Қордай ауданы бойынша әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының 2015 жылғы 31 наурыздағы № 39-7 шешімі. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 17 сәуірдегі № 2614 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының 2018 жылғы 26 наурыздағы №29-9 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы Қордай аудандық мәслихатының 26.03.2018 №29-9 (алғаш ресми жарияланғаннан күннен күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңы 6 бабының 2-3 тармағына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес аудандық мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Қордай ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын қадағалау аудандық мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет, жергілікті өзін-өзі басқару, индустриялық-инновациялық дамыту, аймақты, көлік пен байланысты, орта және шағын бизнесті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. "Қордай ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" Қордай аудандық мәслихатының 2013 жылғы 11 қазандағы № 22-7 шешімінің (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 2034 болып тіркелген, 2013 жылғы 13 қарашадағы № 175-176 аудандық "Қордай шамшырағы" - "Кордайский маяк" газетінде жарияланған) және "Қордай ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" Қордай аудандық мәслихатының 2013 жылғы 11 қазандағы № 22-7 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Қордай аудандық мәслихатының 2014 жылғы 12 мамырдағы № 30-2 шешімінің (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 2224 болып тіркелген, 2014 жылғы 24 мамырдағы № 81-82 аудандық "Қордай шамшырағы" - "Кордайский маяк" газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді, алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихат
      сессиясының төрағасы Е. Есперов
      Аудандық
      мәслихаттың хатшысы Әлімбет

  Қордай аудандық мәслихатының
2015 жылғы 31 наурыздағы
№ 39-7 шешімімен бекітілген

Қордай ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қордай ауданы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуiрдегi және "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңдарына, сондай-ақ "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзiрлендi.

      2. Әлеуметтік көмек Қордай ауданының аумағында тұрақты тұратын азаматтарға көрсетіледі.

      3. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің қаулысымен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – Жамбыл облысының статистика органы есептеген мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы –Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен бекітілген Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек алуға үмiткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу ережесіне (бұдан әрі – Жиынтық табысын есептеу ережесі) сәйкес белгіленген айына отбасының әр мүшесіне келетін отбасының жиынтық табысының үлесі;

      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – "Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      8) уәкілетті ұйым – "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Жамбыл облыстық филиалының Қордай аудандық бөлімшесі (бұдан әрі- ЗТМО);

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия.

      4. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігі мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Жамбыл облысы әкімдігі бекіткен ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесі және әлеуметтік көмектің мөлшерлері

      7. Атаулы және мерекелік күндерге бiржолғы әлеуметтік көмек:

      9 мамырға:

      - Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 150 000 ( жүз елу мың) теңге мөлшерінде;

      - қоршаудағы кезеңiнде Ленинград қаласының кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      - екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа да ерiксiз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      - қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген мүгедектердiң әйелдерiне (күйеулерiне), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргiзген адамдардың, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған, жалпы ауруға шалдығудың, еңбек ету кезiнде зақым алуының нәтижесiнде және басқа себептерге (құқыққа қайшы келетiндерiнен басқаларына) байланысты мүгедек деп танылған азаматтардың екiншi рет некеге тұрмаған әйелдерiне (күйеулерiне) 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      - қайталап некеге отырмаған ата-ана, зайыбына (жұбайы) 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      - Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдерiмен наградталған адамдарға 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      - 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген адамдарға (әскери қызмет өткергендерге) 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі.

      15 ақпанға:

      - Ауғанстанда әскери міндетін өтеген әскери қызметшілерге және Ауғанстанда әскери мiндетiн өтеу кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерге 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      - Ауғанстандағы ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде;

      - 1979 жылдың 1 желтоқсаны мен 1989 жылдың желтоқсаны аралығында Ауғанстанға жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлерге 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі.

      26 сәуірге:

      - 1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан және Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың салдарынан мүгедек болған адамдарға 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      - 1988 - 1989 жылдардағы Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға 15 000 (он бес мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі.

      29 тамызға:

      - Азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдарға 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде.

      8. Осы Қағидалардың 7 тармағында көрсетілген арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы алушы азаматтарға атаулы және мерекелік күндерге біржолғы ақшалай төлемдер жылына бір рет тек қана бір негіздеме бойынша жүзеге асырылады.

      9. Өтініші бойынша жан басына шаққандағы табысы 5 ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын адамдарға (отбасыларға) біржолғы әлеуметтік көмек:

      - Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша өмірлік қиын жағдайында деп танылған адамдарға (отбасыларға) дәрі-дәрмек құралдарын сатып алуға, медициналық қызметтерді алуға, басқа да өмірге қажетті мәселелерді шешуге, оның ішінде өмір сүруге қаражаты болмауына байланысты қаржылық қаражаттың аса қажеттілігін жоюға 25 айлық есептік көрсеткіш шегінде көрсетіледі;

      - әлеуметтік мәні бар туберкулез ауруы бойынша әлеуметтік көмек "Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы Қордай аудандық орталық ауруханасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының тізіміне сәйкес амбулаториялық емдеу кезеңінде емін жалғастырып жатқан адамдарға ай сайын 21 871 (жиырма бір мың сегіз жүз жетпіс бір) теңге мөлшерінде көрсетіледі;

      - табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда әлеуметтік көмек арнайы комиссия белгілеген 200 айлық есептік көрсеткіш шегіне дейін көрсетіледі.

      Табиғи зілзаланың немесе өрттік салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіргенде мұқтаж азаматтар екі ай ішінде уәкілеті органға өтініш береді.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгерістер енгізілді – Жамбыл облысы Қордай мәслихатының 04.03.2016 № 53-4; 13.04.2016 № 14-12 шешімдерімен (алғаш ресми жарияланған кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10. Өтініші бойынша біржолғы әлеуметтік көмек:

      - жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан аспайтын санаттағы адамдар (отбасылар) үшін әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туындаған жағдайда 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның ұсынымы бойынша Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігі бекіткен тізім бойынша көрсетіледі.

      12. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;

      3) Үлгілік қағидалардағы 1-қосымшасына сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;

      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.

      13. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      14. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      15. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2,3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға жібереді.

      16. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      17. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      18. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      19. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      20. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 16 және 17 тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      21. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      22. Белгіленген негіздемелердің біреуі бойынша әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді.

      23. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған.

      24. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Жамбыл облысы Қордай ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      25. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Қордай ауданы шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      26. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      27. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады