Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе) ірі қатысушы белгілеріне ие тұлғаға, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 183 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 11 қыркүйекте № 8699 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 252 қаулысымен

      Ескерту. Қаулының күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 252 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе) ірі қатысушы белгілеріне ие тұлғаға, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. Мынадай нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп танылсын:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе) ірі қатысушы белгілерін иеленуші тұлғаға, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның ірі қатысушысына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидаларын бекіту туралы" 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 167 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7736 тіркелген, 2012 жылғы 23 тамызда "Егемен Қазақстан" газетінде № 540-545 (27618) жарияланған);

      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" 2013 жылғы 29 наурыздағы № 79 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8457 тіркелген, 2013 жылғы 2 шілдеде "Заң газеті" газетінде № 96 (2297) жарияланған) 2-тармағы.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Г. Марченко


  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2013 жылғы 26 шілдедегі
№ 183 қаулысымен
бекітілген

Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе)
ірі қатысушы белгілеріне ие тұлғаға, инвестициялық портфельді
басқарушының ірі қатысушысына шектеулі ықпал ету шараларын
қолдану қағидалары

      Осы Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе) ірі қатысушы белгілеріне ие тұлғаға, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына және ірі қатысушы белгілеріне ие тұлғаға (бұдан әрі – инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы) шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібін белгілейді.

      Қағидаларда белгілеген шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару қызметін жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысына қолданылмайды (ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры).

1. Жалпы ережелер

      1. Уәкілетті орган пруденциалдық нормативтерді және (немесе) бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің орындауы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді бұзушылықтарды, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды анықтаған, бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерін немесе әрекетсіздігін, сондай-ақ уәкілетті органның Заңда көзделген өзге талаптарын орындамауды анықтаған жағдайларда, уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісіне шектеулі ықпал ету шарасын қолданады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шарасын мынадай факторлардың бірін немесе бірнешеуін ескере отырып қолданады:

      1) тәуекел деңгейі.

      Қағидалардың мақсаттары үшін тәуекел ретінде бағалы қағаздар нарығы субъектісінің қызметін жүзеге асыруы кезінде азаматтық, қаржылық заңнамалар (бұдан әрі – Қазақстан Республикасының заңнамасы) саласында белгіленген талаптарды орындамауы және (немесе) толық орындамауы нәтижесінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылық, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтіру түріндегі жағымсыз салдардың туындау, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы субъектісінің қаржылық жағдайының нашарлау ықтималдығы түсініледі;

      2) таңдалған ықпал ету шарасын қолдану нәтижесінде жағдайды түзету қабілеті;

      3) бағалы қағаздар нарығының субъектісі үшін бұзушылық сипаты мен ықтимал салдары;

      4) бұзушылықтың жиілігі мен ұзақтығы;

      5) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің басшы қызметкерлерінің жол берілген бұзушылық туралы хабардар болуы;

      6) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің жалпы қаржылық жағдайы.

      Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің жалпы қаржылық жағдайы есептілік деректерінің, тексеру материалдарының, аудиторлық есептердің, тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйелерінің болуы жөніндегі талаптар орындалуының, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы субъектісінің қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда қаржылық қолдау алу мақсатында бағалы қағаздар нарығының субъектісі басшылығының акционерлермен өзара іс-әрекет жасау нәтижелерінің негізінде айқындалады.

      3. Уәкілетті орган шектеулі ықпал ету шаралары ретінде мынадай шектеулі шараларды қолданады:

      1) орындалуға міндетті жазбаша нұсқама береді;

      2) жазбаша ескерту шығарады;

      3) бағалы қағаздар нарығының субъектісімен міндетті түрде қол қойылуға тиіс жазбаша келісім жасайды;

      4) инвестициялық комитет құрамындағы инвестициялық комитет мүшелерін міндеттерін орындаудан шеттетеді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Уәкілетті орган инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушыларына қатысты, егер көрсетілген тұлғалардың, инвестициялық портфельді басқарушының заңды тұлғалар болып табылатын ірі қатысушыларының лауазымды тұлғаларының және (немесе) қызметкерлерінің бұзушылықтары, заңсыз іс-әрекеті (әрекетсіздігі) инвестициялық портфельді басқарушының қаржылық жағдайын нашарлатқанын анықтаса, Қағидалардың 3-тармағының 1) және 4) тармақшаларында келтірілген шараларды қолданады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Қағидалардың мақсаттары үшін нәтижесінде инвестициялық портфельді басқарушы меншікті капитал жеткіліктілігінің пруденциалдық нормативтерін бұзушылыққа жол берген іс-әрекеттер, сондай-ақ егер көрсетілген іс-әрекеттер Заңның 3-2-бабында санамаланған, инвестициялық портфельді басқарушының қаржылық жағдайының әсер ететін факторлардың туындауына себеп болса, Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген, инвестициялық портфельді басқарушының қаржылық жағдайын нашарлатқан тұлғалардың бұзушылықтары, заңсыз іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі ретінде түсініледі.

      6. Уәкілетті орган қолданылған шектеулі ықпал ету шараларын есепке алуды жүргізеді.

2. Жазбаша нұсқама түріндегі шектеулі ықпал ету шарасын
қолдану тәртібі

      7. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына анықталған бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ оларды жасауға ықпал еткен талаптарды белгіленген мерзімде жоюға және (немесе) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) заңды тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының түзету шараларын қабылдауға жауапты лауазымды тұлғасын көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды және (немесе) себептерді, сондай-ақ оларды жасауға ықпал еткен талаптарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын белгіленген мерзімде ұсыну қажеттілігіне бағытталған орындалуға міндетті түзету шараларын қабылдау туралы жазбаша нұсқама шығарады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Түзету шаралары жазбаша нұсқамада көрсетіледі және клиенттердің алдындағы міндеттемелерді орындау және анықталған кемшіліктерді жою бойынша орындалуға міндетті шараларды білдіреді.

      9. Жазбаша нұсқама:

      бағалы қағаздар нарығы субъектісінің бірінші басшысына немесе оның орнындағы адамға;

      заңды тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының бірінші басшысына немесе оның орнындағы адамға;

      жеке тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына жіберіледі.

3. Жазбаша ескерту түріндегі шектеулі ықпал ету шарасын қолдану тәртібі

      Ескерту. 3-тарау жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Уәкілетті орган осы ескерту шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде жазбаша ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын қайталап бұзуды анықтаған жағдайда уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісіне не оның басшы қызметкеріне (қызметкерлеріне) қатысты Заңның 3-1-бабында көзделген санкцияларды қолдану мүмкіндігі туралы жазбаша ескерту шығарады.

      11. Жазбаша ескерту бағалы қағаздар нарығы субъектісінің бірінші басшысына немесе оның орнындағы тұлғаға және (немесе) ірі қатысушысының белгілеріне ие тұлғаға, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына жіберіледі.

      12. Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің бірінші басшысы немесе оның орнындағы тұлға жазбаша ескерту алған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде бағалы қағаздар нарығы субъектісінің атқарушы органының және басқару органының барлық мүшелеріне жазбаша ескерту шығарылғаны туралы хабарлайды.

4. Инвестициялық комитет құрамындағы инвестициялық комитет
мүшелерін міндеттерін орындаудан шеттету түріндегі шектеулі
ықпал ету шарасын қолдану тәртібі

      13. Заңның 72-бабында белгіленген жағдайларда уәкілетті орган инвестициялық комитет мүшелерінің міндеттерін орындаудан инвестициялық комитет мүшелерін шеттетеді.

      14. Заңның 72-бабы 8-тармағының екінші бөлігіне сәйкес уәкілетті органның тұлғаны не тұлғаларды инвестициялық комитет мүшелерінің міндеттерін орындаудан шеттету туралы хабарламасы бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының атқарушы органына жіберіледі, ол мұны уәкілетті органның хабарламасын алған күннен кейінгі күннен кешіктірмей уәкілетті орган инвестициялық комитет мүшелерінің міндеттерін орындаудан шеттеткен тұлғаларға жібереді.

      15. Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының атқарушы органы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген уәкілетті органның хабарламасын алған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органға растайтын құжаттарды қоса бере отырып, Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген шектеулі ықпал ету шарасы қолданылған тұлғаның не тұлғалардың инвестициялық комитет құрамынан шығарылғаны туралы ақпаратты жазбаша түрде жібереді.

      16. Заңның 72-бабының 9-тармағына сәйкес уәкілетті органның Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген хабарламасы инвестициялық комитеттің мүшесіне жіберілген күннен бастап осы тұлға инвестициялық комитеттің жұмысына қатыспайды және уәкілетті орган инвестициялық комитет мүшесінің міндеттерін орындаудан шеттету туралы шешім қабылдағаннан кейінгі үш жыл ішінде бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы инвестициялық комитетінің құрамына сайланбайды.

5. Міндеттеме-хат талап ету түріндегі шектеулі
ықпал ету шарасын қолдану тәртібі

      Ескерту. 5-тарау алып тасталды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

6. Жазбаша келісім жасау түріндегі шектеулі
ықпал ету шарасын қолдану тәртібі

      20. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісімен және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысымен анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін және (немесе) бағалы қағаздар нарығының субъектісі өзіне қабылдайтын анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін шектеулер тізбесін көрсете отырып оларды жою қажеттілігі және осы бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралардың тізбесін бекіту туралы жазбаша келісім жасайды.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      21. Жазбаша келісімде бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) заңды тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының басқару органы және (немесе) атқарушы органы және (немесе) жеке тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы бірінші кезектегі шаралар ретінде қабылдайтын бұзушылықтарды жою бойынша іс-әрекеттер және олардың орындалу мерзімдері көрсетіледі.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      22. Бірінші кезектегі шараларды бекіту кезінде сондай-ақ жазбаша келісімге мыналарға:

      1) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының тәуекелдерін төмендетуге;

      2) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының қаржылық жағдайының нашарлауына әкеп соқтыратын іс-әрекеттер жасамау, сондай-ақ көрсетілген тұлғалардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын және (немесе) уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шараларын қайталап бұзушылық жасамау бойынша бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының міндеттемесін белгілеуге бағытталған талаптар енгізіледі.

      23. Жазбаша келісімге қол қойған тұлға (тұлғалар) өзіне оның талаптарын орындау міндеттемелерін алады.

      24. Жазбаша келісім заңды күші бірдей, мемлекеттік тілде және орыс тілінде екі данадан төрт дана етіп жасалады.

      Уәкілетті орган қол қойған жазбаша келісімнің төрт данасы ілеспе хатпен бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының атына жіберіледі.

      Бағалы қағаздар нарығының субъектісі және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы жазбаша келісімге қол қояды және оны алған күннен кейін бес жұмыс күн ішінде уәкілетті органға қол қойылған екі данасын (бір-бір данадан мемлекеттік тілде және орыс тілінде) ұсынады.

7. Қорытынды ережелер

      25. Инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы уәкілетті органның өзіне қатысты шектеулі ықпал ету шарасын қолданғаны туралы хабарламасын алған күннен кейін күнтізбелік бес күн ішінде инвестициялық портфельді басқарушының атқарушы органы мен басқару органының барлық мүшелерін, сондай-ақ осы инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық портфельді басқарушысының қалған ірі қатысушыларын хабардар етеді.

      Инвестициялық портфельді басқарушы осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде өзінің барлық ірі қатысушыларын және ірі қатысушылар белгілеріне ие тұлғаларды өзіне қатысты шектеулі ықпал ету шарасының қолданылғаны туралы хабардар етеді.

      26. Бағалы қағаздар нарығының субъектісі және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы уәкілетті органды осы шектеулі ықпал ету шарасымен белгіленген мерзімде шектеулі ықпал ету шарасының орындалғаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.

      27. Егер уәкілетті орган қолданған шектеулі ықпал ету шарасында жоспарланған іс-шаралардың тізбесін ұсыну көзделген болса, бағалы қағаздар нарығының субъектісі және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы уәкілетті органның шектеулі ықпал ету шарасын қолдану туралы хабарламасында көрсетілген және күнтізбелік он бес күннен кем болмайтын мерзімде уәкілетті органға жоспарланған іс-шаралардың орындалу мерзімдерін және түзету шараларын қабылдауға жауапты лауазымды тұлғаларды көрсете отырып, пруденциалдық нормативтердің және (немесе) бағалы қағаздар нарығы субъектісінің орындауы міндетті басқа да нормалар мен лимиттердің анықталған бұзушылықтарын, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды, бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің анықталған заңсыз әрекеттерін немесе әрекетсіздігін, сондай-ақ уәкілетті органның Заңда көзделген орындалмаған өзге де талаптарды жою бойынша жоспарланған іс-шаралардың тізбесін ұсынады.

      Бағалы қағаздар нарығының субъектісі және (немесе) заңды тұлға болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы ұсынатын жоспарланған іс-шаралардың тізбесін бағалы қағаздар нарығы субъектісінің басқару органы және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы (бар болса) бекітуге тиіс.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.12.2015 № 250 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      28. Уәкілетті орган ұсынылған жоспарланған іс-шаралар тізбесін қарайды.

      Уәкілетті орган жоспарланған іс-шаралар тізбесімен келіспеген жағдайда жоспарланған іс-шаралар тізбесіне ескертулері бар хат жібереді, оларды бағалы қағаздар нарығының субъектісі және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы жояды. Түзетілген жоспарланған іс-шаралар тізбесі уәкілетті органның хаты алынған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органға ұсынылады.

      29. Уәкілетті органға жоспарланған іс-шаралар тізбесі ұсынылған жағдайда, бағалы қағаздар нарығының субъектісі және (немесе) инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы уәкілетті органды жоспарланған іс-шаралардың орындалуы туралы олардың орындалуы жоспарланған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады