РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларына сәйкес, Сандықтау аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Қоса берілген Сандықтау ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы бекітілсін.
2. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихат сессиясының төрағасы аудандық мәслихаттың хатшысы |
С.Клюшников |
"КЕЛІСІЛДІ"
Сандықтау ауданының әкімі |
Е.Сағдиев |
Сандықтау аудандық мәслихатының 2013 жылғы 29 қазандағы № 19/2 шешімімен бекітілген |
Сандықтау ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы
1. Осы Сандықтау ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6 бабының 2-3 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік қағидаларына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді.1. Жалпы ережелер
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Сандықтау ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) ең төмен күнкөріс деңгейі – Ақмола облысының статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбiр мүшесiне келетін үлесi;
6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
7) уәкілетті орган – "Сандықтау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
8) уәкілетті ұйым – "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы" Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Ақмола облыстық филиалының Сандықтау аудандық бөлімшесі;
9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Сандықтау ауданының селолық округтер әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
10) шекті шама - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
3. Осы Қағидалар Сандықтау ауданының аумағында тұрақты тұратын тұлғаларға таралады.
4. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде уәкілетті орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
5. "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабында және "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
6. Әлеуметтік көмек екінші деңгейдегі банктер немесе тиісті банктік операциялар жасауға лицензиялары бар ұйымдар ақшалай түрде, алушының есеп шоттарына аудару арқылы ұсынылады.
7. Әлеуметтік көмек бір рет көрсетіледі.
8. Әлеуметтік көмек көрсетілетін атаулы және мереке күндерінің тізбесі:
1) 9 мамыр - Жеңіс Күні;
2) 1 қазан - Қарттар күні;
3) қазанның екінші жексенбісі - Қазақстан Республикасының мүгедектер күні.
2. Санаттар тізбесі және әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері
9. Әлеуметтік көмек азаматтардың келесі санаттарына беріледі:Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға;
соғыс қатысушыларына жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген басқа тұлғалардың санаттарына;
ең төмен зейнетақыны және жасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алатын қарт адамдарға;
барлық санаттағы мүгедектерге;
онкологиялық ауруларға;
туберкулез ауруларына;
табиғи апат немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға);
аз қамтылған азаматтарға (отбасыларға), көп балалы отбасыларға;
18-жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбиелеп отырған тұлғаларға;
аз қамтылған отбасылардан және халықтың әлеуметтік-әлсіз қабатынан шыққан студенттерге.
Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіз болады:
1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен көзделген негіздемелер;
2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
3) жергілікті өкілді орган ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 11.11.2015 № 37/4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
10. Әлеуметтік көмек көрсетіледі:
1) 9 мамыр - Жеңіс Күніне:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне;
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға;
соғыс қатысушыларына жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген басқа тұлғалардың санаттарына;
2) Қарттар күніне:
ең төмен зейнетақыны және жасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алатын қарт адамдарға;
3) Қазақстан Республикасының мүгедектер күніне:
барлық санаттағы мүгедектерге.
11. Әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдай туындаған кезде жылына бір рет келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) азаматтарға (отбасыларға) өмірлік қиын жағдай туындаған кезде, азаматтың (отбасының) кірісіне байланыссыз өтініш бойынша:
ауру тарихының көшірмесі негізінде онкологиялық аурулармен ауыратындарға, операциядан кейін емделуіне, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
ауыруын растайтын анықтама негізінде, туберкулезбен ауыратындарға, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен отбасыларға (азаматтарға), табиғи зілзаланы растайтын құжат негізінде (Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің Ақмола облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің Сандықтау ауданының төтенше жағдайлар бойынша бөлімінің анықтамасы), табиғи зілзала немесе өрт болған уақыттан бастап жыл ағымында, 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
ауылдық елді мекендерде тұратын аз қамтылған және көп балалы отбасылардың колледждерде ақы төлеу негізінде күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттерге оқуын төлеуге білім беру мекемесімен жасасқан келісім шарттың нотариалды куәландырылған көшірмесі, оқу орнынан берілген анықтаманың және көп балалы отбасы санатын растайтын анықтаманың немесе өтініш берушінің (отбасының) атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жататынын растайтын анықтама негізінде жылдық құны мөлшерінде;
жылдық оқу құнының мөлшеріндегі, Сандықтау ауданында жұмыс істеуін ескеріп Қазақстан Республикасының жоғары медициналық оқу орындарының күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын аз қамтылған отбасыларынан халықтың әлеуметтік-әлсіз қабатынан шыққан студенттерге. Төлем аз қамтылған отбасылары санатын растайтын анықтаманың немесе өтініш берушінің (отбасының) халықтың әлеуметтік-әлсіз қабатына жататынын растайтын анықтаманың, оқу орнынан берілген анықтаманың, оқу орнымен жасасқан шарттың көшірмесінің және аудан әкімдігі, студент және жұмыс беруші арасындағы шарт көшірмесі негізінде жүргізіледі.
2) осы уақытта белгіленген күнкөріс деңгейінен төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар азаматтарға (отбасыларға) қиын өмірлік жағдай басталған жағдайда, медициналық операция жасауға отбасының әрбір мүшесіне медициналық мекеме жолдамасының көшірмесі негізінде, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
Ескерту. 11-тармаққа өзгерістер енгізілді - Ақмола облысы Сандықтау аудандық мәслихатының 15.05.2015 № 32/2 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.11.2015 № 37/4 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.
3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі
12. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның ұсынымы бойынша Сандықтау ауданының әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
1) жеке басын куәландыратын құжатты;
2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
3) Үлгілік қағидалардың 1 қосымшасына сәйкес отбасының құрамы туралы мәліметтерді;
4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауыл, ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларының 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.
Ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.
17. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
18. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
20. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
21. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Осы Қағидалардың 17 және 18 тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
22. Уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда - негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
23. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.
24. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
25. Әлеуметтік көмекті ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Сандықтау ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер
26. Әлеуметтік көмек:1) алушы қайтыс болған;
2) Сандықтау ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
27. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтарылуға жатады.