Түпқараған ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережесін бекіту туралы

Жаңартылған

Түпқараған аудандық мәслихатының 2015 жылғы 20 мамырдағы № 30/205 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2015 жылғы 26 маусымда № 2750 болып тіркелді.

      Ескерту. Шешімнің тақырыбы жаңа редакцияда, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді - Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 27.04.2022 № 13/77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 - бабының 1 тармағының 12 - 3) тармақшасына сәйкес, Түпқараған аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Түпқараған ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы Ережесі бекітілсін.

      Ескерту. 1 тармақ жаңа редакцияда, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді - Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 27.04.2022 № 13/77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      2. "Түпқараған аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (А.Ізбен) осы шешімді әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді, оны бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды және "Әділет" ақпараттық–құқықтық жүйесінде орналасуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешімнің орындалысын бақылау Түпқараған аудандық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясына (комиссия төрағасы О.Әбдірахманов) жүктелсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы: С.Қойшыбаев
      Аудандық мәслихат хатшысы: А.Досанова

  Түпқараған аудандық мәслихатының
2015 жылғы 20 мамырдағы
№ 30/205 шешімімен бекітілген

Түпқараған ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы
Ереже

      Ескерту. Ережеде бүкіл мәтіні бойынша "марапаттау", "марапаттауға", "марапатталады", "марапатталушының" сөздері "наградтау", "наградтауға", "наградталады" "наградталушының" сөздерімен ауыстырылды, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді,- Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 27.04.2022 № 13/77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

1-тарау. Жалпы ереже

      Ескерту. 1- тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 13.01.2021 № 51/379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      1. Осы Ереже "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және ауданның Құрмет грамотасымен наградтауға ұсыну мен оны тапсырудың тәртібін айқындайды.

      2. Құрмет грамотасымен ауданның экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, мәдениетін дамытудағы, білім беру саласындағы, әскери және өзге де мемлекеттік қызметтегі, қоғамдық қызметтегі елеулі жетістіктері және жеке үлес қосқаны үшін азаматтар наградталады.

      Ескерту. 2 тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 13.01.2021 № 51/379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3. Түпқараған ауданының Құрмет грамотасымен наградтауға ұсыныстарды еңбек, шығармашылық ұжымдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер ұсынады.

      4. Наградтау бетшесінде наградталушының жеке басын сипаттайтын, оның сол саладағы және еңбек ұжымындағы жалпы еңбек өтілі, нақты сіңірген еңбегі, жұмысының тиімділігі және сапасы туралы мәліметтері көрсетіледі.

      Наградтау бетшесіне кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мемлекеттік органның басшысы қол қояды және мөрмен бекітіледі.

      Аудан әкімі орынбасарларының, ауылдар әкімдерінің, бөлімдер басшыларының наградтау бетшесіне аудан әкімі қол қояды.

      5. Аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының атына наградтау бетшесі мен еңбек ұжымының қолдаухаты аудан әкімі аппаратының және аудандық мәслихат аппаратының кадр жұмыстары бөліміне жолданады. Әрі қарай Түпқараған ауданының Құрмет грамотасымен наградтау жөнінде келіп түскен құжаттар алдын ала қарау және ұсыныстар дайындау үшін аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларына жолданады.

      Ескерту. 5 тармақ жаңа редакцияда -Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 26.07.2023 № 5/35 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      6. Егер ұсынылған кандидаттар немесе наградтау құжаттары осы Ережеде белгіленген талаптарға сәйкес болмаса, онда ұсыныс аудандық мәслихат сессиясының қарауына енгізілмейді.

      7. Құрмет грамотасымен наградтау туралы шешім Түпқараған аудандық мәслихатының сессиясында қабылданады.

      Құрмет грамотасымен наградтау туралы шешім бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      Құрмет грамотасымен қайта наградтау бес жылдан кейін ғана мүмкін болады.

2-тарау. Түпқараған ауданының Құрмет грамотасының сипаттамасы

      Ескерту. 2- тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 13.01.2021 № 51/379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      8. Құрмет грамотасы беткі жағында Елтаңба бейнеленген және мемлекеттік тілде "Құрмет грамотасы" деп жазылған, қосымша бетшесі бар көк түсті балакрон папка.

      Қосымша бетше типографиялық тәсілмен, ақ түсті тығыз қағаздан дайындалады.

      Қосымша бетшенің айқармасында сол жағынан ұлттық оюмен өрнектелген Түпқараған ауданының символы орналасады.

      Қосымша бетшенің оң жағынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік туындағыдай үстіне қыран құс қалықтаған күн сәулесі аясында наградталушының тегі, аты, әкесінің аты және сіңірген еңбегін көрсетіп жазу үшін орын қалдырылады.

      Мәтіннің астында қосарланып аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының қолдары орналасады.

      Ескерту. 8 тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 13.01.2021 № 51/379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді- Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 26.07.2023 № 5/35 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); шешімдерімен.

3-тарау. Түпқараған ауданының Құрмет Грамотасын тапсырудың тәртібі

      Ескерту. 3- тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 13.01.2021 № 51/379 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      9. Түпқараған ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы шешім кадр қызметімен наградталушының Еңбек кітапшасына, жеке ісіне енгізіледі.

      10. Наградтау туралы мәліметтер Түпқараған ауданының Құрмет грамотасын тапсыру журналына тіркеледі. Журнал аудан әкімі аппаратының наградтау мәселесімен айналысатын маманында 5 жыл бойына сақталады, одан әрі аудан әкімі аппаратының мұрағатына сақтауға тапсырылады.

      11. Құрмет грамотасы салтанатты түрде аудандық мәслихаттың төрағасымен не аудан әкімімен немесе оның орынбасарларымен марапатталушының жұмыс орны бойынша еңбек ұжымдарында, мәслихат сессияларында, жиындарда және аудан активінің жиналыстарында табыс етіледі.

      Ескерту. 11 тармақ жаңа редакцияда -Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық мәслихатының 26.07.2023 № 5/35 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады