Коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру Қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Жамбыл облысы әкімдігінің 2012 жылғы 27 желтоқсандағы № 434 қаулысы. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 23 қаңтарда № 1880 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы әкімдігінің 2014 жылғы 28 мамырдағы №154 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы әкімдігінің 28.05.2014 №154 қаулысымен.
      РҚАО ескертпесі:
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.
      Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім), "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 23 қаңтардағы Заңдарына сәйкес Жамбыл облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру Қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Ғани Қалыбайұлы Сәдібековке жүктелсін.
      3. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Облыс әкімі Қ. Бозымбаев

  Жамбыл облысы әкiмдігінің
2012 жылғы 27 желтоқсандағы
№ 434 қаулысымен бекiтiлген

Коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру Қағидасы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Коммуналдық мүлік объектілерін сенімгерлікпен басқаруға беру Қағидасы (әрі қарай – Қағида) "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру тәртібін, соның ішінде тендер өткізу, сенімгерлікпен басқарушылармен шарттар жасасу және сенімгерлікпен басқарудың шарттары бойынша міндеттердің орындалуын бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) басқару органы – акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттік пакетін (жарғылық капиталындағы қатысу үлесін) иелену және пайдалану құқығын және/немесе коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынды басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың (аясының) уәкілетті органы;
      2) коммуналдық мүлік – әкімшілік-аумақтық бөліністердің (облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың) мүлкі;
      3) коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы (бұдан әрі – құрылтайшы) –облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы;
      4) объект – мемлекеттік кәсіпорынның мүліктік кешені, мемлекетке тиесілі бағалы қағаздар, мүліктік құқықтар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері), ақша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда сенімгерлікпен басқару шартының объектісі болып табылатын өзге мемлекеттік коммуналдық мүлік;
      5) нарықтық құн – кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шешім қабылданған жағдайда, Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушының бағалау туралы есебінің негізінде айқындалатын объектінің құны;
      6) сенімгерлікпен басқарушы – коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысымен сенімгерлікпен басқару шартын жасасқан жеке тұлғалар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
      7) тендер жеңімпазы – тендерлік комиссияның қорытындысы бойынша ең жақсы шарттарды ұсынған тендерге қатысушы;
      8) тендерлік комиссия – коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы объектіні сенімгерлікпен басқаруға беру жөніндегі тендерді ұйымдастыру және өткізу үшін құрған комиссия;
      9) тендерге қатысушы – тендерге қатысуға жіберілген жеке немесе заңды тұлға;
      10) тендер – коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы оларға ұсынылған талаптар негізінде тендер жеңімпазымен шарт жасасуға міндеттенетін объектіні сенімгерлікпен басқаруға беру бойынша конкурстық сауда-саттықтың нысаны;
      11) шарт – коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы мен сенімгерлікпен басқарушының арасында жасалатын объектіні сенімгерлікпен басқару шарты.

2. Объектіні сенімгерлікпен басқаруға берудің тәртібі

      3. Объектілерді сенімгерлікпен басқаруға беру екі тәсілмен жүргізіледі:
      1) кейіннен сатып алу құқығынсыз;
      2) кейіннен сатып алу құқығымен.
      4. Объектіні кейіннен сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шешімді әкімшілік-аумақтық бірліктің мүддесінде жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
      Сенімгерлікпен басқарудың шешімді қабылдау негіздемесі:
      сатып алу құқығымен – коммуналдық мүлікті мемлекеттік мақсаттарда пайдаланудың жөнсіздігі;
      сатып алу құқығынсыз – объектінің өндірістік қажеттілігі, сақтаулығы және сауығуы болып табылады.
      5. Объектілерді кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімгерлікпен басқаруға беру мынадай түрлерде:
      1) тендерді өткізбестен;
      2) тендерлік негізде жүзеге асырылады.
      6. Коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру түрі туралы шешімді құрылтайшы қабылдайды.
      7. Кейіннен сатып алу құқығымен объектіні сенімгерлікпен басқаруды құрған жағдайда тендерді өткізу міндетті болып табылады.
      8. Объектіні сенімгерлікпен басқару жасалған шарт бойынша мәміле негізінде туындайды (құрылады).
      9. Құрылтайшы коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқаруды құру мақсатында объектіні беруге дайындықты жүзеге асырады, тендерді ұйымдастырады, сенімгерлікпен басқарушымен сенімгерлікпен басқару шартын жасасады, сенімгерлікпен басқару шарты талаптарының орындалуына бақылауды жүзеге асырады.
      10. Объектіні сенімгерлікпен басқаруға тендер өткізбестен берген кезде мүдделі тұлғаның ерікті түрде берілетін объектіні сенімгерлікпен басқаруға беру өтініміне мынандай құжаттар қоса беріледі:
      1) баланс ұстаушының объектіні сенімгерлікпен басқаруға беруге жазбаша келісімі;
      2) объектінің қажеттілігіне негіздеме;
      3) заңды тұлғалар үшін – салыстырып тексеру үшін міндетті түрде түпнұсқасын ұсына отырып, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің, құрылтай құжаттарының (құрылтай шарты және жарғы) көшірмелері не аталған құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      жеке тұлғалар үшін – салыстырып тексеру үшін міндетті түрде түпнұсқасын ұсына отырып, жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелері не аталған құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері.
      11. Объектіні тендер өткізбестен сенімгерлікпен басқаруға беру кезінде сенімгерлікпен басқарушымен коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы жергілікті атқарушы органы объектіні сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімді қабылдаған күнінен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмей жасалады.

3. Тендерлік комиссия

      12. Тендерді ұйымдастыру және өткізу үшін құрылтайшы тұрақты тендерлік комиссияны құрады, оның құрамына құрылтайшының және келісім бойынша басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енгізіледі. Тендерлік комиссия мүшелерінің саны кемінде бес адамнан құрылады. Комиссияның төрағасы коммуналдық мүлікті берген кезінде құрылтайшының өкілі болып табылады. Комиссияның шешімі комиссия мүшелерінің көпшілік қарапайым дауыстарымен қабылданады. Егер дауыстар тең болса, Төрағаның дауысы шешуші болады.
      13. Тендерлік комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) объектіні кейіннен сатып алу құқығымен берген жағдайда, бағалаушымен берілген объектіні бағалау құны туралы есеп негізінде объектінің сату бағасын ұсынады;
      2) тендер шарттарын айқындайды;
      3) кепілді жарнаның мөлшерін айқындайды;
      4) тендер өткізеді;
      5) тендердің нәтижесін хабарлайды.
      14. Тендерлік комиссияның хатшысы құрылтайшының өкілі болып табылады және комиссияның мүшесі болып табылмайды. Тендерлік комиссияның хатшысы тендерді ұйымдастыру және өткізу үшін қажетті құжаттарды дайындайды және тендерлік комиссияның хаттамасын ресімдейді.

4. Объектіні сенімгерлікпен басқаруға беруге дайындау

      15. Сенімгерлікпен басқарудың объектісі бойынша ақпараттық хабарландыруды жарияланғанға дейін объект туралы мәліметті енгізетін құжаттар топтамасын жинастырады.
      Объектіні сенімгерлікпен басқаруға беруге дайындауды коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы жүзеге асырады.
      16. Басқару органы коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысына акциялары (үлестері) не мүліктік кешені объект болып табылатын заңды тұлғаның құрылтай құжаттарын, соңғы үш жылдағы қаржылық-шаруашылық қызметі туралы толық ақпаратты, объектіні кейіннен сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз сенімгерлікпен басқаруға беру жөніндегі шарттарды белгілеу туралы ұсынысты береді.
      Өзге объектілер бойынша басқару органы коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысына объектінің сипаттамасын, объектінің баланстық құны туралы мәліметтерді және объектіні кейіннен сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз сенімгерлікпен басқаруға беру жөніндегі шарттарды белгілеу туралы ұсынысты береді.
      17. Объектілері сенімгерлікпен басқаруға беру объектісі болып табылатын коммуналдық заңды тұлғалардың лауазымды адамдары құрылтайшының сұрау сауалы бойынша олар белгілеген мерзімде объектіні сенімгерлікпен басқаруға беруге дайындау үшін қажетті мәліметтерді береді және берілген мәліметтердің дұрыстығына жауапты болады.
      18. Тендерді өткізуге дайындық кезінде құрылтайшы ақпараттық хабарды уақытылы жариялауды қамтамасыз етеді, тендерге қатысуға өтінімдерді қабылдау мен тіркеуді жүргізеді, Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес объектінің бағалау құнын қамтамасыз етеді (объектіні кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқаруға берген жағдайда), келіп түскен материалдарды тендерлік комиссияның қарауына жібереді.
      19. Тендер өткізу туралы ақпараттық хабарлама тендер өткізудің жарияланған күніне дейін кемінде он бес күнтізбелік күн бұрын, ал акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлік басқаруға беру кезінде - тендерді өткізгенге дейін кемінде отыз күнтізбелік күн бұрын мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияланады әрі мынандай мәліметтерді:
      1) тендердің шарттары мен тендер жеңімпазын анықтау өлшемдерін;
      2) тендер объектісінің қысқаша сипаттамасын;
      3) тендерді өткізу күнін, уақыты мен орнын;
      4) тендерге қатысуға өтінім салынған конвертті ұсынудың тәртібін, тәсілін, орны мен соңғы мерзімін және тендерге қатысуға өтінім қолданысының талап етілетін мерзімін;
      5) кепілдік жарнаның мөлшері мен оның енгізу үшін банктің деректемелерін (кепілдік жарнаның мөлшерін ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін өзгертуге болмайды);
      6) сенімгерлік басқарушыға қойылатын талаптарды;
      7) мемлекеттік басқару органдары ұсынған қосымша мәліметтерді қамтиды.
      20. Ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін құрылтайшы тілек білдірушілердің барлығына объект туралы ақпаратқа және тендерді өткізу ережелеріне қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
      21. Тендерге қатысқы келетін тұлғалардың өтімдерін қабылдау және тіркеу осы Қағиданың 29 тармағында қарастырылған құжаттардың толық жиынтығы болған кезде жүргізіледі.
      22. Тендерлік комиссиямен тендердің талаптары өзгерген жағдайда осы барлық өзгерістер туралы хабарландыру Қағиданың 19 тармағында белгіленген тәртіпте және мерзімде жарияланады.
      Тендердің шарттары өзгергені туралы хабарлама жарияланғанға дейін тендерге қатысуға өтінім берген және осыған байланысты тендерге қатысудан бас тартқан тұлғалар кепілдік жарна мен өздеріне келтірілген шығыстарды толық көлемде қайтаруды талап етуге құқылы.
      23. Тендерге қатысушылар тендерді өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген мөлшерінде, мерзімі мен тәртібінде кепілдік жарнаны төлейді. Кепілдік жарнаны қатысушы атынан кез-келген басқа жеке немесе заңды тұлға сала алады.
      Кепілдік жарнаны алушы құрылтайшы болып табылады.
      24. Тендерге қатысу үшін кепілдік жарна әрбір жеке объект үшін объектіні сату бағасынан он пайызына дейінгі мөлшерінде, ал объектіні кейіннен сатып алу құқығынсыз берген жағдайда, оның баланстық құнынан белгіленеді. Кепілдік жарнаның құны ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін өзгертілуі мүмкін емес.
      25. Кепілдік жарна қатысушы жеңімпаз деп танылған жағдайда тендердің нәтижелері туралы хаттамаға қол қоюға және құрылтайшымен шарт жасауға қатысушыны міндеттемелермен қамтамасыз ету болып табылады.
      26. Тендерге қатысушылар тендерді өткізгенге дейін кемінде үш жұмыс күні ішінде тендерге қатысудан бас тартқан жағдайда, осы Қағиданың 22 тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, құрылтайшы оларға кепілдік жарнаны қайтармайды.
      27. Осы Қағиданың 26 және 38 тармақтарында атап көрсетілгендерден басқа барлық жағдайларда кепілдік жарна тендер аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде, ал егер ақша құрылтайшының шотына тендер өткізілгеннен кейін түссе, онда олар түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қайтарылады.
      28. Тендерге қатысушыларды тіркеу ақпараттық хабарлама жарияланған күнінен бастап жүргізіледі және тендер басталғанға дейін жиырма төрт сағат қалғанда аяқталады.
      29. Тендерге қатысушы ретінде тіркелу үшін мыналарды:
      1) осы Қағиданың қосымшасында белгіленген нысан бойынша тендерге қатысушыны тендер жеңімпазы деп жариялаған жағдайда оның жазбаша, ақпараттық хабарламада көрсетілген және тендерге қатысушының өзі ұсынған тендер талаптарында шарт жасасу міндеттемесін білдіретін тендерге қатысуға өтінімді;
      2) басқа құжаттардан бөлек желімделген конвертте тендерге байланысты құжаттаманы қоса бере отырып, жазбаша түрде тендер шарттары бойынша ұсыныстарды;
      3) банктің (банктердің) мөрі басылған бірінші басшы немесе қол қоюға құқығы бар адам және бас бухгалтер қол қойған тендерлік өтінімдер бар конверттерді ашу күнінің алдында кемінде үш ай бұрын банк (банктер) алдында тендердің ықтимал қатысушысының мерзімі өткен берешегінің жоқ екені туралы анықтаманы. Егер тендерге ықтимал қатысушы екінші деңгейдегі бірнеше банктің, сондай-ақ шет ел банкінің клиенті болып табылған жағдайда, осы анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасымен аудитті міндетті өткізу белгіленген заңды тұлғалардың соңғы қаржы жылындағы аудиторлық есебін;
      5) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын міндетті түрде ұсына отырып көшірмесін не көрсетілген түпнұсқаның нотариалды куәландырылған көшірмесін;
      6) жарғының нотариалды куәландырылған көшірмесін не салыстырып тексеру үшін түпнұсқаны міндетті түрде ұсына отырып көшірмесін. Шет ел заңды тұлғалары құрылтай құжаттарын нотариалды куәландырылған мемлекеттік және орыс тілдерінде аудармасымен ұсынады;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлеу мерзімі ұзартылған жағдайларды қоспағанда, осы салық органының мөрі бар бірінші басшы немесе қол қою құқығы бар адам қол қойған тендерлік өтінімдер бар конверттерді ашу күнінің алдында кемінде үш ай бұрын салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ екені туралы анықтаманың түпнұсқасы;
      8) Құрылтайшының депозит шотына кепілдік жарнаны аудару туралы төлем тапсырмасының немесе түбіртектің (жеке тұлға үшін) түпнұсқасын;
      9) тендерге ықтимал қатысушы өкілінің өкілеттігін растайтын құжатты (жеке куәлікті, паспортты (шет ел азаматтары үшін) не әділет органдары берген уақытша жеке куәлікті ұсынған жағдайда жарамды);
      10) ықтимал қатысушының ақпараттық хабарламада көрсетілген сенімгерлік басқаруға қойылатын талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.
      30. Жеке тұлға болып табылатын тендердің ықтимал қатысушысы осы Қағиданың 29 тармағының 1), 2), 8), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды, сондай-ақ:
      1) жеке куәліктің, паспорттың (шет ел азаматтары үшін) немесе әділет органдары берген уақытша жеке куәліктің көшірмесін;
      2) тиісті мемлекеттік орган берген заңды тұлға құрмастан, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін құжаттың көшірмесін (дара кәсіпкер үшін) ұсынады.
      31. Тендерге қатысушы ретінде тіркеуге ұсынылған құжаттардың түпнұсқалары салыстырып тексерген соң қатысушыға бір жұмыс сағаты ішінде қайтарылады.
      32. Қазақстан Республикасының заңдарына немесе құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырылуы тендердің шарттары болып табылатын қызмет түрлерімен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлға тендерге қатысушы бола алмайды.
      33. Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жағдайларды қоспағанда, құрылтайшы тендерге қатысушыларға қатысы бар ақпаратты тендерді дайындау және оны өткізудің бүкіл кезеңі ішінде жариялауға құқығы жоқ.
      34. Тендердің ықтимал қатысушыларының құжаттары тіркеу журналына тіркелгеннен кейін сейфте сақталады. Тендер өткізілетін күні тендерге қатысушылардың құжаттары тендерлік комиссияға беріледі.

5. Тендерді өткізу

      35. Тендерлік комиссия тендерге қатысушылардың ұсыныстары бар конверттерін ашады. Конверттерді ашқаннан және ұсыныстарды жариялағаннан кейін комиссия ұсыныстарды талқылауға және бағалауға кеңесуге кетеді.
      36. Тендерлік комиссия тендердің шарттарына және тендерді жеңіп алған тұлғаны анықтау шарттарына сүйене отырып тендерге қатысушылардың ұсыныстарын қарайды.
      37. Тендерлік комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оған тендерлік комиссияның мүшелері, оның төрағасы, хатшысы және тендер жеңімпазы қол қояды. Тендерлік комиссияның мүшесі қажет болса өзінің ерекше пікірін жазбаша береді немесе оны хаттамаға қоса тіркейді, ол туралы хаттамада белгі қойылады.
      38. Тендер нәтижелері туралы хаттама тендер нәтижелері және тендер жеңімпазы мен құрылтайшының тендер шарттарында шарт жасасу міндеттемелерін және тендер жеңімпазының ұсыныстарын белгілейтін құжат болып табылады.
      Тендер жеңімпазы тендердің нәтижелері туралы хаттамаға немесе шартқа қол қоюдан жалтарған кезде өзі енгізген кепілдік жарнаны жоғалтады.
      39. Тендер аяқталғаннан кейінгі күннен кешіктірмей комиссия тендерге қатысушылардың барлығына тендер қорытындысын хабарлайды.
      40. Мынадай жағдайларда, егер:
      1) үшінші және кейінгі тендерлерді қоспағанда, тіркелген қатысушылардың саны екеуден кем болса;
      2) тендерлік комиссия қатысушылардың ұсыныстарын тендер шарттарын қанағаттандырмайды немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтінді деп таныса;
      3) тендер жеңімпазы тендердің нәтижелері туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартса, тендер өткізілмеді деп танылады;
      4) тендерлік комиссия жеңімпаздың жоқ екені туралы шешім қабылдаса, тендер өткізілмеді деп танылады.
      41. Тендерге қатысуға тіркелгендер екеуден аз болған жағдайда, тендерлік комиссия желімделген конвертті ашпайды. Тендер өткізілмеді деп танылғаннан кейін барлық ұсынылған құжаттар қатысушының жазбаша сұрау сауалы бойынша оған қайтарылады.
      42. Осы Қағиданың 40-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сатып алу құқығынсыз тендер өткізілмеді деп танылған кезде, коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы, ол мұндай шешім қабылдаған жағдайда, объектіні тендер шарттары бойынша шарт жасасуға ниет білдірген жалғыз қатысушыға беру туралы шешім қабылдауы мүмкін.

6. Объектіні сенімгерлікпен басқару шартының қорытындысы

      43. Сенімгерлікпен басқарушы сенімгерлікпен басқару шарты негізінде пайда алушының мүддесінде объектіні басқаруды жүзеге асырады.
      44. Кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқару шарты тендер өткізгеннен кейін он күнтізбелік күннен кешіктірілмей жасалады.
      45. Объектіні кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқаруға берген кезде объектіні сенімгерлікпен басқарушының сатып алу шарттары шартпен анықталады.
      46. Сенімгерлікпен басқарушыға объектіні сатуға ол шартты тиісінше орындаған жағдайда ғана жол беріледі. Объектіні сату сатып алу-сату шартын жасасу арқылы объектіні сату бағасы бойынша жүзеге асырылады.
      Объектіні сату бағасы сатып алу-сату шартын жасасқан күннен кейін үш жылдан аспайтын мерзімге бөліп төленуі мүмкін. Сонымен қатар объектіні бөліп төлеу ықтимал бөліп төлеу шарттары тендерге қатысушылардың мәліметіне дейін күні бұрын жеткізілген жағдайда ғана жіберіледі. Бөліп төлеудің мерзімі мен тәртібі сатып алу-сату шартында айтылады.
      47. Коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен көзделген негіздер бойынша өзгертіледі және бұзылады.

7. Шарттың орындалуын бақылау

      48. Шарт талаптарының орындалуын бақылауды сенімгерлікпен басқарудың құрылтайшысы жүзеге асырады.
      49. Сенімгерлікпен басқару шартының орындалуына бақылауды жүзеге асыру үшін құрылтайшы шарттың орындалуына байланысты құжаттармен танысады.
      50. Сенімгерлікпен басқарушы құрылтайшыға өзінің қызметі туралы есепті шартта белгіленген мерзімдерде және тәртіппен ұсынады.
      51. Шарт талаптарының орындалуын бақылау сенімгерлікпен басқарушы міндеттемелерді орындауды аяқтаған сәтке дейін жүргізіледі.

8. Қорытынды ережелер

      52. Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Қағидада көзделген сенімгерлікпен басқару қатынастарына азаматтық заңнаманың осындай қатынастарды реттейтін нормалары таралады.

  Коммуналдық мүлікті
сенімгерлікпен басқаруға
беру Қағидасына қосымша

Коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру жөніндегі тендерге қатысуға өтінім

       1. Кейіннен сатып алу ________________________ _______ мерзімге
       (құқығымен/құқығынсыз)
      ___________________________________________________________________
       (объектінің атауы)
       сенімгерлікпен басқаруға беру жөніндегі тендер өткізу туралы жарияланған ақпараттық хабарламаны қарап және Коммуналдық мүлікті сенімгерлікпен басқаруға беру қағидасымен таныса отырып, мен өтінімге қол қоюға уәкілетті, төменде қол қоюшы,_____________________________________________________________
       (толық аты-жөні, тегі)
       ______________________________________________________ атынан
       (атынан тапсырыс беріп отырған Қатысушы көрсетіледі)
      тендерге қатысу өтінімін қабылдауды және 20____ жылғы "____" ________
      ___________________________________ мекенжай бойынша өтетін тендерге қатысушы ретінде тіркеуді сұраймын.
       2. Біз (мен) ______________________________________ сомасында
       (теңгедегі сома, сондай-ақ жазумен көрсетіледі)
       тендерге қатысу үшін ақпараттық хабарламада көрсетілген Құрылтайшының депозиттік шотына:____________________________________
       (БСН, ЖБК, БИК, төлем коды, Кбе, мекеменің коды)
       кепілдік жарна енгіздік (енгіздім).
      3. Біздің (менің) қатысушыға қойылатын талаптарға сәйкес еместігіміз айқындалған жағдайда, біз (мен) тендерге қатысу құқығынан айырылатынымызға (ма), біз (мен) тендерде жеңіске жеткен жағдайда біз (мен) қол қойған Тендердің нәтижелері туралы хаттама мен Сенімгерлікпен басқару шарты жарамсыз деп танылатына келісемін.
      4. Егер біз (мен) тендердің Жеңімпазы болған жағдайда, өзімізге тендерді өткізген күні Тендердің нәтижелері туралы хаттамаға қол қою және тендер аяқталғаннан кейін он күнтізбелік күннен кешіктірмей ақпараттық хабарламада көрсетілген және біз (мен) ұсынған тендердің шарттарында Сенімгерлікпен басқару шартын жасасу міндеттемесін аламыз.
      5. Біз енгізген кепілдік жарна сомасы қайтарылмайтынымен және мынадай:
      тендер өткізілгенге дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын оған қатысудан бас тартқан;
      тендердің нәтижелері туралы хаттамаға немесе Сенімгерлікпен басқару шартына қол қоюдан жалтарған жағдайларда Құрылтайшыда қалатынымен келісеміз (мін).
      6. Осы өтінім Тендердің нәтижелері туралы хаттамамен бірге Сенімгерлікпен басқару шартын жасасуға дейін қолданылатын шарт күшіне ие.
      7. Өтінімге:
      ____________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________
      қоса беріліп отыр.
      8. Төлем деректемелері:
      ____________________________________________________________________
       (бенефициар-банктің деректемелері: банктің атауы, БСН, ЖСК, БСК) ________________________________________________________________
       (алушының деректемелері: атауы, БСН, ЖСК, Кбе, ағымдағы шоты)
       9. Қатысушының толық атауы (заңды тұлғаның немесе аты-жөні) және жеке тұлғаның паспорттық деректері мен тұратын жері (мекенжайы, телефон, факс және т.б.)
      ____________________________________________________________________
      ____________________________________________________________________
      _________ ____________________________________________________
      (қолы) (сенімхаттың негізінде әрекет ететін уәкілетті тұлғаның аты-жөні)
      _____ жылғы "____" ____________
      М.О.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады