Орман қорының аумағында ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды есепке алу мен айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 18-02/52 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 наурызда № 10364 тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 13-бабы 1-тармағының 18-32) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Орман қорының аумағында ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды есепке алу мен айқындау қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    А. Мамытбеков

Қазақстан Республикасы  
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 30 қаңтардағы 
№ 18-02/52 бұйрығымен   
бекітілген        

Орман қорының аумағында ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды есепке алу мен айқындау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Орман қоры аумағында ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды есепке алу және анықтау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексіне сәйкес әзірленді және орман қорының аумағында ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды есепке алу мен айқындау тәртібін айқындайды.
      2. Орман қоры аумағында ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залал мыналарды қамтиды:
      1) өсуін тоқтату дәрежесіне дейін ағаштар мен бұталардың заңсыз кесілуінен келтірілген зиянның мөлшері;
      2) өсуін тоқтату дәрежесіне жетпей ағаштар мен бұталардың заңсыз кесілуінен келтірілген зиянның мөлшері;
      3) дауыл құлатқан, жел сұлатқан, өрт зақымдаған ағаштар мен бұталардың заңсыз кесілуінен келтірілген зиянның мөлшері;
      4) шыбықтар мен өскіндерді, жинақталмаған орман дақылдарын, плантацияларда, сондай-ақ селекциялық-тұқым шаруашылығы және селекциялық-генетикалық мақсаттағы ағаштар мен бұталардың заңсыз кесілуінен келтірілген зиянның мөлшері;
      5) ағаштың заңсыз кесілуінен зақымдалған орман қоры учаскелерінде орманды қалпына келтіруге жұмсалған шығыстар.
      3. Орман қоры аумағында ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген зиянның мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 31 мамырдағы № 441 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзудан келтірілген залалдың мөлшерін есептеуге арналған базалық ставкаларымен анықталады (бұдан әрі – Базалық ставкалар).

2. Орман қоры аумағында ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды есепке алу тәртібі

      4. Орман қоры аумағында ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды есепке алуды орман иеленушілер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2012 жылғы 30 наурыздағы № 25-02-02/145 бұйрығымен бекітілген Орман қоры аумағында ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды есепке алу және анықтау бойынша әдістемелік нұсқауларымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізіліміндегі тіркеу № 7609) көзделген нысан бойынша орман қоры аумағында ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды есепке алу журналын (бұдан әрі – есепке алу журналы) толтыру жолымен жүзеге асырады.
      5. Залалды есепке алу журналында ағаштар мен бұталардың тұқымдылары, олардың саны, сүрек көлемі, бірлік үшін зиянды өтеу мөлшері және ағаштың заңсыз кесілуі келтірген зиянның мөлшері бойынша есептелген залал сомасы көрсетіледі.

3. Орман қоры аумағында ағаштың заңсыз кесілуінен келтірілген залалды анықтау тәртібі

      6. Ағаштар мен бұталардың заңсыз кесілуінен келтірілген зиянның мөлшері ірілік санаттары бойынша белгіленген іскерлік сүрек пен отындық сүректің көлемін Базалық ставкаларда көзделген зиянды өтеу мөлшеріне көбейту жолымен анықталады.
      7. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өсуін тоқтату дәрежесіне дейін ағаштар мен бұталар заңсыз кесілген жағдайда Базалық ставкаларда көзделген зиянды өтеу мөлшері екі есе көбейтіледі.
      8. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда өсуін тоқтату дәрежесіне жетпей ағаштар мен бұталар заңсыз кесілген жағдайда Базалық ставкаларда көзделген зиянды өтеу мөлшері өзгеріссіз қолданылады, осы аумақтардан тыс жерлерде – екі есеге кемітіледі.
      9. Ағаштар мен бұталарды заңсыз кескен, дауыл қопарған, жел құлатқан сүректерді, өрт зақымдаған ағаштарды ұрлау жағдайларда Базалық ставкаларда көзделген зиянды өтеу мөлшері қолданылады.
      10. Жас талдар мен өскіннің, жинақталмаған орман дақылдарының кесілуі, орман питомниктерінде селекциялық-тұқым шаруашылығы және селекциялық-генетикалық мақсаттағы, объектілердің, ағаш отырғызу материалының, плантацияларда ағаштар мен бұталардың заңсыз кесілуі келтірген зиянның мөлшері олардың санын Базалық ставкаларда көзделген зиянды өтеу мөлшеріне көбейту жолымен анықталады.
      11. Ағаштың заңсыз кесілуінен зақымдалған орман қоры учаскелерінде орманды қалпына келтіруге жұмсалатын шығыстар кесілген, бірақ тасып әкетілмеген, сатылуға жататын орман материалдарының құнын шегергендегі ормандарды молықтыру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қажетті шығындар бойынша анықталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады