Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 2013 жылғы 21 қарашадағы № 143 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 12 желтоқсанда № 4340 болып тіркелді. Күші жойылды - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 2015 жылғы 24 маусымдағы № 317 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 24.06.2015 № 317 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес Қостанай аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қоса беріліп отырған қағидалары бекітілсін.
      2. Күші жойылды деп танылсын:
      мәслихаттың 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 71 "Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3986 тіркелген, 2013 жылғы 18 қаңтарда "Арна" газетінде жарияланған);
      мәслихаттың 2013 жылғы 4 наурыздағы № 94 "Мәслихаттың 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 71 "Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4073 тіркелген, 2013 жылғы 5 сәуірде "Арна" газетінде жарияланған).
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай аудандық мәслихатының
      кезектен тыс сессиясының төрағасы          В. Семейкин

      Қостанай аудандық мәслихаты
      хатшысының міндетін атқарушы               А. Аксаутова

      КЕЛІСІЛДІ:

      Қостанай ауданы әкімдігінің
      "Жұмыспен қамту және әлеуметтік
      бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік
      мекемесінің басшысы
      _____________________ В. Панин

      Қостанай ауданы әкімдігінің
      "Экономика және қаржы бөлімі"
      мемлекеттік мекемесінің басшысы
      _____________________ З. Кенжегарина

Мәслихаттың       
2013 жылғы 21 қарашадағы  
№ 143 шешімімен бекітілген 

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін
белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген
санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) арнайы комиссия - өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
      2) атаулы күндер - жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
      3) ең төменгі күнкөріс деңгейі - облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
      4) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы - отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
      6) өмірлік қиын жағдай - азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
      7) уәкілетті орган - жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), қаладағы ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;
      8) уәкілетті ұйым - "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
      9) учаскелік комиссия - әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
      10) шекті шама - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
      4. Жеңіс күні - 9 мамыр мереке күні болып табылады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін
айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.
      6. Ай сайынғы әлеуметтік көмек табыстарын есепке алмай:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, тұрмыстық қажеттіліктерге, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      2) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген адамдарға, соғысқа қатысушыларға жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген адамдардың басқа да санаттарына, тұрмыстық қажеттіліктерге, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 20.05.2014 № 208 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      7. Өмірлік қиын жағдайға тап болған келесі азаматтарға, сондай-ақ мереке күніне орай азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы әлеуметтік көмек:
      1) барлық санаттағы мүгедектерге, жедел емделуге, табыстарын есепке алмай, 50 айлық есептік көрсеткіштен көп емес мөлшерде;
      2) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға, қосымша тамақтануға, табыстарын есепке алмай, 15 айлық есептік көрсеткіштен көп емес мөлшерде;
      3) білім беру гранттарының иелері болып табылатын адамдарды, білім беру ұйымдарында оқуды төлеуге бағытталған, мемлекеттік бюджеттен өзге төлем түрлерін алушыларды есептемегенде, өтініш жасаудың алдындағы соңғы он екі айда жан басына шаққандағы орташа табысы Қостанай облысы бойынша белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен (бұдан әрі – ең төменгі күнкөріс деңгейі) төмен табыстары бар отбасылардың жастарына, сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқуды жалғастыратын, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын жастарға табыстарын есепке алмай, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімді алуға байланысты, оқу жылы ішінде екі бөлікпен аударылатын шығындарын өтеуге, 450 айлық есептік көрсеткіштен көп емес мөлшерде;
      4) өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына, қайтыс болған күні уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркелген, қайтыс болған туыстарын, жұбайларын жерлеуге, сондай-ақ табысы аз отбасылардың адамдарына кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      5) өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттіліктерге, 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
      6) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына), табыстарын есепке алмай, 30 айлық есептік көрсеткіштен көп емес мөлшерде;
      7) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 150 000 теңге мөлшерінде;
      8) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген адамдарға, соғыс қатысушыларына жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғалардың басқа санаттарына, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс iстеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 24.12.2014 № 263 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      8. Азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
      3) жергілікті өкілді органдар ең төменгі күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.
      Жан басына шаққандағы орташа табыстың шегі Қостанай облысы бойынша белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселік мөлшерінде.
      9. Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетілген оқиғалар туындаған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей көрсетіледі.
      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      11. Мереке күніне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
      12. Осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген адамдар ай сайынғы әлеуметтік көмекті алу үшін өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) әлеуметтік мәртебені растайтын құжатты;
      3) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты ұсынады.
      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
      3) Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
      4) осы Қағидалардың 7-тармағының 3)4)5) тармақшаларында көрсетілген, адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты.
      14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 23-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.
      Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.
      17. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
      18. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
      19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық топтамасын арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
      20. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
      21. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылдаған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету туралы не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Осы Қағидалардың 17 және 18-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      22. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда - негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
      23. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.
      24. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
      25. Әлеуметтік көмекті төлеу уәкілетті органмен әлеуметтік көмекті алушының банктік шотына екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің лицензиясы бар ұйымдар арқылы ақшалай қаражаттарды аудару жолымен жүзеге асырылады.
      26. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Қостанай ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату
және қайтару үшін негіздемелер

      27. Әлеуметтік көмек:
      1) алушы қайтыс болған;
      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
      28. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      29. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады