Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Екібастұз қаласы мұқтаж азаматтарының жекеленген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 2014 жылғы 15 сәуірдегі № 207/26 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 04 мамырда № 3787 болып тіркелді. Күші жойылды - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 2016 жылғы 19 тамыздағы № 58/9 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 19.08.2016 № 58/9 шешімімен.
      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасы 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабы, 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы, 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" Заңының 20-бабына, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Заңының 11, 16-баптарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" № 504 қаулысына сәйкес, мұқтаж азаматтардың жекеленген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету мақсатында, Екібастұз қаласының мәслихаты ШЕШТІ:
      Ескерту. Кіріспеге өзгерістер енгізілді – Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 28.10.2014 N 285/33 (жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Екібастұз қаласы мұқтаж азаматтарының жекеленген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.
      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Екібастұз қалалық мәслихатының әлеуметтік, мәдени дамыту мәселесі жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.
      3. Осы шешім алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
      Сессия төрағасы В. Ищенко
      Қалалық мәслихат хатшысы Б. Куспеков

  Екібастұз қаласы мәслихатының
2014 жылғы 15 сәуірдегі
№ 207/26 шешімімен
бекітілді

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін
белгілеудің және Екібастұз қаласы мұқтаж азаматтарының
жекеленген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

1. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
      6) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;
      7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
      8) уәкілетті орган – "Екібастұз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
      9) уәкілетті ұйым – "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталығы" Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны Павлодар облыстық филиалының Екібастұз қалалық бөлімшесі;
      10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті Екібастұз қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
      12) отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты – әлеуметтік көмек тағайындау үшін отбасы атынан әрекет ететін еңбекке қабілетті жеке тұлға мен уәкілетті орган арасындағы тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім;
      13) отбасыға көмектің жеке жоспары (бұдан әрі – жеке жоспар) – уәкілетті орган өтініш берушімен бірлесіп әзірлеген жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу бойынша іс-шаралар кешені;
      14) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі шаралар – әлеуметтік орта жағдайына бейімдеу мақсатында арнаулы әлеуметтік қызметтер, мүгедектерді оңалту құралдары, сонымен қатар әлеуметтік қолдау шаралары ретінде қолданыстағы заңнамамен қарастрылған тәртіпте ұсынылатын шаралар.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 22.06.2015 N 329/39 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.
      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде уәкілетті органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
      4. "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабында және "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта бір рет) көрсетіледі.
      6. Жекеленіп алынған санаттағы алушыларға әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі:
      1) атаулы күндер:
      1 қазан – Халықаралық қарттар күні;
      қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының мүгедектер күні;
      2) мереке күндері:
      Жеңіс Күні – 9 мамыр;
      8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 28.10.2014 N 285/33 (жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      7. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Павлодар облысының жергілікті атқарушы орган бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесі
және әлеуметтік көмек мөлшерлерін белгілеу

      8. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдерін осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес Екібастұз қаласының әкімдігі белгілейді және Екібастұз қаласы мәслихатының шешімімен бекітіледі.
      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;
      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
      3) Екібастұз қаласының мәслихаты ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы.
      Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу және адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу үшін негіздемелердің түпкілікті тізбесін Екібастұз қаласының мәслихаты бекітеді.
      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде Екібастұз қаласының мәслихаты бекіткен азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесін басшылыққа алады.
      4) жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің алпыс пайызынан аспайтын болуы.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 22.06.2015 N 329/39 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.
      9. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері Павлодар облысы әкімдігінің келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.
      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша уәкілетті орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
      12. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округінің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
      3) Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты;
      6) екінші деңгейдегі банктегі немесе банктік операцияларының жеке түрлерін жүзеге асыруға тиісті лицензиясы бар ұйымдарындағы жеке шот нөмірін ұсынады.
      13. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      14. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
      14-1. Әлеуметтік келісімшарт негізінде әлеуметтік көмекке жүгінген отбасына (адамға) уәкілетті орган, ауылдық округ әкімі консультация өткізу деңгейінде көмек көрсету шарттары туралы түсіндіреді және отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісім шартына келісім берген жағдайда азаматпен әңгімелесу жүргізеді, оның барысында отбасы (азаматтың) мәселелері туралы ақпаратты, өмірлік қиын жағдайдан шығу мүмкіндігі туралы нақтылайды, сонымен қатар алдын-ала:
      1) әлеуметтік келісімшарт негізінде үміткердің әлеуметтік көмек алу құқығын;
      2) әлеуметтік бейімделу бойынша ұсынылатын шаралар түрлерін;
      3) жұмыспен қамтуға көмек көрсетудің мемлекеттік шараларын айқындайды.
      Ескерту. Шешім 14-1 тармағымен толықтырылды - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 22.06.2015 N 329/39 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.
      15. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді. Ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.
      16. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
      17. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.
      18. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
      19. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
      20. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Осы Қағидалардың 16 және 17-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      20-1. Әлеуметтік келісімшарт негізінде әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер отбасының (адамның) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік келісімшарт негізінде әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу жолымен есептеледі, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушылардан басқа және отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты қолданалатын мерзім ішінде қайта қаралмайды.
      Бұл ретте жиынтық табыс Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-б бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 28 тамызда № 5757 болып тіркелген) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу Ережесіне сәйкес есептеледі.
      Ескерту. Шешім 20-1 тармағымен толықтырылды - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 22.06.2015 N 329/39 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.
      21. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
      22. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.
      22-1. Әлеуметтік келісімшарт негізіндегі әлеуметтік көмек отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты қолданылатын мерзімге беріледі және ай сайын немесе үміткердің өтініші бойынша үш айда бір рет төленеді.
      Ескерту. Шешім 22-1 тармағымен толықтырылды - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 22.06.2015 N 329/39 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.
      23. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы өтініш білдірілген тоқсанның алдыңғы тоқсанында облыс бойынша белгіленген күнкөріс деңгейінен артқан жағдайларда жүзеге асырылады;
      3-1) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы облыс бойынша белгіленген күн көріс деңгейінен алпыс пайыз асуы.
      Ескерту. 23-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 22.06.2015 N 329/39 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.
      24. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Екібастұз қаласының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

3-1. Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын жасау

      Ескерту. Шешім 3-1 бөлімімен толықтырылды - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 22.06.2015 N 329/39 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.
      Әлеуметтік келісімшарт негізіндегі әлеуметтік көмек алу құқығын анықтағаннан кейін уәкілітті орган өтініш берушіні және (немесе) оның отбасының мүшелерін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 23 ақпандағы "Отбасының белсенділігіне әлеуметтік келісімшарт жасау нысандарын және отбасына көмек көрсетудің жеке жоспарын бекіту туралы" № 88 бұйрығымен бекітілген нысандарға сәйкес отбасына көмек көрсетудің жеке жоспарын әзірлеу және отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын жасау үшін шақыртады".
      Бұл ретте үміткерлер оның ішінде, өздігінен жұмыспен қамтылғандар, жұмыссыздар, осы Бөлімнің 3-тармағында қаралған жағдайды және 1, 2-топтардағы мүгедектерді, күндізгі оқыту түрінің оқушыларын, студенттерін, тыңдаушыларын, курсанттарды және магистранттарды қоспағанда, бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңына сәйкес жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға әлеуметтік келісімшарт жасау үшін Жұмыспен қамту орталығына жіберіледі не жергілікті бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларына жолдама береді".
      Жеке жоспар өтініш берушімен және (немесе) оның отбасының мүшелерімен бірлесіп жасалады және отбасының (азаматтың) кәсіптік және әлеуметтік бейімделу жөніндегі көзделген іс-шаралары болады:
      1) уәкілетті органның және (немесе) Жұмыспен қамту орталығының көмегімен белсенді жұмыс іздеу және олармен ұсынылған жұмыс орнына жұмысқа тұру;
      2) кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өту;
      3) жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу;
      4) халықтың нысаналы топтарын кезеңдік скринингтік тексеруден өткізу;
      5) отбасы құрамында жүкті әйелдер болған жағдайда жүктіліктің 12 аптасына дейін акушерлік-гинекологиялық көмек көрсететін және жүктіліктің барлық кезеңі ішінде бақылайтын денсаулық сақтау ұйымдарына есепке қою;
      6) әлеуметтік–маңызды сырқаттар болған жағдайда (онкология, нашақорлық, туберкулез) ерікті түрде емделу;
      7) арнаулы әлеуметтік қызметтерді және (немесе) мүгедектерді оңалту шараларын уақытылы алу;
      8) аз қамтылған отбасының (азаматтың) жеке қажеттілігіне байланысты уәкілетті органның қарауы бойынша белгіленген кәсіптік және әлеуметтік бейімдеу жөніндегі басқа да іс-шаралар.
      Жұмыспен қамтуға көмек көрсету шараларына қатысу отбасының еңбекке қабілетті мүшелері үшін міндетті шарт болып табылады, тек келесі жағдайлардан басқа:
      станционарлық, амбулаториялық (санаторийлік) емделу кезеңіне (тиісті медициналық ұйымдардың растаушы құжаттарын ұсынған кезде);
      жұмыспен қамтуға көмек көрсетудің мемлекеттік шараларына қатысуға негізгі үміткерден (үміткерлерден) басқа, үш жасқа дейінгі балаларды күту өзгелердің күтімі мен көмегіне мұқтаж он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, сексен жастан асқан қарт адамдарды күтуді жүзеге асыру.
      Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты алты айға тағы да алты айға мерзімін ұзарту мүмкіндігімен, бірақ отбасы мүшелерін әлеуметтік бейімдеуді ұзарту қажеттілігі жағдайында және (немесе) отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің кәсіптік оқуды және (немесе) жастар практикасынан өтуді және (немесе) әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыспен қамтылуы аяқталмаған жағдайда бір жылдан аспайтын уақытқа жасау.
      Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартының мерзімі ұзартылған кезде әлеуметтік келісімшарт бойынша әлеуметтік көмек мөлшері қайта қарастырылмайды.
      Отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты бойынша міндеттемелерді орындалу мониторингісі оны жасаған органмен жүзеге асырылады.
      Уәкілетті орган отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартының барлық бағытында сүйемелдеу іске асырылады және жеке жоспардың орындалуын бақылау, сондай ақ тиімділігін бағалауды жүзеге асырады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті
тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      25. Әлеуметтік көмек:
      1) алушы қайтыс болған;
      2) алушы Екібастұз ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
      4-1) отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты және әлеуметтік келісімшарты бойынша міндеттемелерін орындамауы және бұзылуы.
      Ескерту. 25-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 22.06.2015 N 329/39 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.
      26. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      27. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Әлеуметтік көмек көрсетудің,
оның мөлшерлерін белгілеудің
және Екібастұз қаласы мұқтаж
азаматтарының жекеленген
санаттарының тізбесін
айқындаудың қағидаларына
қосымша

Алушылар санатының тізбесі мен
әлеуметтік көмектің шекті мөлшері

      1. Мынадай санаттағы азаматтардың әлеуметтік көмек алуға құқығы бар:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
      2) жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестiрiлген адамдарға, атап айтқанда:
      қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн есептелдi қалаларда Ұлы Отан соғысы кезiнде қызмет атқарған әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына;
      Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық қызмет атқарған Совет Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының ерiктi жалдама құрамаларының адамдары, яки сол кездерде қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн есептеледi қалаларда болған адамдар;
      қоршаудағы кезеңiнде Ленинград қаласының кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен әрi "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтар;
      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа да ерiксiз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындары;
      басқа мемлекеттердiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, атап айтқанда: бұрынғы КСР Одағы үкiмет органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан - Совет Армиясының, Әскери-Теңiз флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң қатардағы және басқарушы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса есептегенде); жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер; ұрыс қимылдары жүрiп жатқан осы елге жүк жеткiзу үшiн Ауғанстанға жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi; бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмаларды орындау үшiн ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшiлерi; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер;
      1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электростанциясындағы (бұдан әрі - АЭС) апаттың зардаптарын жоюға тiкелей қатысқан адамдар;
      3) жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамдар, атап айтқанда:
      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа уақытта орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн өтеу кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлер;
      әскери мiндетiн орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан, яки майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде әскери мiндетiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға;
      Чернобыль АЭС-iндегi апаттың салдарынан мүгедек болған адамдар;
      Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн өтеу кезiнде мүгедек болған әскери қызметшiлерге;
      4) жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан соғысқа қатысушыларға теңестiрiлген адамдардың басқа да санаттары, атап айтқанда:
      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасылары;
      Қайтыс болған соғыс мүгедектерінің және соларға теңестірілген мүгедектердің әйелдері (күйеулері), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргізген адамдардың, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған, жалпы ауруға шалдығудың, еңбек ету кезінде зақым алуының нәтижесінде және басқа себептерге байланысты мүгедек деп танылған азаматтардың екінші рет некелеспеген әйелдері (күйеулері);
      Ұлы Отан соғысы жылдары тылда атқарған қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестер Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған тұлғалар;
      1988 - 1989 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың зардаптарын жоюға тiкелей қатысқан адамдар;
      5) 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырды қоса алғанда кемінде 6 ай жұмыс істеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен қалтқысыз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдар;
      6) ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын жасына байланысты зейнетақы мен жәрдемақы алатын азаматтар, атап айтқанда:
      ең төменгі мөлшерде зейнетақы мен жәрдемақы алатын азаматтар;
      80-нен және одан да жоғары жас мөлшеріндегі азаматтар;
      7) мүгедектер, оның ішінде:
      18 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
      1, 2 топтағы мүгедектер;
      кәмелетке толмаған балалары бар мүгедек әйелдер (ерлер);
      8) ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар жетім балалар (студенттер), ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар (студенттер), аз қамтамасыз етілген отбасыларындағы балалар (студенттер);
      9) әлеуметтік маңызы бар аурумен және қоршағандарға қауіп төндіретін аурумен ауратын азаматтар, атап айтқанда:
      онкологиялық аурулармен зардап шегуші тұлғалар;
      туберкулез ауруынан зардап шегуші тұлғалар;
      адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы ауруынан зардап шеккен тұлғалар;
      10) аз қамтамасыз етілген азаматтар, атап айтқанда:
      мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті және балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларды алушылар қатарынан көп балалы аналар;
      ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар уәкілетті органда жұмыссыз ретінде есепте тұрған жұмыссыз азаматтар;
      бас бостандығынан айыру орнынан босатылған тұлғалар;
      ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар болған кезде табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан, 1 айға созылған сырқатқа, жедел емдеуді қажет ететін сырқатқа байланысты өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар;
      мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтамасыз етілген отбасылар;
      балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларды алатын аз қамтамасыз етілген отбасылар.
      күн көріс деңгейі айына жан басына шаққандағы алпыс пайыздан аспайтын азаматтар (отбасылар) отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшартын жасаған кезде отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан жағдайда және отбасы мүшелерін, еңбекке қабілеттілерін қосқанда әлеуметтік бейімдеу (бұдан әрі–әлеуметтік келісімшарт негізіндегі әлеуметтік көмек).
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 22.06.2015 N 329/39 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.
      2. Табыстарды санамағанда әлеуметтік көмек ұсынылады:
      көрсетілген санаттар үшін біржолғы:
      осы Тізбенің 1-тармағының 1) тармақшасында, алушының мәртебесін көрсете отырып өтініш негізінде, тұрғын үйді ағымдағы жөндеуге бірақ 800000 (сегіз жүз мың) теңгеден артық емес нақты шығындарына. Алушы әлеуметтік көмекті алғаннан кейін құрылыс материалдарын алғандығын растайтын құжаттардың көшірмелерін (түбіртектер, тауар чектері), орындалған жұмыстар актісін тапсырады;
      осы Тізбенің 1-тармағының 7) тармақшасының үшінші абзацында 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (бұдан әрі – АЕК) - өтініш және мүгедектігі туралы анықтаманың, балалардың туу туралы куәліктерінің негізінде;
      осы Тізбенің 1-тармағының 10) тармақшасының үшінші абзацында 5 АЕК мөлшерінде - Екібастұз қаласының ішкі істер басқармасымен ұсынылатын тізімнің негізінде;
      осы Тізбенің 1-тармағының 9) тармақшасының бірінші абзацында 7 АЕК мөлшерінде - өтініш, ауруын растайтын анықтаманың негізінде;
      осы Тізбенің 1-тармағының 9) тармақшасының екінші абзацында 5 АЕК мөлшерінде - "Екібастұз туберкулезге қарсы ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынмен ұсынылған тізімнің негізінде;
      осы Тізбенің 1-тармағының 9) тармақшасының үшінші абзацында 7 АЕК мөлшерінде - ЖҚТБ-мен күрес және оның профилактикасы бойынша облыстық орталығының Екібастұз бөлімшесімен ұсынылған тізімнің негізінде;
      осы Тізбенің 1-тармағының 10) тармақшасының төртінші абзацында табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан мүлікке зақым келтіру кезінде 30 АЕК дейін мөлшерде тиісті уәкілетті органмен берілетін өмірлік қиын жағдайдың туындауын растайтын актінің немесе құжаттың негізінде. Әлеуметтік көмекке өтіну мерзімі өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап алты ай ішінде;
      көрсетілген санаттар үшін ай сайын:
      осы Тізбенің 1-тармағының 1) тармақшасында дәрі-дәрмек сатып алуға 1 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек - уәкілетті ұйымның тізімі негізінде;
      осы Тізбенің 1-тармағының 1) тармақшасында тұрғын үй-коммуналдық қызмет және абоненттiк ақы бөлiгiнде телефон байланысы қызметін пайдаланғаны үшін өтемақыға 5 АЕК дейін мөлшерінде, өтініш негізінде және алушының мәртебесін растайтын құжаттарға сәйкес жүргізсін;
      осы Тізбенің 1-тармағының 9) тармақшасында амбулаторлық емделу кезінде 5 АЕК мөлшерінде - "Екібастұз туберкулезге қарсы ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынмен ұсынылған тізімнің негізінде";
      осы Тізбенің 1-тармағының 8) тармақшасында Екібастұз қаласының колледждерінде оқуына ақы төлеу үшін әлеуметтік көмек алатын (жетім студенттер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер ғана) оқу кезінде тұруына, тамақтануына және тұрғылықты жеріне жол жүруіне 12188 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек ұсынылады;
      осы Тізбенің 1-тармағының 8) тармақшасында жоғары оқу орындарында оқуына ақы төлеу үшін әлеуметтік көмек алушыларына оқу кезінде тұруына, тамақтануына және тұрғылықты жеріне жол жүруіне 15235 теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек ұсынылады;
      көрсетілген санаттар үшін тоқсан сайын:
      осы Тізбенің 1-тармағының 2) тармақшасының бесінші, алтыншы абзацтарында, 3) тармақшасының үшінші, төртінші абзацтарында, 4) тармақшасының төртінші абзацында сауықтыруға 2 АЕК мөлшерінде - уәкілетті ұйымның тізімі негізінде;
      осы Тізбенің 1-тармағының 2) тармақшасының төртінші, бесінші, алтыншы абзацтарында, 3) тармақшасының үшінші, төртінші абзацтарында, 4) тармақшасының екінші, төртінші абзацтарында тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді өтеуге 3,6 АЕК мөлшерінде - уәкілетті ұйымның тізімі негізінде;
      көрсетілген санаттар үшін жол жүруге шығындарды өтеуге әлеуметтік көмекті:
      осы Тізбенің 1-тармағының 9) тармақшасының бірінші абзацында шаруашылық жүргізу құқығындағы "Павлодар облыстық онкологиялық диспансері" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны Павлодар қаласы емдеу мекемелерінің гематологиялық бөлімшелері және тұрғылықты орнына кері қайтуға жол жүру билеттері құнының нақты мөлшерінде - өтініштің, емделу, зерттеу немесе кеңес беру туралы онколог-дәрігерімен берілген үзінді көшірмесі немесе анақтамасы, тиісті орынға және тұрақты орнына қайта қайтуға автомобиль немесе теміржол көлігінде қолданылған жол жүру билеттері негізінде;
      осы Тізбенің 1-тармағының 9) тармақшасының екінші абзацында (ауылдық жерде тұратын және амбулаторлық емдегі тұлғалар ғана) "Екібастұз туберкулезге қарсы ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына және тұрғылықты орнына кері қайтуға жол жүру билеттері нақты құнының мөлшерінде, "Екібастұз туберкулезге қарсы ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнымен ұсынылған тізімнің негізінде;
      осы Тізбенің 1-тармағының 8) тармақшасында Екібастұз қаласы колледждерінің және кәсіптік мектептерінің оқушыларына, сондай-ақ Екібастұз қаласының колледждерінде оқуына ақы төлеу үшін әлеуметтік көмек алатын студенттерге Екібастұз қаласы бойынша қалаішілік жолаушылар көлігінде (таксиден басқа) толық жол жүру құнының 50 % мөлшерінде, өтініштің, оқу орнынан анықтама негізінде.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 28.10.2014 N 285/33 (жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      3. Әлеуметтік көмек табысы есебімен облыс бойынша ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар тұлғаларға ұсынылады:
      осы Тізбенің 1-тармағының 10) тармақшасының төртінші абзацында көрсетілген санаттар үшін біржолғы 1 айға созылған сырқат, жедел емдеуді қажет ететін сырқат кезінде 15 АЕК дейін;
      осы Тізбенің 1-тармағының 10) тармақшасының екінші абзацында жерлеуге 15 АЕК мөлшерінде - өтініштің, қайтыс болғаны туралы куәліктің, қайтыс болған сәтінде есепте тұрғаны жөніндегі уәкілетті органның анықтамасы негізінде.
      3-1. Отбасының әр мүшесіне (адамға) берілетін әлеуметтік келісімшарт негізіндегі әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының (адамның) әр мүшесіне шаққандағы орташа табысы мен облыс бойынша (республикалық маңызы бар қалада, астанада) белгіленген күнкөріс деңгейнің алпыс пайызы арасындағы айырма ретінде анықталады.
      Әлеуметтік көмектің мөлшері отбасы құрамы өзгерген кезде, сонымен қатар отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты жасалған кезде ұсынылған кірістерді ескере отырып мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тоқтатылып аталған жағдайлардың басталған сәтінен бастап қайта есептеледі, бірақ оның тағайындалған сәтінен ерте емес.
      Ескерту. Қосымша 3-1 тармағымен толықтырылды - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 22.06.2015 N 329/39 (алғаш рет ресми жарияланған күннен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.
      4. Уәкілетті орган оқу ақысын төлеуге әлеуметтік көмек көрсетеді:
      осы Тізбенің 1-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін (ағымдағы жылғы түлектер) мемлекеттік білім беру грантына үміткер болуға конкурстан өтпеген Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында, сондай-ақ Екібастұз қаласының колледждерінде оқу ақысының толық құны мөлшерінде әлеуметтік көмек ұсынылады - өтініштің, білім беру қызметтерін көрсетуге Екібастұз қаласы әкімінің, жоғары оқу орынның және/немесе Екібастұз қаласы колледжінің басшысының және студенттің қолдары қойылған үш жақты келісімшарт негізінде;
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 28.10.2014 N 285/33 (жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      5. Уәкілетті орган табыстарды санамағанда табиғи түрде әлеуметтік көмек көрсетеді:
      осы Тізбенің 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген санаттар үшін Екібастұз қаласының ішінде арбадағы мүгедектерді көлікпен тасымалдау, кресло-арбаларды және тифлотехникалық құралдарды жөндеу бойынша қызметтер, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар туралы жасалған келісімшартқа сәйкес сурдо-тифлотехникалық құралдарды, кресло-арбаларды жеткізу бойынша қызметтер, гемодиализ бойынша қызмет алу үшін мүгедектерді көлікпен тасымалдау бойынша әлеуметтік көмек көрсету, мемлекеттік сатып алулар туралы жасалған шартқа сәйкес қадымдық баспалдақты көтергіштердің көмегімен көпқабатты ғимараттардың басқыш алаңы бойынша арбадағы мүгедектерді көлікпен тасымалдау, амбулаторлық емделудегі туберкулез ауруымен сырқат науқастарды ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша қызметтер ұсыну әлеуметтік көмек көрсету түрінде үкіметтік емес ұйымдары арқылы көрсетілетін әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - Павлодар облысы Екібастұз қалалық мәслихатының 28.10.2014 N 285/33 (жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады