"Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру ережесі туралы

Жаңартылған

Қарағанды облыстық мәслихатының VI сессиясының 2012 жылғы 28 маусымдағы N 62 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2012 жылғы 13 шілдеде N 1915 тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабы 1 тармағының 12-2) тармақшасына, "Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы" атағын беру ережесінің жобасы туралы" облыс әкімдігінің 13 маусым 2012 жылғы N 20/05 қаулысына сәйкес, Қарағанды облыстық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Қоса берілген "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру ережесі бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін (С.М. Әдекенов).

      3. Осы шешім бірінші ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Сессия төрағасы

Ж. Таласпеков

Облыстық мәслихаттың хатшысы

Б. Жұмабеков


  Қарағанды облыстық мәслихатының
2012 жылғы 28 маусымдағы
VI сессиясының N 62 шешімімен
бекітілген

"Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы"
атағын беру
ЕРЕЖЕСІ

      "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру азаматтардың көп жылғы қызметін, олардың қабылетін, дарынын, бастамашылығын және жауапкершілігін қоғамның тануының көрінісі болып табылады.

      "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағы:

      азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға;

      олардың облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуы бойынша қызметіндегі күш-жігерін көтермелеуге;

      жас ұрпақты қазақстандық патриотизм, еңбекке жауапкершілікпен қарау және халықтар арасындағы достықты нығайту рухында тәрбиелеуге арналған.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына сәйкес әзірленді және "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру тәртібін реттейді.

      2. "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын (бұдан әрі – Атақ) беру еңбек сіңірген азаматтардың жемісті қызметін, олардың қабылетін, дарынын және бастамашылығын қоғамның тануының көрінісі, маңызды моральдық ынталандырудың бірі болып табылады.

2. Атақты беру бойынша талаптар

      3. "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағы ерекше еңбегі үшін, өмірбаяны 10 жылдан кем емес Қарағанды облысымен (облыстың қаласымен, ауданымен) байланысты келесі талаптарға сәйкес келетін тұлғаларға беріледі:

      1) кәсіби міндеттерін немесе азаматтық міндетін орындау кезінде жеке ерлік көрсеткені, сонымен қатар, заңдылық және құқықтық тәртіпті нығайту жұмысына үлес қосқаны үшін;

      2) жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласындағы мемлекет, саяси және қоғам қайраткерлеріне өздері қызмет атқарған кезде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін;

      3) қоғамдық қызметтегі, аймақтың рухани және интеллектуалдық әлеуетін дамытудағы жетістіктері, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша белсенді қызметі, қайырымдылық қызметі мен мейірімділігі үшін;

      4) облыстың (қаланың, ауданның) тұрғындарын сауықтыруға үлес қосқаны үшін;

      5) спортты, ғылымды, техниканы, әдебиетті, өнерді және қызметтің басқа да түрлерін дамытуға үлес қосқаны үшін;

      6) өскелең ұрпақтың бойында патриотизм мен азаматтық сезімін қалыптастыруға, сонымен қатар білім беру сапасын жетілдіруге және арттыруға үлес қосқаны үшін;

      7) тәуелсіз егемен Қазақстанның тұтастығын сақтаудағы, ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайтудағы жемісті еңбегі үшін.

      4. "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағы өмір бойғы болып табылады және иесі қайтыс болғаннан кейін тоқтатылады. Оның берілуі туралы құжаттар отбасына естелік ретінде сақтауға қалдырылады.

3. Атақты беру тәртібі

      5. Атақ беру туралы қолдаухатын кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің еңбек ұжымдары ұсына алады. Қолдаухатқа тиісті тұлға қолы қойылып, облыс (қала, аудан) әкіміне жолданады.

      Қолдаухатта кандидаттың өмірбаяндық негізгі мәліметтері, оның облыс (қала, аудан) алдындағы жетістіктері мен сіңірген еңбегін сипаттайтын дәлелді құжаттары қоса тіркеліп, сонымен қоса:

      1) мінездеме, дәлелді құжаттарының көшірмелерімен қоса, мемлекеттік және басқа да наградаларының тізбесі;

      2) жиналыс шешімінің хаттамасы, кандидаттың өмірбаяны;

      3) соттылық және әкімшілік жаза белгілеу жөніндегі мәліметтері, кандидаттың 3 х 4 сантиметр (2 дана) және 6 х 9 сантиметр (1 дана кітап үшін) мөлшеріндегі фотосуреттері тіркеледі.

      6. Атақ беру туралы өз кандидатураларын ұсынған тұлғалардан келіп түскен қолдаухаттары қаралмайды.

      Үміткерлерге бұрын берілген ұқсас атақтың болмауы – Атақ берудің шарты болып табылады.

      7. Облыс (қала, аудан) әкімі тарапынан құрылған тиісті комиссия қолдаухатты қарастырады. Облыс (қала, аудан) әкімінің орынбасарынан төмен емес тұлға комиссия төрағасы болуға тиіс. Комиссия мүшелерінің саны 5 (бестен) кем емес және тақ сан болуы тиіс.

      8. Комиссия шешімі көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      9. Комиссия шешімі ұсыныс сипатында болады және барлық комиссия мүшелерінің қолы қойылған хаттамамен ресімделеді.

      10. Комиссия облыс (қала, аудан) әкіміне Атақ беру туралы ұсынымды тиісті мәслихаттың қарауына енгізуді немесе тиісті себептерін көрсете отырып, одан бас тартуды ұсынады.

      11. Атақты облыс (қала, аудан) әкімінің ұсынысы бойынша жыл сайын тиісті мәслихат береді, бірақ облыс бойынша, облыс қалалары бойынша, облыс аудандары бойынша сәйкесінше үш азаматтан артық емес болуы керек. Атақты беру туралы мәселені қарау және шешім қабылдау Атаққа ұсынылған тұлғаның қатысуынсыз жүзеге асырыла алады.

      Атақ беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік және ұлттық мерекелеріне орайластырылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - Қарағанды облыстық мәслихатының 25.11.2016 N 116 (бірінші ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      12. Атақ беру туралы тиісті мәслихаттың шешімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      13. Атақ берілуі мүмкін емес:

      1) Атаққа ұсыну сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте соттылық мерзімі өтелмеген немесе алынбаған тұлғаларға;

      2) сот арқылы іс-әрекетке қабылетсіз немесе іс-әрекетке қабылеті шектеулі деп танылған тұлғаларға;

      3) Атаққа ұсыну сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте әкімшілік жазасы өтелмеген немесе алынбаған тұлғаларға.

4. Төсбелгі мен куәлікті тапсыру тәртібі

      14. Атаққа ие болған тұлғаға облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы төсбелгісі мен куәлігін облыс (қала, аудан) әкімі және тиісті мәслихаттың хатшысы салтанатты түрде тапсырады.

      Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы куәлігіне облыс (қала, аудан) әкімі мен тиісті мәслихат хатшысы қол қояды.

      15. Атаққа ие болғандардың есімдері хронологиялық тәртіппен облыстың (қаланың, ауданның) Құрмет Кітабына енгізіледі.

      16. Төсбелгілер мен оларға куәліктерді дайындау, облыстың (қаланың, ауданның) Құрмет Кітабын ресімдеу және оны лайықты түрде ұстау облыс (қала, аудан) әкімі аппаратына жүктеледі.

      17. Төсбелгілер мен оларға куәліктерді дайындау, Құрмет Кітабын ұстау шығындарын қаржыландыру тиісті жергілікті бюджеттің есебінен жүзеге асырылады.

5. Төсбелгінің сипаттамасы

      18. Алынып тасталды - Қарағанды облыстық мәслихатының 17.03.2022 № 150 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

6. Материалдар мен құжаттарды сақтау

      19. Барлық Атақ иегерлері туралы мәліметтер Атақ беруге негіз болған сіңірген еңбектері көрсетіле отырып, "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматтары" кітабына орналастырылады.

7. Қорытынды ережелер

      20. Атаққа ие болған тұлға тиісті мәслихаттың шешімі бойынша мына жағдайларда одан айырылады:

      1) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда;

      2) Атақ беру туралы қолдаухат енгізген органның ұсынысы бойынша үлкен қоғамдық көзқарас туғызатын теріс әрекеттер жасаған жағдайда.

      21. Осы Ереженің 20 тармағында көзделген негіздер бойынша Атақтан айрылған тұлға Атаққа беруге қайта ұсынылмайды.

      22. Заңсыз сотталғандарға және сот шешімімен толық ақталғандарға тиісті мәслихаттың шешімімен Атаққа құқығы қалпына келтіріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады