Қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін су шаруашылығы құрылыстарын жалға және сенiмгерлiк басқаруға беру қағидаларын бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 21 шілдедегі № 555 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 25 қыркүйекте № 12114 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Су кодексінің 37-1-бабының 8-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін су шаруашылығы құрылыстарын жалға және сенімгерлік басқаруға беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ұлттық экономика министрі

Е. Досаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      _____________ Б. Сұлтанов

      2015 жылғы 26 тамыз



  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 21 шілдедегі
№ 555 бұйрығымен бекiтiлген

Қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мен су бұруды қамтамасыз ететін су шаруашылығы құрылыстарын жалға алу және сенімгерлік басқаруға беру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау мен су бұруды қамтамасыз ететін су шаруашылығы құрылыстарын жалға алу және сенiмгерлiк басқаруға беру қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексі 37-1-тармағының 8-2) тармақшасына сәйкес әзірленген және коммуналдық меншiктегi қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауды және су бұруды қамтамасыз ететін су шаруашылығы құрылыстарын (бұдан әрi – жалға алу (сенімгерлік басқару) объектісі) жалға алу және сенiмгерлiк басқаруға беру тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) басқару органы – акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттік пакетін (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығын және/немесе мемлекеттік заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган;

      2) жалға алу (сенімгерлік басқару) бойынша тендерге қатысушы – мемлекеттік емес заңды тұлға, сондай-ақ тендерге қатысуға жіберілген жеке тұлға;

      3) жалға алу (сенімгерлік басқару) объектісі – қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтаумен қамтамасыз ететін су шаруашылығы ұйымдарының мүліктік кешені, акцияларының пакеті (қатысу үлесі), сондай-ақ қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін сумен жабдықтау және су бұру жүйелері немесе олардың элементтері;

      4) жалға алу теңгерімін ұстаушы – жалға алу объектісі жедел басқару немесе шаруашылық жүргізу құқығында бекітілген мемлекеттік заңды тұлға;

      5) жалға алу шарты (сенімгерлік басқару) – жалға беруші (сенімгерлік басқару) құрылтайшысы мен жалдаушы (сенімгерлік басқарушы) арасында жасалған жалға алу (сенімгерлік басқару) шарты;

      6) жалға беру бойынша тендер – жалға беруші өзі ұсынған бастапқы шарттар негізінде жалға беруші үшін ең жақсы шарт талаптарын ұсынатын тендерге қатысушылардың бірімен шарт жасасуға міндеттенетін тізілімнің веб-порталын пайдалана отырып, электрондық форматта өткізілетін объектілерді жалға беру жөніндегі сауда-саттық нысаны;

      7) жалға беруші (сенімгерлік басқару құрылтайшысы) – жергілікті атқарушы орган;

      8) жалдаушы (сенімгерлік басқарушы) – жалға берушімен (сенімгерлік басқару құрылтайшысымен) жалға беру (сенімгерлік басқару) шартын жасасқан жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар;

      9) кепілдік жарнасы – жалға алу (сенімгерлік басқару) бойынша сауда-саттыққа қатысу үшін жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға енгізетін ақша сомасы;

      10) сенімгерлік басқару бойынша тендер – мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару құрылтайшысы үшін ең үздік шарт талаптарын ұсынған тендерге қатысушылардың бірімен оның ұсынған бастапқы шарттарының негізінде мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару құрылтайшысы шарт жасасуға міндеттенетін сенімгерлік басқару объектісін сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі сауда-саттық нысаны;

      11) тізілімнің веб-порталы – www.gosreestr.kz мекенжай бойынша Интернет желісінде орналасқан, мемлекеттік мүліктің жалға беру шарттары бойынша тізілім деректеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін беретін интернет-ресурс (одан әрі – тізілім).

2. Қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін жалға алу (сенімгерлік басқару) объектілерін жалдауға (сенімгерлік басқаруға) беру тәртібі

      3. Жалға алу (сенімгерлік басқару) объектісін беру туралы шешімі жалға берушімен (сенімгерлік басқару құрылтайшысымен) қабылданады. Жалға алу (сенімгерлік басқару) объектілері жалдауға (сенімгерлік басқаруға), мерзімі бес жылдан қырық тоғыз жылға дейін, оларды пайдалану мерзіміне байланысты, кейінгі сатып алу құқығысыз беріледі.

      4. Шартпен белгіленген мерзімі өткеннен кейін жалға алу (сенімгерлік басқару) шартының қолданылуы тоқтатылады.

      5. Жалға алу (сенімгерлік басқару) объектілерін жалға алу (сенiмгерлiк басқару) тендер негізінде жүзеге асырылады.

      6. Жалға алу (сенімгерлік басқару) объектілерін нысаналы мақсаты бойынша одан әрi пайдалану оларды жалға алудың (сенiмгерлiк басқаруға берудiң) мiндеттi шарты болып табылады.

      7. Жалға алу (сенімгерлік басқару) объектілерін жалдауға (сенiмгерлiк басқаруға) беру кезiнде:

      технологиялық циклдың сақталуын қамтамасыз ету;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тиісті пайдалануды қамтамасыз ету, судың ысырабын қысқарту;

      озық технологияларды, энергия тиімді жабдықты енгізу;

      табиғатты қорғау іс-шараларын өткізу;

      жаңа жұмыс орындарын құру немесе бар санын сақтау;

      белгіленген уақыт мерзімі ішінде сенімгерлік басқару объектісі бойынша мәмілелерді жасасу немесе айқындалған әрекеттерді болдырмау;

      жалға алу (сенімгерлік басқару) объектілерінде терроризмге қарсы іс-шараларды өткізу бойынша талаптар қойылады.

      8. Жалға алу (сенімгерлік басқару) объектілері қалалар мен ауылдық елді мекендер ішінде жалға (сенімгерлік басқаруға) беріледі.

      9. Жалға алу (сенімгерлік басқару) объектісін жалдауға (сенiмгерлiк басқаруға) жалға беруші (сенімгерлік басқару құрылтайшысы) береді.

      10. Жалға алу объектісінің теңгерімін ұстаушысы жалға алу объектісін жалға беру үшін жалға берушіге объектілердің атауы, саны, өлшем бірлігі, қысқаша сипаттамасы, орналасқан жері, жалға алу беру мерзімі, нысаналы мақсаты қамтылған ақпарат (одан әрі – ақпарат) береді. Ақпаратпен бірге жалға алу объектісінің теңгерімін ұстаушысы "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2000 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған, ақпарат берген күннен бастап алты айдан кешіктірмей тапсырылатын жалға алу объектісін бағалау туралы есеп береді.

      Жалға алу объектісінің теңгерімін ұстаушысы ақпаратың дұрыстығын қамтамасыз етеді.

      Ақпаратты жалға беруші ақпарат ұсынылған сәттен бастап он күнтізбелік күннің ішінде қарайды.

      Ұсынылған ақпаратты қараудың нәтижелері бойынша жалға беруші мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) жалға беру объектісін жалға беру туралы;

      2) жалға беру объектісін жалға беруден бас тарту туралы.

      11. Жалға беруші объектіні жалға беру туралы шешім қабылдағаннан кейін он бес күнтізбелік күннің ішінде Қағидалардың 10-тармағына сәйкес жалға алу объектісінің теңгерімін ұстаушысы ұсынған ақпаратты қараудың нәтижелері бойынша Тізілімде мынадай ақпарат орналастыруды қамтамасыз етеді:

      1) жалға алу объектісінің атауын, санын, өлшем бірлігін, қысқаша сипаттамасын, орналасқан жерін, жалға беру мерзімін, нысаналы мақсатын көрсете отырып жалға берілетін объекті туралы мәліметтер;

      2) жалға алу объектісінің теңгерімін ұстаушысы және иесі туралы мәліметтер (пошталық мекенжайы, телефоны, факсы, электрондық мекенжайы);

      3) жалдау бойынша тендер өткізу жолымен объектіні жалға беру туралы мәліметтер.

      12. Басқару органы мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару құрылтайшысына акциялары (үлестері) не мүліктік кешені объекті болып табылатын заңды тұлғаның құрылтай құжаттарын, соңғы үш қаржы жылындағы қаржы-шаруашылық қызметі туралы ақпаратты, объектіні кейіннен сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі шарттарды белгілеу туралы ұсыныстарды және тендерге қатысушыларға қойылатын талаптарды береді.

      Өзге объектілер бойынша басқару органы мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару құрылтайшысына объектінің сипаттамасын, объектінің баланстық құны туралы мәліметтерді және объектіні кейіннен сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі шарттарды белгілеу туралы ұсыныстарды және қызметінің ерекшелігін ескере отырып тендерге қатысушыларға қойылатын талаптарды ұсынады.

      13. Мемлекеттік заңды тұлғалардың, сондай-ақ акциялары мен жарғылық капиталдарындағы мемлекеттің қатысу үлестері сенімгерлік басқаруға беру объектісі болып табылатын мемлекеттік емес заңды тұлғалардың лауазымды адамдары мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару құрылтайшысының жазбаша сұрауы бойынша олар белгілеген мерзімде объектіні сенімгерлік басқаруға беруге дайындау үшін қажетті мәліметтерді жеті жұмыс күні ішінде береді.

      14. Жалға алу объектісі бойынша жыл сайынғы жалдау төлемінің ең төменгі мөлшерлемесі осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген бағалау туралы есеппен расталған жалға берілетін бағалау құнының 0,1 пайызын құрайды. Жалдау бойынша тендерде қатысу үшін кепілдік жарнасы ай сайынғы жалдау төлемі мөлшерінде белгіленеді.

      15. Сенімгерлік басқару бойынша тендерге қатысу үшін кепілдік жарнасы әрбір сенімгерлік басқару объектісі үшін бөлек белгіленеді. Активтер құны 250000 айлық есептік көрсеткіштен артық болмаса, кепілдік жарна мөлшері сенімгерлік басқару құрылтайшысымен дайындалған сенімгерлік басқару объектісінің бағалау туралы есеппен расталған сенімгерлік басқаруға берілетін актив құнының 0,5 пайызын құрайды. Активтер құны 250000 айлық есептік көрсеткіштен артық болса, кепілдік жарна мөлшері сенімгерлік басқару құрылтайшысымен дайындалған сенімгерлік басқару объектісінің бағалау туралы есеппен расталған сенімгерлік басқаруға берілетін актив құнынының 0,1 пайызын құрайды.

      16. Жалдау бойынша тендерді өткізуге дайындалу, өткізу және нәтижелерін рәсімдеу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 212 бұйрығымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10467 болып тіркелген Мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру қағидаларының (бұдан әрі – Мүліктік жалдауға беру қағидалары) 17-тармағына, 29-тармағының үшінші бөлігіне және 35-тармағын қоспағанда, Мүліктік жалдауға беру қағидаларымен белгіленеді.

      17. Сенімгерлік басқару бойынша тендерді өткізуге дайындалу, тендерлік құжаттаманың мазмұны, тендерді өткізу, нәтижелерін ресімдеу тәртібі және сенімгерлік басқару шартының мазмұны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 17 бұйрығымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10111 болып тіркелген Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру қағидаларының (одан әрі – Сенімгерлік басқаруға беру қағидалары) 12, 20 тармақтарын, 38-тармағының 2)-тармақшасын, 39 және 40-тармақтарын қоспағанда, Сенімгерлік басқаруға беру қағидаларымен белгіленеді.

      18. Жалға алу (сенімгерлік басқару) бойынша тендер комиссиясының құрамына жалға берушiнiң (сенімгерлік басқару құрылтайшысының), теңгерім ұстаушының, басқа да мүдделi мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкiлдерi енгiзiледі. Қазақстан Республикасының "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері тендерлік комиссиясының құрамына (кейін дауыс беру және шешім қабылдау құқығысыз) байқаушы ретінде қосылады. Тендерлік комиссия құрамының саны кемінде бес адамды құрайды. Комиссия жалға берушінің шешімімен құрылады. Тендерлік комиссияның хатшысы жалға берушiнiң (сенімгерлік басқару құрылтайшысының) өкiлі болып табылады. Тендерлік комиссияның хатшысы тендерлік комиссиясының мүшесі емес және тендерлік комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы жоқ.

      19. Жалға алу (сенімгерлік басқару) шартына қол қойылғаннан кейін он жұмыс күнінің ішінде жалға алу (сенімгерлік басқару) объектісі жалға алу (сенімгерлік басқару) объектісін қабылдау-тапсыру актісі бойынша жалға алушыға (сенімгерлік басқарушыға) береді, қабылдау-тапсыру актісі еркін нысанда жасалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады