Нұра ауданының Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қарағанды облысы Нұра аудандық мәслихатының 2014 жылғы 27 наурыздағы 26 сессиясының № 242 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 24 сәуірде № 2614 болып тіркелді. Күші жойылды - Қарағанды облысы Нұра аудандық мәслихатының 2024 жылғы 29 наурыздағы № 82 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Нұра аудандық мәслихатының 29.03.2024 № 82 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, аудандық маслихат ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Нұра ауданының Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Нұра аудандық мәслихатының 2011 жылғы 16 қарашадағы № 388 "Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына қосымша әлеуметтік көмек көрсету туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 8-14-156 болып тіркелген, 2011 жылғы 17 желтоқсандағы 51 (5237) "Нұра" аудандық газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау аудандық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени дамуы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша тұрақты комиссиясына (Абаев Е.Е.) жүктелсін.

      4. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы С. Меркулов
      Аудандық мәслихаттың хатшысы Б. Шайжанов

      КЕЛІСІЛДІ:

      "Нұра ауданының

      жұмыспен қамту және әлеуметтік

      бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік

      мекемесінің басшысы

      Г. Жүпенова

      01.04.2014 жыл

  Нұра аудандық мәслихатының
2014 жылғы 27 наурыздағы
№ 242
шешімімен бекітілген

Қарағанды облысы Нұра ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - Қарағанды облысы Нұра аудандық мәслихатының 27.06.2023 № 29 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      1. Қарағанды облысы Нұра ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) "Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына (бұдан әрі - қаулы) сәйкес әзірленді және Нұра ауданының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың, әлеуметтік көмек көрсетудің және оның мөлшерлерін белгілеудің тәртібін айқындайды.

1- тарау. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) атаулы күндер – жалпыхалықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – мөлшері бойынша облыстардағы республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы статистика органдары есептейтін облыстардағы мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкілетті орган – "Қарағанды облысы Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті ауылдық округ әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - әлеуметтік көмек алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ, мереке күндерге ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі

      5. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11- бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

2- тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек келесі санаттағы азаматтарға бір рет көрсетіледі:

      1) Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығару күні-15 ақпан:

      бұрынғы КСР Одағының үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындаевых қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда);

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерді ұрыс қимылдары кезеңінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы, ауруы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына;

      Бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерге;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер.

      2) Отан қорғаушылар күні - 7 мамыр:

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқандарға, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына;

      басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

      1992 жылдың қыркүйегі мен 2001 жылдың ақпаны аралығында Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілерге;

      2003 жылдың тамызы мен 2008 жылдың қазаны аралығында Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілерге;

      1986 және 1991 жылдар аралығында Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына.

      3) 21-23 наурыз - Наурыз мейрамы:

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар адамдарына теңестiрiлген, екiншi рет некеге тұрмаған жұбайларына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедектігі бар адам деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайларына (зайыбына);

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстегендерге және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған адамдарға;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға.

      4) 9 мамыр – Жеңіс күні:

      Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі-КСР Одағын) Қорғаныс министрлiгiне, iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарына әскери мiндетiн өтеу жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi сақтау жөнiндегi тапсырмаларды орындау барысында қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасылары;

      Бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларға;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар адамдарына теңестiрiлген, екiншi рет некеге тұрмаған жұбайларына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедектігі бар адам деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайларына (зайыбына);

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстегендерге және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған адамдарға;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға.

      5) 6 шілде – Астана күні:

      18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға.

      6) 30 тамыз – Конституция күні:

      70 және одан жоғары жастағы зейнеткерлерге.

      І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға.

      7) Тәуелсіздік күні-16 желтоқсан:

      саяси қуғын-сүргін құрбаны мәртебесі бар 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған ре азаматтарға;

      1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға, қасақана кісі өлтіргені және осы оқиғаларда милиция қызметкерінің, халық жасағының өміріне қол сұғқаны үшін сотталған адамдарды қоспағанда, қылмыстық істерді қайта қараудың қолданыстағы тәртібі сақталады.

      7. Әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайдағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және мерзімді (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет) келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің бір еселік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысын ескере отыра - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолға төленеді;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өрт оқиғасы орын алған мекен-жайда тұрақты тұратын зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) Төтенше жағдайлар бөлімінен растайтын құжаттың негізінде дүлей зілзала немесе өрт басталған кезден бастап бір жыл ішінде жан басына шаққандағы орташа табысын есепке алмағанда - 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткішке дейін біржолғы төлем;

      3) өмірлік қиын жағдайда, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі азаматтарға (отбасыларға):

      ауыр материалдық жағдайға байланысты-ең төменгі күнкөріс деңгейіне бір еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысты ескере отырып - 7 (жеті) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем;

      жедел емдеуге (операцияға) медициналық мекемеден шығару эпикризінің көшірмесі негізінде ең төменгі күнкөріс деңгейіне бір еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысты ескере отырып - бір рет 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      туберкулез, қатерлі ісік ауруларымен диспансерлік есепте тұрған адамдарға жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмағанда - 14 (он төрт) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет төленеді;

      адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек ай сайын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбайтағайындалады, тиісті қаржы жылына арналған ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде төленеді;

      созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар, хрониодиализдегі адамдарға әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмағанда - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төленеді;

      "Әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесін бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21263 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-108/2020 бұйрығының тізбесінде көрсетілген әлеуметтік мәні бар аурулары бар басқа адамдарға әлеуметтік көмек ең төменгі күнкөріс деңгейіне бір еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысты ескере отырып - бір рет 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді;

      4) Ауғанстандағы жауынгерлік іс - қимылдарға қатысқан әскери қызметшілерге әскери қызмет өткеру кезінде жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алмағанда - 150 мың теңге мөлшерінде жерлеуге беріледі;

      5) мүгедектігі бар баланы санаторий-курорттық емдеуге алып жүру жөніндегі шығындарды өтеуге санаторий-курорттық ұйымда болу уақытына кепілдендірілген соманың 70% мөлшерінде;

      6) Нұра ауданының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын балалары бар, табысы кедейлік шегінен төмен көп балалы отбасыларға 50% мөлшерінде ата-ана жарналарына шығындарды өтеуге.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      Өмірде қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне мынадай құжаттармен қоса өтініш береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер;

      3) өмірде қиын жағдайдың туындағанын растайтын акт және/немесе құжат.

      Құжаттар салыстырып тексеру үшін төлнұсқамен ұсынылады, содан соң құжаттардың төлнұсқасы көрсетілетін қызметті алушыға қайтарылады.

      Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды.

      9. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі өтініш келіп түскен кезде "Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      10. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген, Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларының 2 және 3 қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды "Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесіне жібереді.

      11. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда "Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      12. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда "Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі тиісті мәліметтерді қамтитын өзге өкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      13. "Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі учаскелік комиссиядан құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      14. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      15. "Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 11 және 12 тармақтарында көрсетілген жағдайларда "Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекетік мекемесі өтініш берушіден құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      16. "Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіге жазбаша хабарлайды.

      17. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      18. Алушылардың жекелеген санаты үшін мереке күндері мен атаулы күндерге арналған әлеуметтік көмектің мөлшері менің облыстық ЖАО бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

      19. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Нұра ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.

      20. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      21. Әлеуметтік көмек келесі жағдайларда тоқтатылады:

      1) алушы қайтыс болғанда;

      2) алушы аудан шегінен тыс тұрақты тұруға кеткенде;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiбергенде;

      4) алушы ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталғанда.

      Әлеуметтiк көмектi төлеу көрсетiлген жағдайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      22. Артық төленген сомалар ерiктi немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен қайтаруға жатады.

3-тарау. Қорытынды ереже

      23. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорларын пайдалана отырып жүргiзедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады