Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 14 маусымдағы № 228 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 05 шілдеде № 8565 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 614 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің м.а. 29.12.2021 № 614 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 44-5) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидалары бекітілсін.

      2. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ж.А. Жонтаева):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын;

      3) осы бұйрықты білім беру ұйымдарының назарына жеткізілуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.А. Әбеновке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Б. Жұмағұлов

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 14 маусымдағы
№ 228 бұйрығымен
бекітілген

Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 16.05.2018 № 209 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 44-5) тармақшасына (бұдан әрі – "Білім туралы" Заңы), "Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығына (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2018 жылғы 31 қазанда № 17657 болып тіркелген) сәйкес әзірленген және балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының барлық түрлерінің меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан қызметінің тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 04.06.2019 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы – білім алушылардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың жеке адамның, қоғам мен мемлекет мүддесіндегі білім беру және мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қосымша білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 08.04.2016 № 261 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының негізгі міндеттері:

      1) ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау;

      2) жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, оларды іске асыру;

      3) адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке адам даралығын дамыту үшін жағдайлардың жасалу жолдары арқылы ой-өрісін байыту;

      4) азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға жат кез келген көріністерге немқұрайды қарамауға тәрбиелеу;

      5) белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру;

      6) балалардың экологиялық мәдениетін тәрбиелеу, оларды табиғатты қорғау қызметіне тарту;

      7) қоғам өміріне бейімдеу;

      8) олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру болып табылады.

      4. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлеріне:

      1) мектепке дейінгі дамыту кешені (орталықтар, академиялар);

      2) оқушылар сарайы (үйлер, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары);

      3) жас натуралистер станциясы (балалар экологиялық орталықтары, биологиялық орталықтары, экологиялық-биологиялық орталықтар);

      4) жас техниктер станциясы (орталықтар, балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық мектептері);

      5) жас туристер станциясы (балалар-жасөспірімдер туризмі орталықтары);

      6) балалар аула клубы, балалар әскери-патриоттық клубы (клубтық бос уақытты қамту ұйымдары);

      7) балалар өнер мектептері (балалар музыка мектептері, балалар көркемөнер мектептері, балалар өнер мектептері, көркем-эстетикалық бағыттағы мектептері);

      8) балалар сауықтыру лагерлері (орталықтар, кешендер, қала сыртындағы сауықтыру лагерлері және күндізгі, палаткалы, киіз үй лагерлері);

      9) балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері;

      10) олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі;

      11) қызмет бағыттары және балалардың қызығушылықтары бойынша ұйымдар;

      12) балаларға арналған қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік орталықтар жатады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 04.06.2019 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және "Тіл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының түрлері қызметінің тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 16.05.2018 № 209 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары мемлекеттік тіркелген сәтінен бастап құрылған болып есептеледі және заңды тұлға құқығына ие болады.

      7. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының қызметі білім алушылардың өзін-өзі анықтау, шығармашылығын дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру, қоғам өміріне бейімдеу, азаматтық сана-сезімін, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауға бағытталған.

      8. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының жұмыс тәртібі ішкі тәртіп ережелерімен орнатылады.

      9. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының білім беру және тәрбиелеу процесіне қатысушылар балалар, педагогтер және білім алушылардың заңды өкілдері болып табылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 07.04.2020 № 132 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Білім алушылардың, ата-аналардың немесе басқа заңды өкілдердің, қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері қосымша білім беру ұйымының Жарғысымен және білім беру саласындағы заңнамалық актілермен белгіленеді.

      11. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары балаларды қабылдау кезінде оларды және ата-аналарды немесе заңды өкілдерді Жарғымен, білім беру үрдісінің тәртібін белгілейтін басқа да құжаттармен таныстырады.

      12. Спорттық, спорттық-техникалық, туристік, би бірлестіктеріне қабылдау кезінде баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды қажет.

      Мүгедек балалармен тұрғылықты жері бойынша жеке жұмыс жүргізіледі.

      13. Балалар музыка мектептеріндегі, балалар көркемөнер мектептеріндегі және балалар өнер мектептеріндегі білім беру процесі "Білім туралы" Заңның 5-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгілік оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламалары бойынша жүргізіледі.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 08.04.2016 № 261 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Сабақ кестесін балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының әкімшілігі білім алушыларға қолайлы жағдай жасауды, олардың жас ерекшеліктерін, ата-аналарының қалауын ескеріп, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы кодексінің 144-бабының 6-тармағына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жасайды және бекітеді.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 08.04.2016 № 261 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Жастары қатар және әртүрлі жастағы балалар, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар қосымша білім беру ұйымдарында қызығушылықтары бойынша үйірмеге, клубқа, студияға, ансамбльге, топқа, театрға және басқа бірлестіктерге (бұдан әрі – бірлестіктер) біріктіріледі.

      Топтарға жинақтау балалардың ерікті түрдегі таңдауына негізделеді.

      16. Тұрақты және ауыспалы құрамымен білім алушылардың қызығушылықтары бойынша бірлестіктер құрылады.

      17. Қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын бірлестіктерде оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың негізгі нысаны бір тақырыптық бағыттағы немесе кешенді, кіріктірілген бағдарламалар бойынша сабақтар болып табылады. Сабақтар қосымша білімнің білім беру бағдарламаларының талаптарына қарай оқу жылы бойына немесе қысқа мерзімге ұйымдастырылады.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 08.04.2016 № 261 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Сабақтар қосымша білімнің білім беру бағдарламасына сәйкес топпен, жеке немесе бірлестіктің толық құрамымен жүргізіледі. Бірінші оқу жылында әрбір топтағы балалар саны 10-нан 15-ке дейін, екінші және келесі жылдары 8-ден 12-ге дейін, сынақ және зерттеу топтарында 6-дан 8-ге дейін болуы тиіс.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 08.04.2016 № 261 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту барысында топтың құрамы 6-10 адамды құрайды.

      20. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту барысында топтың құрамы 3-6 адамды құрайды.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 08.04.2016 № 261 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары білім алушылардың, оның ішінде инклюзивтік білім беруге жағдай жасау арқылы оқу-тәрбие жұмысын күнтізбелік барлық жыл бойы қамтамасыз етеді. Қыркүйектің 1-нен 14-не дейін бірлестіктерді іріктейді, сабақ 15 қыркүйектен басталады.

      Жазғы кезеңде бірлестіктер арнайы кесте бойынша білім алушылардың тұрақты немесе ауыспалы құрамымен жұмыс істейді.

      22. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары жазғы кезеңде өз базасында бейіндік лагерьлер, туристік қалашықтар мен базалар (қала сыртындағы немесе күндізгі), сондай-ақ балалардың тұрғылықты жерлерінде білім алушылардың тұрақты немесе ауыспалы құрамымен әртүрлі бірлестіктер құра алады. Бірлестік жұмысы концерттер, жорықтар мен саяхаттар, жарыстар, экспедициялар және басқа да түрде өткізіледі.

      22-1. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен балаларға арналған сауықтыру лагеріне "Білім туралы" Заңының 8-бабының 4-тармағына сәйкес әлеуметтік көмекке мұқтаж балалар санаты қабылданады.

      Ескерту. 2-тарау 22-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 16.05.2018 № 209 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Бірінші жылы оқытылатын топтардың сабақтарына аптасына 4 академиялық сағат, екінші және келесі жылдары – 6 академиялық сағат, сынақ және зерттеу топтарына – 8 академиялық сағат қарастырылады.

      Мектеп жасына дейінгі балалар үшін аптасына 2 академиялық сағаттан аспайтын 25-35 минут көлемінде сабақ жүргізіледі.

      24. Практикалық сабақтар (жорықтар, экспедициялар, саяхаттар, жарыстар, концерттік сапарлар) өткізу үшін сағаттар көлемі тәулігіне 8 сағат есебінде белгіленеді.

      25. Қызығушылықтары бойынша бірлестік жұмысына басшының келісімі болған жағдайда, балалармен бірге олардың ата-аналары (заңды өкілдері) негізгі құрамнан тыс қатыса алады.

      26. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары балалардың тұрғылықты жері бойынша басқа ұйымдарда балалар бірлестігін құра алады.

      Олардың арасындағы қатынастар шарт арқылы реттеледі.

      27. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары білім алушылардың дарынын және кәсіптік бағдарлануын дамыту мақсатында ғылыми, зерттеу ұйымдарымен бірлесіп жұмыс жүргізеді, заңнамаға сәйкес эксперименттік, ғылыми-зерттеу, шығармашылық жұмыстар жүргізу үшін олардың базасында білім алушылардың ғылыми бірлестіктерін, зертханаларын құрады.

      Эксперименттік және зерттеу топтары облыстық қосымша білім беру ұйымдарында да ашылады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 08.04.2016 № 261 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. Білім алушыларды әлеуметтік бейімдеу және білім беру үдерісін жандандыру мақсатында әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық, медициналық қызметтер құрылады.

      29. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары жеке дара, шарт және (немесе) басқа ұйымдармен бірлесе отырып, балалармен алғашқы кәсіптік дайындықты жүргізеді.

      30. Балалар музыка мектептерінде, балалар шығармашылық мектептерінде және өнер мектептерінде қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын игеру қорытынды мемлекеттік аттестаттаумен аяқталады.

      Оқытудың толық курсын аяқтаған және мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырған білім алушылар белгіленген үлгідегі мектепті бітіргендігі туралы куәлік алады.

      Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 08.04.2016 № 261 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      30-1. Балалар музыка мектептеріне, балалар көркемөнер мектептеріне, балалар өнер мектептеріне оқуға түсу үшін өнердің алуан түрлі салалары (музыка, бейнелеу өнері, хореография, театр) бойынша балалар қабілеттерінің даму деңгейін анықтау мақсатында әңгімелесу жүргізіледі.

      Ескерту. 2-тарау 30-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 04.06.2019 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      30-2. Оқытудың негізгі курсына дайындау мақсатында дайындық топтарындағы сабақтар:

      1) балалар музыка мектептерінде балалар өнер мектептерінің музыка бөлімдерінде, оқушылар сарайларының (үйлері, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары) музыка мектептерінде) сегіз жасқа дейінгі балалармен;

      2) балалар көркемөнер мектептерінде (балалар өнер мектептерінің, оқушылар сарайлары (үйлері, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары) көркемөнер бөлімдерінде) бес жастан он екі жасқа дейінгі балалармен;

      3) балалар өнер мектептерінің хореография және цирк өнері бөлімдерінде бес жастан сегіз жасқа дейінгі балалармен, театр өнері, кино өнері, фото өнер және басқаларында алты жастан он үш жасқа дейінгі балалармен жүргізіледі.

      Даярлық сыныбы ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің өтініші бойынша бір жылдан төрт жылға дейінгі оқытуды болжайды.

      Ескерту. 2-тарау 30-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 04.06.2019 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      30-3. Балалар музыка мектептерінде, балалар көркемөнер мектептерінде, балалар өнер мектептерінде, көркем-эстетикалық бағыттағы музыка мектептерінде, оқушылар сарайлары (үйлері, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары) оқу жылы 1 қыркүйектен басталады.

      Балалар музыка мектептерінің, балалар көркемөнер мектептерінің, балалар өнер мектептерінің, көркем-эстетикалық бағыттағы мектептердің, оқушылар сарайларындағы (үйлері, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары) музыка мектептерінің демалыс мерзімі мен ұзақтығы жалпы білім беретін мектептердегі демалыс мерзімдеріне сәйкес.

      Ескерту. 2-тарау 30-3-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 04.06.2019 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      30-4. Балалар музыка мектептерінде, балалар көркемөнер мектептерінде, өнер мектептерінде, көркем-эстетикалық бағыттағы мектептерде, оқушылар сарайларының (үйлері, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары) музыка мектептерінде оқыту жеке және топтық формада іске асырылады.

      Балалар музыка мектептеріндегі және өнер мектептерінің музыкалық бөлімшелерінде, көркем-эстетикалық бағыттағы мектептердегі, оқушылар сарайларының (үйлері, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары) музыка мектептеріндегі топтардағы білім алушылардың саны:

      1) даярлық – 8-10 адам;

      2) "Сольфеджио", "Музыка әдебиеті", "Ритмика" пәндерінде – 8-12 адам;

      3) "Ұжымдық музыка ойнау" пәндерінде: хорда – 12 адам, оркестрде және ұжымдық музыка ойнаудың басқа формаларында – 6-15 адам, ұжымдық музыка ойнаудың шағын топтық формаларында – 2-5 адам.

      Контингенті 100 адамнан құралған немесе екі тілде сабақ жүргізілетін балалар музыка мектептерінде, балалар көркемөнер мектептерінде, өнер мектептерінде, көркем-эстетикалық бағыттағы мектептерде, оқушылар сарайларының (үйлері, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары) музыка мектептерінде топтардың саны "Сольфеджио", "Музыка әдебиеті", "Ритмика" пәндері бойынша – 5-10 адам.

      Балалар музыка мектептерінде және өнер мектептеріндегі музыкалық бөлімдерде, көркем-эстетикалық бағыттағы мектептердегі оқушылар сарайларының (үйлері, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары) музыка мектептерінде топтардағы балалардың сандық құрамы – 8-15 адам.

      Балалар өнер мектептері мен көркем-эстетикалық бағыттағы мектептердің хореография бөлімдеріндегі топтардағы балалардың сандық құрамы – 8-20 адам.

      Ескерту. 2-тарау 30-4-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 04.06.2019 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      30-5. Білім алушыларды сыныптан сыныпқа ауыстыру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 29 желтоқсандағы № 543 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2012 жылғы 6 ақпандағы № 7409 болып тіркелген) бекітілген Балалар музыка мектептерінің, балалар көркемөнер мектептерінің және балалар өнер мектептерінің үлгілік оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламаларына сәйкес аттестаттаудың нәтижесінде іске асырылады.

      Ескерту. 2-тарау 30-5-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 04.06.2019 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      31. Қажетті оқу-материалдық базасы мен кадрлық әлеуеті бар балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары барлық үлгідегі білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың өндірістік практикасын жүзеге асырады.

      32. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруге, оқытудың жаңаша технологияларын енгізуге және әзірлеуге, педагогтер біліктілігін жетілдіруді қамтамасыз етуге бағытталған оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыстар жүзеге асырылады.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 07.04.2020 № 132 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      33. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары әдістемелік кеңес, әдістемелік шығармашылық бірлестік құрады. Олардың қызметі Жарғыда белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

      34. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары бұқаралық шараларды ұйымдастырады және өткізеді, балалардың, ата-аналардың бірлескен еңбегі мен демалысы үшін қажетті жағдай жасайды.

      35. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында саяси партиялардың және діни ұйымдардың (бірлестіктердің) ұйымдық құрылымдарын құруға және қызметіне жол берілмейді.

      36. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының педагогтік қызметіне арнайы педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша кәсіптік білімі бар адамдар жіберіледі.

      37. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының қызметкері мен әкімшілігінің өзара қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

      38. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары білім беру саласындағы уәкілетті органның, басқа ведомстволардың, қоғамдық ұйымдардың желісі бойынша "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіпте халықаралық қызметтерге қатыса алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады