РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.
Ескерту. Атауы жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 15.06.2018 № 440 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Сотталғандарды жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне жіберу қағидалары бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 15.06.2018 № 440 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (Б.М. Бердалин):
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны кейіннен ресми жариялауды;
2) осы бұйрықты белгіленген тәртіпте "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде және ресми бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрінің орынбасары полиция полковнигі Б.Б. Бисенқұловқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (Б.М. Бердалин) жүктелсін.
4. Осы бұйрық жариялануға жатады және қолданысқа 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 22 тамыздағы № 551 бұйрығымен бекітілді |
Сотталғандарды жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне жіберу қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 15.06.2018 № 440 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Сотталғандарды жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің (бұдан әрі - ҚАЖ) мекемелеріне жіберу қағидалары 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі - ҚАК) 88 және 90-баптарының талаптарына сәйкес әзірленген және сотталғандарды ҚАЖ тергеу изоляторларынан ҚАЖ мекемелеріне (бұдан әрі - мекемелер) жазасын өтеу үшін жіберу тәртібін айқындайды.
2. Сотталғандар аумақтық органға бекітілген мекемелерге (бұдан әрі - ҚАЖ департаменті) ҚАЖ департаментінің жазбаша нұсқауы (бұдан әрі - наряд) негізінде жіберіледі.
3. Сотталғандар ҚАЖ департаментіне бекітілген тиісті түрдегі мекеме болмаған немесе жазасын өтеу орындарының лимиті асып кеткен кезде қылмыстық-атқару жүйесі уәкілетті органының (бұдан әрі - ҚАЖ комитеті) наряды негізінде мекемелерге жіберіледі.
2-тарау. Сотталғандарды жазасын өтеу үшін мекемелерге жіберу тәртібі
4. Сотталғандар тергеу изоляторының әкімшілігі соттың заңды күшіне енген үкімді орындау туралы өкімін алған күнінен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жазасын өтеу үшін мекемелерге жіберіледі.
4-1. Басқа облыстың тұрғыны болып табылатын адамды соттаған жағдайда ҚАЖ комитетімен алдын ала келісіп оны тергеу изоляторы әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдайтын адамдар тұратын облыстағы тиісті мекемеге жібереді.
Бұл ретте, сотталған адамның әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдайтын адамдардың тұрғылықты жері бойынша тіркелу мерзімі, егер ол тіркелген күннен бастап кемінде алты айды құраса ескеріледі.
Тергеу изоляторы соттың үкімі шыққанан кейін үш жұмыс күні ішінде сотталғаннан әлеуметтік пайдалы байланыстарды қолдайтын адамдарды, олардың тұратын жерлерін көрсетумен еркін нысанда қолхат алады және ҚАЖ комитетіне жолдайды.
Ескерту. 4-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Ішкі істер министрінің 18.03.2020 № 233 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 13.03.2024 № 229 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.5. Тергеу изоляторының әкімшілігі соттың сотталғандарға қатысты үкімі, қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде олардың отбасыларына сотталғандарды жіберу орындары туралы жазбаша хабарлама жолдайды.
6. Күзетпен ұстау - бұлтартпау шарасы қолданылған адамдар олар келіп түскеннен кейін үш жұмыс күні ішінде таныстыру туралы еркін нысандағы қолхатты жеке ісіне тіркей отырып, осы Қағидалармен таныстырылады.
7. Сотталғандар соттың үкімдерімен, қаулыларымен және үкімдерді орындау туралы соттың өкімдерімен олар тергеу изоляторына түскен күннен бастап бір тәулік мерзімде қол қойдырып таныстырылады.
8. Соттардың үкімдері, қаулылары немесе үкімдерді орындау туралы сот өкімдері келіп түспеген не оларда қандай да бір түсінбеушілік анықталған кезде, бұл құжаттар, түсіндірме немесе түзетілген құжаттар дереу соттардан сұратылады.
9. Алып тасталды - ҚР Ішкі істер министрінің 31.05.2023 № 440 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.10. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар сот үкіміне немесе қаулысына сәйкес мекемелерге жіберіледі.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 31.05.2023 № 440 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.10-1. Төтенше немесе толық қауіпсіз мекемелерде шаруашылық қызмет көрсету бойынша жұмыстарды орындау үшін жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтеу тағайындалған бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдар тартылады.
Шаруашылық қызмет көрсету бойынша жұмыстарды орындау үшін сотталған адамды төтенше немесе толық қауіпсіз мекемелерге жіберу олардың бастықтарымен келісу бойынша жүзеге асырылады.
Сотталған адамды төтенше немесе толық қауіпсіз мекемеге жіберу туралы қаулының көшірмесі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
Ескерту. Қағида 10-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ішкі істер министрінің 31.05.2023 № 440 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.11. Сотталғандарды қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден түрі бұрын сот үкімімен айқындалған мекемеге ауыстыру немесе олар сот үкімі бойынша жіберілген, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартқан, жазаның өтелмеген мерзімін бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы ұсынымды сот қанағаттандырғаннан кейін сотталғандар осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте тиісті түрдегі мекемелерге одан әрі жіберу үшін тергеу изоляторларына жіберіледі.
Сотталғандар тергеу изоляторына келгеннен кейін еркін нысандағы қол хатты жеке ісіне тіге отырып, осы Қағидалармен үш жұмыс күні ішінде таныстырылады.
12. Сотталғандар толық қауіпсіз мекемеде жаза мерзімін өтегеннен кейін осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте тиісті түрдегі мекемелерге одан әрі жіберу үшін олар келген тергеу изоляторларына жіберіледі.
13. Сотталғандар – соттардың, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкерлері, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар сотталғандығының санына қарамастан жекелеген мекемелерде ұсталады.
Тергеу изоляторларының әкімшіліктері осы адамдарға қатысты олар тергеу изоляторына келіп түскен күннен бастап бұрын сотта, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарында жұмыс істеу немесе сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру фактісін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізеді.
Сотталғандарды этаппен жөнелту белгіленген мерзімінде бұрын сотта, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарында жұмыс істегені немесе сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асырғаны құжатпен расталмаған жағдайда, олар мемлекеттік органдарға жолданған сұрау хаттарды олардың жеке істеріне тіге отырып, тиісті мекемелерге жібереді.
13-1. Сотталған әйелдерді – соттардың, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкерлерін, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдарды жеке ұстау мүмкін болмаған жағдайда олар сотталған әйелдерді ұстауға арналған мекемелерге жіберіледі.
Ескерту. Қағида 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ішкі істер министрінің 31.05.2023 № 440 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.13-2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі - ҚК) 46-бабы 5-бөлігінің 1) тармағында көрсетілген адамдарды ұстауға арналған қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге, бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруды өтемеген адамдар: абайсызда жасаған қылмыстары үшiн сотталғандар; ҚК-ның 7, 8, 9, 12 және 13-тарауларында көзделген күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталғандар; қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген жағдайда ҚК-ның 15-тарауында көзделген қылмыстар үшін сотталғандар; қасақана қылмыс жасағаны үшiн екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған алғаш рет сотталған адамдар жіберіледі.
Ескерту. Қағида 13-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ішкі істер министрінің 31.05.2023 № 440 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.13-3. ҚАК-ның 96-бабында көзделген тәртiппен орташа қауіпсіз және қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерден ауыстырылған, оң мiнезделетін сотталғандарды ұстауға арналған қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге сондай-ақ, бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруды өтеген адамдар: абайсызда жасаған қылмыстары үшiн сотталғандар; ҚК-ның 7, 8, 9, 12 және 13-тарауларында көзделген күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталғандар; қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген жағдайда ҚК-ның 15-тарауында көзделген қылмыстар үшін сотталған адамдар жіберіледі.
Ескерту. Қағида 13-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Ішкі істер министрінің 31.05.2023 № 440 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.14. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын өтеу орнына және жазаны өтейтін бір орыннан екiншiсiне айдауылмен ауыстырылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша қылмыстар жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазаны өтеу орнына ерекше айдауылмен жіберіледі.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 23.05.2022 № 370 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.15. ҚАЖ департаменттері өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарға қатысты сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның тиісті өңірлік қолбасшылықтарына ерекше айдауылға өтінім жолдайды.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 23.05.2022 № 370 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.16. Сотталғандарды жазасын өтеу орындарына жолдау кезінде олардың жеке істері ашылмайды. Жеке істерді медициналық көрсеткіштер бойынша мекеме қызметкерінің дәлелді баянатының негізінде ашуға жол беріледі.
17. Басқа облыста тіркелген сотталған адамды оның әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдайтын адамдар тұратын облыстағы (қаладағы) мекемеге жібергенде, оның жеке ісіне оны мекеме орналасқан облыстың тұрғынына жатқызу бөлігінде түзетулер енгізіледі.
Ескерту. Қағида 17-тармақпен толықтырылды - ҚР Ішкі істер министрінің 13.03.2024 № 229 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.