрмесiмен, жалға алушының анықтамасымен немесе өтiнiш негiзiнде растайды.
Жекелеген азаматтарда шарт жасаспай жұмыс iстейтiн адамдардың жиынтық табысы олардың өтiнiштерi негiзiнде расталады.
11. Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған халықтың табысы жазбаша өтiнiшпен расталады.
12. Кәсiпкерлiк қызметпен арнаулы салық режимi жағдайында айналысатын адамдардың табысы бiржолғы талон, патент, оңайлатылған декларация негiзiнде расталады.
4. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде
есепке алынатын, еңбекақы, әлеуметтiк төлемдер
түрiнде алынған табыс
13. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде мынадай (осы Ереженiң 8-тармағында көрсетiлгендерден басқа) түрде алынған табыс есепке алынады:
1) жұмыс берушi еңбекақы ретiнде есептеген, атап айтқанда:
жалақының барлық түрлерi, оның iшiнде кесiмдi, мерзiмдi, сондай-ақ ақшалай және заттай нысандағы сыйлықақылар, қосымша ақылар, үстеме ақылар (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалақысы сақталатын кезеңге қызметкерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленетiн ақшалай соманы қоса алғанда, қаржыландыру көзiне қарамастан);
демалыс уақытында сақталатын жалақы, сондай-ақ пайдаланылмаған еңбек демалысы үшiн ақшалай өтемақы;
ұйым (заңды тұлға) таратылған немесе жұмыс берушiнiң (жеке тұлғаның) қызметi тоқтатылған, қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылған жағдайларда, еңбек шартының бұзылуы кезiнде, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгiленген мөлшерде төленетiн өтемақылар;
уақытша, маусымдық және қоғамдық жұмыстарды орындау кезеңiндегi жалақы;
сақтандыру агенттерi мен брокерлерге төленетiн комиссиялық сыйақы;
бала туғанда және жерлеуге берiлетiн жәрдемақылардан басқа, жалақы есептеу кезiнде ескерiлмейтiн және ұйым қаражатының есебiнен төленетiн басқа да төлем түрлерi;
мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлердiң ақшалай үлесiн қоспағанда, әскери қызметшiлердiң, оның iшiнде келiсiм-шарт бойынша қызмет өткерiп жүргендердiң және iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының, сондай-ақ соларға теңестiрiлген азаматтар санаттарының үстемеақылар мен қосымша ақылар ескерiлген ақшалай үлесi;
жал бойынша төленетiн еңбекақы;
2) әлеуметтiк төлемдер, атап айтқанда:
Қазақстан Республикасының зейнетақы және әлеуметтiк қамсыздандыру саласындағы заңнамасында белгiленген тәртiппен тағайындалатын зейнетақылардың барлық түрлерi, оларға өтемақы төлемдерi;
мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар;
арнаулы мемлекеттiк жәрдемақылар;
жерасты және ашық кен жұмыстарында, сондай-ақ еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда iстеген адамдарға берiлетiн мемлекеттiк арнайы жәрдемақылар;
мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорынан төленетiн әлеуметтiк төлемдер;
бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар;
үйде тәрбиеленетiн және оқитын мүгедек балаларды материалдық қамсыздандыру;
қаржыландыру көзiне қарамастан, оқушыларға, студенттерге, аспиранттарға, докторанттарға, оқу орындарының басқа да тыңдаушыларына төленетiн шәкiртақы;
жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен берiлетiн, еңбекке уақытша жарамсыздық жөнiндегi әлеуметтiк жәрдемақы;
бiрiншi, екiншi топтағы жалғызiлiктi, бөгде адамның көмегiне мұқтаж мүгедектердiң мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыларына қосылатын күтiмге арналған қосымша үстемеақылар мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының шешiмi бойынша бюджеттен берiлетiн басқа да тұрақты төлемдер;
жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен көрсетiлетiн, қалаiшiлiк қоғамдық көлiкте жүруге берiлетiн материалдық (әлеуметтiк) көмек;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берiлетiн заттай көмек түрлерiнiң құны, сондай-ақ осы көмектiң орнына төленетiн сома;
осы тарауда көрсетiлген, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген, жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары, мекемелер мен басқа да ұйымдар белгiлеген барлық төлем түрлерiне өзге де үстемеақылар мен қосымша ақылар.
14. Жиынтық табыстың құрамына қызметкер еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн атқару кезiнде оның өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес төленетiн бiржолғы төлемдер мен ай сайынғы сомалар қосылады.
15. Есептi кезеңнен асып түсетiн кезеңнiң табысы бiр мезгiлде алынған кезде (оның iшiнде жалақы, зейнетақы, жәрдемақылар, алимент және өзге де төлемдер бойынша берешектер), алынған табыс, сол табыс алынған айлардың санына бөлiнедi және есептi кезеңге келетiн айлардың санына көбейтiледi.
Жұмысты азаматтық-құқықтық шарт бойынша (мердiгерлiк және басқа) орындайтын адамдардың табысы шарт қолданылатын бүкiл кезеңге сомаланады. Алынған табыс жұмысты орындау үшiн шартта көзделген айлардың санына бөлiнедi және есептi кезеңге келетiн айлардағы жиынтық табыста есепке алынады.
16. Азаматтық-құқықтық шарттар бойынша, оның iшiнде ғылым, әдебиет, өнер және өзге де қызмет түрлерi туындыларын және т.б. жасауға, шығаруға, орындауға немесе өзге де пайдалануға алынған, осы шарт есебiне аванспен төленетiн сыйақылар аванс берудiң бүкiл кезеңiне (ай сайын теңдей үлеспен) есепке алынады, ал қалған сома шарттың аванс бергеннен кейiнгi қолданылу кезеңiне (ай сайын теңдей үлеспен) есепке алынады.
17. Авторлық сыйақылар (шарттар болмаған кезде), сондай-ақ жаңалық ашқаны, өнертабыстары мен рационализаторлық ұсыныстары үшiн сыйақылар отбасының жиынтық табысына сыйақы сомасын ол алынған айлардың санына бөлуден алынған үлес мөлшерiнде қосылады және есептi кезеңге келетiн айлардың санына көбейтiледi.
18. Еңбекақы, әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынған табыс олардың мөлшерi туралы анықтамалармен расталады.
Республикалық бюджет қаражаты есебiнен берiлетiн әлеуметтiк төлемдер түрiнде табыс алуы зейнетақы немесе жәрдемақы алушы куәлiгiнiң көшiрмесiмен не Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталықтың бөлiмшелерi беретiн анықтамамен расталады.
5. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде есепке алынатын,
балаларға және басқа да асырауындағыларға алимент
түрiндегi табыс
19. Балаларға және басқа да асырауындағыларға алименттер жиынтық табыс құрамында есепке алынады.
Алименттер, сондай-ақ алимент төлеушiнiң жалақысын қайта есептеуге байланысты алынған алименттiң қосымша сомасы, отбасының жиынтық табысында олардың алынған уақыты бойынша есепке алынады.
20. Адамдардың, асырауындағыларды асырауға мiндеттi адамның тұрғылықты жерi туралы мәлiметтердiң болмауы себебiнен алимент өндiрiп алуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда, отбасының жиынтық табысы көрсетiлген адамның iздеуде жүргенi туралы тиiстi органдардан алынған құжаттар қоса берiлген жазбаша өтiнiш негiзiнде есептеледi.
Отбасының жиынтық табысы, төлеушi:
1) жұмыс iстемейтiн және аудандардың (қалалардың) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларында жұмыссыз ретiнде тiркелген (анықтамасын ұсынған кезде);
2) бас бостандығынан айыру орындарында не уақытша ұстау изоляторында болған (балаларға алимент аударылмайтыны туралы, бас еркiнен айыру орындарында не уақытша ұстау изоляторында болу кезеңi көрсетiлген сот орындаушысының немесе түзеу мекемесiнiң анықтамасын ұсынған кезде);
3) туберкулез, психоневрологиялық, онкологиялық диспансерлерде (стационарларда), емдiк-еңбек профилакторийiнде емдеуде жүрген немесе есепте тұрған (тиiстi медициналық ұйымдардан анықтама ұсынған кезде);
4) Қазақстан Республикасы тиiстi келiсiм жасаспаған мемлекеттерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасы азаматтарының тiркеуiнен шығарылғанын растайтын, ішкі істер органдары беретiн анықтама негiзiнде;
5) балалары мен басқа да асырауындағыларды асыраудан жалтарған жағдайда, алименттi есепке алмай есептеледi.
21. Егер ата-анасының арасында неке бұзылмай, жұбайлардың бiреуiнен алимент өндiрiп алынса, осы жұбайы отбасымен бiрге тұрған кезде оның табысы отбасының жиынтық табысында толық есепке алынады. Жұбайлар бөлек тұрған жағдайда, отбасының жиынтық табысында алимент есепке алынады.
22. Балаларға және басқа да асырауындағыларға алынған алимент, аударылған алимент туралы жұмыс берушiнiң анықтамаларымен не алынған алимент туралы почта аударымдарының түбiртегiмен, сондай-ақ сот органдарының алимент өндiрiп алу туралы шешiмi қоса берiлген жазбаша өтiнiш негiзiнде расталады. Алимент бойынша 3 айдан асатын кезең үшiн берешек пайда болғанда, сот орындаушысының алимент бойынша берешектi айқындау туралы анықтамасы ұсынылады.
6. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде
есепке алынатын өзге де табыстар
23. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде мынадай өзге де табыстар:
1) жылжымайтын мүлiктi және көлiк құралдарын жалға беруден және сатудан;
2) бағалы қағаздардан;
3) шетелдiк валютаны өткiзуден;
4) асыл тастар мен бағалы металдарды, олардан жасалған зергерлiк бұйымдарды және құрамында асыл тастар мен бағалы металдар бар басқа да заттарды, сондай-ақ өнер туындыларын және антиквариатты сатудан;
5) ақша салымдары және депозиттер бойынша сыйақы (мүдде) түрiнде;
6) ақшалай аударымдар түрiнде;
7) конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдарда, салымдар мен борышкерлiк бағалы қағаздар бойынша ұтыстарды қоса алғанда, лотереяларда ақшалай және (немесе) заттай түрдегi ұтыстар есепке алынады.
Көрсетiлген табыс алынған уақыты бойынша есепке алынады және жазбаша өтiнiшпен расталады.
24. Жылжымайтын мүлiктi немесе көлiк құралдарын жалға беруден алынған табыс мүлiктi жалға беру шартының көшiрмесiмен расталады. Мүлiктi жалға беру шарты болмаған жағдайда, мүлiктi немесе көлiк құралдарын жалға беруден түскен табыс өтiнiш берушiнiң өтiнiшiнде көрсетiлген мөлшерде есепке алынады.
25. Өтiнiш иесi көрсеткен, жылжымайтын мүлiктi немесе көлiк құралдарын сатудан алынған табыс сатып алу-сату шартының көшiрмесiмен расталып, он екi айға бөлiнедi және оның тиiстi бөлiгi есептi кезеңдегi жалпы жиынтық табысқа қосылады.
Сатып алу-сату шартының көшiрмесi болмаған жағдайда, табыс өтiнiш берушiнiң өтiнiшiнде көрсетiлген мөлшерде есепке алынады.
Басқа жылжымайтын мүлiктi және көлiк құралдарын сатып алған жағдайда, жылжымайтын мүлiктi және көлiк құралдарының құны мен сатудан түскен сома арасындағы айырма отбасының жиынтық табысында есепке алынады.