Қостанай облысының орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Қостанай облысы әкімдігінің 2015 жылғы 9 ақпандағы № 42 қаулысы. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 12 наурызда № 5417 болып тіркелді. Күші жойылды - Қостанай облысы әкімдігінің 2022 жылғы 4 қарашадағы № 486 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы әкімдігінің 04.11.2022 № 486 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына, "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 24-7) тармақшасына сәйкес Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қостанай облысының орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің қоса беріліп отырған жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Облыс әкімі

Н. Садуақасов



  Әкімдіктің
  2015 жылғы 9 ақпандағы
  № 42 қаулысымен бекітілді

Қостанай облысының орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Қостанай облысының орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмыс істеуінің осы Қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қостанай облысының орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмысын (бұдан әрі – Психологиялық қызмет) реттейді.

      2. Психологиялық қызмет көрсету Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы, Бала құқықтары туралы конвенция, сондай-ақ осы Қағидалар шеңберінде жүзеге асырылады.

      3. Психологиялық қызметтің құрылымы білім беру ұйымдарының тұрпатына, түріне және қажеттілігіне, педагог-психологтар штатының бірлік санына қарай айқындалады.

      4. Психологиялық қызметтің құрамына білім беру ұйымының басшысы, оның қызметін ұйымдастыратын және бақылайтын басшының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, сондай-ақ сынып жетекшілігін жүзеге асыратын педагогтар, педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтар кіреді. Психологиялық қызметтің құрамына келісім бойынша медициналық қызметкерлер, ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ата-аналар комитетінің өкілдері енгізілуі мүмкін.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы әкімдігінің 25.06.2015 № 272 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Психологиялық қызметтің мақсаттары мен міндеттері

      5. Психологиялық қызметтің мақсаты – білім беру ұйымдарында білім алушылардың психикалық және психологиялық денсаулығын сақтау, қолайлы әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау және оқу-тәрбиелеу үдерісіне қатысушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету.

      6. Психологиялық қызметтің міндеттері:

      1) білім алушылардың тұлғалық және зияткерлік дамуына ықпал ету, өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі дамыту қабылетін қалыптастыру;

      2) білім алушыларға ақпараттық қоғамның жылдам дамуында олардың табысты әлеуметтенуіне психологиялық тұрғыдан жәрдем көрсету;

      3) білім алушылардың тұлғасын психологиялық-педагогикалық зерделеу негізінде әрбір білім алушыны жеке тұрғыдан қамтамасыз ету;

      4) психологиялық диагностиканы жүргізу және білім алушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту;

      5) психологиялық қиыншылықтар мен білім алушылардың проблемаларын шешу бойынша психологиялық түзету жұмыстарын жүзеге асыру;

      6) білім алушылардың психикалық денсаулығын сақтау;

      7) психологиялық-педагогикалық проблемаларды шешуде және оқу-тәрбие жұмыстарының қолайлы әдістерін таңдауда ата-аналар мен педагогтерге (немесе оларлы ауыстыратын тұлғаларға) консультациялық көмек көрсету;

      8) оқу тоқсанында тестілеуді кемінде 1 рет жүйелі түрде өткізу арқылы кәмелетке толмағандарда өзіне-өзі қол жұмсауға деген психологиялық бейімділіктерін, сондай-ақ бейәлеуметтік бейімділіктерін (құқық бұзушылыққа деген бейімділік, спирт ішімдіктерін, есірткі құралдарын пайдалану, құқық бұзушылық жасау) анықтау және олардың алдын алу;

      9) өзіне-өзі қол жұмсау және олардың әрекет етуінің алдын алу мақсатында өзіне-өзі қол жұмсауға бейім кәмелетке толмағандарға, сондай-ақ олардың ата-аналарына (немесе оларды ауыстыратын тұлғаларға) психологиялық көмек көрсету.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қостанай облысы әкімдігінің 25.06.2015 № 272 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6-1. Психологиялық қызмет жұмысының негізгі нысаналы топтары:

      1) аутодеструктивті мінез-құлыққа (өзіне-өзі қол жұмсауға) бейім немесе бұрын өзіне-өзі қол жұмсаған;

      2) психобелсенді заттарды, спирт ішімдіктерін, есірткі заттарын пайдаланатын немесе пайдалануға бейім;

      3) құқық бұзушылық жасауға бейім, сондай-ақ ішкі істер органдарында есепте тұрған;

      4) әлеуметтік қолайсыз отбасылардан шыққан;

      5) толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан;

      6) өзіне-өзі қол жұмсаған немесе өзіне-өзі қол жұмсауға әрекет еткен жақын туыстары немесе достары;

      7) өзіне-өзі жұмсауға бағытталған интернет-ресурстардың қоғамдық топтарына кіретін және тіркелген;

      8) тестілеу нәтижелері мен өмірлік жағдайларға сәйкес өзге де оқушылар болып табылады.

      Ескерту. Ереже 6-1-тармақпен толықтырылды - Қостанай облысы әкімдігінің 25.06.2015 № 272 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3. Психологиялық қызмет жұмысының негізгі бағыттары мен мазмұны

      7. Психологиялық қызмет өз қызметін: психодиагностикалық, консультациялық, ағартушылық-профилактикалық, түзету-дамытушылық бағыттар бойынша жүзеге асырады.

      8. Психодиагностикалық бағыттар:

      1) олардың психикалық дамуын айқындау мақсатында білім алушыларды психологиялық диагностикалау;

      2) білім алушылардың бейімделуі, дамуы мен әлеуметтенуі мақсатында оларды кешенді психологиялық тексеру;

      3) білім алушылардың қабылеттілігі, қызығушылығы және икемділігін психологиялық диагностикалау;

      4) психологиялық диагностиканың қорытындысы бойынша тұжырымдамалар мен ұсыныстарды дайындау;

      5) өзіне-өзі қол жұмсау бағытындағы интернет-ресурстарды анықтау мақсатында прокуратура органдарын хабардар ете отырып, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу;

      6) өзіне-өзі қол жұмсау бағытындағы интернет-ресурстардың қоғамдық топтарына білім алушылардың кіруі және тіркеу фактілерін анықтау, ата-аналарды (оларды ауыстыратын тұлғаларды) хабардар ету және осындай білім алушыларға психологиялық көмек көрсету.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қостанай облысы әкімдігінің 25.06.2015 № 272 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      9. Консультациялық бағыттар:

      1) білім алушыларға, ата-аналар (немесе оларды ауыстыратын тұлғаларға) мен педагогтерге олардың сұранысы бойынша консультация беру;

      2) білім алушыларға, ата-аналар (немесе оларды ауыстыратын тұлғаларға) мен педагогтерге жеке тұлғалық, кәсіптік өзін-өзі айқындау проблемалары және қоршаған ортамен өзара қарым-қатынастар бойынша жеке консультация жүргізу;

      3) күйзелістік, жанжалдық, қатты эмоционалды күйзелістік жағдайда болып табылатын білім алушыларға психологиялық қолдау көрсету;

      4) тұлғааралық және топаралық жанжалдарды шешуде делдалдық жұмыстарды ұйымдастыру.

      10. Ағартушылық-профилактикалық бағыттар:

      1) білім алушылар мен педагогтердің өзін-өзі айқындауына, кәсіптік өсуіне ықпал ету;

      2) білім алушылардың бейімсізділігін алдын алу;

      3) әдістемелік пен педагогикалық кеңестің және медициналық-психологиялық-педагогикалық консилиумдарының жұмысына ықпал ету;

      4) педагог-психологтың және кең көлемде талап етілетін мамандардың кәсіптік құзыреттілігі, функционалдық міндеттері шеңберінен шығатын проблемаларды шешу бойынша (дәрігерлерге, дефектологтарға, логопедттерге, тифлопедагогтарға және басқа) аралас-мамандармен өзара жұмыс жүргізу.

      11. Түзету-дамытушылық бағыттар:

      1) психологиялық-педагогикалық тренингтер өткізу;

      2) білім алушылар мен педагогтердің тұлғалық, зияткерлік, эмоционалды-жігерлік, шығармашылық даму үйлесімділігі бойынша психологиялық түзету және дамыту сабақтарын ұйымдастыру.

      12. Психологиялық қызмет жеке немесе топтық негізде білім алушыларға, олардың ата-аналарына (немесе оларды ауыстыратын тұлғаларға) және педагог қызметкерлерге жұмыстың диагностикалық, дамытушылық, түзету және профилактикалық түрлері кешенін жүргізу үшін жекелеген ғимараттарға орналасқан және қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген педагог-психолог кабинеті базасында жұмыс істейді.

      13. Психологиялық қызметтің жұмысы әкімшілікпен, педагогикалық ұжыммен, медициналық қызметкерлермен, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялармен, ата-аналармен (немесе оларды ауыстыратын тұлғалармен) тығыз байланыста жүзеге асырылатын болады.

      14. Білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмысын білім беру ұйымының басшысы үйлестіреді.

4. Педагог-психологтың құқықтары мен міндеттері

      15. Педагог-психологтың құқықтары:

      1) білім беру ұйымының тұрпатына, түріне және қажеттілігіне, сондай-ақ білім бөлімі мен басқармасының ұсыныстарына сәйкес қызметтің басым бағыттарын таңдау;

      2) білім алушылармен, олардың ата-аналарымен (немесе оларды ауыстыратын тұлғалармен) және педагогтармен психодиагностикалық, консультациялық, түзету-дамытушылық, ағартушылық-профилактикалық, ұйымдастырушылық-педагогикалық жұмыстардың нысанын және әдісін таңдау;

      3) кәсіптік міндеттерді шешу жолдары мен құралдарын таңдау, жұмыстардың әртүрлі түрлерін өткізудің кезектілігін белгілеу;

      4) оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру бойынша құжаттамалармен, мектептің білім алушылары мен педагог қызметкерлерінің жеке істерімен танысу;

      5) кәсіптік міндеттерді орындауға байланысты дербес пәндер бойынша біліктілікті арттыру және жетілдіру жүйесінде мерзімдік даярлаудан (қайта даярлаудан) өту;

      6) білім алушылардың бейәлеуметтік іс-әрекеті мен өзіне-өзі қол жұмсаушылыққа бейімділігін ескерту және оларды уақытында түзетуді жүзеге асыру;

      7) өзінің кәсіби құзыреттілігі мен лауазымдық міндеттері шегінде мәселелерді қарастыру және шешімдерді қабылдау;

      8) өзінің құзыреттілігі шегінде әдістемелік және педагогикалық кеңестердің, әдістемелік бірлестіктердің (кафедралардың), медициналық-психологиялық-педагогикалық консилиумдардың жұмысына қатысу;

      9) Психологиялық қызметтің жұмысын жетілдіру мәселесі бойынша білім беру органдарына ұсыныспен шығу.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қостанай облысы әкімдігінің 25.06.2015 № 272 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      16. Педагог-психолог міндетті:

      1) білім алушылардың психикалық және психологиялық денсаулығын сақтауға бағытталған кәсіптік қызметті жүзеге асыруға;

      2) жалпы әлеуметтік, практикалық, жастық және педагогикалық психологияда психологиялық ғылымның жаңа жетістіктерімен танысады, жұмыста диагностикалық, дамытушылық, әлеуметтік-психологиялық, түзету және профилактикалық жұмыстардың заманауи ғылыми-негізделген әдістемелерін ішінара қолдануға;

      3) кәсіптік құпияны жария етпеуге, диагностикалық және консультациялық жұмыс нәтижесінде алынған мәліметтерді, егер олармен танысу білім алушыға немесе оның айналасындағыларға зиян келтірсе, сондай-ақ егер сыналатындарды тексеру нәтижелерінің анонимдік кепілдіктер берілген жағдайда таратпауға;

      4) білім алушыларға, олардың ата-аналарына (немесе оларды ауыстыратын тұлғаларға), педагогтерге жеке, кәсіптік және басқа да мәселелерді шешуде психологиялық көмек көрсетуге және қолдауға;

      5) тиісті біліктілік санатына аттестациядан өтуге және оны аттестациядан ойдағыдай өткен жағдайда алуға;

      6) білім алушылардың бейәлеуметтік әрекеттерінің алдын алуға және оларды уақытылы түзетуді жүзеге асыруға;

      7) білім беру ұйымдарында қарым-қатынастарды үйлестіруді қалыптастыруға және білім алушылардың әлеуметтік бейімсіздіктің және аутодеструктивті мінез-құлқы туындауының алдын алу бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға;

      8) білім алушыларды, олардың ата-аналарын (немесе оларды ауыстыратын тұлғаларды) және педагогтерді психологиялық мәдениетке қалыптастыруға және дамытуға;

      9) осы Қағидаларға сәйкес Психологиялық қызметтің жұмыс істеу құжаттамасын жүргізуге;

      10) жедел түрде кәмелетке толмағандарда өзіне-өзі қол жұмсау және оларды болғызбау бойынша бірлескен шаралар қабылдау үшін қобалжушылықтың жоғары деңгейі мен өзіне-өзі қол жұмсаушылық бейімділігін анықтау туралы ата-аналарын (немесе оларды ауыстыратын тұлғаларды) және сынып жетекшісін хабардар ету;

      11) кәмелетке толмағандарда өзіне-өзі қол жұмсаушылыққа бейімдеуді анықтау әдістері мен нысандарын оларды түзету және толықтыру бойынша ұсыныстар енгізумен жетілдіру.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қостанай облысы әкімдігінің 25.06.2015 № 272 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      16-1. Жүктелген міндеттерді орындамаған немесе дұрыс орындамағаны үшін басшы, басшының орынбасары, педагог-психолог заңмен белгіленген жауапкершілік алады.

      Ескерту. Ереже 16-1-тармақпен толықтырылды - Қостанай облысы әкімдігінің 25.06.2015 № 272 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

5. Психологиялық қызметтің жұмыс істеу құжаттамасы

      17. Психологиялық қызметте мынадай құжаттамалар болуы керек:

      1) Психологиялық қызметтің жұмысын ұйымдастыру қағидалары;

      2) білім беру ұйымының басшысымен бекітілген педагог-психологтың перспективалық жұмыс жоспары;

      3) психологиялық қызметтің жұмыс түрлерін (психодиагностикалар, дамыту, түзету, ағартушылық, сараптамалық, әдістемелік жұмыстарды, жеке және топтық консультация беру, психологиялық қызметке сұраныс беру) есепке алуды тіркеу журналы;

      4) психологиялық диагностикалау бағдарламаларын, психологиялық тренингтерді, дамыту және түзету жұмыстары;

      5) білім алушылардың психологиялық дамуының жеке карталарын, топтық психологиялық портреттерін;

      6) психологиялық сабақтардың, тренингтердің, психодиагностикалық әдістемелердің және психологиялық жұмыстың басқа да нысандарының әдістемелік әзірлемелері;

      7) Психологиялық қызметтің жұмысы туралы талдамалық есептері (жарты жылдағы, оқу жылы);

      8) психологиялық тексерудің нәтижелері, қорытындылары.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады