Ескерту. Күші жойылды - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 25.12.2013 № 06-7/190 бұйрығымен.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңының 13-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Мемлекеттік қызметті өткеру бөлімі (Т.Қ. Жұмағұлов) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуді және ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық оны бірінші рет ресми жариялағаннан бастап қолданысқа енгізіледі бірақ, 2013 жылғы 26 наурыздан ерте емес.
Төраға А. Байменов
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі Төрағасының
2013 жылғы 19 наурыздағы № 06-7/34
бұйрығымен бекітілген
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын
арнайы біліктілік талаптары
1. Жалпы ережелер
1. Осы «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптары (бұдан әрі – Арнайы біліктілік талаптары) Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңының 13-бабының 5-тармағына, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің 2013 жылғы 7 наурыздағы № 519 Жарлығына сәйкес әзірленді және «А» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға үміткер азаматтарға ұсынылады.
2. Арнайы біліктілік талаптары:
1) білімі бойынша талаптарды;
2) жұмыс тәжірибесі бойынша талаптарды;
3) кәсіби білім-білігі бойынша; Қазақстан Республикасының заңнамасын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі бойынша талаптарды;
4) лауазымдық міндеттерінің сипатына байланысты өзге де талаптарды қамтиды.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 наурыздағы № 523 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдары екі санатқа бөлінеді.
4. «А» корпусының жекелеген мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына бірдей талаптар қойылады.
Бірдей талаптармен «А» корпусының бірінші санаттағы лауазымдары топтарға бірігеді:
1) бірінші топ мына лауазымдарды қамтиды:
орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары;
Конституциялық кеңес, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аппараттарының басшылары, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) басшысы;
облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың әкiмдерi аппараттарының басшылары;
жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген орталық атқарушы органдардың аппарат басшылары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысы;
2) екінші топ мына лауазымдарды қамтиды:
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) басшысының орынбасарлары;
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушілері;
Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының аппараттары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының аппараттары, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері;
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет iстерi агенттiгi аумақтық органдарының басшылары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнiң облыстардағы, астанадағы және республикалық маңызы бар қаладағы тәртiптiк кеңестерiнiң төрағалары;
орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары;
Қазақстан Республикасы Парламенті Шаруашылық басқармасының басшысы және оның орынбасарлары;
облыстық маңызы бар қалалардың (облыстардың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалардың әкімдерін қоспағанда), облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері.
5. «А» корпусының екінші санаты облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелерінің лауазымдарын қамтиды.
2. Білімі бойынша талаптар
6. Бірінші санаттағы «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызмет кадр резервіне алу және «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасу үшін үміткердің жоғары білімінің болуы талап етіледі.
7. Екінші санаттағы «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызмет кадр резервіне алу және «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасу үшін үміткердің мемлекеттік басқару, экономика, қаржы, құқық саласында жоғары білімінің болуы талап етіледі.
3. Жұмыс тәжірибесі бойынша талаптар
8. Жұмыс тәжірибесі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызмет өтілін және (немесе) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардағы жұмыс тәжірибесін қамтиды.
9. Бірінші санаттың бірінші тобының лауазымдарына орналасу үшін:
1) жеті жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі, оның ішінде саяси мемлекеттік лауазымдарда немесе мемлекеттік органдарда немесе олардың құрылымдық бөлімшелерінде басшылық немесе олардың орынбасарлары лауазымдарында (В-2, С-2, С-О-1, D-2, D-O-1 санаттарынан төмен емес), немесе А-1 санатындағы лауазымдарда үш жылдан кем емес мемлекеттік қызмет өтілі;
2) немесе алты жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша немесе шетелдің жоғары оқу орындарында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін басым мамандықтар бойынша оқуды аяқтаған жағдайда осы тармақтың 1) тармақшасында аталған лауазымдарда екі жылдан кем емес мемлекеттік қызмет өтілі талап етіледі.
10. Бірінші санаттың екінші тобының лауазымдарына орналасу үшін:
1) бес жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі, оның ішінде саяси мемлекеттік лауазымдарда немесе мемлекеттік органдарда немесе олардың құрылымдық бөлімшелерінде басшылық немесе олардың орынбасарлары лауазымдарында (В-3, С-3, С-О-2, D-2, D-O-2, Е-2 санаттарынан төмен емес), немесе А-1, А-2, А-3 санаттарындағы лауазымдарда екі жылдан кем емес мемлекеттік қызмет өтілі;
2) немесе бес жылдан кем емес, оның ішінде мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымдарда басшылық лауазымдарда төрт жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі*;
3) немесе төрт жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша немесе шетелдің жоғары оқу орындарында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін басым мамандықтар бойынша оқуды аяқтаған жағдайда осы тармақтың 1) тармақшасында аталған лауазымдарда бір жарым жылдан кем емес мемлекеттік қызмет өтілі талап етіледі.
11. Екінші санаттағы «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызмет кадр резервіне алу және «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасу үшін үміткердің мемлекеттік басқару, экономика, қаржы, құқық саласында жеті жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі талап етіледі.
______________________________
* Мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымдарда басшылық лауазымдарға:
1) мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымдардың (кіші кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын ұйымдарды қоспағанда) басшылары мен олардың орынбасарлары;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің департаменттері мен дербес басқармаларының басшыларының немесе филиалдарының басшыларынан төмен емес;
3) ұлттық басқару холдингтерінде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында департаменттер басшыларынан төмен емес лауазымдар жатады.
4. Кәсіби білім-білігі бойынша; Қазақстан Республикасының заңнамасын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі бойынша талаптар
12. «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызмет кадр резервіне алу және «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасу үшін үміткерлерге кәсіби білім-білігі; Қазақстан Республикасының заңнамасын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі бойынша талаптар қойылады.
13. Кәсіби білім-білігінің болуын және стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білуі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссиямен үміткермен әңгімелесу жүргізу кезінде анықталады.
14. Қазақстан Республикасының заңнамасын білу тестілеу өткізу кезінде анықталады.
5. Лауазымдық міндеттерінің сипатына
байланысты өзге де талаптар
15. «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызмет кадр резервіне алу және «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасу үшін үміткерлерге жеке тұлғалық және басқарушылық біліктілігінің сондай-ақ, мемлекеттік тілді игеру деңгейіне талаптар қойылады.
16. «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасуға жеке тұлғалық және басқарушылық біліктілігінің деңгейін анықтау Тестілеу бағдарламаларына сәйкес мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен тестілеу өткізу арқылы анықталады.
17. Мемлекеттік тілді игеру деңгейіне талаптарға сәйкестігі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу өткізу нәтижелері бойынша анықталады. Қарапайым деңгейден төмен нәтиже алу үміткерді «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызмет кадр резервіне алуға іріктеуге ары қарай қатысудан алып тастауға негіз болмайды, бірақ кадр резервін қалыптастыру кезінде есепке алынады.