Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру әдістемесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 17 сәуірдегі № 343 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 19 мамырда № 11082 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 25 қарашадағы № 722 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 25.11.2015 № 722 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» 2011 жылғы 6 қантардағы Қазақстан Республикасы Заңы 13-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру әдістемесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрінің м.а.          М. Құсайынов

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Бас прокуратурасының
      Құқықтық статистика және арнайы
      есептер комитетінің төрағасы
      _______________С.М. Айтпаева
      2015 жылғы 20 сәуір

Қазақстан Республикасы    
Ұлттық экономика министрінің м.а.
2015 жылғы 17 сәуірдегі   
№ 343 бұйрығымен бекітілген 

Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық
Банкін қоспағанда) тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру
әдістемесі

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру әдістемесі (бұдан әрі - Әдістеме) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленген.
      2. Әдістеме реттеуші мемлекеттік органдардың тексерулерді өткізу мақсатында тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін Заңның 13-бабының 3-тармағына және 15-бабының 1-тармағына сәйкес бекітілетін тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, сондай-ақ тексеру парақтарының нысандарын әзірлеуге арналған.
      Осы Әдістеме Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асыратын тексерулерге қолданылмайды.
      3. Осы Әдістемеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) тәуекел – тексерілетін субъектінің қызметі нәтижесінде адам өмірі немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне, мемлекеттің мүліктік мүдделеріне салдарларының ауырлық дәрежесін ескере отырып зиян келтіру ықтималдылығы;
      2) тәуекелдерді бағалау жүйесі – тексерулерді белгілеу мақсатында бақылау және қадағалау органы жүргізетін іс-шаралар кешені;
      3) тәуекел дәрежесін бағалаудың объективті критерийлері (бұдан әрі – объективті критерийлер) – белгілі бір қызмет саласында тәуекел дәрежесіне байланысты және жеке тексерілетін субъектіге (объектіге) тікелей байланыссыз тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін пайдаланылатын тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері;
      4) тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективті критерийлері (бұдан әрі – субъективті критерийлер) – нақты тексерілетін субъектінің (объектінің) қызмет нәтижелеріне байланысты тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін пайдаланылатын тәуекелдер дәрежесін бағалау критерийлері;
      5) тексеру парағы – орындалмауы адам өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне қауіп төндіретін тексерілетін субъектілер қызметіне қойылатын талаптарды қамтитын талаптар тізбесі.
      4. Автоматтандырудың техникалық мүмкіндігі және тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйе талаптарына сәйкестігі тұрғысынан анықтау мақсатында мемлекеттік органдардың тәуекел дәрежелерін бағалау критерийлерін және тексеру парақтарын бекіту туралы нормативтік құқықтық актілер оларды бекіткенге дейін тәуекелдерді бағалау жүйелерін құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі уәкілетті органда келісуге жатады.
      Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі уәкілетті органмен келісу мерзімі бес жұмыс күнін құрайды.
      5. Тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібі және іріктеу тексерулері жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған тексерілетін субъектілерге (объектілерге) қатысты қолданылады.
      Жоспардан тыс тексерулер және өзге бақылау мен қадағалау нысандары жоғары және жоғары дәрежеге жатпайтын тәуекел дәрежесіне жатқызылған тексерілетін субъектілерге (объектілерге) қатысты қолданылады.

2. Жартыжылдық графиктер негізінде тексерулерді жүргізудің
ерекше тәртібіне арналған тәсілдер

      6. Жартыжылдық графиктер негізінде тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібіне арналған тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері объективті және субъективті критерийлер арқылы қалыптастырылады.

1-параграф. Объективті критерийлер

      7. Объективті критерийлерді айқындау мынадай кезеңдер:
      1) тәуекелді айқындау;
      2) тексерілетін субъектілерді (объектілерді) тәуекел дәрежесі бойынша (жоғары және жоғары дәрежеге жатпайтын) топтастыру және бөлу арқылы жүзеге асырылады.
      8. Тәуекелді айқындау:
      1) объектінің қауіпсіздік (күрделілік) деңгейі;
      2) реттелетін салаға (аяға) зиянның ықтимал теріс салдарларының ауырлық ауқымы;
      3) адам өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне, мемлекеттің мүліктік мүдделеріне қолайсыз жағдайлардың туындау ықтималдығы критерийлерінің бірін ескере отырып мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын сала ерекшелігіне байланысты жүзеге асырылады.
      9. Барлық ықтимал тәуекелдерге талдау жүргізгеннен кейін тексерілетін субъектілер (объектілер) екі тәуекел дәрежесі бойынша (жоғары және жоғары дәрежеге жатпайтын) бөлінеді.
      Тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған тексерілетін субъектілерге (объектілерге) қатысты жартыжылдық графиктер негізінде тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібі қолданылады.
      10. Тәуекелдің жоғары дәрежесіндегі тексерілетін субъектілерге (объектілерге) қатысты (санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы жоғары эпидемиологиялық маңызды объектілерді қоспағанда) тексерулерді өткізу мерзімділігі мемлекеттік органдардың Тәуекелдер дәрежесін бағалау критерийлерінде, алайда жылына бір реттен жиі емес мерзімде анықталады.

2-параграф. Субъективті критерийлер

      11. Адал тексерілетін субъектілерді көтермелеу және бақылау мен қадағалауды бұзушыларға шоғырлану принциптерін іске асыру мақсатында тәуекел дәрежесі жоғары тексерілетін субъектілер (объектілер) субъективті критерийлерді пайдалану арқылы мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау критерийлерінде айқындалатын кезеңге тексерулерді өткізудің ерекше тәртібінен босатылады.
      12. Жартыжылдық графиктер негізінде тексеру жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексерулерден босату:
      1) субъективті критерийлерді айқындау;
      2) нәтижелерді бағалау кезеңдері арқылы тәуекел дәрежесі жоғары тексерілетін субъектілер (объектілер) үшін субъективті критерийлерді қолдану арқылы жүзеге асырылады.
      13. Субъективті критерийлер тексеру парақтарының талаптары негізінде әзірленеді, олардың талаптарын сақтамау реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне сәйкес белгілі бір көрсеткіштер санына сәйкес келеді.
      Субъективті критерийлері бойынша көрсеткіштерді қосу жолымен реттеуші мемлекеттік органның Тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерінде белгіленген критерийлер негізінде 0-ден 100-ге дейінгі шәкіл бойынша тәуекел дәрежесінің көрсеткіші есептеледі.
      14. Тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері бойынша тәуекел дәрежесі жоғары тексерілетін субъект (объект):
      1) тәуекел дәрежесі 0-ден 60-қа дейінгі көрсеткіш кезінде - реттейтін мемлекеттік органның тәуекелдерді бағалау критерийлерінде белгіленген мерзімге жартыжылдық графиктер негізінде тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібінен босатылады;
      2) тәуекел дәрежесі 60-тан 100-ге дейінгі көрсеткіш кезінде - жартыжылдық графиктер негізінде тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібінен босатылмайды.
      15. Тексерулер жүргізудің ерекше тәртібінен босату қолданылатын балама (тәуелсіз) тәуекелдерді бағалау және талдау, аудит, сараптама жүйелерінің негізінде, Заң талаптарына қайшы келмейтін және мемлекеттік органдардың тәуекелдер дәрежесін бағалау критерийлерін бекіту туралы ведомстволық актілерімен айқындалатын тәртіпте мүмкін болады.

3. Іріктеп тексерулер жүргізуге арналған тәсілдер

      16. Іріктеп тексерулер үшін тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері объективті және (немесе) субъективті критерийлер арқылы қалыптастырылады.

1-параграф. Объективті критерийлер

      17. Объективті критерийлер іріктеп тексеруде тексерілетін субъективті критерийлерді әзірлеу үшін мониторингілеу мақсатында ақпарат көздері бар тексерілетін субъектілердің (объектілердің) белгілі бір ортасы жататын қызмет салалары үшін қажет.
      18. Объективті критерийлерді пайдалану қажеттілігі реттеуші мемлекеттік органдар тәуекелдерін бағалау жүйелерінде айқындалады.
      Объективті критерийлер:
      1) тәуекелді айқындау;
      2) тексерілетін субъектілерді (объектілерді) тәуекел дәрежесі бойынша (жоғары және жоғары дәрежеге жатпайтын) бөлу және іріктеп тексерулер жүргізетін тәуекел дәрежесін айқындау кезеңдері арқылы қалыптастырылады.
      19. Тәуекелді айқындау осы Әдістеменің 8-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
      20. Тәуекелді айқындағаннан кейін тексерілетін субъектілер (объектілер) екі тәуекел дәрежесі бойынша (жоғары және жоғары дәрежеге жатпайтын) бөлінеді.
      Жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған тексерілетін субъектілерге (объектілерге) қатысты іріктеп тексерулер жүргізіледі.

2-параграф. Субъективті критерийлер

      21. Субъективті критерийлерді айқындау:
      1) деректер базасын қалыптастыру және ақпарат жинау;
      2) ақпаратты талдау және тәуекелдерді бағалау кезеңдерін қолдана отырып жүзеге асырылады.
      22. Деректер базасын қалыптастыру және ақпарат жинау заңнаманы бұзатын тексерілетін субъектілерді (объектілерді) анықтау үшін қажет. Осы мәліметтерді дұрыс пайдалану мемлекеттік бақылау мен қадағалауды барынша тиімді жүзеге асыруға және реттеуші органдар ресурстарын пайдалануға мүмкіндік береді.
      Тәуекелдер дәрежесін бағалау үшін мынадай ақпарат көздері:
      1) тексерілетін субъект ұсынатын, оның ішінде мемлекеттік органдар, мекемелер және салалық ұйымдар жүргізетін автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы ұсынатын есептілік пен мәліметтерді мониторингілеу нәтижелері;
      2) бұрынғы тексерулер нәтижелері;
      3) тексерілетін субъект кінәсінен туындаған қолайсыз жағдайлардың болуы. Қолайсыз жағдайларға инфекциялық және (немесе) паразитарлық және топтық инфекциялық аурулар мен уланулар жағдайларын тіркеу, оның ішінде тағам, өрт, өндірістік жарақаттар мен апаттар, оқиғалар, қираулар, жағдайлар, аса қауіпті зиянды ағзаларды және карантин объектілерін, олардың жұқтыру ошақтарын анықтау, жануарлар әлемі объектілерінің санының қысқаруы және олардың мекен ету ортасының нашарлауы, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің болуы және басқалары жатады;
      4) расталған шағымдар мен арыздардың болуы және саны;
      5) тәуелсіз ұйымдардың аудит (сараптама) нәтижелері (энергоаудит, санитариялық-эпидемиологиялық аудит, жою кезіндегі тәуелсіз аудит, өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасы және басқалары);
      6) өзге бақылау нысандарының нәтижелері;
      7) мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарын, бұқаралық ақпарат құралдарын, бар болған жағдайда «бұзушылар» рейтингтерін, зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша анықталған бұзылулар тізбесін талдау;
      8) уәкілетті органдар мен ұйымдар ұсынатын мәліметтерді талдау нәтижелері пайдаланылады.
      Тәуекелдерді бағалау тиімділігін арттыру мақсатында басқа мемлекеттік органдармен және Кеден одағы елдерімен өзара ақпарат алмасу бойынша жұмыс жүргізу қажет.
      Сондай-ақ, тәуекелдер дәрежесін бағалау үшін Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау критерийлерінде көзделген қызмет ерекшелігіне байланысты басқа ақпарат көздері қолданылады.
      23. Бар ақпарат көздері негізінде реттеуші мемлекеттік органдар бағалауға жататын тиіс субъективті критерийлерді әзірлейді.
      Субъективті критерийлерді талдау және бағалау тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты тексерулерді ең жоғары әлеуетті тәуекелмен шоғырландыруға мүмкіндік береді.
      Бұл ретте, талдау мен бағалау кезінде нақты тексерілетін субъектіге (объектіге) қатысты бұрын ескерілген және пайдаланылған субъективті критерийлердің деректері қолданылмайды.
      24. Ықтимал тәуекел мен проблема маңыздылығына, бұзылудың бір немесе көп реттік сипатына, әрбір ақпарат көзі бойынша бұрын қабылданған шешімдерді талдауға байланысты реттеуші мемлекеттік органның тәуекелдер дәрежесін бағалау критерийлерімен белгілі бір көрсеткіштер санына сәйкес келетін субъективті критерийлер айқындалады.
      Қолданылатын ақпарат көздерінің басымдығын негізге ала отырып Реттеуші мемлекеттік органның тәуекелдер дәрежесін бағалау критерийлеріне сәйкес 0-ден 100-ге дейінгі шәкіл бойынша субъективті критерийлер тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші есептеледі.
      25. Тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері бойынша тексерілетін субъект (объект) мыналарға жатады:
      1) жоғары тәуекел дәрежесі–60-тан 100-ге дейінгі тәуекел дәрежесінің көрсеткіші кезінде және оған қатысты іріктеп тексеру жүргізіледі;
      2) жоғары дәрежеге жатпайтын тәуекел дәрежесі – 0-ден 60-қа дейінгі тәуекел дәрежесінің көрсеткіші кезінде және оған қатысты іріктеп тексеру жүргізіледі.
      26. Іріктеп тексеру жүргізу мерзімділігі субъективті критерийлер бойынша алынатын мәліметтерді талдау және бағалау нәтижелері бойынша айқындалады және жылына бір реттен аспауы тиіс.
      27. Іріктеп тексерулер тиісті есептік кезең басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей құқықтық статистика және арнайы есептер бойынша уәкілетті органға жіберілетін жүргізілген талдау және бағалау нәтижелері бойынша тоқсанға (жартыжылдыққа, жылға) қалыптастыратын іріктеп тексерулер тізімдері негізінде жүргізіледі.
      28. Іріктеп тексерулердің тізімдері:
      1) субъективті критерийлер бойынша ең жоғары тәуекел дәрежесі көрсеткіші бар тексерілетін субъектілердің (объектілердің) басымдығын;
      2) мемлекеттік органның тексерулерді жүргізетін лауазымдық тұлғаларына түсетін жүктемелерін ескере отырып жасалады.

4. Тексеру парақтары

      29. Тексеру парақтары тексерілетін субъектілердің (объектілердің) біртекті топтары үшін жасалады және Заңның 5-бабына сәйкес талаптарды қамтиды.
      30. Біртекті топтар ретінде бірдей талаптар қойылатын тексерілетін субъектілер (объектілер) ұғынылады. Біртекті топтар тексерілетін субъектілер (объектілер) жүзеге асыратын қызмет түрлері бойынша да, тіркелу нысаны бойынша да (заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер) бөлінеді.
      31. Тексеру парақтары осы Әдістемеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.
      32. Заңның 13-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген бақылау мен қадағалау салалары үшін тексеру парақтарының талаптары осы Әдістеменің 13-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес әзірленген субъективті критерийлерге сәйкес түзетіледі.

Мемлекеттік органдардың
(Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкін қоспағанда)
тәуекелдерді бағалау жүйесін
қалыптастыру әдістемесіне
қосымша

нысан

Тексеру парағы
__________________________________________________ саласында
(«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
туралы» ҚР Заңына қосымшаға сәйкес)
__________________________________________________ қатысты
(тексерілетін субъектілердің (объектілердің) біртекті тобының атауы)

      Тексеруді тағайындаған мемлекеттік орган_______________________
_____________________________________________________________________
Тексерулерді тағайындау туралы акт___________________________________
                                               (№, күні)
Тексерілетін субъектінің (объектінің) атауы__________________________
_____________________________________________________________________
Тексерілетін субъектінің (объектінің) (ЖСН), БСН_____________________
_____________________________________________________________________
Орналасу орны _______________________________________________________
_____________________________________________________________________

Талаптар тізбесі

Талап етіледі

Талап етілмейді

Талаптарға сәйкес келеді

Талаптарға сәйкес келмейді

1

2

3

4

5

6













Лауазымдық тұлға (тұлғалар) ______________ _________ ____________
                              (лауазымы)     (қолы)     (Т.А.Ә.)
                            ______________ _________ ____________
                              (лауазымы)     (қолы)     (Т.А.Ә.)

Тексерілетін субъектінің жетекшісі ______________________________
                                     (Т.А.Ә., лауазымы) (қолы)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады