Сарысу ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Жамбыл облысы Сарысу аудандық мәслихатының 2012 жылғы 21 маусымдағы N 5-5 шешімі. Сарысу аудандық Әділет басқармасында 2012 жылғы 12 шілдеде 6-9-140 нөмірімен тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы Сарысу аудандық мәслихатының 2013 жылғы 25 желтоқсандағы № 25-23 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы Сарысу аудандық мәслихатының 25.12.2013 № 25-23 шешімімен.
      РҚАО ескертпесі:
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерістер енгізілді - Сарысу аудандық мәслихатының 22.11.2013 № 23-3 (жарияланғаннан кейін он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      «табысы аз отбасыларына (азаматтарға) деген сөздер «аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға)» деген сөздермен ауыстырылды - Сарысу аудандық мәслихатының 22.11.2013 № 23-3 (жарияланғаннан кейін он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Заңының 97 бабының 2 тармағына сәйкес аудандық мәслихат ШЕШIМ ЕТТI:
      1. Қоса берiлiп отырған Сарысу ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн көрсету Қағидалары бекiтiлсiн.
      2. «Сарысу ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн көрсету Ережелерiн бекiту туралы» Сарысу аудандық мәслихатының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы № 46-15 шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6-9-112 болып тіркелген, 2011 жылғы 2 ақпандағы № 12 аудандық «Сарысу» газетіне жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық мәслихаттың әлеуметтік-экономикалық аумағының дамуы, қаржы және бюджет, қоршаған ортаны қорғау мен табиғатты пайдалану, әкімшілік-аумақтық бөліністі айқындау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Көкебаев Бахыт Керімбайұлына жүктелсін.
      4. Осы шешiм әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
      
      Аудандық мәслихат                          Аудандық мәслихаты
      сессиясының төрағасы                       хатшысы
      С. Бегеев                                  Б. Дондаұлы

Сарысу аудандық мәслихатының
2012 жылғы 21 маусымдағы
№ 5-5 шешiмiмен бекiтiлген

Сарысу ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн көрсету Қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Сарысу ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн көрсету Қағидалары (әрi қарай - Қағида) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Заңының 97 бабының 2 тармағына сәйкес әзiрленген.
      2. Осы Қағидаларда келесi негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      коммуналдық қызметтер – тұрғын үйде (тұрғын ғимаратта) көрсетілетін және сумен жабдықтауды, кәрізді, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқысты әкету қызметін көрсетуді қамтитын қызметтер;
      қызмет көрсетуші – коммуналдық қызметтерді көрсетумен айналысатын заңды немесе жеке тұлға;
      өтiнiш иесi (жеке тұлға) – жеке өзiнiң немесе отбасының атынан тұрғын үй көмегiн тағайындауға өтiнiш берген тұлға;
      уәкiлеттi орган – «Сарысу ауданы әкiмдiгiнiң жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi» коммуналдық мемлекеттiк мекемесi.
      3. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен Сарысу ауданында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстарға;
      2) тұрғын үйдің меншік иелерінің немесе жалдаушыларының (қосымша жалдаушыларының) отбасыларына (азаматтарына) коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
      3) байланыс саласындағы заңнамада белгiленген тәртiппен тұрғын үйдiң меншiк иелерi немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының ұлғаюы бөлiгiнде байланыс қызметтерiне;
      4) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына ақы төлеуге беріледі.
      Тұрғын үй көмегi қызметтердi жеткiзушiлер ұсынған шоттар бойынша көрсетiледi.
      3-1) жекешелендiрiлген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулiк уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдiк сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бiр фазалық есептеуiштiң құнына;
      3-1. Сарысу ауданында тұрақты тұратын адамдарға тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған ай сайынғы және нысаналы жарналардың мөлшерiн айқындайтын сметаға сәйкес, тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу үшiн жеткiзушiлер ұсынған шоттар бойынша, сондай-ақ жекешелендiрiлген тұрғын үй-жайларында (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде пайдалануда тұрған дәлдiк сыныбы 2,5 электр энергиясын бiр фазалық есептеуiштiң орнына орнатылатын тәулiк уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдiк сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бiр фазалық есептеуiштiң құнын төлеуге жеткiзушi ұсынған шот бойынша тұрғын үй көмегi бюджет қаражаты есебiнен көрсетiледi.
      Ескерту. 3 тармақ 3-1) тармақшамен және 3-1 тармақпен толықтырылды - Талас аудандық мәслихатының 2012.09.26 № 9-6 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі) шешімімен.
      4. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
      Отбасының шекті ұйғарынды шығындардың үлесi отбасының жиынтық табысының 7 пайыз мөлшерiнде белгiленедi.
      5. Белгіленген нормадан жоғары тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстар төлемін, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникацияның желісіне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну төлемін, тұрғын жайды пайдаланғаны үшін ақы төлеу жалпы негіздерде жүргізіледі.
      Тұрғын үй көмегін көрсетуге өтініш қабылдау ағымдағы тоқсанның ішінде жүргізіледі және тоқсанға толығымен тағайындалады.
      6. Жеке меншiгiнде бiреуден артық тұрғын жайы (үйi, пәтерi) бар немесе тұрғын үй-жайларын жалға тапсыратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегi тағайындалмайды.

2. Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң тәртiбi мен мөлшерi

      7. Тұрғын үй көмегiн тағайындау үшiн азамат (отбасы) уәкiлеттi органға өтiнiш бередi және «Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы  № 2314 Қаулысымен бекiтілген Тұрғын үй көмегiн көрсету ережелерiнде көрсетiлген құжаттарды ұсынады.
      Тұрғын үй көмегiн тағайындау үшiн қажеттi құжаттар салыстыру үшiн көшiрме және түпнұсқада ұсынылады, одан кейiн құжаттардың түпнұсқалары өтiнiш берушiге қайтарылады.
      8. Тұрғын үй көмегiнiң мөлшерi тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстар төлемін, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникацияның желісіне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну ақысын, жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысын төлеуге кеткен нақты шығындардың сомасынан аса алмайды.
      9. Тұрғын үй көмегiн алушылар он күн iшiнде қандай да болсын тұрғын үй меншiгi нысандарының, отбасы құрамының, жиынтық табысының өзгергендерi туралы және тұрғын үй көмегi мөлшерiне әсер ететiн басқа да факторлар туралы, сондай-ақ, тұрғын үй көмегiн дұрыс емес есептеген жағдайда уәкiлеттi органға хабарлайды.
      10. Тұрғын үй көмегiнің заңсыз алынған сомалары алушымен ерiктi түрде, ал бас тартқан жағдайда – сот тәртiбiмен қайтарылуға жатады.
      11. Тұрғын үй көмегiн тағайындау кезiнде келесi өтемақы шараларымен қамтамасыз етiлетiн тұрғын үй алаңының және коммуналдық қызметтердi тұтынудың нормалары ескерiледi:
      1) өтемақы шараларымен қамтамасыз етiлетiн тұрғын үй алаңының нормалары:
      жеке басты азаматтар үшiн – 30 шаршы метр, бірақ нақты алып жатқан алаңынан артық емес;
      екi және одан да көп адамды отбасына – отбасының әр мүшесiне 18 шаршы метр, бiрақ нақты алып жатқан алаңынан артық емес;
      2) электр қуатын тұтыну нормалары ( айына):
      бірден екі адамға дейінгі отбасына – отбасының әрбір мүшесіне 80 киловатт;
      үш және одан да көп мүшелі отбасына – 200 киловатт;
      Коммуналдық қызмет тұтыну нормалары табиғи монополияларды (монополисттік қызметті) реттеу бойынша аумақтық уәкілетті орган қолданатын, көрсетілетін қызметтерге тарифтерді (бағаларды) бекіткен кездегі коммуналдық қызметтерді босату нормаларына баламалы.

3. Тұрғын үй көмегiн төлеу тәртiбi

      12. Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстар төлемін, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникацияның желісіне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну ақысын, жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын жайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысын төлеуге шығындарды өтеу өтемақы соммалары уәкілетті органмен екінші деңгейдегі банктер арқылы, алушылардың өтініштері бойынша тиісті қызмет көрсетушілердің есеп шотына, ал телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылу өтемақысын абоненттердің жеке есеп шотына аударылуы мүмкін.

4. Қорытынды ережелер

      13. Осы Қағидалармен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады