Ескерту. Күші жойылды - Алматы облыстық мәслихатының 04.05.2015 № 44-256 шешімімен.
РҚАО ескертпесі.
Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 12-2) тармақшасына және Алматы облыстық әкімдігінің 2012 жылғы 16 қазандағы N 01-10-138/ок ұсынысына сәйкес Алматы облыстық мәслихаты ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. "Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметтi азаматы" атағын беру Ережесi осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекiтiлсiн.
2. Алматы облыстық мәслихатының 2010 жылғы 14 желтоқсандағы "Алматы облысының құрметті азаматы" атағын беру Ережесін бекіту туралы" N 39-228 шешімінің (2011 жылғы 18 қаңтардағы Алматы облыстық әділет Департаментінде нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2065 нөмірімен енгізілген, 2011 жылғы 01 ақпандағы N 13-14 "Огни Алатау" және 2011 жылғы 01 ақпандағы N 13-14 "Жетісу" газеттерінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыс әкімі аппаратының басшысы Бағдат Әбілмәжінұлы Қарасаевқа жүктелсін (келісім бойынша).
4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыстық мәслихат
сессиясының төрағасы А. Сүлейменов
Облыстық мәслихат
хатшысының міндетін
атқарушы Қ. Дөңсебаев
Алматы облыстық мәслихатының
2012 жылғы 24 қазандағы
N 9-56 шешімімен бекітілген
"Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметтi азаматы"
атағын беру ЕРЕЖЕСI
1. Жалпы ережелер
1. Осы "Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметтi азаматы" атағын беру Ережесi Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңына сәйкес әзiрленген және "Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметтi азаматы" атағын (бұдан әрі - Атақ) беру тәртiбiн реттейді.
2. Атақтың берілуі марапатталушылардың облыстың (қаланың, ауданның) экономикалық, әлеуметтік, рухани даму саласында сіңірген ерекше еңбектерін қоғамның танығандығы және оларды моральдық көтермелеудің маңызды түрлерінің бірі болып табылады.
3. Атақ азаматтарға, олардың:
1) облыстың (қаланың, ауданның) әлеуметтік-экономикалық дамуына;
2) облыс (қала, аудан) халқын әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыруға, қоғамды демократияландыруға;
3) жаратылыс, техникалық және қоғамдық ғылымдардың маңызды бағыттары бойынша іргелі зерттеулер жүргізуге, тиімділігі жоғары жаңа техника мен технология әзірлеу мен оларды енгізуге;
4) халықтар мәдениетін дамыту мен байытуға, өзара әсерін нығайтуға, өнер, әдебиет және журналистикада жоғарғы көркем туындылар жасауға;
5) жеткіншек ұрпаққа рухани және патриоттық тәрбие беруге, оқытудың жаңа түрлерін іс жүзіне асыруға;
6) облыс (қала, аудан) тұрғындарының денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаны сауықтыруға, дене тәрбиесі мен спортты дамытуға;
7) мемлекеттік және әскери қызметте жеткен жетістігі;
8) заңдылықты, құқықтық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға;
9) меценаттық және қайырымдылық қызметіне қосқан нақты және маңызды үлесі үшін беріледі.
2. Атаққа ұсыну және беру тәртібі
4. Атақ облыс (қала, аудан) әкімінің ұсынысы бойынша тиісті мәслихаттың шешімімен беріледі.
5. Атақ беру туралы өтініш хатты ұйым, кәсіпорын, ведомство, бірлестік, қоғамдық ұйымдар және шығармашылық одақтар басшылары облыс (қала, аудан) әкімінің қарауына ұсынады.
6. Атаққа ұсынылып отырған адам жұмыс істейтін кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, сондай-ақ қоғамдық ұйымның, қоғамдық өзін-өзі басқару органының еңбек ұжымы жиналысында атақ беру үшін ұсынылған кандидатура және оған берілетін мінездеме қаралып, бекітіледі.
7. Атаққа ұсынылушының әрқайсысына Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы N 90 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы Нұсқаулыққа N 1 қоса беріліп отырған нысан бойынша награда қағазы толтырылады. Награда қағазында оның жеке басын куәландыратын құжаты бойынша тегі, аты, әкесінің аты, лауазымы, жұмыс істеп жүрген цехтың, бөлімнің, бірлестіктің, мекеменің, ұйымның толық атауы көрсетіледі.
8. Атаққа ұсынылушы ғалымдар, ғылым мен техника қайраткерлерінің награда қағазына ғылыми жұмыстарының тізімі, өнертапқыштардың енгізген жаңалықтарының тізбесі тапсырылады.
9. Награда қағазына 3х4 сантиметр көлемді түрлі-түсті 2 фотосурет қосымша беріледі.
10. Марапаттау туралы өтініш хат қабылданбаған жағдайда еңбек ұжымына ауызша немесе жазбаша түрде себебі туралы түсіндірме беріледі. Атақ беру туралы өзінің немесе басқа азаматтың кандидатурасын ұсынған жеке тұлғалардан түскен қолдау хаттар қарастырылмайды.
11. Атақ берілген азаматтарға куәлік, төсбелгі және лента тапсырылады.
12. Куәліктерді, төсбелгілерді және ленталарды дайындау тиісті облыс (қала, аудан) әкімінің аппаратына жүктеледі және дайындау шығыны тиісті жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.
13. Атаққа қоса берілетін куәлікті, төсбелгіні және лентаны облыс (қала, аудан) әкімі, облыстық (қалалық, аудандық) мәслихаттың хатшысы және уәкілетті ресми өкілдер салтанатты жағдайда тапсырады.
14. Тапсырылғаны туралы хаттама жасалып, оған тапсыруды жүзеге асырған лауазымды тұлға қол қояды.
15. Атаққа қоса берілетін төсбелгі немесе лента жоғалған жағдайда дубликаттары берілмейді.
16. Атаққа қоса берілетін куәлік жоғалған жағдайда оның дубликаты марапатталған адамның жазбаша өтініші бойынша және жергілікті баспасөзде жоғалғандығына байланысты жарамсыз деп тану туралы жарияланған хабарлама қоса берілген жағдайда облыс (қала, аудан) әкімінің келісімімен берілуі мүмкін.
3. Атаққа қоса берілетін куәлік, төс белгі және лентаның
сипаттамасы
Куәлік
17. Куәлік қою көк түсті қатты қаптамадан жасалады, жайылған күйдегі көлемі 6,5х18,5 сантиметр, сыртқы бетінде Алматы облысының (қаланың, ауданның) таңбасы бейнеленіп, "Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметті азаматы" деп баспаханалық қаріппен қазақ тілінде жазылған.
18. Куәліктің ішкі жағы көгілдір түсті, сол және оң жағында қазақ және орыс тілдерінде: "Алматы облысы (қаласы, ауданы)" деген мәтіндер терілген және асты қызыл желекпен сызылған, куәлік нөмірі, тегі, аты, әкесінің аты және облыстық (қалалық, аудандық) мәслихаттың қабылдаған шешімінің нөмірі, датасы және берілген күні көрсетіледі.
19. Ішкі оң жақ бетте Алматы облысының (қаланың, ауданның) таңбасы және "Алматы облысы (қала, аудан)" деген сөз бар, ішкі сол жақ бетіне көлемі 3х4 сантиметр болатын сурет (анфас) жапсырылады. Суреттен төмен облыс (қала, аудан) әкімінің қолы қойылады.
20. Куәлікке қойылған қол гербті мөрмен расталады.
21. Куәліктің сол және оң жақ беттері ламинатталады.
Төсбелгі
22. Төсбелгі гальваникалық жолмен жұқа қабатты никель мен алтын жалатылған төменгі температуралы металл қосындыларынан жасалады.
23. Атақтың төсбелгісі екі элементтен тұрады: кеудеге тағатын негіз және алқасы. Кеудеге тағатын негіздің іші көк түсті эмальмен құйылған, "Құрметті азаматы" деген жазуы бар. Алқада Алматы облысының (қаласының, ауданының) таңбасы бейнеленген.
Лента
24. Лента ұзындығы – 210 сантиметр, ені – 20 сантиметр көк түсті матадан жасалынған. Лентаның ортасында "Алматы облысының (қаласының, ауданының) құрметті азаматы" деген алтын түсті жіппен көмкерілген сұр түсті жазу бар. Екі жақ ұшы алтын түсті шашақтармен көмкерілген.
4. Атақтан айыру және қалпына келтіру
25. Атақ берiлген адам, негіздемесі көрсетіле отырып атақ беру туралы өтініш хат енгізген органның ұсынысы бойынша облыстық (қалалық, аудандық) мәслихаттың шешiмiмен:
1) үлкен қоғамдық резонанс тудыратын жағымсыз мiнез-құлық көрсеткен жағдайда;
2) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейiн атағынан айырылады.
26. Сот шешімі бойынша заңсыз сотталғандар және толық ақталғандардың атаққа құқығы облыстық (қалалық, аудандық) мәслихаттың шешімімен қайта қалпына келтіріледі.