Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында жұмыс стандарттарын (қызметкердің нақты жұмыс учаскесіндегі қызмет нәтижелеріне қойылатын алгоритм, қағидалар және талаптар) белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 26 қарашадағы № 969 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 23 желтоқсанда № 12471 болып тіркелді.

      "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 29-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында жұмыс стандарттарын (қызметкердің нақты жұмыс учаскесіндегі қызмет нәтижелеріне қойылатын алгоритм, қағидалар және талаптар) белгілеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаменті (А.Ү. Әбдіғалиев) заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Заң" деректер базасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрілігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал-лейтенанты М.Ғ.Демеуовке және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаментіне (А.Ү. Әбдіғалиев) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
полиция генерал-полковнигі
Қ. Қасымов

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 26 қарашадағы
№ 969 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында жұмыс стандарттарын
(қызметкердің нақты жұмыс учаскесіндегі қызмет нәтижелеріне қойылатын алгоритм,
қағидалар және талаптар) белгілеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында жұмыс стандарттарын (қызметкердің нақты жұмыс учаскесіндегі қызмет нәтижелеріне қойылатын алгоритм, қағидалар мен талаптар) белгілеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабының 8-тармағына сәйкес әзірленген.

      2. Қағидалар ішкі істер органдарында жұмыс стандарттарын (қызметкердің нақты жұмыс учаскесіндегі қызмет нәтижелеріне қойылатын алгоритм, қағидалар мен талаптар) (бұдан әрі – Жұмыс стандарттары) белгілеу тәртібін анықтайды.

      3. Жұмыс стандарты – қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін белгіленген жұмыс технологиясын іске асыруға, сондай-ақ анықталған қателерді анықтауға мүмкіндік беретін қызметкердің нақты жұмыс учаскесіндегі қызмет нәтижелеріне қойылатын алгоритм, қағидалар мен талаптар.

2. Жұмыс стандарттарын белгілеу тәртібі

      4. Жұмыс стандарттары мынадай бөлімдерден тұрады:

      "Жалпы ережелер" – нақты жұмыс учаскесіндегі қызметті регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер мен бұйрықтардың түбегейлі тізбесін қамтиды.

      "Іс-қимыл алгоритмі" – міндеттердің, функциялардың нақты жұмыс учаскесіндегі іс-әрекеттерді орындау реттілігінің толық сипаттамасын, сондай-ақ жұмыс нәтижелеріне қойылатын стандартты талаптарды құрайды.

      Жұмыс стандарттары осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша белгіленеді.

      5. Жұмыс стандарттарын белгілеу кезінде мынадай өлшемшарттарды басшылыққа алу қажет:

      нақтылық – әртүрлі түсінікке әкеп соғатын бұлыңғыр және екіұшты тұжырымдардың болмауы;

      өзектілік – жүктелген міндеттер мен іске асыралатын функциялардың өзгеруін ескере отырып, Жұмыс стандарттарын уақтылы қайта қарау;

      кешенділік – басқарудың барлық деңгейінде ішкі істер органдары жүйесінің барлық лауазымдарын қамту.

      6. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі – ІІМ) департаменттері, дербес басқармалары, комитеттері олардың құрылымдық бөліністері құрамындағы лауазымдар бойынша Жұмыс стандарттарын, сондай-ақ әрбір басқару деңгейі бойынша қызметтің барлық бағыттарын ескере отырып, әрбір лауазым атауы бойынша үлгілік Жұмыс стандарттарын белгілейді.

      Ішкі істер министрлігінің Екінші арнайы басқармасы Казақстан Республикасы Ішкі істер министрінің көмекшісі лауазымы бойынша Жұмыс стандарттарын белгілейді.

      Ішкі істер министрлігінің Штаб-департаментіне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, Көліктегі полиция департаменттерінің, Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігі бастықтарының лауазымдары бойынша Жұмыс стандарттарын белгілеу жүктеледі.

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, Көліктегі полиция департаменттерінің, Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің бастықтары орынбасарларының лауазымдары бойынша Жұмыс стандарттарын белгілеу оларға жетекшілік ететін қызметтерге жүктеледі.

      Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің штабына, сондай-ақ Әкімшілік полиция комитетінің аналитикалық бөлінісіне комитеттер басшылығының, аумақтық органдар, оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің бастықтары мен олардың орынбасарларының лауазымдары бойынша Жұмыс стандарттарын белгілеу жүктеледі.

      Өңірлік Полиция департаменттері, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің аппараттарындағы штабтарға қалалық, аудандық бөліністердің бастықтары мен олардың орынбасарларының лауазымдары бойынша Жұмыс стандарттарын белгілеу жүктеледі.

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының және оның ведомстволарының салалық қызметтеріне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің бастықтары мен олардың орынбасарларының лауазымдары бойынша Жұмыс стандарттарын белгілеу жүктеледі.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 21.11.2019 № 999 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Ішкі істер министрінің 14.10.2021 № 632 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      7. Жұмыс стандарттарын белгілеуді жалпы үйлестіру осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес бөліністің бірінші басшысына жүктеледі.

      8. Жұмыс стандарттарын тиісті лауазымға тағайындалған қызметкерді қол қойғызу арқылы одан әрі таныстыра отырып, тікелей басшы бекітеді.

  Ішкі істер органдарында жұмыс
стандарттарын (қызметкердің нақты
жұмыс учаскесіндегі қызмет нәтижелеріне
қойылатын алгоритм, қағидалар және
талаптар) белгілеу қағидаларына
қосымша

      БЕКІТЕМІН

      ___________________________

      (органның,

      ___________________________

      бөліністің атауы)

      бастығы ___________________

      (атағы, Т.А.Ә. (болған кезде)

      20___жылғы "___" __________

      ЖҰМЫС СТАНДАРТЫ

      _________________________________________________

      (лауазымның құрылымдық тиесілігін көрсете отырып атауы)

      _________________________________________________

      лауазымы бойынша

      1. Жалпы ережелер

      1. Жұмыс стандарты мынадай негізде белгіленді:

      _________________________________________

      _________________________________________

      _________________________________________

      2. Іс-қимыл алгоритмі

      2. Міндет: ____________________________________________________

Қойылған міндетті іске асыру үшін қажетті функциялардың тізбесі

Анықталған функциялар бойынша іс-қимылды орындау тәртібі мен реттілігі

Жасалған іс-әрекеттердің нәтижесіне қойылатын стандартты талаптар*











      3. Міндет: ____________________________________________________

Қойылған міндетті іске асыру үшін қажетті функциялардың тізбесі

Анықталған функциялар бойынша іс-әрекеттерді орындау тәртібі мен реттілігі

Жасалған іс-әрекеттердің нәтижесіне қойылатын стандартты талаптар*











      және т.с.с.

      Таныстым:______________________________________________________

      (қызметкердің атағы, Т.А.Ә., (болған кезде) қолы)

      * - өзге іс-әрекеттердің нәтижесіне қойылатын стандартты талапты

      белгілеу мүмкін болмаған жағдайда оны белгілеуді топтық іс-әрекеттер

      арқылы орындауға жол беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады