Техникалық және кәсіптік білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 11 маусымдағы № 331 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 9 шілдеде № 11616 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 35 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қорғаныс министрінің 22.01.2016 № 35 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін  күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы»
2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Техникалық және кәсіптік білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаментінің бастығы заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми жариялауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Қорғаныс министрі                          И. Тасмағамбетов

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым министрі
      А. Сәрінжіпов
      2015 жылғы «__»________

Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2015 жылғы 11 маусымдағы
№ 331 бұйрығымен 
бекітілген    

Техникалық және кәсіптік білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын
іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің
әскери оқу орындарына қабылдау қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Техникалық және кәсіптік білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі, «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусына (бұдан әрі – Кадет корпусы) қабылдау тәртібін айқындайды.
      2. Кадет корпусына мыналар түседі:
      1) әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан үлкен емес азаматтар;
      2) әскери қызмет өткерген азаматтар және мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілер оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толғанға дейін;
      3) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілер жиырма бес жасқа толғанға дейін.
      3. Кадет корпусының қабылдау комиссиясына оқуға түсушілер мынадай құжаттардың түпнұсқаларын ұсынады:
      1) жеке куәлік;
      2) әскери билет (тек әскери қызметшілер);
      3) білім туралы құжаттар;
      4) үш пән бойынша кемінде 30 балл тестілеу нәтижелерімен ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі – ҰБТ) немесе талапкерді кешенді тестілеу (бұдан әрі – ТКТ) сертификаты;
      5) Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексімен 8-бабы
12) тармақшасына сәйкес бекітілетін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына (бұдан әрі – ӘДС қағидалары) сәйкес әскери оқу орындарына түсетін азаматтың медициналық куәландыру картасы;
      6) 3х4 өлшемді төрт фотосурет.
      Құжаттардың толық тізбесін ұсынбаған оқуға түсушілер қабылдауға жіберілмейді.
      4. Кадет корпусына қабылдау конкурстық негізде 5 кезеңде жүзеге асырылады:
      1) I кезең – оқуға қабылдау жылының 20-30 шілдесін қоса алғандағы кезеңінде өткізілетін алдын ала кәсіби-психологиялық іріктеу;
      2) ІІ кезең – «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі дене дайындығы жөніндегі нормативтерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2014 жылғы 5 мамырдағы № 195 бұйрығымен бекітілген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеудің тізбесінде № 9518 тіркелген), оқуға қабылдау жылының 20-30 шілдесін қоса алғандағы кезеңінде өткізілетін дене дайындығын тексеру;
      3) III кезең – оқуға қабылдау жылының 1-10 тамызды қоса алғандағы кезеңінде өткізілетін ӘДС қағидаларына сәйкес қорытынды медициналық куәландыру;
      4) IV кезең – оқуға қабылдау жылының 11-19 тамызды қоса алғандағы кезеңінде жас жауынгер курсы кезеңінде өткізілетін түпкілікті кәсіби-психологиялық іріктеу;
      5) V кезең – оқуға қабылдау жылының 20-21 тамызды қоса алғандағы кезеңінде өткізілетін конкурстық іріктеу мен қабылдау.
      Қабылдаудың әрбір кезеңінен тек бір рет өтуге жол беріледі.
      5. Кадет корпусында оқитындардың құрамына қабылдауға конкурс өткізу кезінде бірдей көрсеткіштер болған жағдайда мыналардың басым құқығы бар:
      әскери даярлық бойынша қосымша бағдарламалары бар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері (бұдан әрі – Мектеп бітірушілер);
      қызмет өткеру уақытында қаза тапқан, хабарсыз кеткен немесе әскери қызмет өткеру кезеңінде мүгедектік алған әскери қызметшілердің балалары.

2. Кадет корпусына қабылдау тәртібі

      6. Кадет корпусының бастығы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлерінің бас қолбасшылары, Сержанттар құрамымен жұмыс жөніндегі басқарманың, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының бастықтары оқуға қабылдау жылының 1 маусымына дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Білім және ғылым департаментіне (бұдан әрі – БҒД) оқуға қабылдау жылы 1 шілдеге дейін әзірленетін әрбір оқу орны үшін қабылдау комиссиясының құрамын бекіту туралы Қорғаныс министрі бұйрығының жобасына қосу үшін өкілдер бойынша мәліметтер ұсынады.
      Қабылдау комиссиясының төрағасы – Кадет корпусының бастығы, төрағаның орынбасары – Кадет корпусы бастығының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары болып табылады.
      Қабылдау комиссиясының құрамы мүшелердің тақ санынан тұрады. Шешімдер қабылдау комиссиясы мүшелерінің жалпы санынан көпшілік қарапайым дауыспен қабылданады.
      Дауыстар тең болған жағдайда қабылдау комиссиясы төрағасының даусы шешуші болып табылады.
      Қабылдау комиссиясының отырыстары қабылдау комиссиясының төрағасы бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі, хаттамаларды ресімдеумен сүйемелденеді.
      7. Бірінші курсты жасақтауға жауапты негізгі атқарушы орган Кадет корпусының кадрлар органы болып табылады.
      8. Кадет корпусында кәсіби-психологиялық іріктеуді тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімі ұйымдастырады және жүргізеді.
      9. Оқуға түсушілердің дене дайындығын тексеруді Кадет корпусының дене дайындығы және спорт оқытушылары, нұсқаушылары ұйымдастырады және жүргізеді.
      10. Бірыңғай талаптарды сақтауды қамтамасыз ету, даулы мәселелерді шешу мақсатында Кадет корпусы бастығының бұйрығымен қабылдау комиссиясының жұмысы кезеңінде әрекет ететін апелляциялық комиссия құрылады.
      Бағалау нәтижелерімен келіспейтін оқуға түсушілердің өтініштері нәтижелер жарияланғаннан кейін келесі күні сағат 10-ға дейін қабылданады.
      Хаттамамен ресімделетін апелляция мәнісі бойынша шешім өтініш келіп түскен күннен бастап 1 күнтізбелік күн ішінде шығарылады.
      11. Кадет корпусына түсу үшін әскери қызметшілер қатарынан оқуға түсуші оқуға түсу жылының 1 маусымына дейін әскери бөлім командирінің атына оған оқуға түсетін жылдың 1 шілдесінен бастап оқу демалысын беруге баянат береді.
      Әскери бөлімнің командирі мемлекеттік құпияларға рұқсатнаманы ресімдеу және ӘДС қағидаларына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
      Оқуға жарамдылығы туралы медициналық қорытынды алған кезде оқуға түсушіге қызмет орнына жақын ҰБТ-ны қабылдау пунктіне ТКТ тапсыру үшін оқу демалысы беріледі.
      Кемінде 30 балл жинаған оқуға түсушілер оқуға түсетін жылдың 26 шілдесіне дейін Кадет корпусына келеді.
      12. Мектеп бітірушілер қатарынан оқуға түсуші Кадет корпусына түсу үшін оқуға түсу жылының 1 сәуіріне дейін Мектеп бастығының атына өтініш жазады.
      Мектеп бастығы мынадай жұмысты ұйымдастырады:
      1) мемлекеттік құпияларға рұқсатнаманы ресімдеуді;
      2) ӘДС қағидаларына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өткізуді;
      3) дене дайындығы бойынша нормативтерді тапсыруды;
      4) кәсіби-психологиялық тестілеуді тапсыруды;
      5) ҰБТ тапсыруды.
      Мектептегі дене дайындығы және кәсіби-психологиялық тестілеу бойынша нормативтерді тапсыру нәтижелері қабылдаудың I және II кезеңдерінің нәтижелері болып табылады.
      Кемінде 30 балл жинаған оқуға түсушілер оқуға түсу жылының 30 шілдесіне дейін қабылдаудың III, IV және V кезеңдерінен өту үшін әскери оқу орнына келеді.
      13. Кадет корпусына оқуға түсу үшін азаматтар қатарынан оқуға түсуші оқу орнына түсу үшін оқуға түсу жылының 10 шілдесіне дейінгі мерзімде әскери оқу орны мен мамандық атауларын көрсетумен тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлім (басқарма) бастығының атына өтініш береді.
      Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің (басқарманың) бастығы мемлекеттік құпияларға рұқсаттаманы ресімдеу және ӘДС қағидаларына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту бойынша жұмысты ұйымдастырады.
      ҰБТ-дан кемінде 30 балл жинаған оқуға түсушілер оқуға түсу жылының 20-26 шілдесін қоса алғандағы кезеңінде Кадет корпусына келеді.
      ТКТ-дан кемінде 30 балл жинаған оқуға түсушілер оқуға түсу жылының 20-26 шілдесін қоса алғандағы кезеңінде Кадет корпусына келеді.
      14. Қабылдаудың алғашқы үш кезеңінен өткен оқуға түсушілер рейтингілік балға сәйкес төртінші кезеңге жіберіледі. БҒД рейтингілік балл есебінің кестесін оқуға қабылдау жылының 1 тамызына дейін әскери оқу орындарына жолдайды. Қабылдаудың төртінші кезеңі оқуға түсу жылының 11-19 тамызын қоса алғандағы кезеңінде лагерьлік жиындарда жас жауынгер курсы нысанында өткізіледі.
      15. Қабылдаудың төрт кезеңінен өткен және мемлекеттік құпияларға рұқсатнама алған оқуға түсушілер конкурстық іріктеуге жіберіледі.
      16. Қабылдау комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейін оқуға түсетін жылдың 20 тамызында оқуға қабылдау немесе бас тарту туралы шешім қабылданады және сол күні оқуға түсетіндерге жарияланады.
      17. Кадет корпусына қабылдау оқуға қабылдау жылының 21 тамызында Кадет корпусы бастығының бұйрығымен жүзеге асырылады.
      18. Оқуға қабылданған күні 18 жасқа толмаған Кадет корпусына оқуға қабылданған оқуға түсуші және оның ата-анасы (оларды ауыстыратын адамдар) Кадет корпусының бастығымен білім беру қызметтерін көрсетуге шарт жасасады.
      19. Оқуға қабылданған күні 18 жасқа толған Кадет корпусына оқуға қабылданған оқуға түсуші Кадет корпусының бастығымен әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасады.
      20. Оқуға түскендердің сауалнамалық деректерін көрсете отырып, оқуға қабылдау немесе бас тарту туралы қабылдау комиссиясының шешімі оқуға түсетін жылдың 25 тамызына дейін БҒД-ға ұсынылады.
      21. Кадет корпусының кадрлар органы 10 жұмыс күнінің ішінде қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге және әскери бөлімдерге қабылдау туралы бұйрықтан үзінді-көшірмелерді жолдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады