Сайлау құжаттарын сақтау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2013 жылғы 25 маусымдағы № 13/210 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 27 маусымда 8524 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 2014 жылғы 17 шілдедегі № 11/236 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 17.07.2014 № 11/236 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 12-бабы 6) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 11 қарашадағы № 3205 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы туралы ереженің 15-тармағы 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Сайлау құжаттарын сақтау қағидалары осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кейбір қаулыларының күші жойылды деп танылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы аппаратының персоналды басқару бөлімі осы қаулыны облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатына жіберсін.
      4. Аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссиялары өз қызметі барысында әзірленетін құжаттардың сақталуын, есепке алынуын, өңделу сапасын және пайдаланылуын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына, Қазақстан Республикасының тиісті сайлау комиссияларына, мемлекеттік мұрағаттарға жіберілуін және белгіленген мерзімдерде жойылуын қамтамасыз етсін.
      5. Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары осы қаулыны төмен тұрған сайлау комиссияларының назарына жеткізсін.
      6. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға                                     Қ. Тұрғанқұлов

      Хатшы                                      Б. Мелдешов

Қазақстан Республикасы     
      Орталық сайлау комиссиясының  
      2013 жылғы 25 маусымдағы № 13/210
      қаулысына 1-қосымша     

Сайлау құжаттарын сақтау қағидалары

      1. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында мынадай құжаттар сақталуға және кейіннен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттiк мұрағатына тапсырылуға тиіс:
      бекітілген іс номенклатурасына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулылары, отырыстарының хаттамалары, оларға қосымшалар және басқа да құжаттар;
      Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты ұсыну туралы республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы отырыстарының хаттамаларынан үзінділер, оларға қоса осы қоғамдық бірлестіктің Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаттың көшірмелері;
      Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде дауысқа түсуге келісімі туралы өтініштері;
      Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде дауысқа түсуге ниеті туралы өтініштері;
      Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың өмірбаян деректері;
      Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның шешімдері;
      Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттығына кандидаттардың партиялық тiзiмiн ұсыну туралы саяси партиялардың жоғарғы органдарының хаттамаларынан үзінділер, оларға қоса Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігiнде саяси партиялардың тiркелгені туралы құжаттардың, сондай-ақ олардың республикалық мәртебесiн растайтын құжаттардың көшірмелері;
      Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттары болып сайлану үшін партиялық тiзiмге енгiзiлуге келiсiмi туралы Қазақстан Республикасы азаматтарының өтiнiштерi;
      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі хаттамаларының көшірмелері;
      Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде дауысқа түсуге келісімі туралы өтініштері;
      Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап жинаған қолдарының дұрыстығын тексеру нәтижелері туралы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары;
      Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың сайлау жарналарын енгізгенін растайтын құжаттар;
      Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы және мүлкі туралы декларацияны тапсырғанын растайтын құжаттар;
      партиялық тізімге енгізілген әрбір адамның өмірбаян деректері;
      Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынған әрбір адамның өмірбаян деректері;
      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы және мүлкі туралы декларацияны тапсырғанын растайтын құжаттар;
      Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттары болып сайлану үшін партиялық тiзiмге енгізiлген әрбір адам үшiн саяси партиялардың сайлау жарнасын енгізгенiн растайтын құжаттар;
      Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидаттарды тiркеу туралы облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар және астана) сайлау комиссияларының хаттамалары және оларға қосымшалар;
      облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) сайлау комиссияларының Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттарын, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлаудағы дауыстарды санау туралы хаттамалары және оларға қосымшалар;
      облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) сайлау комиссияларының партиялық тiзiмдер бойынша дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамалары;
      Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентiнің депутаттығына кандидаттардың және саяси партиялардың сайлау қоры қаражатын пайдаланғаны туралы есептері;
      Қазақстан Республикасының Президентін, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, мәслихаттарының депутаттарын сайлауға әзiрлiкке және оны өткiзуге бөлiнген республикалық бюджеттiң қаражатын жұмсау туралы қаржылық есептіліктер;
      Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенті депутатының мәртебесімен сыйыспайтын өз міндеттерін доғару туралы өтініштері;
      Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламалары, плакаттары, парақшалары, ұрандары және өзге де үгіттік баспа материалдары, сондай-ақ сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің құжаттарын тіркеу үшін қажетті көшірмелер;
      партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы бағдарламалары, плакаттары, парақшалары, ұрандары және өзге де үгіттік баспа материалдары, сондай-ақ сайланған, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларды тіркеу үшін қажетті құжаттардың көшірмелері;
      Қазақстан Республикасының Президентін, Парламентi, мәслихаттары депутаттарын, Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін (бұдан әрі - әкімдерді) сайлауға әзiрлiк және оны өткiзу кезеңiнде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң), Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі № 555 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) бұзылғаны туралы азаматтардың өтініштері және ұйымдардың Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына келiп түскен өтiнiштерi;
      Қазақстан Республикасының Президентін, Парламентi, мәслихаттары депутаттарын, әкімдерін сайлау бойынша сақтауға жатпайтын құжаттарды осы Қағидаларға қосымшаға сай жоюға бөліп шығару туралы актілер.
      2. Сайлау алдындағы үгітті қамтитын теле- және радиобағдарламалардың (хабарлардың) бейне- және дыбысжазбалары құпия ақпарат құқығы негізінде тиісті бұқаралық ақпарат құралдарының редакцияларында сақталады және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы сайлау қорытындыларын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялағаннан кейін тиісті облыстардың, қалалардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) мемлекеттік мұрағаттарына сақтауға жіберіледі.
      3. Аумақтық сайлау комиссиялары бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындылары туралы хабар жарияланғаннан кейiн тиiстi облыстардың, қалалардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), қалалық аудандардың мемлекеттiк мұрағаттарына акт бойынша мынадай құжаттарды:
      аумақтық сайлау комиссиялары отырыстарының хаттамаларын, оларға қосымшалар мен басқа да құжаттарды;
      Қазақстан халқы Ассамблеясы отырыстарының хаттамаларынан үзінділерді;
      облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар және астана), аудандық және қалалық мәслихаттардың Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну туралы хаттамаларынан үзiндiлердi;
      Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидат ретiнде дауысқа түсуге келiсiмi туралы өтiнiштерiн;
      Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидат ретiнде дауысқа түсуге ниетi туралы өтiнiштерiн;
      Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидаттардың сенiм бiлдiрiлген адамдарды тiркеу туралы өтiнiшiн;
      Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сенім білдірген адамдарды тіркеу туралы өтініштерін;
      Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидаттардың Қазақстан Республикасының Конституциясында және Конституциялық заңда қойылған талаптарға сәйкестiгін анықтау туралы облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала және астана) сайлау комиссияларының хаттамаларын және оларға қосымшаларды;
      Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидатты қолдап таңдаушылардың қойған қолдарын тексеру нәтижелерi туралы облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала, астана) сайлау комиссияларының хаттамаларын;
      Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидаттардың өмiрбаян деректерiн;
      учаскелік сайлау комиссияларының Қазақстан Республикасының Президентін сайлау бойынша дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттамаларын;
      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі таңдаушылардың бірлескен отырысын өткізу хаттамаларын және оларға қосымшаларды;
      Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидаттардың сайлау жарнасын енгізгенiн дәлелдейтiн құжаттарын;
      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы және мүлкі туралы декларацияны тапсырғанын дәлелдейтін құжаттар;
      дауыс беру нәтижелерi туралы аудандық, қалалық, қаладағы аудандық сайлау комиссияларының хаттамаларын;
      Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларын, плакаттарын, парақшаларын, ұрандарын және өзге де үгіттiк баспа материалдарын;
      сайлау алдындағы бағдарламаларды, плакаттарды, парақшаларды, ұрандарды және өзге де үгіттік баспа материалдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің сайланған депутаттарын тіркеу үшін қажетті құжаттардың көшірмелерін;
      Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентiнiң депутаттарын сайлауға әзiрлiк және оны өткiзу кезеңiнде Конституциялық заңның бұзылғаны туралы азаматтардың өтініштерін және ұйымдардың аумақтық сайлау комиссияларына келiп түскен өтiнiштерiн;
      шекаралары мен мәслихаттардың депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларының орналасқан жерлері көрсетілген сайлау округтерінің тізімдерін;
      аумақтық сайлау комиссияларының мәслихаттардың депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хаттамаларын және оларға қосымшаларды;
      Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі, сақтауға жатпайтын құжаттарды жоюға бөліп шығару туралы актілерді;
      аудан (қала) әкімінің азаматты Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдігіне кандидат ретінде ұсынатыны туралы ұсынымын;
      азаматтың әкімдікке кандидат ретінде дауысқа түсуге келісімі туралы өтінішін;
      әкімдікке кандидаттың өмірбаян деректерін;
      әкімдікке кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы мен мүлкі туралы декларацияны тапсырғанын растайтын құжаттарды;
      аудандық (қалалық) сайлау комиссияларының Қағидаларда қойылған талаптарға сәйкестігін анықтау туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссияларының хаттамаларын;
      аудандық (қалалық) сайлау комиссияларының әкімдікке кандидаттарды тіркеу туралы хаттамаларын;
      әкімдікке кандидаттың сенім білдірген адамдарын тіркеу туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясына өтініштерін;
      әкімдікке кандидаттардың сенім білдірген адамдарын тіркеу туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссияларының хаттамаларын;
      әкімді сайлау жөніндегі сайлаушылар (таңдаушылар) тізімін;
      әкімді сайлау бойынша дауыс беру пунктін ашу туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссиясының хаттамаларын;
      әкімді сайлау жөніндегі таңдаушылар отырысы хаттамаларын;
      әкімді сайлау нәтижелері туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссияларының хаттамаларын;
      сайланған әкімді тіркеу туралы аудандық (қалалық) сайлау комиссияларының шешімдерін сақтауға тапсырады.
      Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап қол қою парақтары құпия ақпарат құқығы негізінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат тіркелген күннен кейінгі 10 жұмыс күні бойы сақталады, ал кейіннен акт бойынша жойылады.
      4. Округтік сайлау комиссиялары Қазақстан Республикасының тиісті аумақтық сайлау комиссиялары бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындылары туралы хабарды жариялағаннан кейін тиісті облыстардың, қалалардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың мемлекеттік мұрағаттарына акт бойынша мынадай құжаттарды:
      округтік сайлау комиссиялары отырыстарының хаттамаларын, оларға қосымшалар мен басқа да құжаттарды;
      қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органының тиісті сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидатты ұсыну жөніндегі отырысы хаттамасынан үзінділерді, осы қоғамдық бірлестіктің Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаттың көшірмесімен бірге;
      мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың Қазақстан Республикасының Конституциясына және Конституциялық заңда қойылған талаптарға сәйкестігін анықтау туралы округтік сайлау комиссиялары отырыстарының хаттамаларын;
      Қазақстан Республикасы азаматтарының осы сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат ретінде дауысқа түсуге келісімі туралы өтініштерін;
      Қазақстан Республикасы азаматтарының осы сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат ретінде дауысқа түсуге ниеті туралы өтініштерін;
      мәслихат депутаттығына кандидаттардың сенім білдірген адамдарын тіркеу туралы өтініштерін;
      мәслихат депутаттығына кандидаттардың өмірбаян деректерін;
      округтік сайлау комиссияларының мәслихат депутаттығына кандидаттарды, олардың сенім білдірген адамдарын тіркеу туралы хаттамаларын;
      округтік сайлау комиссияларының тиісті сайлау округі бойынша мәслихаттар депутаттарын сайлау нәтижелері туралы хаттамаларын;
      Қазақстан Республикасының мәслихаттары депутаттығына кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларын, плакаттарын, парақшаларын, ұрандары мен өзге де үгіттік баспа материалдарын;
      Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауға әзiрлiк және оны өткiзу кезеңiнде Конституциялық заңның бұзылғаны туралы округтік сайлау комиссияларына келiп түскен азаматтардың өтiнiштерiн;
      сақтауға жатпайтын құжаттарды жоюға бөліп шығару туралы актілерді сақтауға тапсырады.
      5. Сайлау алдындағы үгітті қамтитын теле- және радиобағдарламалардың (хабарлардың) бейне- және дыбыс жазбалары тиісті бұқаралық ақпарат құралдарының редакцияларында құпия ақпарат құқығы негізінде сақталады және Қазақстан Республикасының тиісті аумақтық комиссиялары мәслихаттардың депутаттарын сайлау қорытындыларын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін тиісті облыстардың, қалалардың (республикалық маңызы бар қаланың, Республика астанасының), аудандардың мемлекеттік мұрағаттарына сақтауға жіберіледі.
      6. Учаскелiк сайлау комиссиялары дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттамалар тапсырылғаннан кейiн тиiстi округтік сайлау комиссияларына акт бойынша мынадай құжаттарды:
      учаскелiк сайлау комиссиялары отырыстарының хаттамаларын, оларға қосымшалар мен басқа да құжаттарды;
      Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентi Мәжiлiсiнiң, мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөнiндегi дауыстарды санау нәтижелерi туралы учаскелiк сайлау комиссияларының хаттамаларын;
      саяси партияларды жақтап берілген дауыстарды санау нәтижелерi туралы учаскелiк сайлау комиссияларының хаттамаларын;
      Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентiнiң, мәслихаттарының депутаттарын сайлауға әзiрлiк және өткiзу кезеңiнде Конституциялық заңның бұзылғаны туралы учаскелiк сайлау комиссияларына келiп түскен азаматтардың өтініштерін және ұйымдардың өтiнiштерiн бередi.
      Әскери бөлiмдерде құрылған учаскелік сайлау комиссияларының көрсетілген құжаттары әскери бөлiмдердiң iстерiнде сақталады.
      7. Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентi Мәжiлiсiнiң, мәслихаттарының депутаттарын, әкімдерін сайлау бойынша қайта дауыс беру өткiзiлген жағдайда, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларында сайлау құжаттарының сақталу мерзiмдерi Қазақстан Республикасының тиісті аумақтық сайлау комиссиясы сайлау нәтижелерiн жариялаған күнінен бастап есептеледi.
      8. Сайлау комиссияларының бекітілген іс номенклатураларына сай белгіленген мерзім өткеннен кейін сақтауға жатпайтын құжаттар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 желтоқсандағы № 1570 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік қағидаларына сәйкес оларға алдын ала сараптама жасаған адам растаған және тиісті сайлау комиссиясының төрағасы бекіткен акт бойынша жойылады.
      9. Қазақстан Республикасының Президентін сайлау жөніндегі жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерді, оның ішінде жекелеген жойылған бюллетеньдерді, жойылған есептен шығару куәліктерін, сондай-ақ сайлаушылардың тізімдері мен оларға қосымша құжаттарды мөрленген қалпында:
      учаскелік сайлау комиссиялары - облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) аумақтық сайлау комиссияларына;
      облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) аумақтық сайлау комиссиялары Орталық сайлау комиссиясына акт бойынша тапсырады, онда құпия ақпарат құқығы негізінде сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейінгі үш ай бойы сақталып, ал кейіннен акт бойынша жойылады.
      10. Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттарын сайлау жөнiндегi жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдердi, Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидатты қолдап таңдаушылардың қолдарын жинауға арналған қол қою парақтарын, таңдаушылардың тiзiмдерi мен оларға қоса берiлген құжаттарды сайлау қорытындыларын анықталып, жарияланғаннан кейiн облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) сайлау комиссиялары Орталық сайлау комиссиясына акт бойынша тапсырады, онда сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейiнгi үш ай бойы құпия ақпарат құқығы негізінде сақталып, кейiннен акт бойынша жойылады.
      11. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарын сайлау жөніндегі жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерді мөрленген күйінде, соның ішінде жекелеген жойылған бюллетеньдерді, жойылған есептен шығару куәліктерін, сондай-ақ сайлаушылардың тізімдері мен оларға қосымша құжаттарды:
      учаскелік сайлау комиссиялары – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі аумақтық сайлау комиссияларына;
      облыстық (республикалық маңызы бар қалалар, астана) аумақтық сайлау комиссиялары Орталық сайлау комиссиясына акт бойынша тапсырады, онда сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейiнгi үш ай бойы құпия ақпарат ретінде сақталып, кейіннен акт бойынша жойылады.
      12. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдер мөрленген күйінде, оның ішінде жойылған бюллетеньдер, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысына қатысушылардың тізімдері мен оларға қосымша құжаттар Орталық сайлау комиссиясына акт бойынша тапсырылады, онда сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейінгі үш ай бойы құпия ақпарат құқығы негізінде сақталып, кейіннен акт бойынша жойылады.
      13. Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерді мөрленген күйінде, соның ішінде жекелеген жойылған бюллетеньдерді, сондай-ақ сайлаушылардың тізімдері мен оларға қосымша құжаттарды:
      учаскелік сайлау комиссиялары – тиісті округтік сайлау комиссияларына;
      округтік сайлау комиссиялары – аудандық және қалалық аумақтық комиссияларға;
      аудандық, қалалық аумақтық комиссиялар аумақтық сайлау комиссиясы орналасқан жер бойынша атқарушы билік органдарына акт бойынша тапсырады, онда құпия ақпарат құқығы негізінде сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейінгі үш ай бойы сақталып, ал кейіннен акт бойынша жойылады.
      14. Әкімдерді сайлау жөніндегі жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньдерді мөрленген күйінде, соның ішінде жекелеген жойылған бюллетеньдерді, сондай-ақ сайлаушылардың (таңдаушылардың) тізімдері мен оларға қосымша құжаттарды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары құпия ақпарат құқығы негізінде сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейінгі үш ай бойы сақтап, кейіннен акт бойынша жояды.
      15. Жою жағу, балқыту, мөлшері 2,5 шаршы сантиметр бөлшектерге майдалау, ұнтақтау, еріту немесе химиялық шіріту, белгісіз жиынтыққа немесе ұнтаққа айналдыру жолымен жүргізіледі.
      16. Жойылған, толық жойылмаған, олардың мазмұнын қалпына келтіруге болатын құжаттармен бөгде адамдарды таныстыруға болмайды.

Сайлау құжаттарын сақтау қағидаларына
қосымша

Атауы                                       Бекітемін
АКТ                                    _________________
____№___                                     (атауы)
_________________                  сайлау комиссиясының төрағасы
жасалған орны

Сақтауға жатпайтын құжаттарды           Қолы            Қолтаңбаның
жоюға бөліп шығару туралы               күні           толық жазылуы
_____________________________________________________________________
      (Құжаттар тізбесінің атауы, шығарылған орны мен жылы,
__________________________________________________________ негізінде
      оларды сақтау мерзімдері көрсетілсін) 
ғылыми-тарихи құндылығы жоқ және практикалық маңызын жойған қор құжаттары ретінде жоюға іріктелді:
№________________________________________________________________
                (мұрағат қорының нөмірі мен атауы) 
__________________________________________________________________

р/б

Істің
тақырыбы
немесе
істердің
топтық
тақырыбы

Істің
күні
немесе
істердің
соңғы
күндері

Істің
(томның,
бөліктің)
номенклатура
бойынша
индексі
немесе істің
тізімдеме
бойынша №

Істердің
(томдардың,
бөліктердің)
саны

Істің (томның,
бөліктің) сақталу
мерзімдері және
тізбе бойынша
тармақтарының
(тармақшаларының)
нөмірлері

Ескертпе

2013 жылғы ___________ барлығы __________________ істер мен құжаттар
                             (цифрлармен және сандармен) 
Құжаттардың құндылығына сараптама жүргізген
адам лауазымының атауы

Күні                    Қолы                   Қолының толық жазылуы
Құжаттар саны_____іс, салмағы_____кг, ____№_________ қабылдау-тапсыру
жүкқұжаты бойынша қайта өңдеуге ________________ тапсырылды.

Құжаттарды тапсырған қызметкер
лауазымының атауы

Күні              Қолы            Қолтаңбаның таратылып жазылуы

Қолжеткізілімі шектеулі, құпия ақпарат құқығы негізінде сақталған
құжаттарды жағу кезінде __________________ қатысты.

Сайлау комиссиясы өкілінің лауазымы   Қолы  Қолтаңбаның толық жазылуы

Қазақстан Республикасы     
      Орталық сайлау комиссиясының  
      2013 жылғы 25 маусымдағы № 13/210
      қаулысына 2-қосымша     

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының
күші жойылған кейбір қаулыларының
тізбесі

      1) «Қазақстан Республикасы Президентін, Парламентінің депутаттарын сайлауға әзірлік және өткізуге байланысты құжаттарды сақтаудың, мұрағатқа тапсырудың және жоюдың Ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 2 қазандағы № 33/250 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 931 болып тіркелген);
      2) «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 2 қазандағы № 33/250 «Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 2 қазандағы № 33/250 қаулысына өзгерістер енгізі туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2000 жылғы 3 қарашадағы № 15/15 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1292 болып тіркелген);
      3) «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 2 қазандағы № 33/250 «Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарын сайлауға әзірлік және өткізуге байланысты құжаттарды сақтаудың, мұрағатқа тапсырудың және жоюдың Ережесі туралы» және 1999 жылғы 2 қазандағы № 33/251 «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауға әзірлік және өткізуге байланысты құжаттарды сақтаудың, мұрағатқа тапсырудың және жоюдың Ережесі туралы» қаулыларына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрайымының 2005 жылғы 8 сәуірдегі № 155/221 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3588 болып тіркелген);
      4) «Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарын сайлауға әзірлік және өткізуге байланысты құжаттарды сақтаудың, мұрағатқа тапсырудың және жоюдың ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 2 қазандағы № 33/250 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 2005 жылғы 8 қыркүйектегі № 13/31 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3839 болып тіркелген, 2005 жылғы 20 қыркүйектегі № 213 (24170) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған);
      5) «Қазақстан Республикасы Президентін, Парламентінің депутаттарын сайлауға әзірлік және өткізуге байланысты құжаттарды сақтаудың, мұрағатқа тапсырудың және жоюдың Ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 2 қазандағы № 33/250 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2007 жылғы 27 маусымдағы № 91/181 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4782 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағы, 2007 жыл);
      6) «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауға әзірлік және өткізуге байланысты құжаттарды сақтаудың, мұрағатқа тапсырудың және жоюдың Ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 2 қазандағы № 33/251 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 932 болып тіркелген);
      7) «Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 932 тіркелген «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізуге байланысты құжаттарды сақтау, мұрағатқа тапсыру және жою ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 2 қазандағы № 33/251 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2004 жылғы 17 ақпандағы № 97/118 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2732 болып тіркелген);
      8) «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауға әзірлік және өткізуге байланысты құжаттарды сақтаудың, мұрағатқа тапсырудың және жоюдың Ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 2 қазандағы № 33/251 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының 2006 жылғы 22 тамыздағы № 71/139 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4388 болып тіркелген);
      9) «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын, әкімдерін сайлауға әзірлік және өткізуге байланысты құжаттарды сақтаудың, мұрағатқа тапсырудың және жоюдың Ережесі туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 2 қазандағы № 33/251 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2010 жылғы 23 ақпандағы № 172/323 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6131 болып тіркелген). 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады