Ақмола облысында "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі күзет аймағының аумағында режим түрін және табиғатты пайдалану тәртібін, күзет аймағының көлемі мен шекараларын белгілеу туралы

Жаңартылған

Ақмола облысы әкімдігінің 2011 жылғы 27 мамырдағы № А-5/190 қаулысы. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2011 жылғы 8 шілдеде № 3393 тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер Кодексінің 123-бабына, "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына сәйкес, "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің табиғи-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерін, сондай-ақ инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарын түзетуді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылық комитеті төрағасының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы № 358 бұйрығының негізінде, облыс әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Ақмола облысында "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің айналасында жалпы ауданы 142 617 гектар көлемінде күзет аймағы, оның ішінде, "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі күзет аймағының бекітілген жерге орналастыру жобасына сәйкес 138 370 гектары Зеренді ауданының, 4 247 гектары Сандықтау ауданының шекарасында белгіленсін.

      2. Ақмола облысында "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі күзет аймағының аумағында "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабына сәйкес шаруашылық қызметтің реттелетін режимі белгіленсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы әкімдігінің 2012.07.03 № А-8/337 (ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      3. Ақмола облысында "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі күзет аймағының аумағында табиғатты пайдалану ережелері бекітілсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары Қ.М.Отаровқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ақмола облысының әкімі С.Дьяченко

  Ақмола облысы әкімдігінің
2011 жылғы 27 мамырдағы
№ А-5/190 қаулысымен бекітілген

Ақмола облысында "Көкшетау" мемлекеттік
ұлттық табиғи паркі күзет аймағының аумағында
табиғатты пайдалану ережелері

      1. Осы Ақмола облысында "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі күзет аймағының аумағында табиғатты пайдалану ережелері (бұдан әрі – Ережелер) Ақмола облысында "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (бұдан әрі – Ұлттық парк) күзет аймағының аумағында табиғатты пайдалану тәртібін анықтау мақсатында әзірленді.

      2. Осы Ережелер Ұлттық парктің күзет аймағының құрамына енгізілген барлық жерлерге тарайды, атап айтқанда:

      ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге;

      елді мекендердің жерлеріне;

      көлік, байланыс және энергетика жерлеріне;

      сауықтыру және рекреациялық мақсаттағы жерлерге;

      орман қорының жерлеріне;

      су қорының жерлеріне;

      босалқы жерлерге.

      3. Мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердің қорғау аймақтарында:

      1) мемлекеттік ұлттық табиғи парктің экологиялық жүйелеріне зиянды әсер ететін объектілер орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологияларды енгізуге;

      2) ластаушы заттар мен сарқынды суларды атмосфераға шығару және ашық су көздері мен рельефке төгуге;

      3) пайдалы қазбалар өндіруге;

      4) аң аулауға;

      5) радиоактивті материалдар мен өнеркәсіптік қалдықтарды көмуге;

      6) мемлекеттік ұлттық табиғи парктің экологиялық жүйелерінің гидрологиялық режимін өзгертуі мүмкін қызметке (бөгеттер, дамбалар, гидротехникалық құрылыстар және табиғи су ағынын тоқтатуға немесе азайтуға душар ететін басқа да объектілер салуға);

      7) жабайы жануарлар мен жабайы өсетін өсімдіктердің бөтен түрлерін интродукциялауға;

      8) мемлекеттік ұлттық табиғи парктің экологиялық жүйелеріне зиянды әсер етуі мүмкін басқа да қызметке тыйым салынады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Ақмола облысы әкімдігінің 16.10.2017 № А-10/469 (ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің қорғау аймақтарының аумағында ұлттық парктің экологиялық жүйелерінің жай-күйіне теріс әсер етпейтін шаруашылық қызметтің мынадай әртүрлі нысандары жүзеге асырылуы мүмкін:

      1) орман шаруашылығы қызметі;

      2) мал жаю мен шөп шабуды қоса алғанда, дәстүрлі жер пайдалану, сондай-ақ биологиялық әртүрлілікті ұзақ мерзімді сақтау мен оның беріктігін қамтамасыз ету шеңберіндегі өзге де қызмет;

      3) туристік және рекреациялық қызмет;

      4) минералды суларды, бальнеологиялық және климаттық ресурстарды пайдалану;

      5) кәсіпшілік және әуесқойлық (спорттық) балық аулау;

      6) орман және дала өрттерін сөндіру бойынша жердегі және авиациялық жұмыстарды жүргізу;

      7) бүлінген жерді қалпына келтіру;

      8) орман және өзге де өсімдіктер қауымдастықтарын қалпына келтіру;

      9) жабайы жануарлардың мекендеу ортасы мен санын қалпына келтіру;

      10) жер учаскелерін туристер болатын жерлерді жайластыру, өсімдіктер мен жануарлардың эндемикалық, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін қолдан көбейтуге, өсіруге, өндіруге арналған питомниктер орналастыру, сондай-ақ мемлекеттік ұлттық табиғи парк жұмыскерлерінің тұруына арналған қызметтік үй-жайлар (кордондар) салу, оларға қызметтік жер телімдерін беру үшін пайдалану.

      Ескерту. Ереже 4-тармақпен толықтырылды - Ақмола облысы әкімдігінің 16.10.2017 № А-10/469 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады