Сайлау құжаттарын сақтау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 2014 жылғы 17 шілдедегі 11/236 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 6 тамызда № 9686 тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 12-бабы 6) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 11 қарашадағы № 3205 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы туралы ереженің 15-тармағы 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Сайлау құжаттарын сақтау қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. "Сайлау құжаттарын сақтау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2013 жылғы 25 маусымдағы № 13/210 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8524 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" 2.07.2013 ж. № 161 (28100) қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      3. Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары осы қаулыны төмен тұрған сайлау комиссияларының назарына жеткізсін.

      4. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Төраға

Қ. Тұрғанқұлов

Хатшы



  Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
2014 жылғы 17 шілдедегі
№ 11/236 қаулысымен
бекітілген

Сайлау құжаттарын сақтау қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 22.06.2021 № 4/408 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында мынадай құжаттар сақталуға және кейіннен Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне тапсырылуға тиіс:

      Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулылары, отырыстарының хаттамалары және оларға қосымшалар;

      Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты ұсыну туралы республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырыстарының хаттамаларынан үзінділер;

      Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның шешімдері;

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсыну туралы саяси партиялардың жоғары органдарының хаттамаларынан үзінділер;

      облыстық (республикалық маңызы бар қалалар және астана) сайлау комиссияларының Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау бойынша дауыстарды санау туралы хаттамалары және оларға қосымшалар;

      облыстық (республикалық маңызы бар қалалар және астана), округтік сайлау комиссияларының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыстарды санау туралы хаттамалары және оларға қосымшалар;

      Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштері.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.12.2022 № 132/627 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      2. Аумақтық және округтік сайлау комиссиялары бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындылары туралы хабар жарияланғаннан кейін тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, қалалардың және аудандардың мемлекеттік архивтеріне мынадай құжаттарды:

      аумақтық, округтік сайлау комиссияларының хаттамаларын және оларға қосымшаларды;

      облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, қалалық, аудандық мәслихаттар сессияларының Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну туралы отырыстарының хаттамаларынан үзінділерді;

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі таңдаушылардың бірлескен отырысын өткізу хаттамаларын және оларға қосымшаларды;

      бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсыну жөніндегі саяси партияның, қоғамдық бірлестіктің хаттамасынан үзінді көшірмелерді, саяси партиялардың, құрылымдық бөлімшелердің (филиалы мен өкілдігінің) құрылымдық бөлімшесінің жарғысынан үзінді көшірмелерді;

      мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсыну туралы саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органының хаттамасынан үзінді көшірмелерді;

      мәслихаттар депутаттарын сайлау нәтижелері туралы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларын;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдігіне кандидатты (бұдан әрі – әкімдікке кандидат) ұсыну туралы саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органының хаттамасынан үзінді көшірмелерді;

      мәслихаттардың депутаттарын, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін (бұдан әрі - әкімдер) сайлау жөніндегі сақтауға жатпайтын сайлау құжаттарын жоюға бөліп шығару туралы актілерді (бұдан әрі - акт) осы Қағидаларға қосымшаға сай нысан бойынша;

      жоғары тұрған әкімнің азаматты әкімдікке кандидат етіп ұсыну туралы ұсынысын;

      аумақтық сайлау комиссияларының әкімдерді сайлау нәтижелері туралы хаттамаларын;

      сайланған әкімді тіркеу туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының шешімдерін;

      аумақтық сайлау комиссияларына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін сақтауға тапсырады;

      округтік сайлау комиссияларының құжаттарын тиісті аумақтық сайлау комиссияларына беріледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.12.2022 № 132/627 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      3. Әскери бөлімдерде құрылған учаскелік сайлау комиссияларының құжаттары әскери бөлімдердің істерінде сақталады.

      4. Сайлау алдындағы үгітті қамтитын теле- және радиобағдарламалардың (хабарлардың) бейне- және дыбысжазбалары құпия ақпарат құқығы негізінде тиісті бұқаралық ақпарат құралдарының редакцияларында сақталады және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы не Қазақстан Республикасының тиісті аумақтық комиссиялары сайлау қорытындыларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялағаннан кейін тиісті облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың), қалалардың, аудандардың мемлекеттік мұрағаттарына сақтауға жіберіледі.

      5. Белгіленген мерзім өткеннен кейін сақтауға жатпайтын құжаттар осы Қағидаларға қосымшаға сай нысан бойынша жойылады.

      6. Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерді мөрленген күйінде, оның ішінде жекелеген жойылған бюллетеньдерді, жойылған есептен шығару куәліктерін, сондай-ақ сайлаушылардың (таңдаушылардың) тізімдері мен оларға қатысты құжаттарды облыстық (республикалық маңызы бар қалалар және астана) сайлау комиссиялары Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына тапсырады, онда құпия ақпарат құқығы негізінде сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейінгі бір ай бойы сақталады, ал кейіннен жойылады.

      Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап қол қою парақтары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидатты қолдап таңдаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парақтары, әкім лауазымына кандидатты қолдауға арналған қол қою парақтары Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына, әкімдеріне кандидат тіркелген күннен кейінгі он жұмыс күні бойы сақталады, ал кейіннен сайлау комиссиясы жояды.

      Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутатын, мәслихат депутатын кері шақырып алу үшін азаматтардың қолдарын жинауға арналған қол қою парақтары бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу бойынша дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылданғаннан кейін он жұмыс күні ішінде сақталады, содан кейін сайлау комиссиясы жояды.

      Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутатын, мәслихат депутатын кері шақырып алу үшін азаматтардың қолдарын жинауға арналған сайлау комиссиясы жарамсыз деп таныған қол қою парақтары жарамсыз деп тану туралы шешім қабылданғаннан кейін он жұмыс күні бойы сақталады, содан кейін жойылады. Бұл ретте кері шығарып алу бастамашысы бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты кері шақырып алу үшін оған берілген қол қою парақтарын кері қайтармаған жағдайда сайлау комиссиясы тиісті акт жасайды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.12.2022 № 132/627 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      7. Мәслихаттардың депутаттарын, әкімдерді сайлау жөніндегі жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер мөрленген күйінде, соның ішінде жекелеген жойылған бюллетеньдер, сондай-ақ сайлаушылардың (таңдаушылардың) тізімдері мен оларға қатысты құжаттарды сайлау қорытындылары анықталып, жарияланғаннан кейін тиісті аумақтық сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдарға аумақтық сайлау комиссиясының орналасқан жері бойынша тапсырады, онда құпия ақпарат құқығы негізінде сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейінгі бір ай бойы сақталады, ал кейіннен жойылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.12.2022 № 132/627 (01.01.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      8. Жою жағу, балқыту, мөлшері 2,5 шаршы сантиметрден аспайтын бөлшектерге майдалау, ұнтақтау, еріту немесе химиялық шіріту, қалыпсыз жиынтыққа немесе ұнтаққа айналдыру жолымен жүргізіледі.

      9. Бөгде адамдарды жойылған құжаттармен таныстыруға, олардың мазмұнын қалпына келтіруге мүмкіндік беретіндей етіп, толық жоймауға болмайды.

  Сайлау құжаттарын сақтау
қағидаларына қосымша
  нысан

Атауы
АКТ ___ № ______
жасалған орны

Бекітемін
__________________________
(атауы) сайлау комиссиясының
төрағасы
Қолы Қолының
Күні толық жазылуы

Сақтауға жатпайтын сайлау құжаттарын жоюға бөліп шығару туралы

Р/б №

Істің тақырыбы немесе істердің топтық тақырыбы

Істің күні немесе істердің соңғы күндері

Істің тізімдеме бойынша №

Істердің (томдардың, бөліктердің) саны

Істің (томның, бөліктің) сақталу мерзімдері және Тізбе бойынша тармақтарының (тармақшаларының) нөмірлері

Ескертпе

      ______ жылғы _______ істер мен құжаттардың барлығы

      ____________________________

      (цифрлармен және сандармен)

      Күні            Қолы            Қолының толық жазылуы

      Құжаттар саны ______ іс, салмағы ______ кг, _____ № _________________

      қабылдау-тапсыру құжаты бойынша қайта өңдеуге ________ тапсырылды.

      Құжаттарды тапсырған ұйым қызметкері

      лауазымының атауы

      Күні            Қолы            Қолының толық жазылуы

      Қолжеткізілімі шектеулі, құпия ақпарат құқығы негізінде сақталған құжаттарды жағу кезінде __________________ қатысты.

      Сайлау комиссиясы

      өкілінің лауазымы            Қолы            Қолының толық жазылуы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады